Шолпанның күнәсі — ІV
Автор: Мағжан Жұмабай
Шолпан екіқабат. Бес жыл бойы санадан сарғайып күткен тілегі болды. Уланған өмір гүлденді. Күнә күнә болып қалған жоқ, күнә сауапқа айналды. Бала біткенін білген кезде қандай қуанып жүрді Шолпан, бір минут қабағы жабылды ма? Күн-түн күлкіден аузы тыйылды ма? Кішкене ғана аулақ қалса, алақанымен қарнын сипап-сипап, сол алақанын сүюші еді, ессіз Шолпан ішіндегі жаны жоқ бір кесек етті, ерні күбір-күбір етіп, айналып-толғанушы еді. Ессіз Шолпан! Жә, іздеген жоғы табылды. Басты байлап, естен айырылып, күнәға айдаған кесел жойылды. Енді Шолпанның Әзімбаймен арасын үзбеуі қалай? Шынымен-ақ оның суық жолға түсіп кеткені ме? Шолпанға да ойнастың әдетке айналғаны ма? Жоқ, ойнасты өнеге көретін, суық жолды әдет қылатын әйел Шолпанба-ай? Ендеше! Бұл ендешеге жауап жоқ. Теңіз терең емес, әйелдің жаны терең. Жеті қабат жер астындағы нәрсені білуге мүмкін, бірақ әйел жанының мінезін білуге мүмкін емес. Бір қарасаң, әйел – бала, күйерін білмей отпен ойнайды. Әйел – ердің тәңірісі, жарата да алады, жоқ қыла да алады, сүйдіре де алады, күйдіре де алады. Әйел – ердің құлы, табанының астында топырақ болады, ердің көлеңкесіне айналады, өзі жоқ болады. Әйелдің аруағы басса, ер күйеді, жанады. Бірақ өзінің жеке бір адам екендігін ұмытпайды, жоймайды. Ердің аруағы басса, әйел адамдықтан шығып, жоққа айналады. Есінен айырылады. Тілі байланады. Әсіресе әйел бұзық жанды болмаса. Ол уақытта мұндай әйелдің ердің көнгіш күңі болуында еш дау жоқ. Шолпан осындай әйелдің бірі еді. Жанынан денесі, денесінен жаны айырылмайтын. Кімге берілсе де, жан-денесімен түгел берілетін әйел еді. Әзімбайға денесін уақытша ғана беріп, жанын аман алып қаламын деп ойлады Шолпан. Бірақ ой мен ісі біріне-бірі қабыспады. Үш-төрт айдың ішінде Шолпанның жаны да Әзімбайға құл болып, берік байланып қалып еді. Дұрыс, Шолпанның жаны Әзімбайдан айырыла алмағанға бала іздегеннен аз азап шеккен жоқ. Ежелден көз жасына сараңдық қылып үйренбеген Шолпан бұл туралы да талай түндерде жылады. Бірақ көз жасымен жанды түзетіп бола ма? Шолпан да болдыра алмады. Әзімбайды көргенде басы айналған болып, денесі дірілдеп, тілі күрмелуші еді. Денесінде ыстық қан ойнаған мас Әзімбайдың жансыз нәрседей жұлмалап, умалауына қалай көнетінін Шолпан өзі де білмеуші еді. Шынын айтқанда, есалаң Әзімбай тілге келуге, ойлауға мұрша да бермеуші еді-ау. Жарайды, не болса да Жасағанның жазуы шығар, іштегі баланың атасы болғандықтан, Әзімбаймен араны үзуге тиіс емес те шығар. Күнә да емес шығар. Сәрсенбай некелі ері болса, Әзімбай – баласының атасы: Жасаған өзі кешірер. Бірақ мынау жегідей жайылып бара жатқан өсекпен қалай күреседі Шолпан? Жас Әзімбай. Мас Әзімбай. Есалаң Әзімбай! Мынау сырды тырнақтай жасыруды білмейді. Кісі бар-ау деп айылын жиюды білмейді.
