Әже — IV

Автор: Бейімбет Майлыұлы

Қысқа тоны қаудырап, суыққа тоңып жаурап, жақ жүні үрпиіп, ашаң жүзді келген әйел сиырдың қорасын тазалап жүр. Жұмысқа мойындамағандығы, жұмысты көңілденіп? істемегендігі ісінен де көрініп тұр. Бірден бітіріп тастайтын, жұмысты күн оздырайын деген кісідей, үнемдеп істеп жүр. Кішкене жүргеннен кейін күрегіне сүйеніп демін алады.! Әлденелерді есіне түсіреді. Өткендегі мен қазіргі күнді салыстыра бастаса, өзінен-өзі мүжіліп, ыстық жас көзден тимей-тимей кетеді. Бұл Злиха еді, Сарымсақтың Злихасы! Сарымсақ сасып, Ұлпа мен Бақыт жылап үйді басына көтерген түні, Злиха Сарымсақтың жылы қойнынан шығып, көрмеген, білмеген біреудің соңынан ерген. Неге ерді, не мұңы бар, жылатып тастап кеткендей Сарымсақтың не жазығы бар? Бұл Злиханың әлі күнгі шешпеген жұмбағы. Бастап, «алтын босағасын» аттап шыққан түні де, бұл жұмбақ шешілмеген еді. Су түбіне кетіп бара ма, әлде адам көрмеген бір бақытқа кездесе ме, бұл — Злихаға қараңғы еді... Ендеше, үйін, байын, ішінен шыққан баласын тастап, елеске еріп несі бар еді?.. Күрекке таянып тұрды дегенше Злиханы айналдыратын осы; ойлар. Бұл ойды Злиха тәуіп үйінен шыққан түні-ақ ойлаған. Сұмдықтың басы Қоржынтайдан ғой. Қоржынтай Злихаға бөле есепті жігіт. Басқадан гөрі, Қоржынтай Злиханы жақын тартып жүрген соң, кез келгенде ашық шыраймен әзілдесіп, Злиха да оны алыс кере қоймайтын еді. Злиха келіншек болып түскелі Қоржынтай нелерді айтпады. Сарымсақты жамандап, Злиханың көңілін содан суытуға жан салды. Елдегі бозбалаларды, бозбалалардың ішіндегі Әбдінің баласы секілді мырзаларды мақтап, араға жеңге болғысы да келді. «Жас күнде бозбалашылық істеуден көңілді нәрсе жоқ», — деп қызықтырып та көрді. Бірақ. Злиха оның біріне де еліккен емес. Қоржынтай кейде ашуланып, жұрттың қатындарының бәрінің де тамыры бар, осы саған біткен қай әурешілік дегенде, бір күндікке қызыға алмаймын деп Злиха қысқа ғана жауап беруші еді. Бозбалашылыққа көндіре алмаған соң, Қоржынтай соңғы бір-екі жылдан бері, өмірлік жолдас болатындарды айтып айналдыра бастаған. Соның ішіндегі Злихаға көп айтқаны Кәрібай. Кәрібайды жұрт ағасы, асқан бай, қатыны өлген бойдақ деп суреттеген. «Саған сыртыңнан ғашық болып жүр» деген сөздерге шейін айтқан. Бір күні Сарымсақ үйде жоқта Қоржынтай түнде келіп оятып, Кәрібай тыста күтіп тұр деп айтқан болатын. «Мен ешкімге қолжаулық бола алмаймын», — деп Злиха үйінен қуып шығып еді. Кәрібайдың даңқына да, байлығына да қызыққандық пішін Злихада болған емес. Әйтсе де неге екенін езі де білмейді, соңғы кезде бір белгісіз күш итермелеп осыған көн деген сияқты болды. Қашанда болса, Сарымсақтан айрылып, бөтен біреуге қатын болып тию міндет секілденді. Злиха бір табанға шейін болады, болмайды деп уәде берместен келсе де, нақ қашатын күні кешке Қоржынтай келіп, өлердегі сөзін айтып, уәдесін сұраған, нақ сол жерде неғып жеңілгенін езі де білмейді. «Жарайды!» деген сөз Злиханың аузынан еріксіз шығып кеткен. «Ауыздан шыққан түкірік, қайтып жұтсаң мәкүрік» деп кемпірлер күнде