Айша — ҚАНТБАЛАНЫҢ ЕРТЕГІСІ
Автор: Сәкен Сейфолла
«Мені бұрынғы ерім тоқалдыққа алғанда бала үшін алған еді. Барған соң кешікпей-ақ жүкті болып, бала көтердім. Бірақ балам туып өле берді. Бала тұрмайтын болған соң, бәйбіше күн көрсетпейтін болды. Отырса — басқа, тұрса — аяққа ұрады дегендей қылды. Байым бәйбішесіне қой демейтін болды.
Сонсоң бір күні төркініме қаштым. Жазды күнгі уақыт еді. Ел Сарысудың бүйрек шетінде отыр еді. Қараңғы түнде жалғыз езім Сарысу өзенін ерлей жүрдім. Қолымда бір кішкене құрықша бар. Өзен бойы кейде қалың ши, кейде аламыш далаңқай, әр жерден үлкен, ескі апан-құдықтар кез келеді. Түн көзге түртсе көргісіз, қараңғы. Жаяу, жападан-жалғыз, біртүрлі қорқып та келемін. Бір кезде қараңғыда бір от жылтылдады. Отқа қарай жүрдім. Таянып келсем далада, бір кішкене шидің түбінде сап-сары шашы жалбыраған, емшегі салақтаған бір әйел от жағып отыр екен. Әуелі адам екен деп ойладым.
— Ей, сен кімсің? — дегенмін ғой.
Сөйдеп едім, өзіме қарап ыржыңдап күлді әлгі. Жүрегім су еге түсті. Шайтан екенін біле қойдым да, ішімнен иман айтып, құрықшаммен жерді салып кеп қалып едім, әлгі от та, шайтан да жоқ боп кетті. Ой аллай, содан тағы да жүріп келе жатыр едім, таға да бір жерде от жылтырады. Келсем, тағы да сол әлгі сары шашты албасты екен от жағып отырған. Тағы да калима айтып, құрықшаммен жерді салып кеп қалып едім, тағы да жоқ болды әлгі албасты да, оты да. Содан енді біраз жүріп едім, алдымнан таға да от жылтылдады. Келсем, тағы да әлгі албасты екен. Таға да калима айтып, жерді салып кеп қалып едім, тағы да жоқ болды. Содан қойшы, неше рет алдымнан от жағып әлгі шайтан шыға берді. Осы, түрі сұмдық, шаштарын жалбыратып, емшектерін салақтатып, ыржақтап күліп алдымды бөгей берді. Ақырында күн жарқылдап, шатырлап, осы шелектеп төккендей, жаңбыр құйып қоя берді. Үсті-басым суға малшынып келе жаттым алақтап. Бір уақытта бір биік шоғырмақ қара көрінді. Келсем, бір биік найзадай шошақ-шошақ үш там (мола) екен. Қорықтым, қорықсам да ішімнен иман айтып, сол үш шошақ найзадай моланың шеткісіне кіріп, жаңбырдан паналап, калима айтып отырдым. Күн жарқылдап, шатыр-шұтыр етеді. Күн шатырлағанда биік мола осы, солқ-солқ етеді. Күн жарқылдағанда моланың іші осы, аппақ болып аңырайып көрініп қалады. Осы, зәрем жоқ. Бірақ әйтеуір, ішімнен калима айта берем. Сол өзіме коп күш болып отырды. Жаңбыр коп жауып, ашылды. Жаңбыр ашылғанда анау-мынау көрініп, таң да атып қалды. Моладан шығып жүріп отырып, бір шоқы тауларға келдім. Соның ойында бір ел отыр екен. Соған келдім... Содан өзіміздің елге келдім...» — деуші еді Қантбала байғұс, Қантбаланың осы әңгімесінің суреттері Айшаның қиялына тізбектеліп, ауылдың алдындағы Есен өзенінің бойындағы биік, найзадай үш шошақ мола көзінің алдына келді.
РАҚИЛА
Сонсоң Айшаның есіне дордақ Ахметтің қатыны өліп алған Рақила деген құбаша келіншектің қайта-қайта қашып жүріп ақыры Ахметке тұрмай кеткені есіне түсті. Көрген, естіген жұрт таң қалушы еді.
— Шіркін-ай, не деген мықты келіншек! — деуші еді Әзім.
— Бір бұзылып жеріген соң, кайтушы еді әйел! — дейтін еді, Бәзекең.
— Ей, бір қасарып алған соң әйел деген ұятты керек қылмайды екен ғой! — деуші еді Ұйтқыбек.
— Бір күні Қосшоқыдан келе жатып, зәрем ұшып кетті! — деп тамсанып әңгіме қылушы еді Қадырбек.
Рақиланың соңғы қашқаны Айшаның көз алдына келді.
...Жаздыгүні, көп ел жайлауға кеткенде Қадырбек Қосшоқы жақтан Есеннің бойына қарай келе жатыр екен, көлденең қара өзек жақтан сағыммен бұлдырап және даланың қалың сарғылт шөбімен киім түсі араласып, көрінер-көрінбес болып бір жалғыз адам келеді екен. Маңайда басқа қара жоқ, жалғыз жаяуға жолығуға Қадырбек атынын басын тартып, солай қарай қырындай жүреді. Таянған сайын жаяу адам бала сияқты болады.
Қадырбек: «бүл қалай, бала қайдан жүр бұл жерде?..» — деп таяна жүреді.
