Жауын астында жазылған кітап — ПРОЗАЛАР

Автор: Тимур Мұстафа

. Балаша жылаған шал . Сен… Суықсың . Менің өлі денем 01:30

Айналаға ымырттың қызылы аралас қараңғысы түсіп еді. Мен жүрегімді қақ айырған ауыр кездесуден қайтып келе жатқанмын. Тратуар бойымен зу-зу етіп көліктер ағылып жатыр, үлкен көшенің бойында тізілген шам жарығы әлсіз ғана сәуле шашып тұр.

Біраз жүрген соң, жолдың оң шетіндегі скамейкаға келіп жайғастым. Кешкі кездесудің ойы санамды шырмап отырғанда, аяқ астына бірнеше кептер қонып, айналсоқтап жүре бастады. Сол сәтте менің көңілім бөлініп, ойым үзіліп кетті.

— Эхһһ… — деген өз күрсінгенімді естіп, осыдан бірнеше жыл бұрынғы оқиғалар еске түсті.

Ол кезде мен студент едім. Алматының ауасының өзі ақша тұрады — сондықтан күндізгі оқуымнан тыс уақытта кафеде бармен болып жұмыс істейтінмін. Жұмыс уақыты түнгі екіде аяқталатын. Бір айдан кейін мен бір ерекше жайтты байқадым: күнде түнгі 00:30-да келіп, қантсыз “американоға” тапсырыс беріп, терезе жанындағы орынға жайғасатын, содан 01:30-да үнсіз шығып кететін бір әйел бар еді.

Бір күні ол келмей қалды. Сағат 00:50 болғанда да жоқ. “Қызық, ол ешқашан кешікпейтін еді…” — деп ойладым ішімнен. Сол түні ол келмеді. Ертеңіне тағы күттім. Бір апта өткенде оны күтуді әдетке айналдырыппын.

Бір айдан кейін ауылға қайтатын болып, жұмыстан шығып кеттім. Жаңа оқу жылы басталғанда Алматыға қайта оралдым. Профессор Сапаровтың кешкі лекциясынан шыққан соң, “Караван” газет-журнал дүңгіршегінің жанынан өте бергенімде, көзіме таныс әйелдің бейнесі бір газеттің бірінші бетінен шалынып қалды. Тоқтап анықтап қарадым да:

— Иә, дәл өзі… кафеге келіп жүретін әйел! — дедім ішімнен.

Газетті сатып алып, оқысам — ол “Пушкин” атындағы театрдың актрисасы екен. Кеше кеште оны өз пәтерінде асылған күйінде тапқан көрінеді…

Терең ойға беріліп отырғанда, алдымдағы кептерлердің ұшып кеткенін де байқамаппын. Қол сағатыма қарасам — 01:30. — Қызық, бұл — сол әйел кафеден кететін уақыт қой… — деген ой жылт етті. Орнымнан тұрып, үнсіз үйіме беттедім…

Алматы қаласы, 2016 ж.