Жауын астында жазылған кітап — 19.11.2019.
Автор: Тимур Мұстафа
2023 жылдың қоңыр күзі. Әдеттегідей кешкі 19:30-да кеңседен үйге шықтым. Аялдамаға жеткенімде бойымнан біртүрлі суық дір етіп өтті.
«103» нөмірлі трамвайдың соңғы рет өтетін уақытына әлі 17 минут бар екенін сағатыма қарап білдім.
Аялдамадағы төрт орындықтың қақ ортасына отырғаным сол еді, қалтам «дызд-дызд» етіп дірілдеді. Телефонды көтердім: — Алло, тыңдап тұрмын. Ар жағында колледжде бір топта оқыған ескі досым екен. Хал-жағдай сұрасқаннан кейін: — Кешкі жаңалықтарды естімедің бе? — деді. — Жоқ.
— Әлгі сені тастап кеткен қыз бар еді ғой… Бүгін жол апатынан мерт болыпты, — деді.
Сол сәттен кейін жерде жатқан телефоннан естілген: — Алло… алло… — деген дауысты да,
— Кешіріңіз, сіз мінесіз бе? — деген трамвай кондукторының сөзін де елемей, үнсіз отыра бердім.
Төбемнен «тарс-тарс» еткен дыбыстар шықты. Басымды көтеріп алдыма қарасам — айнала аппақ жаңбыр. «Қызық, кеңседен шыққанда аспан ашық еді, жұлдыздар жарқырап тұрған…» — деп ойладым.
19.09.2023. Сағат: 20:13.