Шолпанның күнәсі — ІІ

Автор: Мағжан Жұмабай

Осы түннен былай қарай Шолпанның бар тілегі бала болды. Жатса да, тұрса да, ояу болса да, ұйықтаса да:

«Жасаған-ау, бала бере гөр!» деген тілекті Шолпанның не аузы, не жүрегі айтушы еді. Бірақ бірін-бірі қуалап ай соңынан ай озды, тілей-тілей тілек тозды. Соға-соға жүрек тозды, тілек тозды, жүрек тозды: өмір тозды. Талай түндерде көзден емес, жүректен ыстық жас төкті. Сопы болды, ылғи дәрет алып, таза жүрді, намаз оқыды. Күн сайын таң сібірлеп келе жатқанда-ақ тұрып, сәждеге құлады, таспиғын санап, «сұбханалла» айтты. Бірақ бала болмады. Шолпан өзінің сопылық жолға түсу себебі «бала» екендігін ешкімге айтқан жоқ. Жанынан жақын ері Сәрсенбайға да айтқан жоқ. Сондықтан Шолпанның мынау мінезі Сәрсенбайға да, басқаларға да жат, оғаш көрінді. Жақыны да, жаты да күлісті, келемеж қылысты. «Ой, сен пірәдар болайын деп жүрсің бе?» – деп күлетін болды Сәрсенбай. Ауыл-аймақ Шолпанға: «Пірәдер келін», «Пірәдер жеңге», «Пірәдер абысынымыз» деп ат қойды. Үлкен де, құрбы да, бала-шаға да күлді. Бірақ Шолпан жүрегіндегі жараны ешкімге ашқан жоқ. Ашқанмен, олар ұғар ма еді? Тегінде адамның жүрек сырын шеттің ұғуы мүмкін нәрсе емес қой. Теңіз терең емес, адамның жаны терең. Су түбінде жатқан зат жел толқытса ғана шықпақ. Ой түбінде жатқан сыр шер толқытса да шықпақ емес. Шықса, шер мен сырдың көлеңкесі, сәулесі ғана шықпақ. Дүниеде адамнан қиын жұмбақ жоқ. Адам – шешуі жоқ жұмбақ. Шешуі деп атауға болатын болса, адамның шешуі жалғыз өлім. Осы ойлар Шолпанның жанында таспиқтай тізілген ретті болмаса да, оның жаны соқыр сезіммен осы ойларға өзі барып тірелген еді әм Шолпанның жүрек жарасын ешкімге сездірмеске тырысуының себебі осы еді. Не керек, жақын, жаттың ортасында жалғыз болды. Бітеу жара болды, жалғыз өртенді, жалғыз жылады, дүниеден безді, сопы болды. Бала сұрады, қалайда бала болмады.

Бала... сол бала үшін қандай ессіздік істемеді есті Шолпан! Ұшыраған молдадан дұға алып бақты. Аты естілген қожадан ішірткі жаздырып ішті. Көрінген сәлдеге үшкіртті. Шиқандай қып-қызыл бетті қожа бесті бұқадай суға қарап:

«Тіпу-тіпу!» – деп үшкіргенде, қожаның «қасиетті» лебі шетке бытырамай, тура түгел ішіме барсын деп, жүрегі ойнап, жүзі бір қызарып, бір ағарып, бетін қожаның аузына тақап, тосып отырушы еді Шолпан. Ылғи: «Көзім қарайып, басым айналады»,– деген сылтау тауып, өзін бақсыға да қаратты. Тағы... тағы... не істемеді Шолпан?! Өртке ұшырап аласұрған жан не істейтін болса, Шолпан да соның бәрін істеді. Бірақ бірін-бірі жетелеп жыл соңынан жыл озды. Баладан белгі болмады. Шолпан тілеуден талмады. Көзінде жас қалмады. Дүниеден безді. Пірәдар болды, әулиеге ат айтты, қорасанға қой айтты: «Жасаған-ау, бала бере гөр!»– деді. Бірақ тілек іске аспай, аяғы жоқ жыр болды. Көл болып төгілген көздің жасы жерге сіңді, тілек тозды, өмір озды, Шолпан бала көтермеді. Қанша жалынса да, қанша жыласа да Жасаған оған бала бермеді. Кім біледі, Тәңірінің Шолпанға бала бермеуі өзінше дұрыс шығар, өзінше жөн шығар. Бастапқы жылдардағы Шолпанның «Бала бере гөрме!» деген тілегін қабыл қылып, тозбайтын, қайта түзелмейтін тақтайына жазып қойған шығар. Шолпанның ендігі тілегі – болары болып, бояуы сіңген, соңғы пайдасыз бос тілек шығар. Ірі саудагерлердің бір айтар: «Сауда жоқ!» дейтін мінезі, кім біледі, Тәңірде де бар шығар. Тегінде, Тәңірі де ауыздықсыз, арсыз саудагер. Тізгінсіз, менмен әкім мінездері де бар секілді.

