Жаңа өмірге аяқ басты — VIII

Автор: Жүсіпбек Аймауытұлы

Бір күні Додай арбашы ауылына барды. Бадығұл үйінде үш-төрт ат тұр екен. «Кім?» деп еді, «Жолдасбайдың баласы» деді. Додай еститін. Жолдасбайдың баласы үлкен ұлы Əнуар еді. Өзі коммунист дейтін. Додай ерте кезде сол ауылдың қазан-аяғын ұстаған. Жолдасбай дөңгелек күн көргіші бар момын адам болатын. Баласы да адал жігіт деп ел мақтайтын. «Жолдасбайдың баласы» дегенде, көңілдегі қамтамамды айтып қалсам қайтеді деген Додайға ой түсті. Үлкен жерден ұлық боп келген кісі бізді менсініп сөйлесер ме екен? Ұрсып тастай ма? – деп бір күдіктенді. Күдіктенсе де: «Айт, осыған айтып қал! Басыңды кесіп алмас.

«Қазақтың баласы ғой» деп ішінен біреу түрткілегендей болды.

Додай өзін өзі қайрап алып, кісілер отырған үйге сəлем беріп кіріп келді. Ауыл адамдары иек көтеріп: «Аманбысың?» дей салды. Додайдың көзі ішіп-жеп бара жатқанын көріп, бір арызы бар екенін сезіп, төрде отырған «төре» де түсін жылытып:

– Амансыз ба? – деді.

Додай құр атқа мінгізгендей дардиып, басын шұлғып:

– Шүкір, құдайға! Шырағым, аман-есен келдің бе? – деп, қопарылып қимылдап қойды. Додай өзінің танымал екенін, тілеулес екенін сөзімен, кейпімен сездірді.

Додайдың қыбыржып, айтуға бата алмай отырғанын байқап, Жолдасбайұлы:

– Ағай, айтатын шаруаңыз бар ма еді? – деді.

«Ағай» дегені қатынын алып бергеннен кем болмады. Додай жігерленіп, еңбектеп ілгері таман барып, жүгініп отырып, бастан аяқ мұңын шақты. Оның ішінде су Əбділдə да кетті, Көкмұрын да ілінді, Əлібек молда да, Соқыр да, Құныке де, жылпос қожа да кетті. Сөзді тым арғыдан қозғап, жуырда бітіре алмады. Əйтсе де тыңдаған жолдас арызын ұқты. Су Əбділдə келе қалар ма, шақырып алып:

– Мынаның тайыншасын беріңіз. Бермесеңіз, мен арыз жазып беріп, сотқа жіберемін, – деп қысты.

Əбділдə ауыл арасында мықты екен, батырдың көзі алақтайын деді. Дереу сол ауылдан қарызданып, тайыншасын тауып берді.

Қатынын сатып, пайда қылып отырған молданың үстінен сотқа арыз жаздырып алды.

– Молда күшті адам ғой, арты өзіме жаман болмасын? – деп қипақтап еді: «Түк болмайды, кедейдің күні туғанын білмейсің бе?» деп, көп сөз айтып, қуат беріп, бұдан кейін «бұрабасын» (право – даяр.) жоқтайтын жолын көрсетті.

Алғысты бере-бере Додай тайыншасын айдап, үйіне қайтты.