Әже — III
Автор: Бейімбет Майлыұлы
...Сарымсақ пен Злиха екеуі үйдің қасындағы шыңның, басында тұр екен. Сарымсақтың ойына баяғы жігіт күні, жігіт кезіндегі Злихаға ұрын барғаны түсті... Қатындар Злиханы алып келген екен, ынтық болып жүрген Сарымсақ, бөкебайын ашып, Злиханың қызыл шырайлы жүзін, мөлдіреген қара көзін бірінші рет сол жерде көріп еді... Көптің көзінше ашылып сөйлесе алмаған соң, Злиханың ымдауымен тысқа шығып, Қайболдың үйінің тұсындағы терең жардың басына барып тұрған... Жазғытұрғы маужыраған түн; жаңадан тасып, қарқыны басылып жетпеген өзен сарындап, күрілдеп тынық түнде өзінше тербетіп тұрған сияқты... Ай жарқырап бұлттан шығып жарық сәулесін Злиханың бетіне сепкенде Сарымсақ Злиханы айдан да сұлу екен деп ойлады... Злиха бұралып Сарымсаққа жақындай түсіп ыстық лебімен бойын ерітіп, үнсіз ғана тұрады... Сол күндер есіне түскендей болады... Еске түседі де, еркін алып билеп, Сарымсақ Злихаға бұрылған секілденеді... Злиханы өзіне қарай тарта берем дегенде, әлдекім аржағынан кеп, итеріп жібергендей болды. Сарымсақ жардан омақата құлап, басын көтеріп алса, ирелендеген біреу Злиханы қолынан дедектетіп әкетіп барады! Әлдеқайдан Ұлпаның «әжелеген» ойбайы, Бақыттың «мамалаған» жылауы естілгендей болды... Сарымсақ күйіп кетіп ойбайды салды: — Злиха! Злиха! Өз дауысынан өзі шошып оянды. Бұл түсі екен. Үйдің іші тастай қараңғы. Бесіктегі Бақыт шырылдап жылап жатыр... Бесікке таяу жатқан Ұлпа әжелеп ыңырсып жатыр. Шошып оянған күйі, тұла бойы қалтырап, не екенін білмей, Сарымсақ аз-кем отырды. Бір кезде есін жинағандай болып, Злиханы оятуға кірісті. — Әй, қатын, тұр деймін! Иығынан қозғап оятайын дегенде, созған қолы жастыққа тиді. Бойы әлденеге мұздап сала берді. Ұйқылы көзімен қайта сипалағанда, қалтыраған қолы жылаған Бақыттың бетіне тиді. Бесіктің бет жапқышы ашық, жаңа ғана емізген секілді. — Өй, Злиха деймін, қайдасың? Ыңырсып жатқан Ұлпа үрпиіп басын көтерді. Бесігінің бас жағынан жорғалап кеп, әкесінің қойнына кірді. — Қарағым, әжең қайда?! — Әжем, әжем, — деп Ұлпа жан-жағына қаранды. — Злиха, Злиха! деп Сарымсақ айқай салды. «Әжелеп», «мамалап» Бақыт шыңғырды. Үшеуі қосылып үйді басына көтерді. Далаға шығып кетті ме екен деп Сарымсақ баста дәмеленген секілденсе де, ұзап кеткен соң қауіп үдей бастады. Апырым-ау, қайда кетпек, ашу-аразы болған емес. Ашуланбақ түгіл, бүгінгі түн Злиханың өмірінде жайдары болған түнінің бірі: іңірден отырып Ұлпаның көйлегін жамады, Бақытқа құрастырып көйлек тікті, Сарымсақтың ескі тонын бүргіштеп, киюге жарайтын етіп берді... Жататын кез болған кезде Бақытты шомылдырып бабына келтіріп бөлеп, қайта-қайта сүйді. Ұлпаны төсегіне жатқызып, оны да маңдайынан иіскеді. Төсекке жатқан соң, Злиханың жайдарылығынан дәмеленіп, Сарымсақ жақынырақ жатып еді, «әрі, ойбай, шаршап жатырмын» деп жиырылмай, қайта өзі де жақындай түсіп, құшаққа құшақ айқасып жатты. Осыны істеген Злихада жаман ой бар деп кім ойлар? Ендеше, Злиха қайда? Қанша ойланса да, бұл жұмбақты шеше алатын емес. Далаға шығып іздейін десе «әкелеп» жабысып, Ұлпа жылап жібермейді. Шам жақты, үй жарық болған соң, сезік мүлде ұлғайды. Злиханың күпісі, бөкебайы жоқ, жалма-жан жастықтың астын қарап еді, киіп жүрген шапаны да жоқ!.. Бір сұмдықтың болғанын жүрек сезді. Бірақ қандай екенін айырып білерлік шама жоқ. Шырылдап жылап жатқан Бақытты бесіктен шешіп алып, бауырына басты. Шашы үрпиіп үрейі ұшып Ұлпа әкесінің тізесіне жабысты. Шамға төніп отырған күйі, сақалына суы сорғалап Сарымсақ жылады, үшеуі де ә дегенше кәріптік күйге түсті де қалды. Тал атып, үйге сәуле кіре бастады. Бақытты Ұлпаға беріп, әжеңді шақырып келейін деп, Сарымсақ іздеуге шықпақшы болды. Әжесін шақырып келем дегенге Ұлпа қуанып, Бақытты ойнатуға кірісті. Сарымсақ шыққан күйі інісінің үйіне жүгірді. Келіні таңнан тұрып пешінің моржасын ашып жүр екен. Тымырсық аязды қыстың талы жылы үйден шыққан адамның бетін жалап, қарытып барады. — Келін шырағым, біздің қатынды көрдің бе? — Жоқ, ойбай! — Ендеше, қатын жоқ!.. Келіні шоқаң етіп селем етіп болып, аузын сылп еткізді: — Бәтір-ай, сұмдық болмаса игі еді, кеше кешке Тасбақамен аузы жабысып сөйлесуі жаман еді! — деді. Сарымсақ одан жаман үрейленіп, аяғы-аяғына жұқпай бүкіл ауылды кезіп шықты. Көрген, білген жан болмады, әбден талған соң ат арқасына мінген жігіт еді, бір хабарын осы таппас па екен дегендей жүгіріп Сарының үйіне барды. Сары төсегінде жатыр екен, басын көтермей, жатқан күйі ыңырсып, кейіді. — Маған не қыл дейсің, мен сендердің қатындарыңа бақташы болам ба?!. Желіккен әйел тұрушы ма еді, қазір «слабоданың» заманы, өз қатыным кетем десе де ұстап тұрар жайым жоқ, — деді. Талып барған Сарымсаққа Сарының сөзі өңменінен атып жібергендей болды. Сақалына жабысқан көздің жасы сауыс болып қатып, ілгері басқан аяғы кейін кетіп, салбырап үйіне келді. Кішкене күпісін киіп, жарбиып лапастың алдында Ұлпа әкесін күтіп тұр еді, әкесіне жаутаңдап қарады: — Әке, әжем келе ме? Сарымсақтың көзінен бүршіктенген жас ыршып шығып, бетін жуып жүре берді. Қатын-қалаштар жиналып қалған екен, есіктен кіріп барған жағдайда, «мамалап» жылап қолға тұрмай безек қаққан Бақытты көрді Кәріп болған балаларды кемпірлер мүсіркеп: — Мүсәпірлер-ай, қайтсін! Әженің жолы басқа ғой! — деп олар да көздеріне жас алды.