Әже — II
Автор: Бейімбет Майлыұлы
Сары, Кәрібай, Жалмақ үшеуі, Сарының шомының ық жағындағы күртік қарға отырып, кеңеске кірді. Әсіресе Жалмақ күпісінің жағасын жоғары таман көтере түсіп, мақал-тақпағын араластыра, сөзді желдіртіп соғып отыр. Кәрібай көп үндемейді. Жалмақтың сөзіне ырзалық білдіргендей, оқта-санда басын изей түсіп, күлімсіреп қана қояды. Сары қатты қарды таяғымен түрткілей отырып, бірдеме айтып күлімсіреп еді, Жалмақ іліп ала жөнелді. — Сары, сенің сөзің екіұшты болып отыр. Кәрібайда бір елдің адамы, сен де осы елдің жігіт ағасысың. Сені басып кететін, сенің сөзіңнен шығатын Қарынбайдан кім бар? Басқа сөзіңді қойып, «жесіріме қимам қылып отыр» десең біз сөзді әлдеқашан доғарамыз ғой. — Жесірімді бермеймін десем, менің айтуға да қақым бар. Қарынбай тұқымының намысын мен іздемегенде, кім іздейді. Бірақ, мені қамай бергенше, өздеріңді де қолға алуларын керек еді, деп, Сары күлімсіреді. — Өй, құрып қал, құлқыныңды алға сала сөйлейтін әдетің-ау. — Мен Кәрібайдан үйренгем. Биылғы, Ұлтарақтың келінін ала барғандағыны мен ұмытам ба екем? Кәрібай қа-қа-қа-лап күлді. Жалмақ Бейсенбайдың болыс кезіндегі секіртпе күлкісіне салды. — Ал енді сенің дегенің-ақ болсын, ашып айтшы! — Мен несін айтайын. Өз басым еш нәрсе дәметпей-ақ қояйын. Араға жүретін жігіттеріміз бар, әкімдеріміз бар, олардың сыбағасын толықтырмай болмайды ғой. Осы күнгі заманның түрін өздерің білесіңдер, біреуді біреу аңдып, атқа мінген жігіттің аяғынан шалып құлатқанша асық. Солай болған соң олардың еңбегін бағаламай болмайды ғой... — Әкім деп сенен олжа дәме қылатын бұл елде әкім бар ма? Жантайдың баласын өз қолыңнан ауылнай қойып отырсың, көзді бір алартқанда жым болатындарыңды алға әкеліп тартпай-ақ қойшы!.. Жалмақтың тұқырта сөйлегенін Сары ұнатпады. Біреудің бақытын, дәулетін меншіктене сөйлеген адамнан жек кергенім жоқ деп, Сары өзінше пәлсапа соғатын. Атқа міну, елге бас болу Сарының ойынша оңай жұмыс емес. Елдің игі жақсылары ел аралай шықса, «адам болған жігіт еді» деп осының үйіне келіп түседі. Азғана малды сатып, соя берсе, ертеңгі күні кедейленіп қапса, Сарының сөзін кім тыңдамақшы? Табысының да сені кеміп жүр. 1921 — 22 жылдардағыдай билік айтып олжа түсіретін, ұрлықтың өрбіген заманы емес. Елде дау шамалы, бірен-саран болғандары, Сарының алдына келмей, сотқа тура тартатын болып жүр. Бірен-саран ержеткен әйел балалар құтты жеріне әлдеқашан қондырылған. Жас әйелдердің де осы қалай дегені аударыстырылып, «мүшелі шапанды» Сарыға кигізген. Сарының ақты қазықтарының бірі осы болып отыр. Сондықтан бұдан ұғылмау жағына Сары аянбай күш салды. Жалмақ әрі-бері арбасып бәсеңсіген соң, түлкі тымағының құлағын көтере түсіп, сұлу мұртты бірер сипап алып, Кәрібай сөйледі. Кәрібай Сарыға жай айтуға кірісті. — Сенен жасыратын сыр жоқ, мен осы қатынды алғанда басқа зар болғаннан алғалы отырған жоқпын. «Ерегіскен жерде өліп қалу керек», деп өзің айтпақшы, бір ерегіспен болып отырған іс қой. Бір іске бел байлаған соң шығыннан қашуға болама? Азды-көпті малым бар, мен қолынды қақпайын, мынау мынаған керек деп жұмса да, жұмысты бітіріп бер. Сары ажарланып сала берді. Жымыңдап Жалмаққа қарады. — Әй, Жалмақ-ай, абырой ала алмай-ақ өлдің-ау! Осы сөзді манадан бері сен айтсаң ғой, абыройын аласың да кетесің. Жалмақ өтірік күлген болып шақшаға жармасты. Сары албарындағы малайын жұмсап Қоржынтайды шақыртып алды. Төртбақ келген толықтау қара жігіт, белбеуді көкірегіне таман буынып, адамсып келіп отырды. Сары оған үстемдік көзбен қарап бұйрық есебінде сөз айтты: — Мына кісілердің жұмысын бітір! — Бітіргенде қалай болар екен, өзінің айнуы да көп... — Айнығанда не дейді? — Не десін, әйелдің сөзі белгілі емес пе, көрмеген, білмеген адамға не деп барамын, ең арғысы жүзін де көргенім жоқ! — дейді. — Ой, тәйірі, сол айныған болушы ма еді? Жүзін барған соң көре жатар, бүгіннен қалдырмай жұмысын бітір! — Қайдам! Кәріекеңнің ебі біледі, — деп Қоржынтай күлді. Бері де жымыңдасты. — Барған соң бәйбіше боласың, үлде мен бүлдеге оранасың деп соға берсейші, азбайтын әйел болушы ма еді, тәйірі?! — деп Жалмақ пысықтап қойған болды...