Батыр Баян — Екінші тарау

Автор: Мағжан Жұмабай

Өткен күн таң-тамаша ертегі ғой,

Ерлері ертегінің өрт еді ғой.

Айырылып от екпінді ерлерінен

Алаштың жанында ауыр дерт еді ғой.

Сонау дерт түгелімен ауып маған.

Дариға, жүрегімді өртеді ғой!

Ер көрмей, көрден басқа, сұм өмірде

Шерлі жан шерлі кеңес шертеді ғой,

Жадырап жаным, шерім тарқар еді,

Кеңесім тыңдаушыға сала алса ой.

Күңіреніп ойлағанда алаш жайын,

Жанымды орай берсе улы уайым,

Кеудеме күннің нұры толғандай боп,

Жырлаймын алты алаштың Абылайын.

Арсыға асқандаймын, тəуіп қылсам,

Кебедей Абылайдың Бурабайын.

Күңіренген жырымменен мен разымын

Алаштың жоқтай білсем Баян-айын.

Жырлаймын, күңіренемін өткенді ойлап,

Кеудеме улы уайым толған сайын.

Кірейін кеңесіме күңіренткен,

Ер Баян жөнелді енді Жолдыөзектен.

Қамшыны көміп-көміп алды батыр

Ашуын алатындай тұлпар көктен.

Мұңайып мəңгі мұңды белдер қалды,

Жынды жел сақ-сақ күліп сүйді беттен.

Жан-жақта жас қайыңдар қала берді

Иіліп əдеппенен сəлем еткен.

Ер жортты. Сəске болды, көзі көрді

Көкшені бал алысқан аспан-көкпен.

Көкшеде өңшең көкжал аялдаған,

Қырандар қанаттарын жая алмаған.

Ханына Абылайдай: «Болады!» – деп,

Бір берген сөзден ерлер тая алмаған.

Ерігіп, əңгіме қып өткен күнді,

Қанішер Болат жайын баяндаған.

Қайратқа құса болған сол қырандар

Алыста қара көрді аяңдаған.

Жақындап қара ордаға келген шақта

Шықты айғай топтан шулап: «Баяндаған!» –

Аяңдап топқа тура келді Баян,

Келді де көпке сəлем берді Баян,

Қудай боп құс төресі топ төрінде

Отырған Абылайды көрді Баян.

Басқаға мойын бұрып бір сөз қатпай,

Абылайға балпаң басып жүрді Баян.

Бəйтерек тұңғиыққа төнгеніндей

Алдында қол қусырып тұрды Баян.

Тұрды да деді: «Алдияр, сөзім қысқа,

Екенім менің Баян алашқа аян.

Алдияр, ел ағасы, ханым дана,

Алашқа ауыр күнде болған пана.

Кешігіп, күнəлі боп, енді алдыңа

Келді ерің іші жалын, жаны жара.

Тұңғиық кез болды ғой кешуі жоқ,

Болмаса шыққанда «Аттан!» ер тұра ма?

Талқыға жан жарасын сала алмаймын,

Мəнімді мен айтпаймын, сен сұрама.

Тілегім – енді жауға аттаналық,

Қан көрсе, қас қыранда шер тұра ма?!»

Абылай ерін күткен көптен зарығып,

Қолынан Баян-айын алды тартып.

Алдына отырғызып, күміс кернеу

Керсеннен көкжалына берді сарқыт.

Берді де бүгіп басын ойға кетті,

Асқардай ой билеген мəңгі қалғып.

Аздан соң көтеріліп жан-жағына

Қарады жер жиһанның бəрін тар ғып.

Қарады, қыран сөзі қысқа болды:

«Таң ата жүреміз!» – деп берді жарлық.

Ежелден Абылайда екі сөз жоқ,

Сөз шықты: «Болады!» – деп, тарады топ.

Топ тарап, ат-тұрманын даярлады,

Біраздан дамылдады ел, мезгіл түн боп.

Жібектей жұмсақ жылы жаздың түні

Бұлтымен құшақтады Көкшені көк.

Керілді ерке Көкше күміс Айға:

«Сəулеңді, сəулем, көбірек төкші-төк!» – деп.

Бетінде Бурабайдың ерке толқын

Бір тынбай, күліп жарды сүйді шөп-шөп.

Түн өтті. Жер шетінде алтын таңды

Жорғалап, жүз бұралып, жел қарсы алды.

Сарғайып сары белден таң атқан соң

Абылай қолға: «Аттан!» – деп хабар салды.

Бəрі де болат тұяқ бедеу мініп,

Батырлар қатар түзеп келіп қалды.

