Күлпаш — II
Автор: Бейімбет Майлыұлы
Аштықтан басқа Күлпаштың мазасын алатын тағы бір ой бар еді. Ол ойдың Күлпашты қинағанына бүгін екінші күн. Қыстың бас жағында, жұртпен қатар соятын малы болмай, жалғыз атты ұрып алып, Мақтым жаяу тілек тілеуге айналған соң, Күлпаштың бірге туған сіңлісі Раушан келіп Күлпашты азғырған:
— Осы жаманмен біраз күн өмір өткіздің ғой. Ендігі қалған өмірінді қорлыққа салма... жыл болса ауыр, осы бастан азбас, тозбас қамынды ойла... — деген.
Күлпаштың көңілін аудару үшін Раушанның ұсынатын адамы Жұмағазы.
— 40 – 50 қарасы бар. Бір ауылдың байы. Бұрынғы қатынынан бала қалған жоқ. Жасы биыл тап 40-та. Оған тисең, өзің би, өзің хан боласың!... — дейді Раушан.
Қыстың бас кезінде ептеп күнделік тамақ тауып ашыға қоймағандықтан «байынды тастап, байға ти...» дегенде, Күлпаштың жүрегі тас төбесіне шығып кетті.
— Қарағым, Раушанжан-ау, аузың барып неғып айтып отырсың! — деп еді...
Арадан екі-үш ай өткен соң аштық шеңгелін қаттырақ салды. Тұрмыс түрі қиындыққа айналған соң, әсіресе, баласының тамақ сұрап жылағанына жаны төзбеген соң, кейбір кейістік тартқан уақыттарда Күлпаштың ойына Раушанның сөзі түсетін болды. Бірақ, ол сөздің өзіне пайдалы, я зиянды екенін бұл уақытқа шейін айырып білген емес. Әйткенмен соны ойлайды, неге ойлайтынын өзі де білмейді...
Әрі-сәрі болып жүргенде сіңлісі Раушан тағы келді. Күлпашты көріп аяды, жылады...
— Енді өлесің ғой, жазған, мен биыл не айтып едім?! — деді.
Күлпаш үндемей ойға шомды. Жүрегінде таласып тұрған екі ой бар: «Жұмағазыға тисем, тамағым тоқ, көйлегім көк болар еді... Калижанды да ашықтырмауға болар еді...» деп ойлайды; «Жастан қосылған қосағым еді. Оны жылатып тастағанда не оңам!..» деп те ойлайды. Екі ойдың бірі жеңіп шыға алмай, өзі қатып отырған Күлпаштың басын одан жаман қатырады...
Күлпаштың қажығанын, нақ бұрынғыдай қарысып кетпейтіндігін сезіп Раушан сөзді кесіп айта бастады:
— ... Мына күйіңмен ұзаққа бармай өлесің. Сені өлімнен құтқаратын бізде де әл жоқ. Өзіміз де сол Жұмағазыдан күн көріп отырмыз... енді, сөзді қойып, соған ти!.. — деді.
Күлпаш күрсінді:
— Қалижанды қайтем? — деді.
— Ойбай, апа, баланың басы құрысын, әуелі өз қамынды же, артынан алдыра жатарсың, — деді.
Байын ауызға алмай, баласын ғана атағаны — Күлпаштың әбден әлсіреп, ескі қайрат, шыдамдылықтан айрылғандығын білдірді. Жұмағазының нұсқауымен келген Раушан, апасының жайын сезген соң істі біржола бітірудің қамына кірісті.
Күлпашты қызықтыра сөйледі.
— ...Не бар тамақ соның үйінде: бұзылмаған қазы, бүрулі ет, шұжықтың саны жоқ... Әлі күнге дастарқаннан наны үзілген емес. Сені алып беремін деп біздің үйдегі күйеуің сөз қылғанда, «одан артық қатынды іздесем де таба алмаймын ғой» деп қутың-қутың етеді...
Бұзылмаған қазы, бүрулі етті есіткенде Күлпаштың аузынан суы ағып, ынтығуға айналды. Бүрліктірген аштық, тамақты есіткен соң, Күлпаштың еркін алып, жеңгендей... жүрегі дірілдеп, көзі қарауытып «тием!..» деген сөз еріксіз аузынан атылып шыға жаздап отырып:
— Әй, қарағым-ай! — деп өксіп жылап жіберді. — Қарағым- ай, өздерің білші... мен естен танған кісі ғой... — деді.
Жамаулы күпіге оранып бүрісіп жатқан Қали жыбырлап:
— Әже!.. — деді.
— Ау, қарағым! — деді Күлпаш.
— Әкем келді ме?..
— Қарағым-ау, әкеңнің қарасы батсын!