Күлпаш — III
Автор: Бейімбет Майлыұлы
Таңмен кеткен Мақтым әлі қайтқан жоқ. Күн батуға барып қалды. Боранды ызғырық азырақ серпіліп ашылып, бұлттың жиегінен шыққан күн Мақтымның жамаулы терезесінің көзінен көрініп, босаға жаққа нұрлы сәулесін шаша бастады.
Күлпаш пештің қасында. Жанында бүрісіп Қали жатыр. Ойға шомып біраз отырып, «уһ!» деп ауыр күрсінді. Бұл күрсіну — күн батардың алдында катындардың от жағып, тамақ асатынын еске түсіргендіктен шығып отырған емес, бұл жүректі қаптап топтанып, іші-бауырын елжіретіп, тұла бойын удай жайлаған калың касіреттің, ауыр дерттің ұшқыны еді. Бұл дертті Күлпаштың кірсіз таза жүрегіне салып отырған сіңлісі Раушан. Раушанға қосымша болып ызғарын төгіп бүрліктірген аштық!..Өткен өмірінде ойына келмеген істі Күлпаш істегелі отыр. Байынан айырылып екінші адамға, өткен өмірінде ойына кірмеген адамға тиюге уәде берді... ертең мәңгі кетпек. Бірақ қалай кетпек? Қалай айрылмақ?.. Оны Күлпаштың өзі де білмейді.
Раушан кеткелі ойлағаны жалғыз Мақтым. Мақтымның өзін айттырып күйеу болған шағы көзіне елестейді:
... Жазғы кез... Мақтым ұрын келген. Түксиген қабақ, қушық мұрын, еңкек денелі қара сұр жігіт. Жұртқа қалай көрінетінін өзі білсін, әйтеуір Күлпашқа ұнауы анық.
Күлпаш бір көргеннен-ақ тәуір көріп кеткен. Содан бері екеуінің арасы әлі тәуір: біріне-бірі наз қылып сөйлескенде: «екеуімізді қара жер айырар» деп серттесетін... Мақтым үйде азғана жоқ болса, «қайда кетті» деп келгенше ынтық болатын Күлпаш осы... Сүйткен Мақтымын бүгін тастамақ. Әй, рақымсыз аштық-ай! Кімдерді жылатпады, кімдер жыламады!
Күлпаш өксіп жылап жіберді.
Бүрісіп жатқан Қали қозғалып:
— Әже, — деді.
— Немене, қарағым?
— Әкем келді ме?..