Жаңа өмірге аяқ басты — II

Автор: Жүсіпбек Аймауытұлы

Ел жатқан соң Көкмұрын сары шақшасын қолына алып, басын көтеріп отырып иіскеді. Астынан су жіберген парабоздай, мұрны шуылдап Көкең аз отырды да, шидем күпісін жамылып тысқа шықты.

Көкеңнің ұйықтай алмайтын мəні бар: алпысқа келгенде қатыны өліп, екі жылдан бері бойдақ еді. Кəртайғанда қатыны өлгеннен қырсық не бар? Пəлен жерде жесір қатын бар десе, Көкмұрын өңкеңдеп, құлағын түріп болмайтын. Көкең де – бір қара қасқа кедей. Ерте кезде шабарман болып, ат үстінде жүріп, содан қалған желік кəртайғанша басылмай, өзін бір сүбе кісіге санайтын. Үйінде не төсеніш, не жөнді мал жоқ болса да қабырғасы жабық сөз аузынан түспейтін. Жастар мінезін келемеждеп күлсе, «оу, мына жаман жапалақтың құтыруын!» деп арсылдап Көкең де күлетін. Көкеңнің «жақсылармен» жанасқандағы тапқан олжасы: сары шақшаны мақтап-мақтап, жиылған жұрт бір қағып шығатын.

Көкең тысқа шықты. Дəурен еске түсті. Тырс еткен жан білінбейді. Əр үйдің қасында бірді-екілі сиыры ыңқылдап, күйсеп жатыр. Ай қараңғы. Күн жылы. Аспандағы жұлдыздар да Көкеңе «ойың мақұл» дегендей жылтылдап, жымың қағады.

Ауылдағы əйел біткен – Көкеңнің келіні. Келін екенін тыңдайын деп жүрген Көкең жоқ. Бірақ қолына түспейді. Нұрқанның қатыны мұндай шайпау болар ма, қараңғыда шелекті салдырлатып келе жатқан Көкеңді қатқан торсықпен қақ тұмсықтан беріп қалып, өзі қоңқиып қызара кеберіп тұратын тұмсық кезек алып, қолағаштай болып баржиып кетті. Сондықтан бүгін Көкең ол үй жаққа беттей алмады.

«Додай үйде жоқ. Ұмсындық біртоға, үндемейтін адам еді. Əнеугүні үйіне барып отырып, санын қысқанда, онша ашуланған жоқ еді, қолымды итеріп тастап, бетін шымшып қоя салып еді. Соны бір байқасам қайтеді» деген ой еді Көкеңді тұрғызған. Бір-беткей кісі алды-артына қараған ба: аяғын нығыздап, солталаңдай басып, мұрны шуылдап, үй-үйдің артымен солай таман аяңдады.