шариғат соғады. Айтарын айтып қойған, бұрысын-терісін тексерместен, Злиха қашудың жабдығына кірісіп еді. Алғашқы кезде балалары аяныш көрінді. Балаларын қиып тастап кету мүмкін емес секілденді. Бұрынғыға қарағанда аналық махаббаты жүз есе өсіп, екі баласының тілегі үшін жанын қиып берерлік күйге жетті. Баланы ойлағанда көзінен моншақтаған жаспен бірге жүрегінен қара қан саулап ағып, ішін елжіретіп кеткендей болды. Байы Сарымсақ елдегі момын екеу болса бірі, біреу болса тап өзі. Жастан қосылғалы араларында көңіл қаларлық реніш болған емес. Злиха не айтса, Сарымсақ соған құл. Сөйткен Сарымсақтың жазығы не? Міне, осының бәрі тайталасып, қараңғы түнде Злиханың басын қатырып жатқанда, есік алдында тықыр білінгендей болады. Ақырын есік ашылып, әлдекім сипалап, жердегі шөпті сыбдырлатып, жанына келіп төнеді. Бұл Қоржынтай, ақырын сыбырлап қана: — Қане, жүр, — дейді.. Злиха онда Сарымсақтың жылы құшағында жатқан. Жастан қосылған ері, нақ сол минутта адамның сырттаны, ешкім қиып кетпестік секілді еді. Злиханың қиып кетпегісі де келді. Бір кезде бесікте пысылдап ұйықтап жатқан Бақытын көреді. Жалма-жан басын көтеріп алып, бетін ашып еді, шырт ұйқыда жатқан нәресте, әжесінің мамасы бетіне тиген соң, ұйқысын бұзып оянып, бесікте таңулы жатқан күйі керіліп есінеді. Мамасынан бірер сорды да, қайтадан ұйықтап кетті. «Қане, жүр» деп Қоржынтай қысып барады. Қоржынтайдың сыбырын есіткен сайын Злиханың денесі тітіркеніп сала береді «Менде нең бар, мен байымды, балаларымды тастап әзәзілдің жолына түсе алмаймын!» деп, үйінен қуып шыққысы да келеді. Бірақ, басты тұмандаған қара күш ерікті билеп, ырық бермейді, сүйретіліп орнынан тұрып, не қыларға білмей дағдарғанда, Қоржынтайдың бұрын бір айтқаны есіне түседі, «балаларды бірден ала кетуге болмайды, сотқа арыз бергін, алады да береді. Кәрібайдың баласы жоқ, сенің балаларыңның оған жаттығы болмайды», — деп еді Қоржынтай. Злиха талған көңілге осыны сеп қылғандай, осыны ойлап өзін-өзі айналдырғандай болып ақтық рет балаларын сүйіп, «алтын босағасын» аттап, жең тартып еді... Міне, сөйткен Злиха, енді Кәрібайдың тоқалы болып, Ажар бәйбішеге күл атанып, малайдың жұмысын істеп жүр. Келгеніне төртінші ай, содан бері бір жылы сез естіген емес. Бәйбішенің сөгуі, бәйбішенің берген азары аздай-ақ екі күннің бірінде Кәрібай да ұратынды шығарды. Өмірінде естімеген сөзін естігенде сай-сүйегі босап, іші өртеніп күйіп кете жаздайды. Өткен күн көзден бір-бір ұшып, күрсінгенде жүрегі қақ айрылғандай болады... — Әже-ай! — деп, Злиха ауыр күрсініп, ыңыранады. Ажары сұрғылттанып, жақ сүйегі сорайып шығып, көзі аларып кеткен. Екі иінінен демін алып отыра алмайды. Әлсін-әлсін жөтеліп, мазасы кетіп отыр. — Әже-ай, келер ме екен? — дейді. — Қайдан білейін, шырағым, пәті жуас адам еді, сенің бір қатаңды кешем десе келер, келсін деп қайта-қайта тапсырдық қой, — деп кәрі кемпір Злиханың көрпесін қымтап жапты. — Ұлпа ше, Бақыт ше? Оларды да әкеле ме екен? — Балаларын қайдан әкелсін, күн әлі суық қой, жас балаларды алып