Жөңкіліп күзді күні көшкен бұлттай

Қап-қара, ортасы ой боп, қол қозғалды.

Асырып ертегіше айтқан жанға

Қара нар қайыспайтын жер шайқалды.

Жөңкіліп көшкен бұлттай барады қол,

Кейде қол түнерген тау, қайғысы мол.

Кей кезде тентек толқын екпінімен

Шу қойып, шабуылдап алады қол.

Шаңы – бұлт, бұлты – шаңға айналған соң,

Атаған ерлер жолын деп: «Шаңды жол».

Тартты қол. Қалды өрлер. Қалды белдер.

Бастаған Бұғыбай басшы қол көрмес шөл.

Бірнеше тəулік бойы тынбай тартып,

Қол енді жүрді бойлап бір айдын көл.

Балқаш қой, бұл айдыны, сылдыр қаққан,

Балқаштың бетін мəңгі меруерт жапқан.

Қаратал, Аягөзбен – екі көзі,

Еркесі – Іле өзені ұзын аққан.

Басы егіз ерке Іленің: Кеңес, Текес,

Тəңірінің тентек Текес дəмін татқан.

Бойында сол Іленің қалың қалмақ

Абайлап Абылайды күтіп жатқан.

«Қайда, – деп, – қазақ?» бұрын желіккен жау

Көрген соң көп қазақты ойға батқан.

Қазақтың қалың қолы ерлер кілең,

Батырды көп қалмақты ойға терең.

Қазақтан қулықпенен құтылмаққа

Кеңесті қос қонтайшы: Ұса, Серен.

Жіберді, кеңесті де, жеті қалмақ,

Сөздері: «Абылайдан бар да тілен!

Ағаттық бізден болды, кешсін Абылай.

Ақ отау, айдаған мал – бəрін берем.

Тағы да ер басына бір ару мен

Қара нар – айыбымыз, қалы кілем».

Жеті елші осы сөзбен келген ханға,

Қаратып өз жауабын ертең таңға,

Салады мынау сөзді хан Абылай

Би-батыр, қасындағы көп қыранға.

Салса да, алдыменен өзі айтады:

«Түспеспіз, тірі болсақ, алдағанға!

Күні ертең не бергенін жолдан алып,

Қалғанын алсақ қолдан арғы таңда.

Ерлерім, ойым осы! – деді Абылай, –

Бұл ойды теріс дейтін адам бар ма?»

Абылай айта қалса істің жайын,

Би-батыр теріс дей ме Абылайын.

Қалың топ тым-тырыс боп тұрған шақта

Дегендей: «Ерік иеде, біздер дайын!» –

Ерлігі алашқа аян батыр Баян

Тұрды да деді: «Алдияр, Абылайым,

Мергеннің мылтығына қарсы жүрмес,

Қырдағы адам түгіл құландайын.

Сөзімді не кектерсің, не жұптерсің,

Ойыңды теріс дейді Баян-айың!

Талқыға салмай шындық табылмайды,

Құл ғана қожаны ылғи қабылдайды.

Қу қалмақ күні кеше алдамап па ед,

Шоңқитып Ой қытай мен Өр қытайды?

Қытаймен күні бүгін жалғаспаса,

Қытайға қалмақ неге қанат жайды?

Абылай артық туған неге ұмытсын,

Қазаққа қалмақ сыры аяндай-ды.

Қалмақтың қарты түгіл, қалшасы да,

Алдатпас, алдап кетер Абылайды!» –

Тоқтады Баян. Абылай тағы өз сөзін

Қайта айтты, біраз шытып кəрлі жүзін.

Хан да екі, Баян де екі қайырысты,

Алмастан бір-біріне тіккен көзін.

Жиналып көздеріне қызыл жалын

Қалса да, сыр беріспей қылды төзім.

Қалың топ хан ашуын байқаған соң,

Ағытты «əрине» – деп, сөздің бөзін.

Шешілді сөз, қол енді күтіп қалды,

Елшінің ертеңінде келер кезін.

Алты алаш Абылайдай арғымағын

Алаштың аруағына пар қылатын.

Бетіне Абылайдай ардагердің

Келуді алты алашқа ар қылатын.

«Бетіне келген жанды соғар кие!» –

Деп жырау, жауырыншылар жар қылатын.

Баянның сөзін естіп кəриялар

Ішінен ерін аяп: «А шырағым!» –

Десті де күрсінісіп, кесіп қойды:

Қайтар, – деп, – осы жолы, Баян, бағың!»

Серпілді соныменен кеңес енді

Қол күтіп жатып қалды келер күнді.

Жібектей жылжып өтіп жаздың түні

Таң құлан, күн шығыста, иектенді.

