Күнікейдің жазығы — КӨШКЕНДЕ

Автор: Жүсіпбек Аймауытұлы

Ол күнге жиырма жылдан асып кетті, жиырма бес жыл да боп қалған шығар. Ол күнде айдабол, күлік, ақбура, тұлпар, қозған, қақсал Шідерті бойын жайлайды. Өлеңті мен Шідерті – қатар аққан өзен. Өре басы Есіл Нұрадан келе ме, кім білсін, Өлеңті – Ақкөлге, Шідерті Жайылмаға барып сарқады. Онда Шідертінің суы мол кезі. Жалғыз-ақ Шиқылдақ аулы болмаса, о кезде Шідерті бойын қыстаған ел де жоқ. Сəуірдің алашабыр бұлты арылмайақ Баянауыл, Қызылтаудағы қалың сүйіндік атандарын алқынтып, бұйдасын көш құлаш созып, Бекембай, Арқалық, Жаманадыр, Желдіадырдан асып, Шідертіге қарай ағыл-тегіл құлай бастайды.

Жонның қар суымен шығып, желкілдеп тұнып тұрған бидайық, шалғын жеймін деп жанталасып күліктен алдымен Ноқаң ауылы көшеді. Ноқаң малсақ кісі еді ғой. Ноқаң түннен көшеді, үдере көшеді. Қатын баланың жақ жүнін үрпите, көзін іріңдете, иегін дірілдете, көлікті зорықтыра, арықты өлтіре көшеді. Қызылтаудан он бес көшкенде Шідертіге түседі. Ноқаң ауылы өзге ел барғанша, жонның соны шалғынына қардай шүйгіп, аш қасқырмен арпалысып, малының түгін тартса, майы шығады.

Ноқаң кеткен соң, Ордабай ауылы да қопаңдайды. Өлертірілеріне қарамай, олар да айдайды. Айдағанмен Ноқаң бір сағым – жеткізбейді.

Ордабайдың қыз-келіншектері бəт құндыз бөріктерінің үкісі желкілдеп, жорға мен жүйрік мініп, алдыңғы көшке сыдыртып өте шыққан, кереге, уық құрымын теңдеген ала шолақ, тарғыл шолақ сиырының соңында күзеген көк байталмен қалықтап келе жатқан Күнікейдің зығыры қайнайды. Тақымды бір қысып, қамшыны бір басып, шаба жөнелгісі келеді де – талабы тас болады. Күнікей азуын шайнайды.

– Осынша топтан бір жібі түзу мал табылмады ма? Мінбеймін шолақ байталға, – деп Күнікей о баста-ақ азап салған, бірақ шешесі:

– Қарағым-ау, сүйгеніңді мінетін өз жылқың ба? Тигенімен жүре бер, құдай жеткізер... – деп, бастырмаған.

Шынымен дейсіз бе? Жоға, онысы əншейін ғой. Күнікей бедеу мініп қылаң ұрса, төбесі көкке жетпес пе еді? Күнікей тұрсын, астындағы құлағы қалтиған, қарыны қорылдаған шобырға өз көңілі де бейжай.

Шекер «құдай жеткізер» десе де, жеткізбесін іші сезеді. Бір көшті, екі көшті, үш көшті. Кəне жеткізгені? Жалаң бұ жолы ма? Жеткізбегелі қашан? Күнде көзін қызықтырып, бай қыздарының сəнденіп, құтырынып жүргені анау. Бұл ой Шекердің басын жегідей жеді. Шекер шара іздеді, оны ойлады, мұны ойлады: байдан да, құдайдан да «жəрекім алда» болмасына көзі жетті.

Шекердің қабағы, еріні аттай тулап келе жатқанда, бай балалары көп жылқыны күндей күркіретіп, қиқулап айдап, сиырды басып кете жаздап үстінен өтті. Астындағы жаман неме де бүйірі қызып:

– Ий-еһе-һу-о! – деп үйірсек тұлпарымсып, шіңкілдеп басы мен құйрығын көтерейін деп еді Шекер:

Кет əй, өлімтік! – деп бір езуін жұлқып, шолақ сабауымен желкеден бір қойды.

