Майдан — ҮШІНШІ СУРЕТ

Автор: Бейімбет Майлыұлы

Колхоз басқармасының үйі. Шеткі үстелде Орынбай, оның жанында Махмудов. Ортадағы үлкен үстелді жағалай отырған: Зәуре, Алтынай, Үсен, Досан, Дәуіт, Жетпіс, Досмағамбет, Ержан, Таңатаров (комсомол.) Тағы бір-екі комсомол. Шымылдық ашылғанда Досан сөйлеп тұрады.

Бірінші көрініс

Досан. Мен өтірігіңді білмеймін. Мен шынын айтам. Райком өкілі жолдастың айтқанының бәрі рас: оңшылдықта бізде, байшылдық та бізде. Соның бәрі бізде. Байта қарсымыз деп құр айқай сала беріппіз, бірақ соңымызды іспен көрсетпеппіз. Мына жолдас Махмудов дұрыс айтады... Мен биыл Көдебайды колхоз маңына жуытпайық дедім. Көдебайдың жайын осы отырғанның бәрі біледі. Сонда «алу керек» деп өршеленген мынау Досмағамбет.

Досмағамбет. Бәрін де маған жауып қал.

Досан. Жабатынын жабармыз. Шын коммунист болсаң, қатанды мойныңа ал. Аталас деп бүйрегіңнің бұруы рас. Оның несін жасырасың?.. Бұл қатадан біздің Зәуре жеңгей де сау емес, Көдебайды алуда ол кісінің де ымырашылдығы болды. Сосын... әлгі Әбді туралы. Әбдінің елге істегенін айтып, жағаларыңды ұстап отырсыңдар. Әбдінің кім екенін бәрің де білесіңдер: ол бұрынғы Бекболаттың молдасы, ол Бекболаттың қарғылы тазысы! Соған адам жұмыс тапсырар ма? Зәуре соны елге шығарайын деп жатқанда, мен ойбайды салғам... Осыным өтірік пе еді, Зәуре? (Зәуре үндемейді.)

Досмағамбет.Тым ақтала берме, өзің де себеп болғансың.

Досан (тіксіне қарап). Не үшін айтып отырғаныңды білем. (Сөзіне кірісіп.) Сосын мына кісінің: «Көпшілікке басшылық жұмысы көңілдегідей болмаған» дегені дұп-дұрыс. Дұрыстап бастасақ, осылай болар ма еді?.. Кеше өз еркімен таласып кірген жұрт еді, бүгін жоқты сылтау қылып бірсыпырасы толқып тұр...

Орынбай. Қорытып айт.

Досан. Қорытып айтсам, Бекболат, Нұрымдарды кедейлер тобының қаулысымен жөндеу керек. Колхозға тазарту жүргізу керек. Көдебайлар колхоздың маңынан жүрмейтін болсын!

Орынбай. Тағы кім сөйлейді?

Досмағамбет (сөз алып). Жолдастар! Махмудов жолдастың сөзіне мен түгелімен қосылам: байларды, атқа мінерлерді аластау керек! Бірін қалдырмау керек!

Досан. Кім екенін атап айтшы.

Досмағамбет. Атап айтпаған жерім жоқ, мен ылғи айтып келем. Әлдеқашан соларды бітіру керек дегем. Ымырашылдықтан біздің басқармамыз да cay емес. Досан жолдас біреуді кінәлап сөйлеуге ғана шебер. Бекболатты кәнпескелеу керек деп мен әлдеқашан айтқан жоқпын ба?

Досан. Қашан айттың екен ойлашы?

Досмағамбет. Әбдінің күнәсына Досан да ортақ. Әбдіні мен ақтамаймын. (Жұрт бажырайып қарап қалады.) Бірақ осы жолы ол өз бетімен жұмыс істеген жоқ, Досанның көрсетуімен істеді.

Досан. Әй, сен шатасып тұрсың! Мен жоспар бер деп айтыппын ба?

Досмағамбет. Айтқан шығарсың, ұмытпа. Ауызбен де айтқан шығарсың, қағазбен де айтқан шығарсың. Оның бәрі де анықталады ғой...

Досан. Ay, мынау ит не деп тұр?

Досмағамбет. Менің айтатыным: байларды, байшылдарды, олардың ымырашылдарын құртпай, солардың тамырына балта шаппай, біз көз ашпаймыз! Құрысын жауыздар!.. (Орнына отырады.)

3әуре (сөз сұрап алып). Мына кісінің (Махмудовты көрсетіп) айтқан сөзінің бәрі рас. Бізде кемшілік көп болды, енді соны жою керек. Сосын, жаңа мына хатшының сөзі... Әбдінің күнәсына Досанды ортақ деуі барып тұрған жала. Досан ондай нұсқау берген жоқ.

Досмағамбет. Асықпаңыз, документтен анықтармыз.

3әуре. Қой, өтірікпен қаралама. Сондай сөзді ауызың барып неғып айтасың? Байларға жоспар бер десе, оны қысып орындат десе ол өз алдына, үйтіп нақақтан күйдірмеу керек.

Үсен (сөз алып). Досан аға бәріміздің ортамызда жүр. Бізбен кеңеспей жұмыс істеген жері жоқ. Досмағамбеттікі шыли жала. Документ дейді... Онысын да көрерміз. Осы айтқаны қызық. Өзін тез зерттеу керек: кімнің қолымен жазылды екен? Мұнда бір үлкен сыр болып жүрмесін?! Сосын... Комсомолдар ұйымы бұл науқанда өз міндеттерін бірсыпыра орындаған болды. Әрине, кемшілік те жоқ емес... Әйтеуір, партия ұясының басшылығымен істеп отырдық: байлардың өтірік есегіне қарсы үгіт жүргізуде, тұқым жинауында, коллектив жұмысын оңдасуда біз партия ұйымынан қолқанаттығымызды аяғамыз жоқ, бұдан былай да партия басшылығында отырып, Ленин комсомолы өз міндетін орындауға тырысады деп сенім берем. (Отырады.)

