Эди Мористың басынан кешкендері — Судағы өмір (2-бөлім)
Автор: Тимур Мұстафа
Ертесіне «Роджерс» кемесі ешбір картада белгіленбеген, тек атақты теңізшілер ғана білетін Норвег теңізінің дәл ортасындағы жасырын аралда орналасқан Порттар қаласы — Ирмитке келіп жетті.
Ирмит — әрдайым ұзақ сапардан шаршап-шалдыққан теңізшілердің көңіл көтеріп, дем алатын сүйікті қаласы. Сары жарық шамдармен көмкерілген әсем көшелері адамды еріксіз елітеді. Қаланың қонақүйлері, таверналары, бардельдері, дәріханалары мен тәулік бойы жұмыс істейтін базарлары — жолаушының бар қажетін өтейтін орындар.
Құл базарында кеше қолға түскен қарақшылар сатылып, Саламанд пен Эди қала көшесінің бірінде орналасқан, теңізшілер жиі тоқтайтын белгілі бір үйге бет алды. Эди үшін бұл аралдағы әр сәт — бұрын-соңды көрмеген, тың тәжірибе. Ол өзін Роджерс тізіміне енген алғашқы күннен бастап әрбір жаңа оқиғаға дән риза болатын.
Аталған үйдің астыңғы қабаты — таверна, үстіңгісі — бардель. Мұнда көбіне ақсүйектер, капитандар мен бай-бағландар келеді. Ішке кіргенде Эди біртүрлі мазасыздықты сезінді. Үлкен залдың қабырғаларына жалаңаш әйелдер бейнеленген суреттер мен әлемге әйгілі кемелердің портреттері ілініп тұр. Бұрыштан арақ пен темекі иісі бұрқырайды.
— Мынау сенің әкеңнің кемесі, — деді капитан бір суретті нұсқап.
Төрдегі «Қара Құйын» кемесінің суретіне көзі түскен Эди бір сәт қатып қалды. Көздері жасаурап, жүрегі шымырлап кетті. — Әке… мен сені қалай да табам… — деген ой санада жылт етті. — Эй, Эди! Мұнда кел! — деді капитан қолын сермеп, емен ағашынан жасалған үстелге жайғасып.
Саламанд — кебаб пен қара эльге, Эди — стейк пен апельсин шырынына тапсырыс берді. Аздан соң, жұлдызсыз түннің иесі саналатын, орта жастағы француз әйел — мадам Клеманс келіп жетті. Қатулы мінезді, бірақ әділетті бұл әйел — Ирмит қаласындағы бүкіл бардель кәсібінің иесі. Ол тек таңдаулы меймандарға ғана жеке қызмет көрсетеді. Ол үстелдеріне жақындап:
— О, қандай қадірлі қонақтар! Сіздерді көруге әрдайым қуаныштымын. Келетініңізді ескертсеңіз, арнайы күтіммен қарсы алушы едік, мырзам, — деді.
— О не дегеніңіз! Мұнда келген сайын риза күйде кетем. Үлкен рақмет, — деп жауап берді Саламанд.
— Сізге жаңадан келіп түскен бикештерімізді ұсынайын, — деді де мадам артына бұрылып: — Линда! Розэ! Жылдам мұнда келіңдер! — деп қатқыл үнмен бұйырды.
Бірі — қызыл, бірі — сары етегі қысқа көйлек киген, бірі — бұйра сары шашты, екіншісі — беліне жеткен қою қара шашты, екі көркем қыз жандарында жайнап жетіп келді. — Мына мырзалар — біздің тұрақты, құрметті
қонақтарымыз. Жақсылап көңілдерін көтеріңдер, — деді мадам Клеманс, сосын: — Қандай да сұрақтарыңыз болса, шақырсаңыз болғаны — ұшып келем, капитан, — деп қосып, бұрылып кете барды.
Қызыл көйлекті бикеш Эдиге жақындай бергенде, бозбаланың екі құлағы ду етіп қызарып кетті. Көзі жерге түсті:
— Мырзам, ммен...
— Жә жарайды білем, әжең құлағыңа «сұлуға мастанған теңізде адасады» деп құйып тастаған шығар… — Капитан ішкі қалтасынан бір уыс күміс ақша салынған қалташығын шығарып:
— Міне, бұл — сенің алғашқы жалақың. Бүгінгі түн — еркін. Қалағаныңша демал, — деп Эдидің алақанына салды. Сосын орнынан тұрып, екі бикешті қолтықтап, артына бұрылмастан жоғары қабатқа көтеріліп кетті.
Эди барға отырмай, дүңгіршектерді аралап, керек-жарағын алып, портқа оралды. Ол терең ойға шомып, түпсіз теңізге ұзақ қарады. Әжесін, достарын, Эдинбургты есіне алды. Әкесімен қайта жолығу мүмкіндігі пайда болғанын ойлап, кеудесін бір жағынан сағыныш, бір жағынан үміт қоса толтырды.