Эди Мористың басынан кешкендері — Судағы өмір

Автор: Тимур Мұстафа

Норвег теңізіндегі бір апта зымырап өте шықты. Ашық теңізде ермек — шахмат, карта, кітап. Эдиге ешкім мән бермейді. Ол біресе ана матросқа, біресе мына матросқа жабысып, «бірдеңе үйреніп алармын» деп әуре.

Капитан Саламанд өз каютасынан шықпады.

Күн — сәске. Аспан шайдай ашық, су тып-тынық. Ара-тұра жылы жаққа бет алған құстардың қарқылдаған дауысы естіледі. Сол сәттердің бірінде капитан палубаға атып шықты. Теңізшілер тегіс тіксіне қалды. Тыныштықты мачтадағы бақылаушының:

— Капитан! Екі километрдей солтүстікте — қарақшылар кемесі! Экипажы шамамен елу адам! — деген дауысы бұзды. Жемтігін байқаған қасқырдай Саламандтың жүзі күрт өзгеріп сала берді.

— Дайындық! Жауға қарсы әскери режим! — деп бұйрық берді капитан, қолын алға сермеп.

Кеме іші абыр-сабырға толды. Эди болса, не істерін білмей, кеменің ортасында қобалжып тұрып қалды. Бір матрос — катапультаға, біреуі семсерге, енді бірі мылтыққа жармасты.

— Әй, балақай! Оң жақ қапталдағы Әлеант шалға көмекші керек! — деп айқай салды топтан бірі.

Жүгіріп барған Эди қортық, шекесі шодырайған қара шалдың жанына жетті.

— Мен, Эди Морис. Сізге көмекке келдім!

— Не қарап тұрсың? Ана қораптағы оқты әкел! — деді Әлеант зілді үнмен.

Эди оқты жеткізіп еді, шал зеңбіректі бір “гурсс” еткізіп:

— Хо-хо-хо! Сол керек қарақшыларға! — деп мырс етті. Эдидің жүрегі тастай боп соғып жатты. Бұл — оның өміріндегі алғашқы қанды шайқас еді. Алпыс күн тасыған су алты күнде қайтады демекші, біздің жас қаһарман ұрысқа тез-ақ бой үйретіп алды. Әлеант енді оған айтпай-ақ, Эди өзі-ақ оқтарды салып үлгеретін болды.

Күн ұясына енгенде, теңізшілер қарақшыларды толық жеңді. «Роджерс» кемесінің бетінде — үйіліп жатқан олжалар, қатар тізілген тұтқындар, ал олардың ортасында әрі-бері жүріп, ойға шомған капитан. «Мыналарды жағаға жеткенде құлдыққа сатсақ, жақсы табыс болары анық» деген ойдан болар, оның жүзінен сәл жымысқы күлкі байқалды.

Кешке теңізшілер от жағып, ән салып, бөшкеден шарап ішіп, мерекеледі. Капитан да қосылды. Қортық қара шал — Әлеант — бір өзі бір бөшкені тауысып:

— Жас кезімде үш бөшкесіз қамбайтын едім! — деп қарлыққан дауысымен айқайлап күліп, еденге құлай кетті. Жұрт ду күлкіге басты.

Мереке соңына таяған кезде Саламанд палубаның шетіне барып, ойланып тұрып қалды. Мұны байқап қалған Эди жанына жақындап: — Капитан, не болды? Неге көңілсізсіз? — деп сұрады. — Ештеңе емес, — деді капитан, бірақ сәл үнсіздіктен кейін: — Жоқ, ештең кеш жақсы. Саған әкең, менің ескі досым Арланд Морис туралы бір шындықты айтуым керек, — деді. — Құлағым сізде.

Жас теңізші бір шындықтың ашыларын сезіп, капитанға үмітпен көз тастады. Саламанд қырылдап сөйледі: — Ол кезде мен жиырма бесте ғана едім. «Роджерс» кемесі әлі жоқ. Мен Ирландия теңіз күштерінде матрос болатынмын. Әкең — Арланд Морис — аты аңызға айналған батыр. Оны бір көрсем деп армандайтынмын. Бір күні түн ортасында дабыл естіп шошып ояндым. Қарақшылар шабуыл жасапты. Бізді екі бірдей жау кемесі қоршады. Экипажымыз әлсіз еді. Үміт үзілгенде кенет… тұман арасынан әкеңнің кемесі пайда болды. Тұмсығы ай сәулесінде жарқ ете қалды. Арландтың қаһармандығы… әлі күнге көз алдымда. Арқаннан арқанға секіріп, бір кемеден екінші кемеге өткен күйі, қарақшыларды жайпап салды. Бұл — оның мені алғаш құтқарған кезі. Кейін мені қол астына алды. Біз екі жыл бойы қатар сапарда болдық. Дос болдық. Бір-бірімізге арқатірек болдық.

Бірақ сол бір қарғыс атқан күні… — деді капитан, тіреуішке сүйеніп күрсініп.

— Қайғылы шайқастан соң(Атлант мұхиты қанға боялған күн) Арланд Исландияға бет алған еді. Норвег теңізінде, дәл ортасына жеткенімізде, аспан бүгінгідей ашық болатын. Біз ұйқыда жатқанбыз. Сол түн… мен үшін ең қорқынышты түн болды. Ұзындығы отыз құлаштай, көзінен от шашқан, зұлмат бір мақұлық кеме түбінен шыға келді. Ол жылан сияқты шапшаң, құбыжық еді. Кемемізді қиратуға кірісті. Жан тапсырған теңізшілердің соңғы айқайы әлі құлағымда жаңғырып тұр. Әкең болса, саспады. Жауға тіке қарады. Аспанға дауыл шақыратын от атқыш жіберіп, мені иығымнан қаққан күйі: — Есіңді жи, Саламанд. Бұл — соңғы бұйрығым болуы мүмкін. Егер мен аман шықпасам, бұл мақұлық туралы басшылыққа міндетті түрде хабар жеткіз. Сен — тірі қалуың керек, — деді де, мені қайыққа отырғызып, өзі әлгі құбыжықпен бетпе-бет қалды…

Ертесіне мені Исландия теңіз күштерінің бір кемесі тауып алды. Оқиға болған жерге қайта барғанда экипаж мүшелерінің мүрделерін таптық. Тек әкеңнің денесі табылмады. Мен Исландияға жеткен соң барлық шындықты айттым. Бірақ ешкім сенбеді. Мені сандырақтайды деді. Қорыққанға қос көріндіге балады. Бірақ мен Арланд Морис тірі деп сенемін. Ол өлмеген мен таныйтын Арланд Морис тірі екеніне кәміл сенімдімін. — Эди, мені кешір. Сол түні құтылып кеткен қорқақ мен едім, — деп капитан көзін төмен салды.

Эди болса, көкжиекке қарап, ішінен:

«Әке… мен сені табам. Қандай жерде жүрсең де…» — деп өзіне серт беріп, үнсіз тұрып қалды.