Жауын астында жазылған кітап — Балаша жылаған шал
Автор: Тимур Мұстафа
— Ата, аташым… Аналар неге анау көкелер “Ана” атты ұрып жатыр!? — деді Қалтайдың бес жасар немересі.
Оқиға былай болған еді. Бір күні ауылдың падашысы Шәріп үшінші қатын алған. Соның “гүләйімі” (тойы) әлі басылмаған кез. Өңірдегі бетке ұстар “алқаштардың” бәрі — марқұм Қалтай ақсақалдың жан досы, Шәріптің әкесі Қайыркелді қарияның жайлаудағы серігі — биыл он алтыға толған торы аққасқаны арбаға жегіп алып, дала қонып, ауылдың әр шетіндегі диқандарды аралап, бір шиша дәметіп жүрген сәті еді.
Кезек Қалтай ақсақалдың үйіне де жетті. Іштерінде есі дұрыс ешкім жоқ: бас жазарлық дым қалмаған, бәрі үрпиіскен добалдай алтауы арбаға мінгесіп, сапарларын әрмен қарай жалғастырды.
Сөйтіп келе жатқанда, арбаның дөңгелегі шұңқырға түсіп кетіп, ауыр жүктен байғұс жылқы тартпай тұрып қалды. Әлгі Шәріп қасындағы есергілер есірткен соң қамшыны ала салып, байғұс аққасқаны тоқтаусыз сабалай жөнелді. Жанындағы бір топ масаң жұрт “ха-ха-ха” деп қарқылдап, мәз-мейрам.
Қалтай ақсақал қалтаңдап жеткен сәтте, арбаның үстіндегі біреуі:
— Әй, Шәріп, бір атқа әміріңді өткізе алмайсың, содан ғой, қолыңда әйел де тұрмайды, — деп тиістірді.
Әмәнда қызба мінезді Шәріп қамшысын тастай сала, арбаның оң жақ іргесіндегі суық қара темір ломды ала салып, жылқының арқасынан бар пәрменімен қойып қалды. Байғұс жануардың төрт аяғы қалтырап барып, сылқ етіп жерге құлады…
Қалтай шал орнында состиып тұрып қалды. Сол сәтте не аталап жатқан немересін, не “ха-ха-лап” жатқан алтауды елең қылмады. Көз алдына торы аққасқаның үстінде отырған Қайыркелді досының бейнесі анық келді. Өңешіне тығылған ащы көз жасын тия алмай, иығы селкілдеп, балаша солқылдап егілді…
Сен… Суықсың
Әйгерім профессор Әуэновтың Ежелгі дүние жүзі тарихы лекциясынан шығып, университет кітапханасы орналасқан төртінші корпусқа беттеді. Оның күндегі әдеті — дәрістерден кейін күнін кітапханада өткізу.
Терезенің түбіндегі әдеттегі бұрышына жайғасып, төрт қабаттан тұратын кітап сөрелерінен жаңа кітап таңдауға кірісті. Кеше ғана Муракамидің Норвег орманын аяқтаған еді. Әйгерімнің көзі ұзыннан созылған сөренің соңында орналасқан Ежелгі Андалусия дәрігері Насыр атты қалың кітапқа түсті. Зерделеп шыққан соң, шешімін бекітті: «Иә, бұл кітапты оқығым келеді».
Алпысыншы бетке жеткенде, ойы кітаптан бөлініп, мүлде басқа жаққа ауып кетті. Бұл ойдың оқып отырған кітапқа еш қатысы жоқ еді…
Іс 2012 жылдың көктемінде болған. Ол кезде Әйгерім — көңілі аңғал, 11-сынып оқушысы. Анасы екеуі қысқы каникулда, әдеттегіше, нағашыларына Орынборға пойызбен жолға шыққан. Жол қысқа емес — тұп-тура үш тәулік. Бірақ сол сапар оның жүрегінде, пәк әрі нәзік көңілінде мәңгілік із қалдырған болатын.
“Қызылорда–Орынбор 230” пойызы Байқоңырда сәл аялдап, ары қарай жалғасты. Әйгерімдер отырған купеге бойы ұзын, тыриған, көзілдірік таққан, ресми киінген бір ер адам кірді. Чемоданын бұрышқа қойып, алдымен анасымен «Сәлеметсіз бе!» деп амандасты да, Әйгерімге көзінің қиығымен бір қарап, сыпайы ғана бас изеді. Қыз жүрегінің неге сонша терезеден секірердей дүрсілдегенін түсіне алмай, ұяңдығынан екі беті алаулап кетті.
Кешкі шай үстінде олардың сапарласы — «ҚазҰУ»-да дәріс оқитын жас ғалым, тарихшы Жасын Асфендияров екені белгілі болды. Ол Орынборға совет дәуірінен қалған архивтерді зерттеу үшін бара жатқан екен. Шай үстінде Жасын тарихи деректерді қызықты оқиғалармен әңгімелеп, әр сөзін мағыналы терминдермен көмкеріп, Әйгерім мен анасын тамсантып отырды. Әйгерімге әңгіменің өзі емес, Жасынның даусы, қол сермеулері, маңдайындағы тамырлары бүлк етіп ойға бататын сәттері — бәрі-бәрі қызық еді.
