Жаңа өмірге аяқ басты — III

Автор: Жүсіпбек Аймауытұлы

Кешке шейін шөп шауып, титығы құрып, шөп Балағанның қасында Додай жантайып, тынығып жатыр еді. Бүйір жақтан бір атты кісі сап ете түсті. Балағанға келіп: «Додай бар ма?» деп дауыстады. Додайдың жүрегі су ете түсті: «Бар!» – деді. Атты кісі Шұлғаудың Соқыры екен:

– Бері кел! – деп айғай салды. Додай дауысты таныды. Орнынан сиыршылап əрең дегенде тұрып, ілгері басқан аяғы кейін кетіп, Соқырға барды. Амандықтан кейін Додай бір пəлені сезгендей:

– Немене, жаным? – деп сұрады.

– Сен өзің кісі емес екенсің ғой. Атымды қинап, əуре қылғаның не?

– Бермеді ме?

– Аяғына да отырғызған жоқ. Обыр ысқаяқ құдайдың атқаны емес пе? Мені əуре қылғаның жетеді енді. Жүр, тайыншамды тауып бер! Мен де борышымнан қысылып тұрмын...

– Япырай, қайдан табайын. Өзім, міне, шөп шауып жатырмын...

Біраз күнге шыдай тұрсайшы.

– Қой, қарағым! Шатпа! Тəлкегің жетеді. Бір сағат та қарамаймын. Неше рет келтірдің...

– Енді қалай қыл дейсің? Жерден қаз дейсің бе? Жалғыз сиырдан басқа малым болса, көріп тұрсың ғой!

– Малың жоқ болса, құрбан жасағанда не ақың бар еді! Менің ол тоқтымды кім болса сол алатын еді. Ағайыншылығыңды айтқан соң бергемін.

– Құрбан шалғаны құрысын! – деді міңгірлеп Додай. Ішінен жылпос қожаның аузына сырғанатты. Сол ит болмаса, өзі кедей Додай құрбан шалып борышқа ұрынар ма еді? Оған не керек: терісін алса болғаны.

Додай олай айтты, бұлай айтты, Соқырды көндіре алмады. Еһелесіп, боқтасып та алды. Бұл əңгі төбелесуден де таймайтын.

Бұ бір құдайдың пəлесі. Аяғында Додайды алып жүрді. Додай былтыр өлген сиырының етін Су Əбділдəға бір тайыншаға сатқан. Су Əбділдə Соқырға бермей жіберген. Енді тағы өзі жүріп, тайыншасын Соқырға алып беруге бармақ болды. Таң атқанша барып келетін болып, байдан бір байтал сұрап мініп, Додай қынжылып жөнелді.