Бақыт — I
Автор: Саттар Ерубай
Біздің үй Түркістан қаласының оңтүстік жақ шетінде болатын еді. Бізбен бірге Жақсыбайдың үйі тұратын. Күн еңкейіп қақпаның тасасына түсіпті еді. Қақпа көлеңкесі ұзарып, бұрыштары Жақсыбай үйінің іргесіне дейін барушы еді. Осы уақытқа дейін Жақсыбайдың шешесі Күнтүлім күншуақта жамау жамап отырушы еді. Барлыбай көзі қарауытып: – Апа, қарным ашты ғой, – дейтін еді. – Е, бақытсыз, бақытың жоқ қой, оны неге маған айтасың? – деуші еді Күнтүлім. Осы уақытта түрінген балтыры балшық болып Жақсыбай келуші еді. Жақсыбай қалада қыш құйып, күнделікті жұмыс істейтін. Жақсыбайдың қолында шүберекке түйілген бір нəрселер көрінсе, Күнтүлім Барлыбайына: – Бақытың бар екен, қарағым, – деп күлімсірейтін еді. Бірақ бұл күлкі уақытша күлкі болған соң, бар қуаныш бетіне ғана жиылып, жүрегінде барлық бақытсыздықтың зілі жатқандай болушы еді. Күнтүлім орнынан тұрушы еді! – Шырақ, Жақсыбай келеді, біздің үйге келмейсің бе? – дейтін еді. Күнтүлімнің бақытты түрде шыққан даусы мені жүгіртіп əкетіп, оның бақытты бетін көргім келетін де тұратын еді. Жақсыбай үй ішімен қуанышты түрде қарсы алатын; менің ойымша, бақыт тек Жақсыбайдың үйінде, онда да ылғи кешке ғана қонақ болып кететін сияқты еді. Мен бақыт деген нан ба екен деуші едім.