Алтын Күн алыстағы арайынан

Жарқырап шығып жерге сəлем берді.

Қол тұрды, ауқаттанды, хабар күтті,

Ерлердің еріккені аңға жүрді.

Қол күтті, уақыт өтті, ерікті ерлер,

Ауыр ой биледі Абылай кемеңгерді.

Қол күтті, уақыт өтті. Күн батар шақ,

Жерде еді қой көшіндей қалың қалмақ.

Кең ойлы Абылайдай данышпанды,

Қу қалмақ кеткені ме шын-ақ алдап?!

Күн кірді арайына, шапақ батты

Қап-қара толқындарға толды жан-жақ.

Қол тынған бір толқынсыз тұңғиықтай,

Мүшкіл боп Абылайға бір сөз салмақ.

Іңірдің соңын ала хан Абылай

Серпіліп ерлеріне қылды жарлық.

Ерлерін жиып Абылай, ел ағасы

Сұрайды: «Мынау істің не шарасы?»

Қырандар əрі-бері толқысқан соң,

Қанайы Қарауылдың, топтың басы,

Саңқылдап суырылып сөйлей берді:

«Қытайдың қол ұсыным шекарасы.

Қалмақты Қытай кірген зерттер болсақ.

Қазақтың бірі қалмай мерт боласы!...

Тұнжырай қалса-дағы хан Абылай:

«Қайту!» – деп, сөздің болды бітуанасы.

Таң ата қол қозғалмақ кейін қарай,

Ұрылған көңілі қаяу хан Абылай.

Қол жатқан, жым-жырт басқан, таң да таяу,

Жалғыз-ақ жатқан ояу Баян бала-ай:

«Апрым-ай, алаш арын жоқтамастан

Жөңкіліп бұл қайтудың мəні қалай?» –

Деді де атып тұрып топ ішінен,

Ерлерден от екпінді, жолбарыстай

Жүз жасты жолдас қылып тарта берді,

Таң ата: «Қайдасың, – деп, – қалың Қытай?»

Қол қалды. Жүз жолбарыс майданды ойлап,

Тартады шауылмен іле бойлап.

Алдында ақ сұңқардай батыр Баян,

Екпіні қауға тиген өрттей ойнап.

Бедеулер болат тұяқ желден ұшқыр

Алысып, ауыздықты қарш-қарш шайнап.

Сəскеде сағымменен көрді Баян

Көп қалмақ Іле бойын жатқан жайлап.

Жүз бөрі аз дамылдап алысты да,

Ат қойды қалың жауға «Абылайлап».

Жүз қыран мың сан қолға араласты,

Орғыған асқар таудан судай тасты.

Шыдамай жүз екпінге, шулай беріп,

Қалмақты ə дегенде қара басты,

Аздан соң есін жиып бөріккен ел

Қару ап, қара құрттай құжынасты.

Аз болса, бір қазаққа жүз қалмақ кеп,

Ат қойып, қиқу салып, қамаласты.

Тер саулап тебінгіден, қылыштан қан,

Шаң, түтін будақ-будақ аспанға асты.

Аз қазақ көп қалмаққа салды тойды,

Көк аспан қара түтін шаңға тойды.

Алдаспан ажалменен бəсеке боп,

Қанішер, қайқы қара қанға тойды.

Жып-жылы адам қаны бүлкіл қағып,

Қуалап жылжи берді ойдан-ойды.

Көк көбе шүберектей шұрқ-шұрқ болып,

Жыртқызды ерлер дал-дұл тұла бойды.

Анадай дөң басында Ұса, Серен

Қуыршақ құдайына қасқа сойды.

Шаңқай түс. Қызыл-жалын бір жел ескен,

Зəндем от, əуе айналып жерге түскен.

От түбі тоқтап қалған, жылжымайды,

Аспанда жоқ бір жапырақ бұлт та көшкен.

Сол кезде қара бұлттай қалың қалмақ

Қажытты жүз қыранды жаннан кешкен.

Қазақтың көбін аттан түсірген соң,

Қалмақтың қуаныш пен қиқуы өскен.

Сол кезде қалың топтың ортасында

Шықты шу: «Мұнда Баян!» – дескен.

Қалың қол ортасында батыр Баян,

Баянның батырлығы алашқа аян.

Екі көз екі қызыл шоқ боп кеткен,

Аузынан көбік болып бұрқырап қан.

Оң-солға алдаспанды сілтегенде,

Бұлақтай қалмақ қанын бұрқыратқан.

Жанында жалғыз жолдас – жас Жанатай

Қансырап зорға ғана кірпік қаққан.

