Күлпаш — IV

Автор: Бейімбет Майлыұлы

Далада тықыр білініп сықырлап есік ашылды. Қыржиып тырысқан қысқа тон, қаудырлап қатқан жаман тымақ, аяғында қонышысынан басылған жаман етік; мойнында дорбасы бар, жағы суалып, көзі адырайып, адам бейнесі кеткен біреу есіктен кірді.

Бұл — Мақтым еді, Күлпаш жалт етіп қарады да мұңайып кетті...

Қали басын көтеріп алып:

— Әке, келдіңбе?

— Келдім, қарағым!.. — деп кемсендеп, калтылдап жыртық етігін сықырлатып, үйдің ортасындағы бағананың түбіне келіп Мақтым салбырап отыра кетті.

Қали сүйретіліп тұрып, екі көзі Мақтымның мойнындағы дорбада, ептеп басып жақындады.

Мақтым жылап қоя берді:

— Қалқам-ау, дым жоқ!..

Күлпаш та жылады.

Қали ауыр күрсініп, тәлтіректеп басып барып күпісіне оранып, Күлпаштың қолтығына басын тыға бүрісіп жата кетті.

Көп уақыт өтті. Қас қарайып, үйдің ішін қою қараңғылық қаптады. Мақтым бағанаға сүйеніп әлі отыр, оқта-санда уһілейді.

Күлпаш ойға шомған адам тәрізденіп біраз отырып, бір кезде шошынған адамдай кенет басын көтерді:

— Әй, — деді.

Дауысы бір түрлі қалтырап, үйдің ішін жаңғырықтырды.

— Жай ма?

Күлпаштың үні бітті... не айтарын білмеді... көзінен мөлдіреп жас төгіле бастады...

— Қатын, бірдеме айтайын дедің бе?

— Әшейін... бүғін Раушан келіп еді...

— Жай келіп пе?

Күлпаш тағы сөйлей алмай, көз жасына булықты. Әлде не уақытта тағы да:

— Әй, — деді.

— Немене, жазған, айтсайшы!

— Біз осы қайтеміз?

— Қайдан білейін.

— Біз өлмейміз бе?

— Өлетін шығармыз!..

— Біз... — деп тағы тоқталды.

— Біз... біз... айрылсақ қайтеді?!

Мақтым әлденеге қозғалғандай болды. Үй іші тым-тырыс. Жаңа туған айдың сәулесі түсе бастады..

— Қатын, сен не деп отырсың?

— Айрылыссақ?!

— Раушан айтты ма?

— Ия.

— Қалиды қайтесің? — деп, Мақтым кемсендеп, өксіп жылап жіберді.

— Әттең кедейлік, әттең аштық, қылдың-ау!..

Пеш пен Күлпаштың арасындағы қуысқа тығылып бүрсең — деп жатқан Қали тағы қозғалды:

— Әже, — деді!

— Қалқам-ау, не қыл дейсің?

— Тондым!