Менің құрдастарым — Тарау 2
Автор: Саттар Ерубай
─ Ұрма!
Бейсен оған бой бермей барып, үлкен етіктің өкшесімен екі тепті. Сөйтіп, сырт беріп ауызғы үйге шықты. Мұнда үй ішін шыр айналып жүгіріп Өтеген жүр. Бейсен ұстап алды. Жағасынан ұстап, жерге алып ұрды. Алқымынан езгіледі. Өтегеннің мұрнынан қан кетті. Өтегеннің буынып айқайлауға әлі келмеді, көзі бұлдырап есі ауды.
Абайсызда бір полицейский кіріп келді. Мылтық атты. Оқ Бейсенге тимеді. Қасына келіп наганын көтере бергенде, артынан Илья келіп, қайламен көк желкеден соғып жіберді. Полицейский етпетінен құлады. Наган ұшып түсті. Илья оны қалтасына салып алды.
Илья мен Бейсен Күләнданы көтеріп есіктің алдына алып шықты.
Шахтерлер жабырлап қоршап алды. Шахтерлер:
─ Тірі ме?
─ Атқан ба?
─ Не істепті?
─ Тірі — деді Илья.
Топты жарып Төлеп келді. Қызының үстіне өкіріп құлай кетті. Ойбай салып жылап Дәмеш және бес-алты шахтер әйелдері келді. Жұрт топтанып Күләнданы алып жүрді. Есіктің алдында не істерін білмей екі полицейский қала берді. Топ кетіп бара жатқанда:
─ Болар іс болды. Жұмысқа бармаймыз! — деді Илья.
Арт жақта келе жатқан бір шахтер:
─ Бір сұмдық басталды — ау! — деп күбірледі.
─ Көзге түсе бермей, жұмысқа кетейік те — деді қасында келе жатқан жолдасы.
Бес-алты шахтер бөлініп шахтыға қарай бұрылды.
─ Қайда барасыңдар! — деді Шектібай.
Олар жауап қатпай, үндеместен кете берді.
─ Қызды қайда апарамыз? — деді бір уақытта Шектібай Алексейге.
─ Айтқандай, Әліп төсегінде жатыр екен-ау.
Илья төмен қараған күйімен біраз жұрт отырып басын көтеріп алды.
─ Біздің үйге апарыңдар!
─ Өзің қайда жатасың?
─ Мені, бәрібір, қамайды ғой.
Ешкім дыбыс шығарған жоқ. Топ Илья жер кепесінің алдына келді. Шектібай, Дәмеш, тағы бір — екі шахтер ес-түстен айрылған. Күләнданы үйге алып келді. Бұл үй тіптен кішкентай. Ені тар — ақ. Екі ағаш төсек зорға сыйып тұр. Үйде ешқандай бұйым жоқ. Тек бір — екі жыртылған көрпе, жыртық пешпент қана көрініп тұр. Пеш түтіні үйдің ішіне қаптаған. Бұл Алексей мен Ильяның баспанасы. Ильяның әйелі Мария келді.
─ Мына төсекке әкеліңдер — деп өз төсегін көрсетті. Даладағы топ тарауға ыңғайланды. Шектібай айқай салды:
─ Енді Ильяларды қамайды, жұмыстан шығарады. Барлығы біз үшін емес пе? Жандарың болса, қорғап алыңдар!
Жұрт тұс-тұсынан айқайлады:
─ Қорғамай несі бар!
─ Қорғап аламыз!
─ Жау қолына тастамаймыз!
... Күләнда көзін ашты. Басын көтермекші болды. Қайтадан көзін жұмды. Қасында жылап Төлеп отыр. Бас жағында Ильяның әйелі Мария отыр.
Бір уақытта Күләнда көзін шарасынан шығара қатты ашты. Үйдің төбесіне қадалды.
─ Ойбай, өлдім, әкетай, қайда жүрсің? Уһ!.. Өлдім... мынаны ұстасайшы...
Күләнда ернін тістеп, бетін тыржитты. Шыңғырып, бағанағы дауыспен бақырды.
─ Мен қасыңдамын, шырағым.
Бірақ Күләнда тыңдаған жоқ. Тырысып, тартылып, ышқынып тұрған денесін тастап, босатып жіберді. Талып кетті.
V тарау
Әліп сынған аяғын салған соң, қиналғанын қояйын деді. Сұп-сұр болып көзін жұмып жатты. Денесі тас болып қатып қалған сияқты. Еш жаққа қозғалмайды. Басында Ильямен Дәмеш отыр.
Бір уақытта Әліп көзін ашты. Біраз жатты. Сонан соң көздерінен мөлтілдеп жас ақты.
─ Илья — ай, өмірімде көзімнен жас шықпаған адам едім. Мынау батып кетті-ау.
Осыдан соң аяқ жағы үзіліп түскендей болды. Ернін тістеп қиналып, көзін жұмып, маңдай терісін жиырды. Сөйтіп, көзін тағы ашты.
─ Ол енді өле ме?
─ Не өлсін. Әлі — ақ жазылып кетеді, алаң болма! — деді Илья.
Әліп әлсіреген көзін біраз жұмып жатты да, қайтадан ашты.
─ Кішкене баланы зорлапты дейсің бе?
─ Я.
─ Айуан...
Әліп қолын көтерейін деді.
─ Ойбай.
Аяқ жағы жұлынып кеткендей болды.
─ Айуан...
─ О – о – о — ой... Әліп талып кетті.
Күләнда сәл тыншып, көзін жұмып жатты. Қатарында Мария жатыр. Үй іші қап-қараңғы. Ел ұйқыда.
Екінші төсекте Алексей әйелімен жатыр. Дәл есіктің аузында, жерде Илья жатыр.
Бір уақытта есік тысырлады. Біреу сырттан есікті ары-бері жұлқылады. Қатты тартқанда ілгегі үзіліп, есік ашылып кетті. Наганын алған полицейский Ильяға сүріне, үйге құлап кірді. Илья қарғып тұрды.
─ Қолыңды көтер!
Илья қолын көтерді. Алексей, Мария, Алексейдің әйелі оянды. Ұйқысын аша алмаған әйелдер үрейленіп тұр. Келген бір солдат Алексейге қолыңды көтер деді. Солдат тінту бастап Күләнданың басын қарады.
─ Жолама оған, оятасың, тарт қолыңды! — деді Илья.
─ Тап наганды! — дейді полицейский.
─ Менде жоқ, білмеймін.
─ Тап, қазір атам.
─ Айқайлама, ауруды оятасың.
Күләнда оянып кетті.
─ Ойбай, басты, басты, өлдім — ау, жаным... жаным... Ойбай – ау — аа!..
Ащы айғай тағы шықты. Солдаттар Ильяны алып шығып кетті.
Таң атып келе жатыр. Жерде қар. Шығып келе жатқан күн сәулесімен аспандағы бұлттың жиегі қызарған. Дәмеш пен Төлеп жер қазуда. Екеуі түнімен екі аурудың басында болады да, күнімен жер барак қазады. Жер барак бітуге де таянған. Төбесіне ағаш салынған, тоқыған қамыс, ши жайылған. Қар үстінде қамыс, кесілген ағаштар жатыр.
─ Бүгін бітіріп Күләнданы әкелеміз — деді Төлеп.
Есіне үйінде қалған Рақмет түсіп, Төлеп жерге отыра кетті.
Алыстан біреу жүгіріп келеді. Жақындады. Жылап келеді. Бұл Мария екен.
─ Қызың... қызың... — деп Мария булығып қалды.
Дәмеш ойбай салып, жылап жүгіре жөнелді. Төлеп те жүгірді. Бірақ есінен адасып, жүрегі суылдап, неге жүгіргенін де білген жоқ. Барып есіктен кіре бергенде, неге келгенін білмей, аңырайып тұрды. Тек біраздан соң, қызының қансыз жұмыр ақ білегіне, жансыз өлік бетіне, енді қайтып көрінбестей мәңгі жұмылған көздеріне көзі түскенде «ой бауырымдап» отыра кетті. Дәмеш те жылап жатыр. Жұрт жиналып қалды. Шектібай да келді. Көзін жеңімен сүртіп жатыр. Әліпке естіруші болмаңдар! – деді.
Шахтыдан қашық жерде, мидай далада көп шахтерлер, әйелдер, балалар Күләнданы жерлеп жатты.
«1916 жыл, 1 февраль.
Күләнда Төлепқызы, он бес жасында.
Жауыз шахты иесі ағылшынның қолынан қаза тапқан!»
Жұрт тарауға айналғанда Алексей «Тоқтаңдар!» деп айқай салды.
─ Қабір басында сөз сөйлеу қазақ әдетінде болмаса да, сөйлеуге рұқсат беріңдер! – деді.
Мына қыздың неден өлгенін білесіңдер! Ыбырайымдардың неден өлгенін білесіңдер. Әліптің неден аяғы сынғанын білесіңдер, балалардың неден ашыққанын білесіңдер! Бейсендердің, Ильялардың неден қамалып жатқанын да білесіңдер. Бұдан артық мен не айтайын. Бейсендерді босатып алмай, Әліпті қамсыз етпей, жалақымызды көбейткізбей жұмысқа шықпайық. Осы қабір үстінде ант берейік!