Келесі күні күн найза бойы көтерілгенде, купенің ішін жарық жайлаған. Жасын ұйқысынан тұрып, кофе демдеп ішті де, чемоданынан дәптер мен қалың кітап шығарып, жазуға кірісті. Әлдеқашан оянған Әйгерім тәтті төсектен тұра алмай, үстіңгі орында жатып, оның әрекетін сүйсіне бақылап жатты. Бір сәт Жасынға тағы да көз тастап, қиялға беріліп, иықтарын өз-өзіне құшақтай қысты. Тағы да қарағанда — Жасынның суық, зілді жанарына тап болды. Сол сәтте жүрегі тоқтап қалғандай болды. Күзгі ағаштың соңғы жапырағы түскендей үнсіздік орнады. Қыз дереу теріс қарап, көзін жұмып жатты. Іші алай-дүлей, ұяттан өртеніп бара жатты. Ал Жасын ештеңе болмағандай өз ісін жалғастыра берді.
Кешкі уақытта, Әйгерім Дулат Исабековтің Қарғын романын бел ортасына келгенде жалығып, сыртқа шығып серуендемек болды. Анасы екі күн бұрынғы Қазақ газетінің санын оқып отыр еді.
Қызарып батып бара жатқан күннің сәулесі дәлізді алтын түспен бояп тұр. Терезе алдында Жасын жақтауына сүйеніп, сырттағы ағып бара жатқан көрініске үнсіз қарап тұр екен. Қыз біраз тұрып, ақыры өз-өзіне ие бола алмай, қасына барып, үнсіз тұра қалды.
— Иә, Әйгерім? — деді Жасын салқын дауыспен.
— Мм… мм… ештеңе емес, жай әншейін… зеріккеннен ғана… — деді үзік үнмен.
— Сен екеумізді біреу көрсе, не дер еді?.. — деп Жасын бұрылып бара жатты.
— Сізге сауалым бар еді… — деді қыз дауысын көтере.
«Айта ғой» дегендей көз қиығымен қарады Жасын.
— Сіздің… Әй…
— Сен суықсың. Сыртың жылымық, бірақ ішіңде мұз бар. Ал маған суық әйел керек емес, — деді Жасын қатқыл үнмен.
Қыз жан даусымен:
— Олай емес! — деп айқайлап жіберді.
Жасын кенет сол қолын оның иығына, ал оң қолымен маңдайындағы қою шашын құлағының артына қайырып қойды. Қыз сескене қарап еді, көпке шыдай алмады — көзін төмен салып, жасаурап кетті. Жасынның жүзі бірнеше елі қалғанда, Әйгерімнің жүрегі аузына тығылды. Қорқыныш пен толқу тәнін қалтыратты. Сол сәт Жасын құлағына сыбырлап:
— Айттым ғой, сен суықсың… — деді де, көзінен үзіліп шыққан тамшыларды көрмегенсіп, үнсіз кетіп қалды.
Содан кейінгі бір жарым тәулік Әйгерім үшін тоқтаусыз тұманға айналды. Ол төсекке танылғандай, орнынан қозғалмады. Түн бойы жастығы көз жасына малынды. Ал Жасын ештеңе
болмағандай, үнсіз әрі салмақты күйінде қала берді. Содан бері бірнеше жыл өтті. Әйгерімнің жүрегінде сол кештен бері Жасынның «Суықсың» деген сөзі жаңғырып тұрады. Сол жауабын есту үшін ол Алматыға, ҚазҰУ-ға оқуға түсті. Университет әкімшілігінен, профессорлардан да сұрастырды. Бірақ ешкім Жасын туралы ештеңе білмеді. Ал қазір… көз алдындағы қалың кітаптың әр бетіне қарап отырып, ол түсінді: Жасынмен арасындағы алшақтық — сол кітаптың аяқталмаған парақтарындай болып, уақыт өте ұлғайып бара жатыр… Менің өлі денем
Мерт тыныштық… Төрт қабырғалы тұйық бөлме. Ескі бір шкаф, сықырлаған ағаш төсек — үстінде менің салқын тартқан өлі денем жатыр. Кейде ғана төбедегі кішкентай саңылаудан келесі бөлмеде тамып жатқан судың дыбысы естіледі.
Біршама уақыт өткен соң мен өз денеме жақындап баруға бел будым. Бастапқыда қорқынышты еді… бірақ ақыры бардым. Өзімді әр жерден ұстап көрдім. Көзімді сәл аштым — ішін аппақ бос әлем басыпты. Шашымнан бірнеше талды жұлып алдым — денем селт етпеді.
Сосын бала күнімде жаттап, бетіме күлкі үйіретін Пушкин өлеңдерін дауыстап оқи бастадым. Артынша анам кішкентай кезімде ұйықтататын әлгі бесік жырын айтып шықтым. Алты рет қайталадым. Кейін өлі денемнің қасына, төсектің шетіне жайғасып, әкемнен естіген (мен үшін алғаш естігенде өте қызық болған) әңгімелерді айтып көрдім. Бірақ денем қозғалмады… сол күйі, үнсіз, қимылсыз.
Кенет жанымды үрей биледі. Айғай салдым — бірақ өз даусымды ести алмадым. Өзімді ұра бастадым — бірақ ештеңе сезбедім. Басыма айналу келді, жүрегім шымырлап шаншыды — бірақ тағы да еш әсер жоқ…
Сол сәтте санама шындық келіп тиді:
«Мен енді мүлде сезімсіз адамға айналдым… Жанымда бір тамшы да эмоция қалмаған.»
Жылағым келді, бар даусыммен егіліп жылағым келді — бірақ бір тамшы жас та төгілмеді…
2020 жыл, 8 қыркүйек. Суық күзгі кеш.