Жауын астында жазылған кітап — Жерасты өткелі

Автор: Тимур Мұстафа

Ұзын жерасты өткелінің ортасында ескі шам мүлги жанып тұр. Төбедегі жарық саңылаудан оқта-текте су тамшылап, екінші жақ бөлмеге тамып жатты. Мен арқамды бетон қабырғаға сүйеп, жерге отырып алғанмын. Ара-тұра адамдар өтіп жатты, бірақ ешкім маған назар аудармады — сірә, мені үй-күйсіз жан деп ойлаған болар.

Мен мүлде ештеңе сезбей отырдым, тіпті үскірік аязды да — ал сыртта нағыз қыс, минус отыз градус еді.

Үш сағат өтіп кетті. Айнала тып-тыныш, адамдар да көрінбей кетті. Құлақ тұндырар тыныштық орнады… Кенет санама әртүрлі ойлар үйіріле бастады. Сол сәтте өзімді олардан арашалап қалуға тырыстым, бірақ қанша тырыссам да — пайдасы болмады.

Кенет қалтамдағы телефон дір етті. Құлыпты ашып, бас бармағыммен ескертулер тақтасын сырғытып қалсам — бір ай бұрын жүктеп алған, бірақ бірде-бір рет ашпаған ММО-РПГ ойынынан “квест туралы ескерту” екен. Барлық хабарламаны өшіріп, телефонды қайтадан қалтама салдым. Жан-жағыма бір қарап алып, орнымнан тұрып, үйге қарай беттедім.

Жерасты өткелінен шыққан сәтте алдымнан түнгі қала көрінді — самаладай жап-жарық көшелер, биік аспанмен тілдескен зәулім ғимараттар, олардың кейбір терезелерінде жылт еткен жылы сары жарық…

Терең бір-екі дем алып, көшеде әрі қарай жүріп кеттім. Кенет мұрынды жарып өтетін ыстық тағам иісінен тәбетім ашылып кетті. Жақын маңдағы фастфуд дүңгіршектер тұрған көшеге бұрылып, лапша сататын орынға кірдім. Үлкен бір порция лапша, ащы салат және жарты таба нанға тапсырыс беріп, тамақты бір деммен жеп тауыстым.

Тамақтанып болған соң, шығар есік тұсындағы сағатқа қарадым: 04:32.

«Таң атағанша енді бір-ақ сағат қалды екен», — деп ойладым ішімнен.

Үйге келіп, есіктің алдында сәл кідіріп, кілтімді іздедім. Ақыры, ол есік жанындағы гүл құмырасының астынан табылды. Үйге кірген соң, жарықты қоспадым — өйткені таңның бозара бастаған сәулесі терезелер арқылы бөлмелерді жарыққа бөлеп тұрды. Шаршаған күйде төсегіме әрең жетіп, жата кеттім де, ұйқыға кеттім… терең, ауыр, тұңғиық ұйқыға.