Эди Мористың басынан кешкендері — Аттану

Автор: Тимур Мұстафа

Германияның ең көп теңізшілер шоғырланған қаласы — Гамбургтен шығып, бір апталық жолды артқа тастаған, солтүстік теңіздің суық суларын тіліп өткен, әлемге «теңіз қарақшыларының өлімі» деген лақаппен әйгілі «Роджерс» кемесі матростар қаласы — Эдинбургке аялдады. Бұл хабарды ести сала, жасөспірім Эди жанұшыра гаваньға жүгіріп келді.

Эди — осы қалада туып-өскен, есімі күллі дүниеге мәшһүр, он бес жыл бұрын АҚШ пен Еуропа арасындағы тарихта «Атлант мұхиты қанға боялған күн» деген атпен қалған канжоса шайқаста ерлігімен танылған генерал Арланд Морестің баласы. Эди ес білгелі әжесінен әкесі жайлы сан түрлі хикаялар естіп өсті.

Алғаш рет «Мен қаһарман теңізші боламын!» деген сөзді ол жеті жасында айтқан еді. Сол бала күнгі арманының соңынан еріп, бүгін ол атақты «Роджерс» кемесінің экипажына қосылу үшін кеме қожайыны — түркі текті капитан Саламандты іздеп келді.

— Саламанд нөкерлерімен тавернада, — деп жауап берді оған кемедегі бір матрос.

— Үлкен рақмет! — деді де, екі аяғын қолына ала, ойын-сауық мекемелері орналасқан көшеге қарай жүгіріп жөнелді.Бірнеше есікті ашып, шапқылап жүріп, ақыры арқа-жарқа болып отырған теңізшілерді тапты. Таверна іші халыққа лық толы еді. Эди олардың жанына келіп: — Қош келдіңіз, абыройлы Саламанд! — деп иіліп сәлем берді.

— Рақмет, — деді капитан Саламанд, қалтасынан бір күміс теңге алып, Эдидің алдына лақтыра салды.

— Жоқ, мен тіленші емеспін. Мен сіздің қол астыңызда, «Роджерс» кемесінің теңізшісі болу ниетіммен келдім! — деді бала намыс пен сенімге толы үнмен.

Ауада ауыр үнсіздік орнады. Бәрінің назары капитанға ауды. Біршама уақыттан соң, теңізшілердің бірі Саламандтың құлағына: «Бұл — әйгілі Арланд Морестің жүгірмегі», — деп сыбырлады. Сол сәтте-ақ капитанның жүзі өзгеріп сала берді.Қабағы шытылып, салмақты дауыспен:

— Сен кезінде мені және адамдарымды Ирландия суларында бір апаттан құтқарып қалған ескі досым Арландтың баласы екеніңді неге бірден айтпадың? Хо-хо-хо! Мен әкеңе өміріммен қарыздармын. Әрине, мен сені аламын! — деді де, Эдидің екі құлағына дейін жымыңдаған езуіне қарап, сәл ойланып: — Біз екі тәуліктен соң Исландияға аттанамыз, — деп қосты.

— Үлкен рақмет, мырза!

Осы екі күн Эди үшін шексіз ұзақ күндерге айналды. Ол күндізін сары дорбасын — ештеңке ұмытып кетпедім бе? Деп ақтарып салумен, түнін теңіз өмірін елестетіп, тәтті қиялға беріліп өткізді. Алғашында әкесінің өмірін жалмаған теңіз жолын таңдаймын дегеніне әжесі көнгісі келмеген еді. Дегенмен, жас баланың жанарындағы жалынды көріп, оны ештеңе тоқтата алмайтынын сезіп, ақ батасын берген болатын. Эди осы қаладағы таныстарымен қоштасып, белгіленген сағатты тағатсыздана күтті. Шынында да бұл сапар оған өмірінің ең үлкен тосын сыйларын дайындап қойған еді.

Теңіздің салқын лебі адамның кеудесін керіп тұр. Аспанда бір түйір бұлт жоқ. Нағыз су бетінде сапарға шығатын уақыт. Қала тұрғындары «Роджерс» кемесіне көз тігіп тұр. Кеме бортында тұрған кішкентай Эди — алып жүректің иесі. Көкірегін шаттық кернеп, өскен қаласы Эдинбургке қол бұлғап қоштасып тұр. Қарт әжесі, достары, қала халқы түгел оны шығарып салуға келген.

— Желкендерді босатыңдар! — деген капитанның қатқыл бұйрығы естілді.

Ақ желкендер жайылып, алып кеме гавань жағасынан баяу қозғалды. Біраздан соң шетсіз-шексіз көкжиекте ол көзден ғайып болды.Міне, дәл осы сәттен бастап жас теңізші Эдидің шытырман оқиғаларға толы жаңа өмірі басталды.