─ Не дейді?
─ Не дейді?
─ Қазақшалап жіберіңдер біреуің.
Жұрт шулап кетті. Ортаға Шектібай шықты.
─ Не деуші еді, айуан қолынан жазықсыз қаза тапқан жас баланың қабіріне жыламауға бола ма? дейді. Осы қабір үстінде күйінішті серіппеуге бола ма деді. Қатыныңды ұрып, қызыңды зорлап, бала-шағаңды қырып, өзіңді өлімге айдағанына көне беруге бола ма дейді. Жас қызыңды шырылдатып өлтірген айуанды желкеге мінгізіп қоюға бола ма дейді. Осы арада кек аламыз деп ант бермесек, жас нәресте қабірінде тыныш жата ала ма дейді. Қашанға дейін құл боласың? Қашанға дейін үй ішіңді ашықтырып, жас қыздарыңды шырылдатасың дейді.
Екі — үш әйел айқайлап жылап жіберді.
VI тарау
Шахты астында жан жоқ. Адамы көшіп кеткен ұзын, тар землянке сияқты. Қараңғы, жырым-жырым, тарау — тарау тышқан іші сияқты. Ешкім жұмысқа ешкім шыққан жоқ. Жер барактар айналасы да тыныш. Қыбыр еткен жан жоқ, барлығы үйлерінде қасақана жатыр. Жер барактар алдынан бір взвод солдат көп. Жер барактар алдында бір полицейский жүр. Өзінен-өзі олай-бұлай жүреді. Землянке жаққа қарайды. Ойы біреу шықса, байланыса түсіп, ұрыс шығарып, ұрып, қамап, құмардан шығып, кек алмақ. Бірақ ешкім шықпады. Полицейский олай-бұлай жүре бастады.
─ Ой, лағнет!
Әлі ешкім шыққан жоқ. Полицейский олай-бұлай жүгіре басып жүрді.
─ Ой, лағнет!
Ешкім шықпай қойды. Бір ит келе жатты. Полицейский күйіп кетіп, жайымен келе жатқан итке ұмтылып қуып ала жөнелді.
Шахтерлер төсектерінде жатып алды. Далаға шықпай қойды. Бүгін үш күн болды, аштыққа да шыдады. Адам аштыққа шыдағанда, капиталист Хокинс пайданың кемуіне шыдамады. Хокинс кабинетінде тынбай жұрт жүр. Түрі қорқынышты, сасулы. Столға сүйеніш біраз тұрып алдына қарады.
─ Ильяларды босату, Әліпті жұмыстан шығармау, жалақыны өсіру — деді өзінен – өзі.
─ Жалақыны өсіру — деді тағы да.
Сүйтті де тез-тез басып жұрт кетті.
Мистер Стибинс келді.
─ Мүмкін емес, жұмысшыға тиын беріп, зиянға қалар жайым жоқ — деді оған Хокинс.
─ Өзіңіз ойлаңызшы, негізгі шахты тоқтауының зияны Тіпті көп қой.
─ Бәрі соның кесірі. Әр уақытта менің мойныма мініп алып, зиянын тигізеді де отырады. Енді ол менің балам емес — деді ашуланып Хокинс.
Көнбей болмайды, мистер Хокинс.
Хокинс ойланып тұр:
─ Шақыр өкілдерін — деді бір уақытта.
Стибинс шығып кетті. Алексей мен Шектібай кірді.
─ Сендерді ырза қылайын, жұмыстарыңа шығыңдар! — деді Хокинс.
─ Солай ма екен!
Алексей оның бетіне қадала қарады. Солай ма екен!
Хокинс пен Алексей сөйлесіп жатқанда, баяғы Сәду землянкенің алдына келіп, қазақ жұмысшыларын жиып алып өзі ортасында тұрып сөз сөйледі.
─ Жұртшылық! Мынау орыстар бір бәлеге бастайын деп жүрген жоқ па? Біздің желігетін не бетіміз бар. Бала-шағамыз болса мынау ашығып жатқаны. Ағылшынның несі кетеді, бізді шығарады да тастайды, біреу өлді деп барлығымыздың қырылуымыз жөн болар ма екен? Одан да құдай деп жұмысқа кірісейік. Ағылшыннан кешірім сұрайық. Қараңғылығымыздан бір қателік болды дейік. Қамалған орыс қамалып жата берсін. Онда біздің не жұмысымыз бар. Жер қара, күн жылыда жөнімізді табайық. О, жұртшылық, не дейсің?
Көншілік біразға дейін үндемеді. Содан соң:
─ Желігуді қойған дұрыс.
─ Түбінде бір сұмдықтың болуы айқын.
─ Қазаққа желігу не керек — деген күңкіл зорая бастады.
─ Сәду, сандырағыңды қой — деді бір жас жігіт.
─ Мына неме не дейді?!
Шоқынғысы кеп жүрген ғой.
─ Ильялар біз үшін қамалып жатқан жоқ па?
─ Ешкімді қорғар жайымыз жоқ. Бала-шағамызды қырмай, бір жапырақ нан тауып берсек те жетер.
─ Е, осы жұмыс бір жапырақ нан үшін емес пе?
─ Үйінде шалқиып жатып алсаң, табарсың жапырақ нанды.
Тұс-тұстан айқай, керіс көбейді.
─ Тоқтаңдар! — деді Сәду. Бұл арада даурығатын түк те жоқ. Қазір жұмысқа шығу керек. Жаңа Алексейлер ағылшынға тағы кетті. Жұмысшылар жұмысқа шықпайды демекші. Енді ағылшын барлығыңды да жұмыстан шығарады. Одан да тезірек барып «Алексейге ермейміз, қателестік, мұның бәрін істеп жүрген біз емес» — дейік. «Жұмысқа шығамыз, желігуді қойдық» — дейік. Өзі біліп — ақ жалақыны көбейтеді.
─ Мақұл.
─ Қарап жатқанмен аспаннан нан түспейді — деген айқайлар көбейді.
─ Онда мен қазір барып білдірем — деді Сәду.
─ Мақұл.
─ Тез, тезірек.
Біраз жұмысшылар үндеместен тарай бастады. Біразы кеуделерін басып тұрған бір көмескі ауырлықтан құтылғандай, жайдарыланды. Әдепкі, қызды қорғауда қызғанмен, күндер өтіп ашу басылайын деп қайта енді көпшілікке бір түрлі қорқыныш пайда болайын деген сияқты. Сондықтан жаңағы сөзден соң кейбіреулері қуанды.
─ Әй, біздің үйге соға кет, шахтыға бір барайық.
─ Жұмыс істемей, зерігіп қалдық қой.
─ Аш құлақтан, тыныш құлақ, бәледен құтылдық па?
─ Ай, тез кел, мен күтіп отыра алмаймын.
─ Бүгін күн жылы — ау.
─ Ағылшын енді бізге алғыс айтады.
Сәду конторға қарай жүгірді. Жақындай бергенде су алып бара жатқан әдемі, қара торы келіншекке кездесті. Сәду кенет тоқтай қалды.
─ Еркелі, денің сау ма? — деді күле түсіп.
─ Шүкір.
─ Тәңір алғыр, Мені ұмытып бара жатырсың — ау.
─ Қойшы, өзің емес пе суып кеткен.
─ Суысам жылытып алу өз қолыңда емес пе еді.
─ Жүре сөйлесейік, көзге түсіп қалармыз.
Сәду ере жүрді. Аузын келіншектің құлағының
түбіне таяп:
─ Бүгін жолығайық – деді.
─ Үйде ағам бар ғой.
─ Далада жолығармыз.
Сәду конторға тұра жүгірді. Сол уақытта конторда Хокинс алақанымен столды таянып тұрып:
─ Бірақ мен сендерді сыйлағанымнан істеп отырмын. Басқа болса мұны істемес едім, жақсылықты біле біліңдер — деді.
Сәду жүгіріп келе жатыр. Бірақ келіншекпен алданып тұрғанда, Алексейлер әңгімелерін бітіріп шығып та үлгерді. Бұлар есіктен шыға бергенде, Сәду бұрышқа жасырынды. Ұзағасын жүгіріп кабинет есігіне келді. Ақырын қақты.
─ Есік ашылмайды — деді ашулы Хокинс.
─ Тақсыр — тақсыр, мен жұмысшылар атынан келдім, біз қойдық.
─ Кет, жоғал, иттер — деді қазақ тілін білмейтін Хокинс.
─ Өтеген, Өтеген, барсың ба?
Бірақ Сәду тілмаштың жауабын есітпей, оның орнына ағылшындардың кейіп сөйлескен әңгімелерін естіді.
Өтеген үйінде ғой. Ол болмай бәрібір сөйлесе алмаймын. Соны шақырайын — деп ойланып Сәду жүгіріп ала жөнелді.
Шахтерлер жұмысқа келе жатыр. Бір топтың ішінде Шектібай келеді.
─ Ақыры келдің ғой — деді ол.
Шахтерлер шахты аузына жақындады. Сол уақытта тілмаштың үйінен қайтып Сәду келе жатты.