Жылқы лек-легімен өтіп жатыр.

Уай, дүние шіркін-ай! Анау қара ат, торы ат, құла бие, жирен бие, əне бір құла биелерге Шекер де, Күнікей де мінер ме еді!

Қаздия, қақия отырып тақымды жапсырып, өкшені қадап тастап, көк көйлектің етегін, ақ шаршының ұшын делеңдетіп, елпілдетіп, елеңдетіп желер ме еді? Анау боқ мұрын Шоқандардың астындағы ақ селеуді Күнікейдің астына берер ме еді; Шекер кедейлікті, қорлықты, қойшыны бір күн, бір сағат ішінде талақ қылмас па еді? Бірақ оған қолы қалай жетеді? Кім жеткізеді?

Құдай ма, бай ма? Жоқ, жоқ, жоқ! Өзі, өзі жетуі керек!

Көп жылқыны еріккен балаларға айдатып, өзі Түгелбай адырына мана жосып кеткен қысырақты қайырып, тымақтың желкесін мықырайта киіп, құрығын сүйретіп, жылқышы Домбай келе жатыр екен. Деңгейіне таянғанда Шекердің көзі от боп жайнап, шобырын борбайға бір көміп, сиырдан оқшаулана беріп:

– Əй, Домбай! Қайырылшы, – деп, қамшысын шошайтты.

Домбай байдың көп жылқысын өз маңдайына біткендей буланып жүретін есерлеу жігіт еді, өйткені көшкенде көршілерге ептеп өз таңдауымен де ұстап беруші еді. Анда-санда байдың, бəйбішенің көзі түсіп: «Пəленшеге ол атты неге бердің» дегенде: «Содан қолайлы аттың реті болмады, таң асырып жіберейін деп ем, жылқы өріп кетіп, өзге аттың жөні келмей қап еді» деп жоқтан өзгені сылтау қылып жұбата беруші еді.

Осы Домбай ана жылы бір түні Шекерге қол салғанда, Шекердің онда іріленіп жүрген кезі ме, өзге себеп болды ма, кім білсін, əйтеуір меселі қайтып еді. Содан бері Домбай түйеші Жаманайдың жаман Тəукішін талшық қып, Шекерден күдер үзіп кетіп еді. Енді көк көйлегі көлеңдеген, байбатшалармен айналыс қылатын Шекер медіресін қылған соң не жаны тұрсын, қысырақты «Вищит!» деп, бір ыршытып жіберіп, айғырын шаужайлай берді. – Е, Шеке, жақсы ма?

– Жақсы емей, жаман деймісің?

– Атың келісіпті ғой.

– Ой, құдай атқыр! Осынша жылқыдан бір тəуір мал қолыңа түспеді ме? – дегеннен-ақ Шекер мойнын былғаң еткізіп, көзін төңкеріп жіберді, іші білді, мұрт күлді.

Шекер бірталай сөйлесіп, жымиып қайтты.

Немене апа? – дегенде:

– Саған бір жақсы ат бер деп тапсырдым. Ертең жүгенді өзің апар! – деді (бұрын атты Жұматай таз əкелетін).

Ертеңгі кеште Күнікей құйрық-жалы Шəмшидің шашындай төгілген жарау тобылғы торы биені алып келді. Көк байталдың жанында дүлдүл тəрізді.

Шекер бұрын да айтқан ғой, жаман шомыттарын сиырларына артып, өзі жөнеліп бара жатып, Күнікейге тағы да:

– Бар, ана Шəмшилердің қасында бол! Елеңдеген мал көрінеді, жығылып қалма! – деді.