Көрінген жерде күшіктей арсалаңдап жатқаны. Жолыққан жерде жұлмалап жатқаны... Өсегі құрғыр жайылғаннан жайылып барады. Пірәдар келін қар келін деп аталса, Шолпан жұртқа не бетімен қарар? Анау күні енесі: «Осы, келін, Әзімбай сенің отауыңа неге қалжыңдап келе береді?» – дегенде, Шолпан жерге кіріп кете жаздады-ау! Жұрты құрысын. Енесі құрысын. Өмірі құрысын. Сәрсенбай... жанынан жақсы көрген Сәрсенбай... Сол Сәрсенбай Шолпанға баяғыдай ма? Неге ол бұрынғыдай жадырап жүрмейді? Неге ол ылғи ойлы? Екі жанды байлаған жібектей нәзік махаббат жібі үзілген сықылды емес пе? Баласы құрысын! Сүттей ақ махаббатты, балдан тәтті өмірді улаған баласы құрысын! Сегіз жыл бойы «сен» демеген Сәрсенбай бір жылы сөз айтудан қалды. Қит етсе, сынықтан сылтау тауып, балағаттап тастайтын болды. Балағаттың аяғы жекуге, қамшыға айналып бара жатқан жоқ па? Күні кеше Сәрсенбай Шолпанды неге ұрды? Бұрын барлық дүниесі суға ағып бара жатса ләм демейтін Сәрсенбай Шолпанды неге сілейтіп салды? Не үшін?
Бір шыны аяқ шоғыры қолдан түсіп кетіп сынған үшін, сол үшін бе? Жоқ. Әзімбаймен ойнас қылғаны үшін! Ұрам деп айтып ұрмайды. Неге ол аузына тас салғандай үндемейді? Ол бірдеңе десе, Шолпан да айтар еді. Өзінің не үшін күнә қылғанын, бала үшін ойнас қылғанын айтар еді. Жоқ, үн жоқ, балағаттау бар, тепкілеу бар. Махаббат жібі үзілді. Өмір бұзылды. Бәріне лағынет жаусын! Өмірді улаған сол іштегі балаға лағынет жаусын!..
Талай түндерде мынау түйінді шешу үшін қасіретпен сарғайған Шолпан талай ой теңізіне кірсе де, ой түбіне жете алмады. Мынау жанды жеген жұмбаққа «ортасында екі оттың – мені, Тәңірім, қор еттің» деп зарлаудан басқа жауап таба алмады. Сәрсенбаймен екі ара шиеленіскеннен шиеленісе берді. Екі жанның арасы алыстағаннан алыстай берді. Бірақ дүниеде адам таппаған жұмбақты заман таппақ. Адам құрығынан құтылғанмен, заман құрығынан құтылып кететін еш нәрсе жоқ. Сәрсенбай мен Шолпан арасындағы мынау түйінді де ұзатпай заман өзі шешіп берді.
Сентябрь жұлдызының соңғы күндері. Ауыл қыстаудың ғана алдында отыр. Салқын түн. Түсі суық сұр бұлттар аспанда бір-бірімен жарысып бара жатыр. Жердің бетін аппақ кебіндей болып боз қырау жапқан. Арба астында байлаулы жатқан бұзаулар тоңып, анда-санда «мө-мө» дейді. Олардың жандарында қарны кебежедей болып жатқан сиырлар еш нәрсені елең қылмай «пыс-пыс» етеді. Сәрсенбай бүгін таңертең ғана қалаға мал айдап кеткен. Отауда, төсек ағаш үстінде шыт көрпеге оранып Шолпан жатыр. Оның қойнында ерке баладай көлденеңдеп жатқан Әзімбай қор-қор етеді. Шолпан да ұйқыда... Арбаның тысырлағанындай бір дауыс. Шолпан селк етіп оянып кетті. Сүйкеніп жатқан сиыр ма екен!.. Жоқ, Арба. Арбалы.
«Әзімбай!..» «Ім-м-м-м-е-е», – деді Әзімбай. Шолпан тағы:
«Әзімбай! Әзімбай!» – деп бір рет айтты да, сөздің пайдасыз екенін біліп, Әзімбайдың санын шымшып келіп алды.
– Ой, сені жын соғып кетті ме?
– Ойбай, масқара болдық, бір арба келе жатыр, тұршы.
Кетші. Жақсы ағаң болмаса игі еді...
– Мынау есінен адасқан шығар! Ол ұшып келе ме?
– Ойбай, тұр деймін тұр. Әне, келіп қалды!..
Әзімбай жылжып шығып, үйдің артына қарай жүре бергенде, есік артында Сәрсенбай арбадан түсіп жатыр еді.