─ Сәду қайдан келесің?
Сәду сасулы.
─ Жаңағы уәде бойынша айтқалы бара жатырмын.
─ Ешқайда да бармайсың.
Сәду болар-болмас даусын шығарып:
─ Уәде, уәде қайда? — деді.
─ Біз талапты орындаттық.
Жұмысшылар шулай түсті.
─ Сәл кешігіп қалдың! — деді Шектібай.
Сәдуді жұмысшылар қамап алды. Бірақ ол конторға қарай сырыла түсті.
─ Жаныңның барында жайыңды тап! – деді. Бейсен жетіп келді.
Сәду кейіншектеп топ арасынан шығып, үйіне қарай бет алды.
Әліп тыныш жатыр. Төлеп аулына қайтпақ. Иығы салбырап, әбден қайғы басқан. Қоштасып далаға шықты. Інісіне мұңын шағып жылап жіберейін деп, есік алдында біраз тұрып, бата алмай шығып кетті. Бірақ далаға шығып арбасына мінгенде Дәмешке қарап:
─ Келінжан — ай, апам қайда десе Рақметке не деймін! – деп, еңіреп қоя берді.
Келін қосыла жылады. Ат тарта жөнелді. Келіні кейін, артта қала берді.
Төлеп аулына жақындағанда алдынан жүгіріп жеті жасар баласы Рақмет шықты. Баланың екі көзі тостағандай, әдемі — ақ, Күләндадан аумаған.
─ Күләнда қайда? — деді Рақмет.
Төлеп жауап та берген жоқ. Тек бар даусымен айқай салып жылап жіберді. Ауылдың иттері үріп, әрбір үйден әйелдер шығып, таң қалып түсіне алмай, Төлепке қарап қапты. Долы байдың бәйбішесі есіктің алдына шығып:
─ Немене, әкең бүгін өлді ме? Үніңді өшір, қара басыңа келгір! — деді айқайлап.
Арада екі жыл өткеннен кейін, қозы бағып жүрген тоғыз жасар Рақмет Долы бай өлгенше сабады. Ашуға шыдай алмай, жас бала түнде үйден шығып, далаға қаңғырып кеткен. Міне, сол кеткеннен Рақмет біржола жоқ болды. Сөйтіп, Төлеп қызынан да Рақметтен де айрылып, кемпірі, үш жасар Сағадаты үшеуі — ақ қалды.
Роман былай басталды
I тарау
Жержүзілік төрт-бес академиялардың мүшесі жер жүзіне аты шыққан, белгілі академик Вознесенский қартайған шал еді. Жасы 60-тан асқан, ұзын бойлы, ақсақалды кісі еді.
Бұл — 1927 жыл.
Ленинград, Петроград ауданы. Асфальттеген әдемі көшелер.
Аспанмен таласқан үйлер. Үлкен ақ үй. Кең лаборатория. Түрлі аппарат, сауыт, модель, металл, ғылым саймандарына толған. Академик Вознесенский үлкен столында жазу жазып отыр. Терезеге сүйеніп қызы Лиза тұр.
Лаборант келіп:
─ Сізбен сөйлесуге жолдас Макаров келіп тұр.
─ Мен ешкіммен сөйлеспеймін, менде не ақысы бар осылардың? Қолым тимейді.
Академик ашуланып қағазына үңіле түсті.
Лиза академикке қадалып тұр:
─ Папа, осы күйгелектігіңді, ашуланшақтығыңды қойсаң қайтеді? Бұл қай қылығың? Макаров жолдас Ленинград партия ұйымы жетекшілерінің бірі емес пе?
─ Жетекші болса, сендерге жетекші болар, ғылымға жетекші болмас!
Үлкен ақ үй есігінің алдында жолдас Макаров тұр. Үстінде ақ көйлек. Қасында институт партия ұясының хатшысы.
Макаров академиктің жауабын біліп күлді. Хатшымен қоштасып кетіп қалды.
... Кешке жақын Макаров кабинетінде отырған. Терезеден біреуді көргендей болды. Жаңбыр құйып кетті, терезені тырсылдатты. Макаров терезеге барды.
Академик Вознесенский кетіп бара жатыр екен. Үсті — басы су, тайып жығыла жаздады. Макаров телефонды қолға алды.
─ Бұл Михаил Васильевич пе? Академик Вознесенскийдің меншігіне бір машина беру мәселесі әлдеқашан шешілген еді. Соны тездетіңіз. Жақсы! — деді жолдас Макаров.
Арада екі күн өтті. Сағат 12 мезгілінде лабораторияда академик қағаз жазып отыр еді. Лаборант кірді:
─ Аркадий Евгениевич, кеше қабыл алмағаныңыз үшін жолдас Макаров сіздің меншігіңізге машина бергізіпті.
Академик хатшыға қадала қарады. Не дерін, не істерін білмей, қағазына үңіле түсті.
Бұл — 1927 жыл.
Жер жүзіне аты шыққан академик Вознесенский университетте лекция оқитын еді. Бір күні академик лекция оқыды.
─ Мен сұрап отырмын: мартен пеші... — деп сұрау беріп тұрғанда есіктен біреу кіріп, арт жаққа барып отырды.
Бұл партия ұясының хатшысы еді.
─ Мен сұрап тұрмын! — Академик хатшы жаққа қарады.
─ Мен сұрап тұрмын! — Академик мойнынан галстугін жұлып алып, столдың үстіне тастады. Жұдырығымен қымбатты аппараттарды салып-салып қалды. Академик қызарып қабағын түйіп, олай — бұлай жүгіріп кетті.
Академиктің костюмі тозып, екі шынтағы жыртылған екен, хатшының көзі соған түсті.
Ертеңіне бір ғылым қызметкері академикке екі костюмді әдемі шевиот әкеліп берді.
─ Сіздің костюміңіз тозғанға сыйлап беріп жіберді.
Академиктің көзіне кешегі хатшы елестеді.
─ Түсінбеймін — деді академик.
─ Большевиктерді байқамай жүре беремін десеңіз де, олар байқатпай қоятын емес қой.
─ Не айтып тұрғаның? Тарт тіліңді — Академик ашуланып, қолы-басы дірілдеп кетті.
Академик түнімен ұйықтаған жоқ. Лабораториясындағы ғылым қызметкерлері де ұйықтатқан жоқ. Ертең ертемен бірнеше күнге Донбасс металлургия заводтарына жүреді. Тапсырмалар беріп жатыр.
Есіктен бір ғылым қызметкері кіріп келді.
─ Ұя хатшысы азбен сөйлесем дейді — деді.
─ Мен ешкіммен де сөйлеспеймін — деді академикті тоқтатып. Біраз тұрды:
─ Қолы тимей жатыр де!
Ертеңіне партия ұясының хатшысы кабинетінде телефонмен сөйлесіп отырды:
─ Жолдас Макаров, академик бүгін Донбасқа кетті. Ал енді оның көп жылдан бергі арманы — лабораториясында болат құятын электр пеші орнатылса дейді. Өзіңізге мәлім... Не дейсіз? Бүгіннен бастап іске кіріспекпіз! – деді.
Пеш сол күннен бастап салына бастады.
Академиктің кішкене лабораториясы төңкерістен кейін жер жүзіндік мәні бар зор институтке айналды. Ең соңғы өте бай, қымбатты, таптырмайтын құралдармен жабдықталды. Большевиктер барлық жардай жасап академикті көкке көтерді.
Он күн өткен соң академик келді. Лабораториясындағы екі электр пеші көзіне оттай ыстық көрінді.
Академик балаға құсап жүгіріп барып, пешті құшақтай алды. Көзінен жас та шығып кетті білем.
Лиза келді. Академик құшақтап қызын сүйді. Шашын сипады. Академик бірінші рет күлді.
─ Лиза, сен білесің бе? Ұзын өмірімдегі қиялымды жаңа көріп келдім. Сенесің бе?
Лиза күлді.
─ «Большевиктер ғылымды, ғылым адамдарын бағалай алмайды» дегеніңіз өтірік болып шықты ма?
Академик бұрылып кетті. Ештеңе айтқан жоқ.
... Академик лабораторияда жұмыс істеп отыр.
Лаборант келіп хат ұсынды. Академик алып, ашып оқыды:
«Ленинградта жаңа ашылған университетті академик Вознесенскийдің атымен атау туралы.
Жаңа университетті академик Вознесенскийдің атымен атау жөніндегі Ленинград партия ұйымдарының тілегі қабылданылсын».
Академик хатты тастай салды.
─ Мен қарсылық білдіріп хат жазамын, жазам! — деді академик.
Лаборатория. Ғылым қызметкерлері жиылып газет оқып отыр.
«Орталық Атқару Комитетінің қаулысы...»
Ғылым қызметкерлері қуанысып күлісті. Лабораторияға партия ұясының хатшысы келді. Ғылым қызметкерлері жабылып ортаға алды.
Ғылым мен техникаға еңбегі сіңген ассистент сөйледі:
─ Академик жуасып келеді, екі пеш орнатылғаннан кейін, пәтері мен лабораториясының арасын жабық әйнекпен, галереямен қосқаннан кейін ашуын қояйын деді. Қарысып қалатынын да қойды — деді ассистент.