жүру оңай ма? — Қалқам Ұлпа, құлыным Бақыт, — деп қамыққандай болды. Қамықты, бірақ көзінен жас шықпады, жүрегі елжіреп, ішін өртеп кетті. — Қарағым Ұлпа, қарашығым Бақыт, не күйде екенсіңдер? Азғын жолға түскен, әзәзілдің тіліне ерген әжелеріңе лағнат оқып отырсыңдар ма?! Күтесіңдер ғой... Күтсеңдер де, бір жағынан ренжіп лағнат та оқитын шығарсыңдар. Лағнат оқитын жөндерің бар, мен айыпты! Сендерге қарайтын, сендерді алдыма алып, еркелетіп сүйетін менде бет жоқ. Мен сендерді ескермедім, сендерді жылатып тастап, өзіме бақыт іздемекші болдым. Сарымсақтың жаман үйінен, жетпейтін кемтар дүниесінен аттап өтіп, ұжмақтың есігін ашпақшы болдым. «Пәлен жерден пәленшенің қатыны қашты» дегенді естігенде, менің ойымша, солар адам кермеген бір қызықты тұрмысқа кіріп жатқан секілді болушы еді, ақырында сол ынтықты көріп, көңілді бастым... Мен, сендердің бұрынғы жайраңдап жүретін әжелерің емеспін, жүрегі жаралы, беті қаралы, қайғы бұлтын үстіне төндірген сорлы болған жанмын... Кәрібайдың үйінен қашып шыққан күні, шананың үстінде келе жатып түс көрдім... Аппақ киім киіп өзеннен үйге қарай келе жатыр екем, менің қарам көрінісімен-ақ, Бақытты жетелеп Ұлпа алдымнан қарсы жүгірді. «Әжелеп» айқайды салғанда жүрегім елжіреп қоя берді... Ұлпаны маңдайынан сүйіп, Бақытжанды алдыма алып, енді емізе берем дегенде, еңгезердей бір қара кісі арт жағымнан келіп желкеме түйіп келіп жіберді, «лағнат, арам қолыңмен жас нәрестені, күнәсіз періштені не бетіңмен ұстап отырсың!» — деді... Алдым терең жар екен деймін, омақата құладым. Әлдеқайдан Бақыт пен Ұлпаның «әжелеп» жылаған даусы шыңылдап құлағымды жарып барады. Жардан зымырап бара жатқанда, тұла бойым түршігіп шошып оянып кеттім. Күн ызғырық еді. Жұқа киімнен суық өтіп, денем сіресіп қалған екен. Сол жерде-ақ осы аурудың жабысқанын сездім. Басынан кешкен оқиғаларды бұлбұлдай сайрап Злиха айтып отыр. Кемпір шешесі егіліп жылап отыр. Злиха тағы да көрген-білгенін айтып түгендемекші еді, болмады — жөтел килігіп мазасын алды. Жөтеле-жөтеле әлсіреп жастыққа қисайып басын салды. Өңі көгілдірленіп, көзі бұлдырап, үй іші айналып бара жатқан секілденді. Бақыт па, Ұлпама, әлде Сарымсақ па, болмаса күн-түні ұйқы көрмеген, бағып отырған өзінің әжесі ме — әйтеуір біреудің «қалқам!» деп жылаған даусын естігендей болды. Талықсып кетті. Әлдене уақытта: — Злихажан, басынды көтересің бе, келді ғой, — деген дауыс құлағына тиді. Бұл әжесінің даусы еді. Көзін ашып алса, бетіне бетін тигізіп, біреу жылап отыр. Апыр-ау, бұл кім? Абайлап қараса Сарымсақ! Злиха не болғанын білмеді. — Қалқам, келдің бе? — деді. — Келдім, келдім! — деді Сарымсақ. — Мені кешесің бе? Мені бұрынғы Злихам деп танисың ба? — Кештім, қалқам, кештім! — Ендеше атыңды жек, маған Ұлпаны, Бақытты көрсет! Олар да кешсін! «Әжелеп» бауырыма кіріп, Бақытжан мамасын сорсын. Ақтық peт, жанымның шығарында Бақытжан мамамды емсе, Ұлпа бауырыма жатса, күнәмді кешіп сен бетіме бетіңді тигізсең, одан артық менің тілегім жоқ, ендігі бар арманым осы ғана! — деді...