Әже — V

Автор: Бейімбет Майлыұлы

Екінді әлетінде, сары белден төмен құлап, бір шаналы келеді. Марттың іші. Даланың қары еріп, қыраң жерлер аламыштанып, көз ойнақ қара жерге айналған. Ылди жақ қалың ауыл. Ауыл үсті қара шоғырланып көрінеді. Кешкі түтіндері мұнартып бұлттай көшіп аспанға созылып жатыр. — Жеттің бе? — деді Злиха. Даусы естілер-естілмес болып шықты. Сарымсақ атын айдай түсіп: — Қазір жетеміз, ауылдың төбесі көрінді, — деді. — Көріне ме? — Әне, көрініп тұр. — Ендеше, тоқташы! — Неге? — Ауылды көрейін. Сағындым!.. Ауылдың аңғарын, ауылдың ұшқан түтінін сағындым! Жеткенше дәтім шыдар емес... Шыдай алмай барам... Сарымсақ атын тоқтатып, қымтауын ашып, зорға дегенде Злиханың басын көтерді. Злиха ауылын көрді... Жүрегі елжіреп кетті. Көзіне әлденелер елестеді. Бақытты арқалап, Ұлпа жүгіріп келе жатқан сияқты болды. — Қалқам Ұлпа, құлыным Бақыт! — деді. — Көрдім, көңілім тынды. Енді тез жеткіз. Әне, көрдің бе, Ұлпа мен Бақыт мені күтіп тұр... Күтіп тұрған жоқ, қарсы жүгіріп келе жатыр... әне, әне... қалқам! Жуасиын деген соң, шаршап кетті ме деп, Сарымсақ орнына жатқызды. Қайтадан қымтап жауып, атын айдай бастады. Злихадан бетер үйіне жетуге өзі асықты. Төрт айдан бері күні-түні жылаумен келе жатқан жетімдерді қуантқанша, Сарымсақтың жаны сабыр таппай келеді.

Ауылдың қотанына кіре бергенде-ақ, Бақытты арқасына жарбитып, екі көзі жол бойында телміріп тұрған Ұлпаны көрді. Сарымсақ атын үсті-үстіне айдап, албарға таяна бергенде Ұлпаға көзі түсті. — Қалқам Ұлпа, әжеңді әкелдім. «Әжелеп» Ұлпа жүгірді. Тірідей жетім болған байғұстар әжесінің жылы құшағына кіріп, мамасын иіскемекші еді, «қалқам» деген жылы сөзін есітпекші еді!.. Бірақ, болмады, ынтығып күткен балаларын Злиха бауырына қыса алмады... Шанадағы Злиханың құр денесі ғана еді, жаны үзіліп кетіп еді...