Лаборант сөйледі:
─ Обкомның қаулысын қалтасынан тастамайды. «Лаборатория жанынан буфет ашылсын, үй сыпырғыштары көбейтілсін» деген жерлерін сызып қойыпты. «Большевиктер үйінде сыпырғыштың бары — жоғына да көңілін бөлетін түрі бар» — дейді — деді лаборант.
Барлығы күлісті.
Академик болаттың «спеллит» атты жаңа составын тапты. Лабораторияда қызметкерлерінің жасаған техникалық есебін тексеріп отырғанда лаборант кірді.
─ Аркадий Евгеньевич, партия ұясының хатшысы келіп тұр, Кіруге бола ма? — деді.
Академик біраз отырып:
─ Болады — деді, күбір етіп.
Лаборант күлді.
─ Мен ойнап айтам, сізді байқайын деп едім, бұрын сылтау тауып жолатпайтын едіңіз.
Академик ашуланып лаборантқа қарады. Қолын шошайтып есікті көрсетті.
─ Кет! Мені мазақтайын деген екенсің ғой.
Лаборант шығып кетті. Академик біразға шейін жұмыс істей алмай, олай-бұлай жүрді.
II тарау
Бұл 1930 жыл еді.
Ленинград. Нева. Елагин көпірі. Мәдени демалыс паркі.
Парктің батыс жағы — теңіз, Фин заливі. Оң жағы — Кішкене Нева, сол жағы — Үлкен Нева. Ортасында парк.
Теңізден асып қызарып күн батып бара жатыр. Қалың көк парктің іші гүлдерге толған. Парк ортасында үлкен оркестр ойнап жатыр. Біреулер жүріп жүр, біреулер сөйлесіп отыр. Адам көп. Сөз, күлкі алыстан трамвай, автомобиль дыбыстары естіледі. Теңіз беті қаптаған қайықтар.
Теңіз жақ шеттеп таса жерде, бір скамейкеде бір жігіт, бір қыз отыр.
Жігіт жас, орта бойлы, қыр мұрынды, толық, ақ — құба, әдемі. Жасы 22 шамасында. (Көз қарасы, күлгені Күләнданы еске түсіре ме, қалай?).
Жас жігіт скамейкенің арқасына шалқая түсіп, теңіз жиегін қызыл нұрға малындырып батып бара жатқан күнге қарап отыр.
Қыз артына қарап отыр. Бетіне түскен шаштарын ауық-ауық басын бір шұлғып артқа сілкіп тастайды.
Қыздың үлкен қара көздері бір тыным таппайды. Көз алдына көрінген нәрселердің барлығы басынан кешірген, үйреншікті, білетін нәрселері сияқты. Көз қарасы минут сайын құбылып тұрады. Біресе көздер сонау шалқайып, көпіріп жатқан теңіздің әлдебір белгісіз жеріне қадалып, мөлдіреп тұрады. Біресе өзіне қымбат нәрсе тауып алғысы келгендей алдынан өтіп жатқан адамдардың беттеріне қарайды, қасында отырған жігіттің шашына қарайды. Сүйтеді де, бота көзі өзінің қарауына тұрарлық бір нәрсеге түскендей жайраңдап, ойнақтап оймақ аузына күлімсіреу пайда болады. Біресе қараудан зерігіп, қара көзі төңкеріліп, бұлтқа жасырынған айдай кірпіктің астына жасырынып жұмылады. Қыз көзін жұмып, шалқаяды. Бетіне түскен бір топ шашы кейін қарай сырылады. Қыз бетін көзін ашады. Сүйріктей саусақтарымен теңізге қарап отырған жігіттің шашын сипайды. Бұл атақты академиктің қызы — Лиза.
Лиза жігіттің шашын сипап отырып:
─ Рақмет! – деді — есіңде ме, Ромео Джульеттаны сүйіп алып: «Сенің ернің ернімнен алып қалды күнәмді депті. Джульетта тұрып: «Өз ернімде ұстап қалған болармын» деп жауап беріпті. Ромео тұрып: «Қалай? Менің күнәмді алып қалдың ба? Тәтті наз! Күнәмді қайтып бер. Күнәларым өзіме қайтып келсін» деп тағы сүйіп алады. Сонда Джульетта «Сүюдің ебін табуға қалай ұстасыз» — дейді.
Лиза Рақметке күлімсіреп қарап тұр.
─ Рақмет! Сен неге кісіні тартып тұрмайсың! Қиялшылсың ғой өзің.
Рақмет бұрылады. Қыздың үлкен қара көздеріне бір қарайды да:
─ Мен саған бір сөз айтпақшымын. Жақында мектепті бітіріп, айырылысып кетеміз...
Лиза шошынып кетті де:
─ Айырылып кеткің келе ме?
─ Сенің айырылғың келеді — ау деп қайғырам.
─ Жоқ, мен де Қарағандыға барам.
─ Академик жібермейді ғой.
─ Институт Қарағандыға жіберсе, ұстап тұра алмайды ғой. Сенің туып-өскен жеріңе барамыз. Әкеңді көреміз, түсіндің бе! Сағындың ба оны?
Рақмет төмен қарайды, жауап бермейді, үндемейді.
─ Рақмет! Сен неге үндемейсің, Рақмет?
Рақмет басын көтереді. Бір нәрсе айтайын дейді де, бата алмай қайтадан төмен қарайды. Сонан соң қалтасынан папирос алып біраз отырады. Сіріңке алып тұтатады.
─ Рақмет! Қане сөйлесеңші!
Рақмет скамейканың арқасына шалқиып теңізге қарайды.
─ Лиза! Кешір, мен сені алдап жүрмін.
Лиза шошынып кетеді.
─ Қалай?
─ Менің әкем де, үйім де жоқ, бар-ау, бір — ақ қайда екенін білмеймін...
─ Ал, одан соң? Алдағаның осы ма?
─ Әкем мені жоғалтып алған. Сенің әкең академик. Оны білмейтін адам жоқ. Ал мен әкемнің қайда екенін өзім де білмеймін...
─ Бұдан сенің басыңа келетін кемшілік қайсы? Менен мұның несін жасырдың? Академиктің қызы қойшының ұлын сүйеді, бұған кім қой дей алады?
─ Алдадым деп осы жасырғанымды айтам...
─ Бұл алдау емес, бұны айтпай жүрген өзіңнің балалығың, бостығың емес пе?
─ Болмаса, осы бостығымды кешірерсің.
─ Мен кешіретін түк те жоқ, тек өзің қойсаң болғаны ғой.
─ Солай ма? — Солай.
Рақмет қуанып, жақындай түседі. Көзі күлімдейді. Қыздың көздеріне қадалады.
─ Ромео не деп айтты дейсің, Лизочка? Лиза күледі. Омырауындағы көк жібек лентаның ұшын ұстап тұрған қолын алып, скамейканың артына сүйейді. Көйлегін жоғары көтеріп тұрған Лизаның төсіне Рақметтің иығы тиеді.
─ «Сенің ернің ернімнен алып қалды күнәмді» — деген.
Лиза қатты күледі.
─ Бірақ мен күн бұрын айтам: өз ернімде бостығыңды ұстап қалғым келмейді..
Лиза орнынан тез тұрып жүгіріп кетеді. Анадай жерге барып, артына бұрылып қарап қатты күледі. Көк шөп. Қызыл гүл. Көркем көк ленталы Лиза. Қалың ағаш. Лиза күліп тұрып мынаны айтады:
─ Рақмет! Ал, тыңда:
... Аспан да бетін жасырар, жапырақ бұлт таппастан,
Көк жүзінде күн күледі кірпігін де қақпастан.
Кешегі, әні, әдемі жастығымен беріп нұр,
Кестелі көйлек, лентаға оранып менің жарым жүр.
Алдында оның белестері, бұлбұл болып сайрайды.
Артында оның қосылып, екі гармонь ойнайды.
Сонда айтамын жарыма, көк лентаға оранған,
Жан-жағына жайнақтап, құралайша қаранған...
деп Лиза сықылықтап күледі.
─ Рақмет! Ішің күйді ме, Рақмет! Ау, Ра-қ-ме — т! Көзің қызды ма?
Рақмет орнынан тұрады. Жүгіріп Лизаның қасына келді. Қуанышты жүрек тулайды. Рақмет:
─ Сонда айтамын жарыма, көк лентаға оранған,
Жан-жағына жайнақтап, құралайша қаранған
Күндей күлген әлемде — күміс айсың деймін мен,
Күнге қара деймін мен, көлге қара деймін мен.
Көресің бе оны сен, көрмейсің бе оны сен,
Сүйесің бе мені сен, сүймейсің бе мені сен?
Лиза тағы күледі. Секіріп бір жерде тұрмайды.
─ Ендігісін мен айтайын ба, айтып салайын ба, Рақмет? Аяқ жағын айта алмаймын ба, Рақмет?.. Ау, Рақмет?
«Сонда есітем жарымнан, айтқан сөзін жалтарып.
