Педагогика — ПЕДАГОГИКА ҚАНДАЙ ПӘН
Автор: Мағжан Жұмабай
Біз жоғарыда адам баласының тәрбиеге мұқтаж екендігін, оған қандай тәрбие беру керектігін, һәм ол тәрбиені не үшін беру керек екендігін айттық. Жә, тәрбие керек. Бірақ, балаға дұрыс тәрбиені әрбір тәрбиеші (ата-ана, мұғалім) тәрбие жолын ешкімнен үйренбей-ақ, ешнәрсені оқып- білмей-ақ өз бетімен бере ала ма? Әркім өзі-ақ жол тауып кеткендей бала тәрбиесі соншама бір жеңіл нәрсе ме? Жоқ. Бұлай емес. Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбие қылу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек. Сол басқа адамдардың тәрбие майданындағы тәжірибелерін көрсеткен жеке бір пәнмен, яғни тәрбие пәнімен таныс болу керек. Тәрбие пәні - педагогика деп аталады.
Педагогика грек елінің сөзі. Пед - бала, агоги - жетектеу деген екі сөзден құралған. Баяғы Грецияда балаларды бағып, мектепке алып келіп жүретін кәрі құлдар педагог деп аталған. Педагог деген аттың бұрын мақтаулы болмағандығы осыдан көрінеді. Бірақ соңғы заманда пән, ғылым өсіп адамзат өнерленген сайын педагог деген есім қадірлі, қасиетті болып барады.