Мұндай мінезі болмаса, бұйрығымды бұздың деп, атамыз Адамды жұмақтан тырдай жалаңаш айдап шығар ма еді? Топырағыма табынбадың деп, әзәзілді ібіліске айналдырар ма еді?.. Кім біледі, Тәңірі ежелгі осы белгілі белдігіне салды ма? Қалайда Шолпанға бала бермеді. Дұғалық нағыз, ішірткі ішу, үшкірту, түкірту, қақтыру-соқтыру, намаз, ораза, садақа, нәзір һәм басқа басы-аяғы жоқ құлшылдықтан ақырында Шолпан шаршады. Бұл құлшылдықтардан ешбір пайда болмайтындығына көзі жетті. Тілегі қабыл болмады – Тәңірден тәуелі қайтты, өмір шіркін ескен желдей озып барады. Өмір – бір құрулы машина.

Тоқтау білмейтін, шаршау білмейтін жансыз машина. Әлдекімнің жас орнына қан жылағанын, әлдекімнің үміті өшіп, гүлі солып жатқанын, дөңгелектің арасында әлдекімнің қолы, аяғы, басы – барлық денесі кеткенін, денесі ғана емес, жаны, жүрегі кеткенін не қылсын?! Қайрылып қарау білмейтін, аяу білмейтін өмір Шолпанның да жүрегінен саулап аққан қанына, қанаты сынып өліп жатқан жанына кідіріп, бұрылып қараған жоқ. Жалғыз аузынан емес, бар денесінен көбігі бұрқырап, таудан құлаған есалаң өзендей есалаң өмір озып бара жатты. Өмірдің әрбір минуты сайын Шолпан ойының, Шолпан жанының әрбір ұшқыны өліп жатты.

Өмір озады, тілек тозады – бала жоқ. Енді не қылмақ керек? Жоқ, дұғалығы, молдасы, қожасы құрысын! Құлшылығы құрысын! Айтқанынан қайтпайтын қасарған тәкаппар Тәңірісі бар болсын! Жоқ, бала болудың кілті көкте емес, адамның өзінде шығар.

Бала болу ер мен әйелдің өзіне байлаулы шығар. Шолпанның бұл күнге шейін бала көтермеуі, кім біледі, оның шын әйел бола алмағандығынан шығар. Ермен жатқанда, барлық қазақ әйеліндей қаннен-қаперсіз жай бір жұмыс істегендей салқын жатуынан шығар. Ермен қосылғанда, сол қосылу ісіне жан-денесімен беріле білмеуінен, оның құшағының жалыны әлсіз болғандықтан, сүюінің оты кем болғандықтан шығар...