Кәні, қыздар, кеш болды, үйімізге қайталық», —
Деп айтып салайын ба, Рақмет?
«Жер жағдайы тағдырды, ажыратты, үркітті.
Сен қаршыға, мен болсам, күтіп тұрмын бүркітті –
дей алмаймын ба, Рақмет? Ал, айтам, айтам, Рақмет!!
Лиза ішін басып күледі. Көк ағаштардың арасында, көк шөптің ішінде маңдайы жарқырап, меруерт тістері көрініп, күліп тұрады Лиза.
─ Ендігісін айтпай-ақ қой, Лизочка.
─ Айтамын, Рақмет, кетіп қалам, Рақмет, әйтпесе ақын неге жазған? Сен өкпелейсің бе? Әкесі жоқ адам өкпелеуші ме еді? Бірақ бала өкпелейді екен-ау!..
Рақмет барып скамейкаға отырады.
─ Рақмет! Сен өкпеледің бе?
Лиза күліп, ақырын барып, Рақметті құшақтай алады. Сүйеді. Рақмет Лизаның бетіне қарайды.
Лиза:
─ Әшейін, сенің өкпеңді өз ернімде алып қалайын деп едім..
Лиза сақылдап күледі. Рақмет Лизаны құшақтай түседі.
III тарау
Тау-кен институтының кең залының іші толған студенттер. Стол басында жиырма шақты адам отыр. Профессорлар, екпінді студенттер, партия, комсомол ұйымдарының әйелдері. Президиум мүшесі болып екпінді студенттер, институтты бірінші өте жақсы бітіргендер Рақмет, Лиза да отыр.
Екпінді бітіргендерді сыйлау жүріп жатыр.
Сөйлеуші:
─ Маңдай алды, екпінді, белсендінің комсомолец, партия мүшесі, институтты ең жақсы бітірушілерден Рақмет Дәуір ұлына бір костюм. «Ленинизм мәселелері» және мақтау қағаз беріледі — деді. Қол соғу залды басына көтерді. Музыка тартылды. Рақмет күлімдеп барып сыйлығын алды. Директордың қолын қысты.
Сыйлау жүріп жатты.
Рақмет орнына келіп отырды. Қасында Лиза. Ол өзінің дағдылы көңілділігімен залда отырған жолдастарымен басын шұлғып амандасып отыр.
Рақметтің қуанышы қойнына сыймады. Секіріп — секіріп түскісі келді. Оның үстіне музыка күйі желіктіріп жіберді.
Лизаны құшақтап алайын деп құшағын жайып барып қойды.
─ Лизочка! Менің қуанышым қойныма сиятын емес, осы жұрттың алдында құшақтап, сүйіп алайын ба?
Лиза көзі жайнап қарап қалды.
Күлгенін де қойды. Ішінен: «Жаным, жаным, сүйші, сүйші! Сенен аяйтын нем бар!» — деп отырған жоқ па екен. Бірақ сыр білдірмейін деп ештеңе деген жоқ.
─ Әлі өкпеңді қоймайсың ғой — деп Рақмет теріс қарады.
Музыка тартылды, шапалақ соғылды.
Осымен араластырып Лиза:
─ Сүйші, жаным, сүйші, сүйші – деді.
Бірақ мұны Рақмет есіткен жоқ.
Сөйлеуші:
─ Маңдай алды екпінді, белсенді комсомолка, институтты ең жақсы бітірушілерден Лиза Вознесенская бір көйлек, бір мақтау қағазбен сыйланады! – деді.
Лиза орнынан тұрып барып, сыйлығын алды.
Рақмет Лизаны ұмытып, сыйлық алушыларға қол соғумен болды. Лиза бетіне қарап еді, теріс қарады.
Лиза отыра қалып хат жазды. «10 июнь.
Бүгін тіптен қуанышты күн, жаным, ойыннан соң есік алдында мені тос.
Лиза».
Лиза Рақметтің қалтасынан папиросын білдірмей алды. «Папирос тартқанда алып оқыр» деп хатты коробканың ішіне салып, папиросты орнына қойды.
Жиылыс бітті, ойын басталғанша студенттер кең көшедей, ұзын коридорда жүрді. Коридордың бір жағы орта белінен әйнек. Екінші жағы кафедра, аудиториялар.
Лиза Рақметтің артынан шықты. Қашан папиросын тартар екен деп байқап жүр. Лиза бір студентпен сөйлесіп қалды. Студент «әңгімелесіп, олай — бұлай жүрейік», деп ұсынды. Лиза басын шайқады. Осы мезгілде Рақмет папирос тартты. Ішінен шыққан бүктеулі қағазды көріп: «Бұл неғып бұның ішіне түсіп кеткен» — деп даусын шығарып айтып, төс қалтасына салып қойды. Папиросының түтінін бұрқыратты. Лиза қарады. Лиза Рақметке бұрылды. Не жауап берер екен? — деп жауап күтті. Бірақ Рақмет ештеңе деген жоқ. Сырт айналды. Лиза қарап тұрды да, бағанағы студентке барды.
─ Мақұл, жүрейік...
Кетіп бара жатқан Лизаның шашына, әдемі денесіне Рақметтің көзі түсті. Жігіттің қолтығында кетіп бара жатқан Лизаның артынан біраз қарап тұрды. Сонан соң қолындағы папиросын шегіп болмастан лақтырып жіберді де, ішке кіріп кетті.
IV тарау
... Институт директорының кабинеті, көзілдірікті директор отыр. (Директор біреуімен сөйлесудің алдында көзінен көзілдірігін алып, әр уақытта да бір езу тартып, күлімсіреп алады). Кабинетке Рақмет кірді.
─ Кел, Рақмет — директор орнынан тұрып қолын ұсынды. Рақмет отырды.
─ Иван Александрович, Қарағандыға барғым келеді.
Директор көзілдірігін алып, күлімсірей қарады.
─ Біз сізді академик Вознесенскийдің кафедрасына ассистент етіп қалдырдық. Академиктің ғылыми зерттеу институтінде істейсіз. Ол қазір Магнитогор — Қарағанды мәселесін талқылап жатыр. Осы жағынан ол кісіге көп көмек көрсетуің керек — деді директор.
Бірнеше күн өткен соң Рақмет академиктің институтіне келіп іске кірісті. Күні-түні лабораториядан шықпайтын болды.
Әдепкі уақытта академик жақтырмай жүрді.
─ Осыдан он жыл бұрын далада түйе ме, қой ма бағып жүрген азиялықты маған көмекші қылып бергеніне таңым бар — деді академик.
─ Өзіңіз емес пе талантты деп мақтап жүрген — деді лаборант.
Академик үндеген жоқ, қабақ түйіп тұрып қалды.
Бір күні мынандай бір қызық уақиға болды. Лабораторияда Рақмет жалғыз өзі отырған. Бір аппаратқа тесіле қарап, қағазға қарап, бір нәрсе жазып жатқан... Ақырын Лиза кірді. Білдірмей артынан келіп Рақметтің көзін басты. Рақмет кім екенін білмеді. Бірақ, Лиза өзі күліп жіберіп, білдіріп қойды. Екеуі академиктің столына барды. Рақмет Лизаны тізесіне алды. Құшақтап сүйді. Әлі сүйіп отыр. Осы уақытта абайсызда академик кіріп келді. Академик булығып, өзінен-өзі қақалып қалды.
─ Енді осы жетпеп еді — деді академик.
Столына келді. Столды қойып қалды. Кейбір шыны аспаптар сылдырады:
─ Кет, жоғал, көзіме көрінбе! — деді Лизаға.
Лиза шыға жөнелді. Рақмет кірерге жер таппай, аппараттардың арасында бұғып отырды.
Бірақ ойында академик ту сыртынан көзін айырмай қарап тұрғандай болды. Барлық пәрменінше жүгіріп далаға шығып кетті.
─ Академиктің қызымен... бұл не деген заман? — деді өзінен-өзі академик.
Бірақ бұл сөзді айтарын айтса да, дәмі жоқ екендігін, дұрыс еместігін өзі сезіп:
─ Алдымен ғылыммен шұғылданып, онан соң қосылмай ма? – деді.
Бірақ бұл сөзі де күмәнділеу болды. Өйткені екеуі де инженер, ғылымға шұғылданғандар солар ғой.
─ Бәрінен бұрын, шіркіндер, менен сұраса қайтеді. Неге жасырады — деді академик өзін-өзі жұбатып.
─ Оңбағандар, мен сендерге көрсетермін — деп өзінен — өзі столды ұрды.
... Бұл күндері Рақмет Лизамен жолыққан жоқ. «Лизамен бір жүрсем академик ашуланады. Олай болса атақты академикті ашуландыруға қандай правом бар?» — деді. Рақмет төсегінде ойланып жатып.
Рақмет екінші жамбасына аунап түсті. Түн. Үйдің іші электр шамымен күндізгідей жарық. Терезе артында дауыстар естіліп тұр. Электр жарқылдап, трамвай дүрсілдеп, көк ұшқын атып терезені, қабырғаны дірілдетеді. Біреу есікті қақты.
─ Кіріңіз — деді төсекте жатып Рақмет. Хат тасушы келді. Рақметке телеграмма ұсынды.