Түзеліп отыруға халі қалмай,

Қисайып бара жатты құлап аттан.

Жолдас дер ердің ері-ақ қан майданда,

Жан беріп жолдасы үшін алдаспанға,

Еңкейіп сүйемек боп батыр Баян

Жолдасы Жанатайға айналғанда,

Бір қалмақ еңгезердей көк найзамен, –

Білмеген, сірə, тою қызыл қанға, –

Қапыда қайран ердің сүбесіне

Бойлатып сұғып тұрып, бұлғағанда

Ер Баян Жанатайды алдына алып:

«Қыларың, қатын қалмақ, тағы бар ма?» –

Деді де суырып ап жау найзасын;

«Алаштың аруағы, – деп, – қайдасың?!» –

Жыландай жарқ еткізіп алдаспанды

Түсірді топ еткізіп қалмақ басын.

Бұлақтай аспанға атып, қан шапшыған

Жараға тығып тұрып бармақ басын,

Қасқиып қан майданда тұрып қалды

Қайран ер, қайсар Баян, жолбарысым?

Алайда уақыт өтті, құлап түсті,

Құшақтап Жанатайдай жан жолдасын.

Жер мен көк шыр айналып араласты,

Көз алдын қара түтін тұман басты.

Тəтті бір жазғы таңда қалғығандай.

Ер көзін оқтын-оқтын жұмып ашты.

...Көргендей болды ашулы Абылайды,

Қалың қол: «Əне, Абылай!» – деп шуласты.

Тағы ашты жұмған көзін, тағы көрді

Алдында жас ұлан мен толқын шашты,

Екеуі құшақтасып жап-жақын тұр,

Басымен ишара етіп амандасты.

Алдында Ноянменен Ақшамаңдай,

Жұлдыздай жымыңдаған сөнбей-жанбай.

Сұлудың сексен сырлы жұмбақ жаны-ай,

Ерніне əлде болса күлкі алғандай.

Жоқ... Күлкі жоқ... бетінде тамшы қан жоқ,

«Ағалап», жанұшырып жалбарғандай.

Жоқ... өзі Жолдыөзекте жортады-мыс

Ұмтылды оқ жыландай садақ пен қан,

Кезерген ердің ерні қозғалғандай:

Көзімнен неге ақпайды қан боп жасым,

Жан беріп, жазғаным ғой, жан жарасын.

Кетсе де жаннан жара, қан кетпек пе?

Дариға, жазамнан да күнəм басым!

Күнəмді Тəңірі кешпес, кешер бірақ

Жауында жан берген соң алты алашым!» –

Қайран ер аласұрып, жанұшырып,

Көтеріп, көз жұмулы, алып басын,

Жан бауыры жас Ноянға ым қағып ед

Жас Ноян құша түсті Толқыншашын.

Екі жас қайғысы мол құп-қу жүзді,

Екеуі құр қарап тұр алмай көзді.

Көкесі жан бергенде, бөбек Ноян

Тұрғаны мəні қалай құшып қызды?

Дариға, беті қара сорлы Баян

Шығарған өз қолымен екі көзді:

Іс өтті. Ажал жетті. Енді не бар?

Қоштасып айтысалық соңғы сөзді!

«Келіңдер, қарақтарым, кешіңдер!» – деп,

Ер Баян əлсіз ғана қолын созды.

Көз алды енді мəңгі тұман болды,

Жабырлап, жан-жағына қалмақ толды.

Баянды балағаттап, ісіп-кеуіп,

Бір қалмақ қалды теуіп созған қолды.

Сылқ етіп созылған қол жерге түсіп,

Жүзінің бірте-бірте нұры солды.

Баянның басын бірі кесіп алып,

Бұлғады найзаға іліп оңды-солды.

Қуанып қос қонтайшы – Ұса,Серен,

Алғысқа көмді елірген қалың қолды.

Көңілінен Ұса, Серен кеткен қауіп,

Қуанып, сырнай-керней қылды сауық.

Алайда, Абылайдан сескенген соң,

Жөнелді ертеңіне Қытайға ауып.

Алаштың ардагері батыр Баян

Бір қырда қала берді топырақ қауып.

Жаудан да мейірімді боп жылады жел,

Күңіреніп, ер денесін құммен жауып.

Іленің толқындары əлі күнге

Айтады ерге жырау ауық-ауық...

Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,

Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.

Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған

Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.

Ел жауын зерттеп, өрт боп, тынбай жортқан,

Ерлерді ұмытса де ел, бел ұмытпас.

Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,

Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.

Арқаның селі, желі, шөлі, белі

Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас.

https://t.me/kzkitap

Notes