Осы әрі тәтті, әрі улы ойлардың билеп айдауымен Сәрсенбайға жатқанда, тіпті екінші түрлі жата бастады. Денесі өртке, құшағы жалынға, аузы отқа айналды. Сәрсенбайдың қойнына жата бастағанда, мойнына бұғалық түскен киіктің асау лағындай, өміріне ер затын бірінші рет көретін он үш жасар жас қыздай дірілдеп, күйіп-жанатын болды. Құшақтағанда, Сәрсенбайдың қабырғаларын бір-біріне қабыстырғандай қысып-қысып құшақтайтын болды. Аузынан Сәрсенбайдың бетіне от жібергендей құшырланып, жалындап сүйетін болды. Шолпанның улы құшағында сең соққан балықтай соқтығып, у ішіп айныған адамдай елжіреп жатып Сәрсенбай: «Ой, сен кәрі боз, қартайғанда жорға шығарайын деп жүрсің-ау!» – деп ырс-мырс күлетін еді. Сәрсенбайдың мынау күлкісі Шолпанның жүрек жарасына бұрыш себетін еді. Сол кездерде оның көздеріне меруерттей мөлдіреп жас келетін еді. Жанынан жақын көрген Сәрсенбайдың оның жан сырын, жүрек жырын ұқпағанына зығырданы қайнаушы еді, жүрегі уға толушы еді. Бала үшін дүниеден безіп, сопы болып жүрген кезінде «пірәдар» деп келемеж қылғанына, сол бала үшін жан-тәнімен беріліп, әдейі есалаңданған шақтарында оған «Жорға» деп ат қойғанына – Шолпан Сәрсенбайға шын-шын ренжуші еді. Бала... бала екеуінің де жоғы емес пе? Екеуіне бірдей керек байлам емес пе? Сәрсенбай сол ортақ жоқты неге бірге іздеспейді? Баласыз өмірдің бос екенін неге сезбейді ол? Ол неге сол іздеу отына Шолпанмен бірге түспейді, бірге жанбайды? Еркек атаулы бала дегенде, ішкен асын жерге қойғанда, Сәрсенбай неге бала деп аузына алмайды? Әлде... әлде... жоқ... болмас... болмас... кім біледі... жоқ... ендеше, ол неге бала іздемейді? Неге... неге... шынында ол, әлде бедеу еркек пе екен? Тәңірім, Тәңірім... егер ол шынында, ол бедеу болса... құлшылықтың кемдігінен, құшақтың салқындығынан болмай, Сәрсенбайдың бедеулігінен болса! Бес жылдан бері Шолпанның жүрегіне түскен жара мәңгі жазылмайтын жара болғаны ма? Жайнамаз үстінде төгілген ыстық жастар, жалынды құшақтар, отты сүюлер – бәрі әсерсіз, желге кеткені ме? Бала деген құр сөз болып, сағым қиял болып қалғаны ма? Енді қалған өмірдің жапырағынан айрылған қайыңдай жап-жалаңаш болып озғаны ма? Жалынды махаббатпен қосылған өмір қиюы кеткен екі ағаштай бір-бірінен бірте-бірте айрылмақшы ма? Заулап жанған махаббат бірте-бірте бесеңдеп, бықсып сөнбекші ме?.. Махаббат сөнсе, өмірде не қызық қалады?!

Сөз жоқ, Сәрсенбай – бедеу. Сондықтан бала жоқ. Бала жоқ болған соң, мен бақытсыз... мен бақытсыз болғанда, Сәрсенбай бақытты ма? Оның жүрегі жанбай ма? Өзінің екі өмірді улаушы екенін ойлап, оның жүрегі жанбай ма? Қартайған күнде өмірді жылытатын от – бала оған керегі жоқ па? Сөз жоқ, мен бақытсыз болсам, Сәрсенбай да бақытсыз.

Ендеше, осы батып бара жатқан өмір кемесін бақыт жарына кім сүйреп шығара алады?

– Шолпан! Жалғыз Шолпан. Бір өмір үшін емес, екі өмір үшін Шолпан осыны істеуге міндетті. Шолпан бала табуға міндетті.

Теңізден терең, таудан зор күнә қылып болса да, ол бала табуға міндетті. Ізгі тілек үшін істелген күнәні Жасаған кешпес пе екен? Жоқ, Құданың рақметі мол, ол кешеді. Тәңір кешер-ау, бірақ адам кешер ме?

Ұрлық қыл да мал тап,

Ойнас қыл да бала тап.

Осы мақалды шығарған кісіге лағынет жаусын! Лағынет!.. Жасаған-ау, өзің кеше гөр, бір өзің...

Шолпанның осы күнәлі ойлармен уланып, ыстық жасқа шомылып жатқаны Сәрсенбайға тигенінің сегізінші жылы еді...