– Бұл кім, әй!– деді Сәрсенбай.
«Мен» деген жауап орнына қыстау желкесіндегі шілікке қарай жүгіріп бара жатқан Әзімбайды көрді. Сәрсенбай атты доғармастан үйге кіріп, үстіндегі қаптал күпіні жұлып тастай беріп, қолындағы құнтпен төсек ағаш үстінде жатқан Шолпанды шықпырта бастады. Көзін қан жауып кетті. Еш нәрсені көрмеді, еш нәрсені ойлай алмады. Ақылын ашу биледі, қолын құнт биледі. Шып-шып-шып... шып. Көрпенің астында жатқан Шолпанда тірлік белгісі жоқ. Өлген адамдай сұлық жатыр. Шолпанның бұлай жатуы Сәрсенбайдың зығырданын тіпті қайнатты.
– Ах-е-е, иттің баласы!– деп, Сәрсенбай қолындағы құнтты лақтырып жіберіп, шыт көрпені жұлып тастап, көзінен жасы бұршақтап жатқан Шолпанды қолынан сүйреп, төсек ағаштан жерге түсірді де, тепкілей бастады. Шолпанда ләм-мим деген бір сөз жоқ. Жеңіменен көзін сүрте береді. Басы тепкіленді, қабырғасы тепкіленді. Үн жоқ. Етіктің өкшесі өкпеге тиген кезде «Ах-ах!» дейді Шолпан. Тағы үн жоқ. Өкше ішке тиді. Шолпан алақанымен ішін басып: «Бала!..» – деді. Мынау сөз Сәрсенбайды құтырған қасқырдан бетер құтыртты.
– Иттің ғана баласы, мен сенен бала сұрадым ба?.. Мен саған ойнас жасап, бала тауып бер дедім бе? Сен иттің адал ісімді арамдап жүргеніңе жарты жыл болды ғой!.. Шығарма дыбысыңды!.. Өлтірем мен сен итті! Өлтірем! Күнде күйгенше, бір-ақ күйейін!.. Өл, ит, өл!..
Сәрсенбай мынау сөздерді айқайлап айтқандықтан, ауылдың бәрі-ақ оянып қалып еді. Алдымен үлкен үйден жаман күпісін жамылып сүйретіліп Сәрсенбайдың кәрі шешесі келді. Оның артынан іле-шала, жалаңаш етіне байының ескі жеңсізін киген, жыртық ішкі киімінен тізесі жылтырап, көрші бадырақтың қатыны келді. Екеуі де есіктен ойбай сала кірді.
– Ойбай-ау, кісі өлтіресің бе, ойбай?.. Балам-ау, ақылмен іс қылсайшы...
– Ақылдарың өзіңе, жұмыстарың болмасын. Өлтірем бұл итті, өлтірем!..
Кемпір мен қатын арашаламақшы болды. Ойбайласты, елбелеңдесті, біреуі қолмен қағылып кетті, біреуі аяқпен соғылып кетті. Болмады. Беті құп-қу, көзі қып-қызыл болған Сәрсенбай тепкілеуден тоқтаған жоқ. Шолпанда тірлік белгісі жоқ. Бір кәлима сөз жоқ, дем де алмайтын сықылды. Әлде талып жатыр, әлде біржола өліп қалды? Екі қатын өздерінен еш қайрат болмайтынына көздері жеткен соң, ауылды жимақшы болды. Бадырақтың қатыны есік алдына шығып:
– Ойбай-ау, ойбай! Өліп қалдыңдар ма? Келсеңдерші!
Мұнда кісі өліп жатыр!– деп ойбай салды.