Рақмет орнынан тұрып отырды. «Ленинград тау-кен институтінің директорына, көшірмесі Дәуір ұлына.
Инженер, ғылым қызметкері Дәуірұлын тез Қазақстан Халық, Комиссарлар Кеңесінің қарамағына жіберуіңізді сұраймыз».
Хат тасушы кетіп қалды. Рақмет орнынан қарғып тұрды.
─ Мені, Рақметті, Қазақстан біледі. Я, мені Қазақстан шақыртады, я менің қамымды жейді, не дейді, жұртым-ау!!!
Рақмет орнында шыр айналды, қуанышы қойнына сыймай күлді. Телеграмманы көкірегіне басты, етпетінен төсекке жата қалды. Кенет үйдегі электр өшіп қалды. Көшеден электр сәулесі терезеден үйдің ішіне түсіп тұрды. Ә дегенде ойы өзінің бақытында болды, ол сәуленің не екенін біле алмады. «Бұл не» — деді ойымен, артынан түсінді. Сонда:
─ Ол ма? Ол — Рақметтің бақытының сәулесі — деді күліп, даусын шығарып.
Электр қайтадан жанды. Рақмет орнынан қарғып тұрып, жүгіріп көршісінің үйіне кетті. Бірақ ол үй жабық болды. Қайтып келді бірақ үйдің ішінде жалғыз өзі билеп жүрді де, шешініп жатуға кірісті. Жатарда қалтасынан телеграмманы алып жастығының үстіне қойды. Жастыққа басын қоя беріп, телеграмманы алып оқып, жастықтың астына қойды. Екі минуттен кейін тағы алып, бір қарап, қайтадан қойды. Көзі ұйқыға кетті.
Рақмет түс көрді.
Түсінде Қазақстан Совнаркомының кабинетіне кіріпті. Жолдас, Нарком, барлығы қуанышпен қарсы алып, Рақметтің қолын қысып, жаурынынан қақты.
─ Міне, кешегі жалшының баласы — бүгін инженер!.. Енді социалды Қарағандыны құрады – деді. Совнарком председателі күлімсіреп...
... Рақмет Лизаға жолығуға асықты. Бір күні Нева проспектісімен келе жатты. Ерсілі-қарсылы жүрген адамдар трамвай жүрісі құлақ жарады. Рақметтің алдында анадай жерде Лиза көрінді. Рақмет қуанып кетті. Айқайлауға сәл-ақ қалды. Лиза Рақметке қадала қарады. Бірақ Рақмет жақындай бергенде проспектінің екінші жағына қарай бұрылып кетті. Оған себеп, Рақметтің артында академик келе жатыр еді. Мұны Рақмет білген жоқ, бір көше айнала беріп:
─ Менен қаша бастағаны ғой, уәдеден тайғаны ғой — деді ішінен.
Кетер алдында Рақмет академикпен қоштасуға лабораторияға келді. Академик қолын берді.
─ Ендігі жылы қайтып кел — деді академик.
Рақмет:
─ Сөзсіз келем – деді.
Рақмет шығып бара жатқанда академик бір нәрсе айтайын деп оқталды. «Лизаға жолықтың ба?» — десем деп оқталып еді, бірақ оған ұялды. Сонан соң өзінен-өзі ашуланып столды қойып қалды. Әлдекімдерге кейи бастады.
Лиза академиктің үйінде, өз бөлмесінде, төсек үстінде отыр.
Телефон сылдырлады. Лиза барып тыңдады.
Телефон соғып тұрған Рақмет:
─ Ең болмаса қоштасып, шығарып сал – деді.
Лиза телефонды тастап жіберді. Ернін тістеп, қара көзі жаспен қаймақтанды. Артымен жүгіріп барып төсекке отыра кетті. Енді көзінен жас сорғалады».
─ Қоштасып қал... — Лиза көзін басып солқылдап жылады — өзімен бірге жүр деу ойында жоқ-ау, уәде қайда? — Лиза бетін жастыққа қойып, солқылдап жылады.
... Әйнекті галереямен академик үйіне келді. Ішке кірді. Лизаның есігінен қарады. «Лиза Рақметтің қасында жүр ғой» деп ойлап еді үйде екен.
Лизаға «бар» деуді лайық көрмеді. Академик өзінен — өзі ашуланып есіктерді тарсылдатып жауып, айқай салды.
─ Бұл не, үйдің ішінің ыбырсып жатқаны?
Бірақ академик қызының үйіне барды.
─ Неге Рақметке бармайсың? Кетейін деп жатыр ғой...
Айтарын айтса да, академик ұялып шығып кетті.
Лиза басын көтерді. Көзі іскен.
─ Кекетпесең де жетеді ғой... — деді есік жаққа қарап.
Лиза қате түсінді.
Академик лабораторияға қайта кетті.
Лиза отыра алмады.
─ Кетіп қалды ма екен?..
Лиза жүгіре жөнелді. Нева проспектісімен жүгіріп келе жатыр.
... Октябрь вокзалының перронында директор мен Рақмет тұр еді.
─ Академик әдепкіде сені жек көрсе де, кеше жібермеймін, сендер талантты адамды осылай жоқ қып жібересіңдер, деп ұрыс шығарды ғой — деді директор.
Рақмет күлді.
Біраз тұрғаннан кейін директор қоштасып кетіп қалды.
Рақмет тыным таппай жүгіріп жүр. Лизаны іздеп жүр.
─ Ол неге келмейді?..
Жүгіріп вагонына барды. Онда Лиза жоқ. Жүгіріп қайтадан іздей бастады. Вокзалдың ішіне кірді. Қайтып шықты. Лиза көрінбеді. Лиза жоқ...
... Лиза жүгіріп келе жатыр, іштен трамвайға міну де есінде жоқ. Міне, Нева проспектісі. Міне Александр Үшіншінің ескерткіші... Міне, Октябрь вокзалы...
... Ал Рақмет алақтап жан-жағына қарап тұр. Лиза жоқ, үшінші қоңырау берілді. Поезд қозғалды, жылжып барады. Осы уақытта Лиза келді.
Поезд кетіп барады.
─ Тоқтаңыз! — деді платформаның аузында тұрған адам. Поезд кетіп де қалды. Лиза мұңайып кейіп қайтты.
Қабырғаға сүйеніп біраз тұрды.
─ Мені көрді ме екен? — деді өзінен-өзі.
Арада бірнеше күндер өткеннен кейін, бір күні Лизаның есігін біреу қақты. – Кіріңіз — деді Лиза.
Почтальон телеграмма ұсынды, почтальон шығып кетті. Лиза ашып оқыды. «29 сентябрь.
Қарағанды бардым, ертең Донбасқа жүремін, біраз боламын.
Алып шахтыларын тексеріп, танысып, мұнда ашылатын шахты проектісін, планын жасаймын. Қатты сүйдім.
Сенің Рақметің».
Лиза көзін кең ашты, қуанып кетті. «Қалқам, қалқам» — деді телеграмманы көкірегіне басып, төсекке жата кетті.
V тарау
Май айы. Таң алды.
Түнгі Москва. Октябрь вокзалының алды. Паровоздың гүрілі, трамвай жүре бастаған, электр жарығында вокзал алдында Рақмет тұр.
Поезд келді Адам қайнап, құжынып кетті. Бір вагоннан академик шықты. Алыста тұрған бір көзілдірікті жас жігіт кимелеп жетіп барды.
─ Мен сізді қарсы алуға шыққан адаммын, жүріңіз. Машина дайын.
Бұл екеуі вокзалдың ішіне кіріп кетті. Сөз, айқай, бала жылауы, паровоздың пысылдауы перронды бастарына көтерді.
Академик вокзалдың алдына шықты. Электр жарығында әдемі жас жігітке көзі түсті. Академик айқай салды:
─ Рақмет!
Рақмет жалт қарап жүгіріп келді. Қол алысты. Екеуі де күлуде, қуанышта (академиктің күлгенін Рақмет бірінші рет көрген шығар).
─ Донбасқа барып, жеті-сегіз ай жатып механикаланған шахтылардың тәжрибесін тексеріп, Қарағандыда алып шахты ашуға проекті, план жасадым...
Академик қуанып қарап тұр.
─ Москва проектіні бекітті. Бүгін жүрем, Қарағанды трест бастығы осында. Ертең жүреді.
Академик күліп қарап тұр.
─ Мен де Наркоммен сөйлесуге келе жатырмын.
Екеуі біраз тұрды. Қол алысты.
Рақметтің көзіне Лиза елестеді бір нәрсе айтайын деп еді, айта алмай булығып, төмен қарады.
─ Қош, Аркадий Евгеньевич.
Рақмет жүре берді.
Академик артынан қарап тұр. Бір нәрсе сұрайын деп айта алмай тұр.
─ Лиза... — деді академик.
Рақмет жалт қарады. Академик сасып:
─ Лизаның дені сау — дей салды.
Рақмет кетіп бара жатып:
─ Жаңа Лиза жөнінде өзім неге сұрамадым? Қап! — деп өкінді.
