Жаңа өмірге аяқ басты — VІ
Автор: Жүсіпбек Аймауытұлы
Тегіннен таяқ жеген Ұмсындыққа қатты батты: Өксіп-өксіп жылады. Көп жылады. Шешесі жылап кеңкілдеп бүгжиіп отырған соң бес жасар қызы – Шиттей де кемсеңдеді. Апасының қасына таман келіп қолын мойнына қарай апарайын деп еді, апасы итеріп тастады. Шиттей шырылдап, бақырып қоя берді. 7 жасар Тəніке еркектігін білдіріп, тонына оранып көзі былжырап жатқан. О да не болып қалды? – дегендей таңданып ұйқысы шайдай ашылды.
Ұмсындық қатты күйінді. Күйінбей қайтсін? Жазықсыздан-жазықсыз, əйт-өйге қарамастан ұрғаны. Ұмсындық жаман да болса Додайдың көзіне шөп салған емес еді. Келіншек кезінде жалғыз-жарым желбастық істесе де, балалар туған соң солардың тілеуін тілеп, адал жүруші еді. Бірді-екілі сиырдың сүмесін ас қылып, аз да болса тырнақтап балалармен жағаласып, құрт-май алып, қыс көжесіне қатық қылушы еді. Борыштап қысылса, Ұмсындықтың майын мінтеп, соны сатып талшық етуші еді. Байы жалшылықта жүрсе, Ұмсындық «біз үшін жүр ғой деп келгенде шайға май салып беріп, өзінше күтетін. Оның жегенін өзі жегендей көретін. Сөйткен Ұмсындықтың кəдірін білмей, қаңғырған бір төбеттің кесірінен өлгенше ұрғаны жанына батып кетті. Жалғыз сиырға қарап, өзі жарымай отырған Ұмсындыққа жаман ой түсірді.
Бұның мен несіне қызығамын? Не киімге, не тамаққа жарып отырғам жоқ. Менің кəдірімді білмейді екен ғой. Маған сенбейді екен ғой. Тоқтай тұр: мен сені үйретейін. Бұ қорлыққа шыдап отырғанша, мен де өлмес күнімді қылайын. Мендей қатын далада қалып жатқан жоқ. Кім болса сол алар мені. Баймақанның қатыны да кетіп қалды. Күлтай да қайтып келді. Оларға не қылды? Олар барған жерінде қағанағы қарқ болып-ақ отыр... Бірақ балаларды қалай қиып кетер? Олар жетімсіреп қалмай ма? Олар кім көрінгенге көзге түрткі болмай ма? Олардың көзінің жасы кімге?.. Кім жазықты?.. Менің жазығым не? Өз обалы өзіне.
Ұмсындық ұйықтамады... Көп ойлады. Екі бала біріне-бірі тығылып, құнысып, қор-қор етті.
– Келін-ау, түндігіңді ашпай неғып жатырсың? – деп Сырға дейтін кемпір Ұмсындықтікіне келсе, үңірейіп орны жатыр. Екі бала балапандарша үрпиіп, шоқиып-шоқиып көздері жаутаңдап отыр.
VII
Ел қыстауына қонды. Күн салқын тартты. Шиттей Сырғаның қасында жүн түтіп отыр. Тəніке жаман қиды алып, сирағы қарғаның сирағындай қап-қара болып сидиып бүрсең қағып, тезек теріп жүр. Ұмсындық кетті. Келмеді. Балалары анда-санда:
– Апам қашан келеді? – деп сұрайды. Додай жауап бермейді: жөтеліп, көзі жыпылықтап, естімеген болып, не тысқа шығып кетеді, не шұқиып етігін жамайды. Балалар жүдеубасқа айналды. Үй суық, от жағылмайды. Сығырайған қарын терезе жыртылып қалып, ызғырық соғады да тұрады. Додай үйден шығып кетсе, жалғыз бұзау жамырап, еміп қояды. Балалар қарны ашып, əкесінің мазасын алды.
Додай екі барды, үш барды. Ұмсындық келмеді. Өзінде төркін жоқ. Жамағайыны Əлібек молданың қолына барып еді.
Əлібек – «ел адамы». Додайдың қарын суалғанын неғысын, есі-дерті Ұмсындықты сатып, тайынша, торпақ пайда қылуда болды. Молдаға жалынып айтты, жылап айтты. Додайды керек қылған жоқ: «Қатының бармайды. Неғыл дейсіңмен» шығарып сала берді.
Додай қатыннан күдер үзді. Күйінді. Қажыды. «Неге ұрдым?» деп өкінді. Не пайда шерге шер жалғағаннан басқа түк болмады. Басын тауға соқсын ба, тасқа соқсын ба? Не қыларын білмеді.
Сөйтіп жүргенде «Ұмсындықты бір құнан өгіз, бір тайыншаға Тоғанбайдың Əбдірахманы апты» деген хабарды есітті. Бұрын аз-маз дəмеленіп жүретін Додай мүлде қаусады. Əлгі хабарды естігенде Додай жас балаша кеңкілдеп жылап жіберді.
Додай жылап болып отырғанда, жылпос қожа сəлем беріп кіріп келді. Додай бұрын қожаға қол беруші еді, бұ жолы қол бермек түгіл сəлемін де алған жоқ. Қожа келуін келсе де, сасып қалды.
– Е, жəй ренжіп отырсың ба? Мал-басың аман ба? – деді сасқанынан.
– Аман кісі осындай бола ма? – деп Додай тоңқ етті.
– Қайырын берсін! Қатының кеткенін естіп едім... Құдай жеткізер... – деді қожа.
– Қожа, шариғатыңды басқаға айт! Өзің менен аулақ жүр! – деп Додай дүрсе қоя берді.
Қожаның көзі шарасынан шықты. Қалбалақтап: «Бейшара-ау, менен көремісің? Дұғамды бергеннен басқа...» деп келе жатыр еді.
– Дұғаң құрысын! Мені жарылқамай-ақ қой! Сенің кесірің! – деді Додай.
Қожа көп отыра алмады, өкше көтеруге тура келді.