Өздері үрпиісіп отырған ауыл мынау ойбайды естіген соң үйлерінен жүгіре шықты. Кимешегін қисық киіп, аяғына кебіс іле салып шыққан қатын, қақырынып-түкірініп, елді басына көтерген отағасылар, мәсісін қоңылтаяқ киген, өзінен-өзі ұялатын келіншектер, кең қоныш етік, кең қолтық қаптал киіп, дамбалының ауы салақтап, семіз болмаса да семіз адамдай талтаң-талтаң басатын жаңа атқа мініп келе жатқан кісімшіктер... сырыған ақсұр бешпетін киіп, қолына асасын алып, зекет жиып жүріп, бір үйде қонып жатқан Темір қожа да келіп қалды. Ауылдың жиылуын күтпей-ақ, бадырақтың қатынының ойбайы шыққан соң, Сәрсенбай ұрудан өзі-ақ тоқтап еді. Шолпанда тірлік әсері жоқ, сұлық жатыр. Үстіндегі көйлек пара-пара. Денесі, беті, басы бәрі қан. Аузынан да, мұрнынан да қан кетіп жатыр. Сәрсенбай төсек ағаштың үстіне шығып отырды... Ой жоқ, ес жоқ, сөз жоқ, тіл жоқ. Оның өзі де талықсыған сықылды еді. Есіктен халық ағылып кіріп жатыр.
– Мына шіркін есінен адасқан шығар,– деді біреуі.
– Ойбай, бетім-ау, өліп қалған жоқ па?– деді екіншісі.
– Өлсе, өлсін, қар неме!– деді үшіншісі.
Азан-қазан, абыр-сабыр. Темір қожа Шолпанның білегін ұстады да: «Су бүркіңдер!» – деді. Біреуі алып келіп су бүрікті. Әлдене уақытта Шолпан дем алып, болар болмас:
«Алла...» деді.
– Алладан садаға кет, иттің баласы!– деді Сәрсенбай.
– Сәрсенжан, шырағым, сабыр қыл. Әйел ұрмайтын ер болмайды, бірақ...
– Тақсыр, сіз бұл араға кірмеңіз. Өлсін ол ит, өлсін!..
– Сәрсенжан, ақылыңа қайт, кісі өлтіру...
– Әйтеуір, ол маған қатын болмайды. Талақ болсын, Талақ! Талақ!
– Сәрсен, ашу дұшпан, ақыл дос, сабыр қыл. Пәлен жыл еш шай деспеген қосақтан айырылу оңай емес. Заты адал ас арамға айналса, қайтадан адалдап алу шариғатта да бар нәрсе... Мысалы, әйелдің олай-бұлай оғаш мінезі білінсе, оны шешіндіріп, төбесінен қырық шелек суық су құю керек дейді шариғат...
Қожаның аузынан мынау сөз шығар-шықпаста-ақ, бес-алты қатын жаңа есін жинап келе жатқан Шолпанды сүйрелеп ала да жөнелді...
Сентябрьдің салқын түнінде қараңғы шорам үйде бес-алты қатын тырдай жалаңаш шешіндіріп, сүйемелеп ұстап тұрғанда Шолпанның шала-шарпы есі бар еді. Бір қатын тістеніп келіп, үлкен темір шелекпен мұздай суық суды
Шолпанның басына құя салды. Үн шығармады, бірақ селк ете түсті Шолпан. Тап сол секундта Шолпанның миында бүкіл өмірі нажағайдың отындай жарқ етіп өтті...
...Жаңа шолпы тағып, сол шолпыны әдейі сылдырату үшін жүкті әдейі қайта-қайта бұзып жиғаны... Апасынан жалынып сұрап қыз ойнаққа барулары... Сәрсенбайдың босаға аттағалы келгені... Бірінші түн... Үшкірген қожаның бұқа көзі... Әзімбайдың қара мұрты... Тістенген қатын күбірлей-күбірлей екінші шелек суды құйып жіберді. Шолпан болар-болмас: «Алла...» деді...
– Қар бетпақ, саған Алла не керек?!– деді бір қатын.
– Ештеңе етпес, қарағым, жастық та... құдай таупық берсін,– деді екінші біреуі.
Шолпанда басқа сөз болған жоқ, ой да жоқ еді. Денедегі қанның мұзға айналуымен ой да күңгірт тартты, сөнді. Шолпан көзін жұма берді. Үшінші, төртінші, бесінші... шелек. Біразға дейін суық суды құйып жібергенде, дене селк етіп кеткендей болып тұрды. Біраздан соң ол да бітті...
Ертеңіне түс кезінде Шолпан күшпенен көзін ашып, сыбырлап:
– Балам қайда? Әлгі неге келіп бір көріп шықпайды?– деді де, көрпенің бұрышын құшақтағандай болып, ерні беу-беу дегендей қимылдап, сұлық болып тағы талып кетті...
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Күнмен таласа Шолпан да өмірімен қоштасты.