Алтынай (сөз алып). Мына қисық аяқтың (Досмағамбетті көрсетіп) айтып тұрғаны мүлде өтірік. Досан байғұсты дұрысына күйдірсейші. Бетім-ау, Досан тірі болып кедейді қыспаққа салушы ма еді?

Досмағамбет. Құрдасың ғой, қортап қал.

Алтынай (қыза). Қорғамай... Байлардың қолына құрбандыққа шалғызар деп пе ең? Жергөкте соғып кеткен тәлтік молда емес пе еді, оның ісін Досанға таңып...

Орынбай.Жарайды, болдың ба?

Алтынай (Орынбайға). Байғұс-ай, не болды? Айтайын деп тұрған сөзімді ұмыттырдың ғой... (Жұрт күледі.)

Ержан. Келін, байлар туралы айт!

Алтынай. Байлардың бізге көрсетпегені жоқ. Өткен өмірімізге құлдығында келгеміз. Енді қарасын батырыңдар! Аттарын атамаушы ем, енді атайыншы: Бекболатың, Нұрымын, Көдебайын, ана мырзасын, Есен ақынын — біреуінде қалдырмау керек. (Жұрт қол ұрады, Алтынай отырады.)

Орынбай. Басқа сөйлеуші жоқ қой? Қорытынды сөз жолдас Махмұдовқа беріледі.

Махмудов. Жалпы жұмыстарыңызбен таныса келе мен мынадай қорытындыға келдім: бірсыпыра табыстарыңыз бар: колхоз ұйыстырыпсыңдар, егіске әзірліктерің жаман емес, кедей батырақтардың арасынан жақсы-жақсы белсенділер шығарыпсыңдар... Бірақ мұнымен қанағаттануға болмайды. Осы басталған жұмысты терендету үшін жұмысқа больщевиктік жігер, екпін беру керек; бұл жөніндегі партия нұсқауын толық жүзеге асырып, осының маңына көпшілікті үйірілте білу керек... Мен бұл ауданға жаңадан келген адаммын ғой. Жаңа танысып отырмын: жұмыстарыңызда бірсыпыра ірі саяси кемшіліктер бар. Байға салған жоспарды қысып, оларды ауыздықтай білу, олардың үгітіне жол бермеу, жұмысқа кедергі туғызса, кедей-батырақ жиылысының қаулысымен олардың қылмысын ашып, көпшілік арасында түсінік беру — міне, осы сияқты керекті жұмыстардың бәрі де бір түрлі босаң, тарқау қала берген... Осының салдарынан колхоз арасында толып жатқан көңілсіздіктер, бұлтақтаулар туып отыр. «Санын қума, сапасына көз сал», — деп партия ерте-ақ айтқан. Он шақты үйді Көдебай колхозға жібермей отыр екен деп, соның үшін әйгілі атқамінерді колхозға алу барып тұрған саяси қате! Бұл қатесін колхоз басқармасы тезінен жөндеу керек. Баймен ауыл үй отырып жұмыс істеуге болмайтындығын, қайта шабуылды күшейтудің керектігін міне осыдан білесіздер. Кедей — батыраққа басшылықты күшейтіңдер! Олардың арасында тәрбие жұмысын күшейтіңдер! Өз қатарларыңды да абайлаңдар: байлардың агенті кіріп кетіп іріткі салып жүрмесін. Байшылдықпен, оңшылдықпен, ымырашылдықпен аяусыз күресіңдер! Большевиктік қырағылықтарыңды күшейтіңдер! Сөз ақырында айтатыным — Әбдінің күнәсына ортақ деп мына жолдас Досан туралы бір нәрсе кеңірсітті. Мұны тез анықтаңдар. Іштеріндегі хатқа жүйрік, интеллигент пішінді осы хатшыларың көрінеді. Бұл кісінің қандай дәлелі бар екен. Досан шынымен кінәлі ма — мұны партия ұясы тез ашу керек!.. (Отырады. Қол шапалақтау.)

Екінші көрініс

Әліш ( күлімдеп Зәуренің жанына келіп). Баланы емізіп бересің бе?

3әуре (баланың бетін ашып, күліп). Қазір тараймыз, үйге барған соң емізермін... (Баласына сөйлеп тұрады. Әліш Досмағамбетке қарай қалады.)

Әліш (Зәуреге). Досмағамбет те сендердің партия жиылыстарында бола ма?

3әуре. Партияға кандидат қой, неге болмасын.

Әліш. Ым-м-м... (Басын шұлғиды.)

3әуре(Әлішке қарай қалып.) Неге?

Досмағамбет қағаз жазып жатқан күйі басын көтеріп, сұрланып Әлішке қарайды. Бәрі де шығады. Әліппі қолтықтап Зәуре де шығады.

Үшінші көрініс

Досмағамбет (басын көтеріп, күрсініп). Күрестің күштісі, енді басталды. Жеңілсек мерт болғанымыз. Ә, Әліш ит! Ішімізге, кіріп алып... Енді көрдің бе? (Ойланып.) Жоқ, Көдекеңе жолықпай болмайды. Бұл асқынатын әңгіме. Бұл қаулайын деп тұрған өрт! Мұны сөндірмесек, өлгеніміз!.. (Асығып шығады.)

Шымылдық.