Роман былай басталды
I тарау
Отанның көмір алыбы жаңадан жасала бастаған шақ еді. Жаңа салынып жатқан көп барактар, жер көпелер. Бұл — қала.
Қаланың іші жер қазып жатқан, кірпіш тасып жатқан, ағаш жонып жатқан, ағаш тасып жатқан, балшық илеп жатқан, қыш қалап жатқан қыбырлаған адамдарға толған.
Алыпты құруға адамдар өлкенің төрт бұрышынан да келді...
Станцияға поезд келді.
Адамдар бірінің үстіне бірі жығылып, балаларын, жүктерін сүйретіп түсіп жатыр. Айқай, у-шу көбейе түсті.
─ Ой, қайдан келесіңдер?
─ Қарқаралыдан келеміз.
─ Сарысудан келеміз!
─ Новосібірден!
─ Кубаньнан!
─ Тамбовьтан!
Салынып жатқан екі қабат барактың алдынан бір қарттау адам өтіп барады. Тас қалаушы:
─ Е, отағасы, қай жақтансыз? — деп сұрады.
─ Сарысудан?
─ Неге келдіңіз?
─ Нан береді дейді ғой, шырағым!..
Станция басындағы адамдар топ-тобымен Трест басқармасына қарай ағылып жатыр. Алдыңғы топта томпақ бет, жуан қара жігіт келе жатыр. Бұл — Елемес батырақ.
Қасында арқалаған жүгі бар, ашаң бет, шоқша сақалды біреу келеді. Бұл — Ермек колхозшы.
Ортадағы топта бала арқалаған әйел келеді. Бұл — Жұмақұл. Қатарында жас жігіт, бұл — Жылқыбай. Артқы топта шал келеді. Бұл — бізге таныс кәдімгі Төлеп. Қатарында комсомолец — Мырзаш.
Төлеп:
─ Алыбыңды қайтейін, шырақ, қартайғанда ақша тауып, осыдан он төрт жыл бұрын жоғалған балам — Рақметті іздемекшімін.
Мырзаш күлімсіреп:
─ Әлі — ақ, түсінесің. Мен алып жасауға келе жатырмын. Бәріміз алып жасаймыз. Әлі өзің — ақ ұрынасың!
Төлеп басын шайқап:
─ Жоқ, шырақ, енді біз ұрынудан кеттік.
Алыпқа әр түрлі адам келді. Алыпқа өмірі қала көрмеген, үсті — бастарын бит басқандар да келді. Қашқын да келді. Ағайынмен араздасқандар да келді.
Бірақ алып барлығын бауырына тартты.
Алыпқа күш керек еді.
Қабаттасқан гудоктар даусы, айқайлаған, шулаған адамдар даусы, трактор дыбыстары.
─ Бұл — бұрынғы айдаладағы жеті — сегіз барактың орнына салынып жатқан үлкен алыптың қаласы.
Түн. Бұлт астында жылжыған ай. Әр жерде жылтыраған электр жарықтары, жай басып Төлеп келеді. Терезелерінен көмескі шамдары жылтыраған баракқа жақындады.
Төлеп ішіне кірді. Қараңғы коридор. Шеті есікке жақындады. Ішіне қарай итеріп еді, ашылмады. Іштен біреу итеріп, есікті ашты" Бұл Шымырбек комсомолец. Көйлекшең, қолында газет.
Төлеп сасулы.
Шымырбек:
─ Сізге кім керек?
Төлеп үндемейді. Жүгін сүйретіп ішке кірді. Үйдің ішінде сығылысып алты төсек тұр. Шымырбек төсегінен басқасында жұмысшылар ұйықтап жатыр. Көмескі білте шам. Бөлме іші қою түтін. Терден есікке дейін шашылып жатқан қағаз, шүберек, киім — кешек. Үйдің іші әлденеше күн сыпырылмаған.
Төлеп жүгін босағаға қояды.
Төрге қарай жүруге қаймыққандай. Шымырбек аң-таң.
Төлеп Шымырбекке бір жапырақ қағаз ұсынды.
Онда: «Төлеп Бүркітбайұлы бірінші шахты, жүзінші бригадіде» делінген. Шымырбек көрсетіп:
─ Сенің бригадың арғы шеттегі есікте.
Төлеп отыра кетті. Шымырбек те төсегіне отырды.
─ Бұрынғы уақытта да үйлер дәл осындай еді өзгермепті ғой.
Төлеп күбір етті.
Таң атып келе жатыр. Шапақтаған таң сәулесі. Жермен тегістелуге жақындаған он шақты молалар. Ортасында бір тас қойған мола бар.
Молаларды аралап Төлеп пен Шымырбек келе жатыр.
Төлеп бұрынырақ тас қойған молаға келді. Артынан Шымырбек келе жатыр.
Төлеп келіп тізерлеп отырды. Қолдарын тізесіне қойды. Көзін жұмды. Сақалына қарай жас ақты:
Көзіне Күләндасы елестеді. Қолын жайып, бетін жапты.
Шымырбек аңырайып тұрып қалды.
Төлеп Шымырбекке қарады.
Шымырбек сасып, не істерін білмей, екі алақанымен бетін, жеңін сипай қойды.
Тас қойған мола, онда арабша жазу бар. Ол мынау:
«1916 жыл, 1 февраль.
Күләнда Төлепқызы, он бес жасында,
жауыз шахты иесі ағылшынның қолынан қаза тапқан!»
Даланы күңірентіп гудоктар айқайлады, бірінен кейін бірі, онан соң біразы қабаттасып айқайлады.
Сіріңке қораптары сияқты топтанған көп барактар. Көмірмен қап-қара болған шахты эстакаттары. Оңтүстік жақтағы үлкен барактары кабинетте столда алып шахты құрылысының начальнигі Шектібай отыр. Есіктен қарт шахтер Бейсен кірді. Қолында шамы бар. Шектібай басын көтеріп алды. Бейсен күлді.
─ Тоқта, қимылдама! Көріп алайын. Е, е, отырысын бастықтардың отырысы сияқты — ақ. Сен төрешіл болып кетерсің!..
─ Бейсеке, отырысым ұнады ма?
Бейсен столға келді.
─ Ал, енді қолыңды бер, амандасайық.
─ Шахтыдан келе жатып, терезең жарық болғанға еніп едім. Ойпырмай, түнімен отырғаның ба?
─ Жұмыс көп, Бейсеке...
Шектібай сағатына қарады.
─ Донбасқа барып тәжірибесін көріп, біздің шахты алыптың проектісін жасауға инженер Дәуір ұлын жібергенбіз. Бүгін келмекші... — деді Шектібай.
Трест инженері Кулевакин ішінде отыр еді. Ол қара нан мен арақ ішіп отыр еді. Терезе алдында жас жігіт тұр.
─ Шахты алыптың бас инженері етіп бір қазақты жіберіп, ол тіптен бала дейді, институтты былтыр ғана бітіріпті, оның не бітіретінін білмеймін — Кулевакин.
─ Атақты Вознесенский академиктің шәкірті дейді ғой, — деді жігіт.
─ Қызық, оны қайдан есіттің?..
Инженер Кулевакин аузын ашып, біраз тұрып, рюмканы қағып салды.
... Станцияға жүйрік поезд келіп тоқтады. Станция басында төрт жерде электр шамы бар. Поездың буы бұрқырап, ысылдап тұр. Қараңғы түнді отты көздерімен тесіп, тіліп машина келе жатты. Поездан жүгін құшақтап жас жігіт түсті: үстінде сұр костюмы бар, галстук. Бұл — Рақмет. Жүгін көтеріп станцияға қарай жүрді.
Машина келіп поезд алдына тоқтады. Машинадан Шектібай түсті. Рақмет машинаның қатарынан байқамай өте берді.
─ Донбастан келе жатқан инженерді білесіз бе? — деді Шектібай.
─ Донбастан келе жатырмын — деп Рақмет бұрылып қарады.
─ Ойбайау, танымай қалыппын ғой. Аман-сау келдің бе, Рақметжан? Күте — күте екі көзіміз төрт болды ғой!..
Екеуі амандасып қалды.
Шектібай Рақметті машинаға алып келді.
─ Ә дегенде танымай, бір оқушы шығар деп қалдым — деді Шектібай күліп.
Шектібайдың кабинетінде Трестің бас инженеpi, Рақмет Шектібай үшеуі жоспарды көріп отыр.
─ Донбастың тәжірибесін әбден тексердім. Барлық жағынан талқыладым. Ондағы инженерлер көп көмек берді. Мұндағы есеп негізінде жасалған проектіні Москва бекітті. Отыз миллион сом қаржы жұмсалатын болды — деді Рақмет.
─ Енді тез іске кірісу керек — деді трестің бас инженері.
Ертеңіне күн шығып келе жатыр. Шектібай мен Рақмет жаңа шахтының болашақ штректері жүретін учаскені аралап жүрді. Анадай жерде машина тұр. Екеуі моланың басына келді. Шектібай тас қойған моланың жазуына қарады. Бұдан он төрт жыл бұрын осы моланың басында сөйлеген сөзі есіне түсті, одан кейін Күләнда көзіне елестеді.
Рақмет молаға қарамай, қала жаққа қарады.