Күнікей қызылшаң белбеуімен қыпшасын қылдай қып буынып, қызыл тақиясының үкісін дөңгелете сілкіп, желпілдетіп, кебісін тазалап киіп, атын жетелеп, байдың жұртына барды.

Байдікі он шақты түйеге жүгін артып болған екен. Тұрғызған түйелерді салды балақ малшы қатын жетелеп тіркеп, алдыңғы түйені тау кеншіктей сирақ Қырықбайына ұстатып қойған екен. Жаулығы қоқырайған Қара бəйбіше күптей боп жұртта шалқиып тұрып, кейбір жүгі ауған түйелерді көріп:

– Дүйсенбай, Дүйсенбай! Сен қайда жүрсің ана ауған түйені бұрмай? – деп шаңқ-шаңқ етеді.

Дүйсенбай маңдай терін шапанының етегімен бір сүртіп, далақтап жүгіріп барады.

– Сен, неғып тұрсың, бозбала жігіт боп сіресіп; қымыз ішкенде сондайсың... қолыңа жұғып кете ме? Бар, ана түйені бас арқанды тарт, атты ертте!.. – деп Қара бəйбіше көрші жігіттердің онысын оған, мұнысын бұған жұмсап, бұйырып тұр. Жігіттер үн-түн жоқ, жүгіріп қауқалаңдап, мықшыңдап, бұйрығын орындап жүр.

Е, мына қыз да сəнденіп шығыпты ғой. Мынау атты бұған кім берген? – деп, Күнікейге де көзі түсіп кетті.

Күнікей қыпылдап, сазарып, түк айта алмай қалды.

– Апа-ау, не қыласың. Біздің қасымызда жүрейін деген ғой, – деп, Шəмши ара түспесе, Күнікей торы биеге қош айтысатын еді, Шəмшиге де нөкер керек қой.

Күнікей атын көп атқа матастырып, жұртта таранып, сыланып жатқан Шəмши, Шəлкендердің жанына келді. Шəмшиден жылы сөз естігенге ме, кім білсін, жердегі белбеуін, сəлісін əперіп, шолпысын сыртына шығарып, жылпылдаған болды.

Қарыны кебежедей бір можа биеге малшы қатын мінем деп, үзеңгіге аяғы жетпей мықшыңдап жатыр еді.

Ана жаман күңді атқа салып жіберші, – деп, Қара бəйбіше Сəрсембайды жұмсады.

Сəрсембай:

– Əй, өлімтік-ай! – деп, малшы қатынды мықынынан бір түйіп, ашасынан алып, аттың үстіне бір қойды.

– Тоқта, қағынды! Атымды алайын, – дегенге қаратқан жоқ.

Малшы қатын ыржиған болып, критон көйлегін жуырда астына баса алмай, ердің үстінде бүкшеңдеп, қопылдай берді.

– Əтшу, əтшу! – деп бəйбіше көшін жөнелтіп, бір қатынға құман ұстатып, түзге жөнелді.

Бəйбіше келгенше нөкерлер қара пəуескеге пар атты жегіп, дайындап тұр еді. Даяршы қатын мен екі кішкене немересін қасына алып, бəйбіше пəуескеге мінгенде, Күнікей тажалдан құтылғандай демін бір алды.

Оған дейін ауылдың қыз-келіншектері де көштерін мана жөнелтіп, түзеліп киініп, аттарын жетелеп, байдың жұртына бірбірлеп жинала бастап еді. Ат ерттеген, ат ұстаған жігіттер байдың қыз-келіншектерін аттандырып, етегін жөндеп, шылбырын аттың мойнына байлап, сарыбас қамшыларын əперіп, баптап жөнелтті. Күнікей сияқты көршінің қыздары атына өздері мінді.

Күнікейдің көзі Шəмшиде. Үлбіреген ақ мəре көйлегі аяғын қалай жапқанын, етегін қалай жинағанын, үзеңгіге аяғын қай жерінен салғанына шейін байқап, өзі де сондай болғысы келді. Бұ да үзеңгісін табаның орта кезінен салды, шапанның етегін Шəмшише тақымына қыстырды. Бірақ өзгесін келтірсе де, көйлегін кебісінің тұмсығына жеткізе алмады, қалай созғыласа да болмады. Əнтек қысқалау екен.

