Эди Мористың басынан кешкендері — Нағыз саяхаттың басталуы

Автор: Тимур Мұстафа

Кемедегілер теңізге қайта оралғанына бес күн болды. Бәрі әдеттегідей — бейқам әрі бірқалыпты өтіп жатқан. Бірақ сол түнде… бәрі өзгерді. Кеш батысымен теңіз айдынын дауыл басты. Найзағай жиі жарқылдап, аспанды тіліп-тіліп өтуде. Асау толқындар палубаны қырып, кеменің тақтайларын шайып барады. Капитан Саламанд сабырын сақтап, экипажға нақты бұйрықтар беруде.

Кенет аспанды жарып өткендей, жан түршігерлік ақырған үн естілді. Жануардың, тіпті мақұлықтың даусындай құлақ жаратын үрейлі ырыл бәрінің зәресін ұшырды.

— Бұл не сұмдық?! — деп айқай салды қорыққан дауысымен Әлеант.

Ай жарығы астында теңізшілер көздерін сол жаққа тікті. Су бетінде қара құбыжықтың сұлбасы көрінді. Оның алып денесі бұлқынған теңізбен астаса, үрей мен тылсымның шекарасын жойып жібергендей. Қап-қара жылан тәрізді құйрығы зіркілдеп соққан сайын, кемені жұлмалай бастады.

Роджерс шайқала жөнелді. Теңізшілердің жан айқайы, бұйрықтар мен қарғыс сөздерге ұласқан дауыстар түнді басып қалды. Бірақ бұл жанкешті қарсылық ұзаққа созылмады. Қалың тұман арасынан лап қойған алып толқын кемені бір сілкіп, бірнеше адамның денесін суға жұтып үлгерді. Мүгіген тыныштық Эдидің көз алдында ағаш сынықтары мен теңізшілердің денесі су түбіне батып бара жатты. Бар дүние құдды бір тылсым түнекке жұтылып жатқандай.

Кенет, су астынан көтерілген қара құйрық бүкіл пәрменімен Эдиді қағып, тастай етіп ұшырып жіберді. Ол теңіз түбіндегі қараңғы үңгірге домалап түсіп, есінен танып қалды…

Көзін ашқанда, Эди өзін суық тас қабырғалар арасында, тар қуыста жатқанын аңғарды. Ғажабы — бұл су астында болса да, мұнда су жоқ. Айнала дымқыл, бірақ тыныс алуға болады. Оның алдында алыс бір түпте жұмбақ жарық жылтырап тұр. Ол жаққа баяу адымдай бастады. Жарыққа жақындаған сайын жүрегі дүрсілдеп, бойын белгісіздік билей берді. Бірнеше қадамнан кейін аппақ нұр шашып тұрған алып есікке жетті. Ол алтын жалатылғандай жарқырайды, ортасында беймәлім таңбалар қашалып жазылған.

— Бұл не? — деп күбірледі Эди.

Алғашында жүрексінді. Бірақ әлдебір ішкі дауыс оны алға итергендей болды. Ол тынысын ішіне алып, батыл адыммен есікті итеріп, ішке кіріп кетті. Осылайша… Эдидің шын мәніндегі хикаясы — тылсым мен шындықтың шекарасында басталды. Бұл — оның алғашқы әрі шешуші қадамы еді.