─ Біз тәулігіне алты мың тонна беретін шахты жасаймыз, не деген алып? — деді Рақмет.
Шектібайдың ойы үзіліп кетті.
─ Шалқыған дала өзінің кеудесінде миллиондаған қара алтын жасырып тұр-ау — деді тағы да Рақмет.
Рақмет пен Шектібай молалардан шықты. Көк шептерден мойны асып ағарып моланың тасы тұрды. Шектібай еріксіз тағы молаға қарады. Шектібайдың осы тасты өз қолымен қойғаны көзіне елестеді. Осыдан он төрт жыл бұрын... Менің Рақмет кенет қалтасын сипалап, бір нәрсені іздеп Шектібайдың сөзін бөліп жіберді.
─ Не іздедің?
─ Бір техникалық формула есіме түсіп кеткені, блокнотым машинада қалып кеткен екен ғой...
Рақмет машинаға қарай жүгіріп кетті. Шектібай молаға қарады. «Төлепқызы» деген жазуды көрді. Шектібай машинаға барып кірді. Мола жөнінде айтайын деп оқталып еді, Рақмет ойланып, блокнотына бір сандарды жазып жатты.
Машина жүріп кетті. Рақмет жазумен болды. Машина тоқтасымен Рақмет түсіп жатқанда:
─ Ертең қалалық комитетте техникалық мәжіліс бар ғой, Рақмет — ау.
Рақмет маңдайына қолын тосып, күнге қарай тұрып:
─ Шаке, енді бастата беру керек – деді. Күн шығып найза бойы көтерілді. Рақмет үйіне кірді.
Инженер Рақметтің екі бөлмелі үйі бар. Ішкі үйде жатады. Ауызғы үйінде жұмыс істейді. Ұзын стол үсті жоспар, чертёждер, жаңа шахтының проектісі. Инженер Рақмет орындыққа отырып, көк Қағаздардағы жоспарларға тесіле қарады. Блокнотын алып бір нәрселер жазды. Тағы қарады, тағы жазды. Содан соң орындықтың арқасына сүйеніп ойға кетті. Бір уақытта чертёждеріне үңіліп тағы блокнотына жазды.
Қалалық партия комитетінің ішінде. Хатшының кабинетінде техникалық мәжіліс. Хатшы арық, орақ мұрынды қара жігіт, мәжіліс басқарып отыр.
Есіктің алдында екеу тұр. Бірі — трест инженеpi Кулевакин.
─ Осылардың араласпайтын жері қалмады — ау. Мәжілісті де өздерінде шақырады, инженерлердің қолында билік қалды ма? — деді Кулевакин. Қоңырау сылдырады. Екеуі де ішке кірді. Мәжілісте трестің бас инженері де отыр. Шектібай да отыр. Бюро мүшелері теріс, инженерлер де көп.
─ Инженер Дәуірұлы сөзіңді аяқтай бер — деді хатшы.
Рақмет алдында жаюлы тұрған көп жоспарына қарады.
─ Сонымен, шахты күніне алты мың тонна көмір беру керек.
Бассейнде қазір он шахты болса, соның барлығының берген көмірін бір өзі беруі керек. Мұндай шахты жер жүзінде кемде-кем. Бұл толық механикаланған болуы керек. Барлық механизм электрмен жүреді. Көмірлерді қолмен шабу болмайды, машинамен шабылады. Ат айдаушы, откатчиктер болмайды. Электровоздар болады.
Кулевакин бір нәрсе жазып жатты.
─ ... Көрсетілген срок үш жыл. Біз бұл срокпен санаспауымыз керек.
Трестің бас инженері Рақметке қадала қарады, хатшы да қарады.
─ Бұл срокты қысқартуымыз керек. Бір жарым жылда бітіруіміз керек.
─ Дұрыс — деді хатшы.
─ Біраз шахтылар көмір бітіп жабылады, кейбіреулері жоспарды көміп, бұл жағдайдан шықпақшы. Дұрыс емес, одан да жаңа шахтыны тез бітіру керек...
Рақмет орнына отырып, орамалмен бетін сүртті.
─ Қане, кім сөйлейді?
─ Мен — деді инженер Кулевакин.
─ Сөйле.
─ Маған осы жұмыс бір түрлі баланың ойыншығы сияқты...
Жанның бәрі құлағын тіге қалды.
─ ... Мен Донбастың, тәжірибесін білем, ондай алып шахты жасау үшін тәжірибе керек. Бізде ол жоқ. Инженеріңіздің, техниктеріңіздің ойы — түрі мынау — жас бала.
Кулевакин Рақметті көрсетті.
─ Мысалы Донбастай алып шахты жасау үшін, бізге де сол керек. Біздің басқа шахтыларымыз ойыншық сияқты, ал мұнымен ойнауға болмайды. Трест пен Москва мұны неге ұмытады?
─ Донбас шет мемлекеттен инженер алдырса, бұрын тәжірибесі болмады. Біз үшін Донбастың мол тәжірибесі бар, соны пайдалана білмек те болмай ма? — деді трестің бас инженері.
─ Қалай болса да жас балаға сенуге болмайды ғой – деді. Кулевакиннің қасындағы хатшы орнынан қарғып тұрды.
─ Бұ не деген сөз? Шеттен алтын беріп әкелген байлардың инженеріне сеніп, кеңес инженеріне, коммуниске сенбеу керек екен ғой?
Хатшы біраз үндемей, түрегеліп тұрды.
─ Инженер Кулевакин келгелі шахты астына бір түскен жоқ, тағы да тәжірибем мол дейді-ау! — деді шетте отырған инженер Борисов.
─ Инженер Дәуір ұлы біздің көмір пластыларымен жақсы таныс, алып шахты идеясын көтеріп, оның түрлі есептерін былтыр практикада жатып істеген. Инженер Дәуір ұлы әдепкі тапсырмамен Донбаста сегіз ай жатып, алып шахтыларын тексеріп, біздің шахтының проектісін жасаған. Оны Москва, Алматы сені жіберіп отыр. Сендер көмек бересіңдер. Шахтыны бүкіл Қазақстан болып құрамыз.
─ Дұрыс!
─ Дұрыс!
─ Дұрыс айтады!
Керілген дала есепке алына басталды. Оймышталып картаға түсірілді.
... Онға жақын моланы айналдыра үлкен аумақты жерді ағашпен қорғандап тастаған. Іші, айналасы қыбырлаған адам. Ат-арба, трактор, бір қақпадан вагондай тіркесіп олар кіріп жатыр, бір жағынан шығып жатыр. Арбамен, трактормен: құм — ағаш, тақтай, түрлі темір, кірпіш, әр түрлі материалдар әкеліп үйіп жатыр. Адамдар тұс-тұсынан жүгіріп тыным алмайды. Біраз жұмысшылар ұзыннан-ұзақ шұбатылып жіңішке темір жол салып жатыр. Айқайлаған адамдар даусы, сықырлаған арба дыбысы, күртілдеген трактор. Ағаш, тас, темірдің тарсылдауы — бәрі қосылып жер-көкке жарғандай. Жұмыс қызып жатыр. Жай тұрған, жай қимылдаған адам жоқ. Бәрі асығуда, барлығы да тыным алмай қимылдауда. Учаскеде электр столбалары қадалған.
II тарау
Бірінші шахтыда істейтін шахтерлер барактарына қайтты. Олардың ішінде Төлеп те, Елемес те қайтты.
Барак толған адам, шахтерлер киімдерімен жатыр. Төлеп келіп етігін шешіп, орнына құлай кетті, қозғалмай жатты да қойды. Елемес ішке кіріп, есіктің алдында біраз тұрды. Жан-жаққа қарады. Сығылысып шешінбей, жуынбай ұйықтап жатқан шахтерлерді көрді. Бір жас бала жылады. Елемес орнына келді. Қисайып жатты. Біраздан соң басын көтеріп алды:
─ Бұл өмір мені зеріктірді, ауылдан зерігіп шығып, бұл жерден жаңалық болмас па деп едім. Бәрі — бір сол өмір. Бит, кір, жылау, нан жеу... Қайта қысылып кетті. Маған дала жақсы... – деді.
Қасында жатқан шал:
─ Зеріксең жаңа салынып жатқан шахтыға бар. Сонда молаларды бұзып жатыр дейді... Өлгендердің сүйегін жинап, шет жаққа алтынға өткізбекші дейді...
─ Өй, қайдағы жоқты айтасың... Адам сүйегін алтынға алатын жынды бар дейсің бе, әлде шетте кісі өлмейді ғой дейсің бе?
Төлеп жөтеліп көзін ашты.
─ Ол қай мола? — деді Елемес.
─ Мына жатқан кісі бара беретін, анау алыстағы мола...
─ Кім бара беретін! — деп Төлеп басын көтеріп алды.
─ Сен. Немене, онда біреуің бар ма еді?
Төлеп орнынан ұшып тұрайын деп еді, тұра алмады. Біраз басын ұстап отырып, ине сұғып алғандай қарғып тұрды. Әңгіме айтып жатқанға жүгіріп барып, жағасынан ала түсті.
─ Не дейсің, қақбас?