Қыз-келіншектер жұрттан былай шығып, қатар түзеген соң, Шəмшидің боз жорғасынан қалмасқа бəрі де желді. Күнікейдің биесі желісті екен: жайнаңдап, резеңкедей созылып, ағызбақтай сумаңдап барады. Алдына шығып кетсем, байдың қыздары қызығып, ендігі жолы алып қоя ма деп, Күнікей атының басын тежей берді. Қашағанға, жарысқа көп салынып, желікпе боп қалған жандар екен, қызып ала-ала жөнелді.

Шəмши боз жорғасын тайпалтып, ерден көтеріліңкіреп, қамшыны бір басып еді, көбінің аты шоқырақтап шауып кетті. Сүйтіп келе жатқанда артта қалып, насыбайын атып алған жігіттер қуып жетіп:

Ал, жарыстық! – деп, айғайлап өте шықты. Бұлар да жіберді аттың басын.

Ала сəуледе жасыл шөпті жапырып, өкпек желді естіріп, көкіректі керіп, тым-тырағай айдап келеді. Шу дегенде боз жорға шықты алдына, оған тете Күнікей келеді құйғытып: шапқан сайын ызғып барады. Шəмшиден озбайын деп, атының басын тарта береді. Бірақ қолын сірестіріп, жұлып əкетіп барады. Əлі келгенше тартып бақты. Шəмши ұзап алып, артына жалт-жұлт қарап, масаттанып қояды. Артқылар таянып қапты. Өзгесін қойшы. Тыржықайдың шөп желке қара қызы да жетіп қапты. «Саған озғызғанша» деп Күнікей аттың басын жіберді. Жіберіп еді, биесі ағып кетті. Ағыны мұндай қатты болар ма? Өкпек жел дауыл боп көзінен жас ыршып-ыршып кетті. Жығылып қалар ма екем деп ойлайды. Бірақ тақымы сүйсініп барады. Көштегі атты, арбалы, сиыр айдаған, түйе жетелеген жандар бір-біріне қосылып, үздіксіз тізбек боп, құйындап, зымырап артта қалып барады. Күнікей кетті: бəрін де артына доптай лақтырып өтті. Көк байтал да, шолақ сиыр да, таз Жұматай да, қойшы Құлтума да естен шықты. Жалынды жаңа, жат дүниеге кіргендей, тамыр біткені, жүрегі оттай заулап, көтеріңкі, асқақ сезім кернеп, анау көгерген аспанмен ағып келе жатқандай болды. Сиыр айдап келе жатқан апасы қызының қарсы алдында үкідей ұшып бара жатқанын көргенде:

– Ойбай-ау! Жығыласың ғой! Тарт басын, тарт! – деп безектеп, шырылдап, тебініп ұмтылып еді. Күнікей: «Жығылатын кісің мендей бола ма?» дегендей қамшыны бір сермеп, құйғыта берді.

Көштің алдына таман шығып, бұдырдан асып, алдынан Арқалықтың көлденең жотасы көрінгенде, Күнікей артына бір қараса, Шəмши қапты далада. Манағыдай емес, енді Шəмшиден қорыққан жоқ; бойына бір ерлік, өжеттік пайда болған тəрізді. «Қашанғы қорғалай бергенше, бір ұрып алайын» деп ойлады. Астындағы бедеуден өлсе айырылғысы келмейді.

Əлден уақытта қызының ойқастап барып тоқтағанын көргенде, Шекер бір тамсанды да жымиды.

– Қарағым астына ат түспей, қор боп жүр екен ғой! Не боса, о босын, бəрінен де озды. Тілеуің берсін, Домбай! – деп, тақымын бір қысып қойды.