Қадырбек таянғанда бала бір ойпаңдау жерге түсіп отырғандай болып жоқ болады. Қадырбек баланың отырған ойпаңына келсе, қалың сарғылт шөпті ойпаңда бірнеше түп шилеуіт қарағанның арасында баланың басы қылтылдап отыр екен. Бала жасырынып отырған сияқты болады.
— Әй, бала, неғып отырсың бұл жерде?.. Қайдан келесін.? — дейді Қадырбек.
Қадырбек таяп келсе бала емес, ұзын шашы бар жас әйел сияқты. Шилеуіт шөпқарағандардың тасасына жасырынып бұғып қарайды. Қадырбектің өзі де түйсіктеніп қадалады, аты да үркіп, осқырып шилеуіт қарағандардың арасында отырған әйелге жуымайды. Қадырбек атын қамшылап тебініп, осқыртып келеді. Қозғалақтап отырған әйелдің енді барлық денесін көріп Қадырбектің өзі де шошып кетеді. Аты қатты осқырып, шошып Қадырбекті кейін ала қашады.
— Әй, неғып отырған адамсың?.. Бүл не ғажап?.. Біреу тонап кеткеннен сау ма? — дейді Қадырбек.
Атын қамшылап, ойқастатып Қадырбек қайтадан таянып келеді.
— Әй, тілің бар ма өзіңнің?.. Неге бұғасың? Неге түрегелмейсің?.. Неге жөніңді айтпайсың? — дейді Қадырбек.
Әйел орнынан түрегеледі... Қадырбек сасып қалады. Әйел анадан туғандай жалаңаш екен. Тек қап-қара, қою шашы ғана аш беліне түседі. Әйел екі қолымен төсін басып тұрып, қайтадан отырады. Қадырбек атынан түсіп, әйелдің қасына жаяу келіп, есік пен төрдей тұрып жөн сұрап, тілдеседі.
Әйел дордақ Ахметтің қатыны өлгеннен кейін жаңадан алған Рақила деген жас келіншегі болады.
Қадырбек жалма-жан үстіндегі шапанын шешіп, әйелге тастайды. Әйел үстіне шапан киген соң Қадырбек қасына келіп сөйлеседі. Ашынған әйел мән-жайын айтады. Қадырбекке еңіреп жылайды. Шыдай алмай Қадырбекте жылайды.
Әйел төркініне қашып барады екен, дордақ Ахмет қуып келіп, далада ұстап алып төбелесіп, әйелдің үстіндегі киімдерін жыртып, тартып алып, жалаңаш қоя берген екен.
«Сүйтіп, зарлап жылап, қашып жүріп, ақыры ол байғұс дордақ Ахметтен құтылады ғой. Байғұс өзін ұстап берген төркініне қашады. Төркіні жаны ашыса әуелде оны бармаймын деп отырғанда жылатып, зарлатып ұстап малға сатып жібермес еді ғой», — дейді Айша ішінен.
Қу мал талайды тасбауыр қылып, талайды зарлатып, талайды құрбан қылды ғой!
Қасында жатқан қыздың бірі Бибажар өзегі өртенгендей ауыр күрсініп, дөңбекшіп қойды.
Қасында жатқан Бибажардың күрсінуі Айшаның өртенген жүрегін онан сайын елжіретті.
«...Бұл байғұстардың алдыңғы тұрмыстары қандай болар екен?.. Сәлиенің бақытына оның айттырған күйеуі әйтеуір тәуір жігіт сияқты. Мүсілиманың әлі айттырған күйеуі жоқ. Бибажарды айттырып отырған Дүйсембайдың баласы да Бибажарға тең емес, бір қортық көрінеді, бұл күрсінбегенде қайтсін», — деді ішінен.
Бибажар мен бәрінің айтып жүретін әлгі өлеңдері есіне түсті:
Уылжымай ақша бет қуарсайшы, Мөлдіреген екі көз суалсайшы! Бір жаманға қор болып кеткенімше, Әліп қана қыз сорлы уансайшы! Неге өсті екен қыз сорлы сылауменен? Тал шыбықтай тал белін қынауменен? Анасынан онан да тумасайшы, Өксігенше өмірі жылауменен?! Қара суды жағалай қаз барады, Анасынан айырылған қыз барады. Қара суға қан құйса — ағар, кетер Жат кісіге қыз берсең алар кетер!.. Аққу көнбес ешкімнің байлауына, Құшақ жайып кетеді жайлауына. Қыздан сорлы бар ма екен, тәңір-ай деген, Әкесінің кетеді айдауына!..
Айшаның жылап аққан ыстық жасы құшақтаған жастығын әбден сулап бітірді.
«Жоқ, әкенің айдауына барып өмірі жылаумен, қасіретпен сарғайғанша, бүл дүниеде тұрмағанның өзі жақсы!
Мың сиырды бастаған кер құнажын... Қасіретпен бетіме түсті-ау әжім. Мал бердім деп бір жаман ие болады, Құдіреттің ісіне бар ма лажым!.. Кім тыңдайды қыз сорлы жылағанмен? Көздің жасын көл қылып, булағанмен? Шыңырауға түскен соң шығу киын, Жалбарынып тәңірден сұрағанмен!..
Тасбауыр әке-шешең, тасбауыр туған-туысқаның малға сатып, өмір бойы жылап жүргенше, өз бетіңмен қаңғып, Қошқарбайдың келіні құсап өлген жақсы!» — деді Айша ішінен.