Күлпаш — V
Автор: Бейімбет Майлыұлы
Марттың іші. Жетіге созылған боран бүгін ғана ашылып, жылы шуақ күннің көзі ықтасындағы қардың бетін жылтыратып, терлетіп жатыр. Жерде де бұрынғыдай ызғар жоқ: арық малдар тысқа шығып, күн шуақтықтағы боқтықты, шөпті тіміскіп жүр.
Ұзыннан созылған ауылдан оқшау, жеке, маңайында бұдыр жоқ, калың күртіктен моржасы зорға көрініп тұрған шеткергі үйге ауыл сыртындағы жіңішке жолмен жастау әйел аяндай басып келе жатыр.
Бұл — Күлпаш еді. Жұмағазыға тигеніне жиырма күндей болған. Аштықтың қанды тырнағы Күлпашты бұған да көндірген. Бірақ аштықтан құтылған екем деп қабағы ашылған Күлпаш жоқ. Жұмағазының үйіндегі жиырма күн жиырма жылдан ауыр болды. Әсіресе Қалиды сағынды. Жұмағазының үйіне барған күннің ертеңіне түнде Қали түсіне кірді: Күлпаш үйден шығарда «қалқам» деп барып Қалидың бетінен сүйгенде, өкпелеген адамдай аузын бүртитып, тұрған орнында қалшиып қалып еді.Түсінде де сол күйін көрді. Аузы бүртиып, көзі әлдеқайда бірдемеге тіреліп қатып қалған... Күлпаш «қалқам» деп бауырына тартса да, тас секілденіп орнынан қозғалмайды...
Бір күні түсінде Мақтымды көреді. О да ренжулі, о да ашулы. «Әй, әй!» деп Күлпаш бір-екі рет сөйлесе де, Мақтым жауап бермейді...
Дүниедегі ең жақсы көретіні байы мен баласын ренжітіп, өзінің бас сауға қылып кеткенін Күлпаш енді ар көре бастады. «Өлсем солармен бірге өлсем болмайтын ба еді?!» деген ой кірді. Бір жағынан Мақтым жайын ойлайды. Ала дорбаны мойнына іліп алып таңмен тамақ іздеп кетсе, тапсын-таппасын кешке бір оралып соқпай қоймайды. Сондағы азаптанып жүргені қатын-баланың қамы, соларды аштан өлтірмеудің жабдығы, сөйтіп жүрген адамның кадірін білмей тастап кететін не жөні бар еді?!.
Күлпаш барғалы қайғы үстіне қайғы жамап, ақырында, бүгін Жұмағазының үйде жоғын пайдаланып, келе жатқаны еді. Күлпаш бұл жолы түрлі ойға мініп келеді. Мақтым ренжімесе, басқа байға тидің деп ашуланбаса, ескі тұрмысқа қайта қайту да ойында жоқ емес.
Аяғын екі-үш басып қайта-қайта сол жақ қойнын сипап қарайды. Қойнында екі кесек ет бар: біреуін Қалиға, біреуін Мақтымға деп жасырып пісіріп алған.
— Қарағым-ай, етті көргенде не дер екен? — дейді оқта-санда.
Ауылға төніп келгенде екі-үш ит үріп алдынан шықты. Күлпаш елеген жоқ, кіре беріс шеттегі Ыбырайдікі еді. Биік қылып соғылған аққаланың басында Ыбырай тұр екен. Күлпаш оны да абайлаған жоқ. Жүрегі алып-ұшып үйіне жеткенше асықты.
Ыбырай танып:
— Ау, келінбісің? — деді.
Күлпаш сәлем қылды да жөнеле берді, Ыбырай бірдеме айтқысы келген кісі секілденіп, аққаладан аяғын бір-екі басып түсіңкіреп барып тоқтады.
Күлпаш үйіне жетті. Лапастың есігіне көзі түсіп, жүрегі қалтырап тіксініңкіреді. Есіктің алды күртік қар, із дегеннен дым жоқ!.. Малтығып басып барып үйдің есігіндегі қарды аяғымен ысырып, есікті ашуға айналды... жүрегі лүпілдеп соғып, көзі қарауытып бір түрлі қорқыныш пайда болғандай тәрізденді. Бірақ неден сезіктеніп корыққанын өзі де біле алмады. Білетін жайы да жоқ еді...
Жан дәрмен қайраттанып зорға дегенде салдама есікті қозғап, сықырлатып ашты. Суық леп бетке соқгы. Терезеде жарық жоқ, үй тастай қараңғы.
Күлпаш қалтыранып кетті, үйге кірерін де, кірмесін де білмеді. Бір аяғын табалдырықтан ішке салып, есіктен қолымен ұстап қалтырап:
— Қарағым! — деді.
Үн жоқ...
— Қарағым, қайдасың?.. Әй, бармысың?..
Жауап жоқ...
Күлпаш не қыларын білмеді. Жалтаңдап артына қарады.Жүгіріп терезеге барып күртік қарды қолымен қопарып ашты. Нұрлы күннің сәулесі жамаулы терезе арқылы үйге түсіп, жарық қылды. Түс кезі екен, күн тұп-тура пешке түскен...
Қарды тастай беріп Күлпаш жалма-жан сығалап еді, пештің жанында ұйлығып, бүк түсіп құшақтасып жатқан әкелі-балалы екеуіне көзі түсті... Іші елжіреп көзіне жас келді. Ұйықтап жатыр екен деп қуанып, малтыға, сүріне үйге кірді:
— Қарағым, Қалижан, тұр!..
Төніп келіп Қалиды сүйейін деп ұмтылғанда, көзі Мақтымның көзіне түсіп кетті: көзі адырайып, аузы ашылып, тісі ақсиып жатыр екен!..
Күлпаш шошып:
— Әй... — деді.
Бұдан кейін не болғанын өзі де білмей өліп жатқан байы мен баласын құшақтай құлады.
1922.