Күнікейдің жазығы — КҮН МЕНІКІ
Автор: Жүсіпбек Аймауытұлы
Күнікей ойысып барып бедеуін тежеп, шашыраған етегін жинап, көшке қараса, Қара бəйбішенің пəуескесі көш алдына түсіп қалған екен.
Қара бəйбіше көштің қыр соңынан жөнелсе де, божы ұстаған жалақ Нөкені «Айда, айданың!» астына алып, жолдағы сиыршыларды кие-жара, арбаларды соқпырта, бұзауларды бүйірден түртіп домалата, қос құласын шаптыра желдіре, көштің алдына түспей көңілі көншімейтін.
Күнікей озғанына мардамсып, қоқиланып бұрылса да, қара пəуескені көргенде жүрегі зырқ ете түсті. «Мына тажалдың көзі тағы шалып қалмаса игі еді» деп қауіптенеді. Күнікейдің бағына қарай бұ жолы Қара бəйбішенің қанталаған ала көзі сүмектей боп танауратқан тор бедеуді шала алмай қалды. Өйткені пəуескенің ернеуіне еңсеріле асылған бəйбішенің көзі көште келе жатыр еді.
Неге десеңіз, Ордабайдың үш баласы үш ауыл ғой. Олар бəйбіше қатыннан. Қара бəйбіше – Ордабайдың тоқал алған қатыны. Бəйбіше өліп, өзінен екі ұл, үш қыз туған соң, бұ да бəйбіше атанған. Сөйтіп, Ордабайдың төрт ауылы бірге көшетін. Бəйбіше балаларының көші бұрын жөнеліп, озып кетсе, қонғанша Қара бəйбішенің аузында да, астында да дамыл болмайтын. Бұл жолы да Ордабайдың үлкен баласы Омардың көш алдына түсіп, көрші Көшербайдың жырық кемпірі күндігі қайқайып, ала биені тебініп, жырық сары атанды қарсы алдына салып, шуда қақтырып, жеткізбей келеді екен. Олардың қыз-келіншек, малшы, құлшылары да Қара бəйбішенің сырын біліп алған ғой: көштің ауған-қалғанын ат үстінен түзеп, қасақана айдатып келеді екен.
Манағы атына міне алмайтын кертанау мықыр Тұрсынға:
– Əбілет-ау, атың жүрмей келе ме? Неғып бақайын қыбырлатып келесің? Өлімтіктің қолына шыбық та түспегенін қарасайшы!.. – деп Қара бəйбіше зығырланып, шабынса да, көштің орта кезіндегі қырсау қара атан мұрны созылып ауырған соң, «Не де болса бəлесін бір-ақ көрейін» деген немеше кегжең етіп, бас жібін (бұйдасын) шарт еткізді.
– Ай, ай! Ана ақ шелек тағы қалды! – деп түйе басын тартқан биеші Дүйсенбай кейіп, баж ете түскенде, көш жетелеп келе жатқан Тұрсын бұрылып аялдайын деп еді, Қара бəйбіше одан жаман шарылдап:
– Тоқтатпашы көшті, тоқтатпа!.. Əй-й, салды балақ сасық күңай! Сенің шашыңды жұлмасам ба! – деп ойбай салды.
Со кезде Күнікей пəуескенің ар жағын орағытып, көштің тасасымен қыздарға барып қосылды. Апасының бəсекесін жаттаған Шəмши де арттағы бір бунақ көште қара інгенді бір қызға жетектетіп, сарбас қамшымен қара терге шомылған борбайға шыпылдатып ұрып келеді екен. Жанынан Күнікейдің өткенін байқаған жоқ.
Артқы көштің деңгейіне келгенде бос жүруге арланып, бір жағынан, «Бұ да болысып келеді екен» десін деп, Күнікей тартынып қалған бір түйеге жанаса кетіп, бас жібін іліп алды да, естісін дегендей: «Əтшу, əтшу!», – деп, дауысын шығарды. Шəмши артына қарап: «Е, Күнікеймісің? Тірке». – деді. Күнікейдің «немқұрайды» ғып, өтірік жарамсақтанып келе жатқанын қайдан білсін. Шəмшидің жүзінде зіл көрінбегенге Күнікейдің де көңіл жайланайын деді. «Бай балаларының бəсеке таласқаны мұндай жақсы болар ма? Бізге жалынышты болады ғой. Бізсіз бұлардың күні бар ма?..» деген ой келді.
Күнікей түйені тіркеп, тақиясын түзеп киіп, оң жағына қарағанда Ордабай айналасының барлық шаңырағынан да үлкен күлімдеген қызыл жақұт күн көктің бір өңірін сары алтынға малып, екі түйенің арасынан абажадай боп адырдан суырылып келе жатыр екен. Мана Арқалықтың басын жалап тұрған алтын сəуле заматта ылди біткенге шашырап, ол сəуленің жуан ортасында Күнікей де келе жатыр еді. Өңі қашып тұрған көк шөп, қызылды- жасылды, сарылы гүлдер де аты бəйгеден келгендей, ажарланып, жылтырап, құлпырып ала жөнелді. Шарықтаған сайын үдеткен бозторғайдың шырылы, боталардың қоңыраудай сыңғырлаған жіңішке, сұлу, қаяусыз зары, енелерінің ауық-ауық қоңырлата бастап, қоюлата көтеріп, бір жоғары, бір төмен толқынтып, жіңішкерте, сүмірейте созып: «У-ү-ү-һ», – деп барып басылған ырғалаң боздасы сайын даланы жаңғырықтырып, өз алдына бір гөй-гөй тартып, біріне-бірі ұласып, қызғыштай қытқылдап, қырғидай шықырлап бара жатқан арбалардың шиқылы: «Апа, деймін, бауырсақ, ірімшік...», – деп, кебежедей басын шығарып қара қожалақ жас балалардың ызыңдаған қыңқылы – бəрі де бүгін Күнікейдің жанына майдай жағып, дүние өзіне бола жаралғандай, алтын күн өзіне бола туғандай көрініп келеді.
Күннің мұндай айбынды, сұлу екенін Күнікей бұрын көрсеші! Мына күн тап өзінің, өз үйінің күні тəрізді. Жып-жылы, жапжарық!
«Əтшу-əтшу, мойнағым! Шырла-шырла, торғайым! Қарның ашты-ау, ботақан! Мə, ірімшік берейін, қоя қой енді, қалқатай!.. Əлі-ақ ауыл қонады, ашқан қарның тояды...» деп ойлағанда, бала күнде ауыл көшкенде айтатын:
Ертең ауыл көшеді,
Түндік бауын шешеді.
Қара қойым қашады,
Кұмалағын шашады, –
деген ойыншық өлең есіне түсті. Күнікейдің балалығы ұстап кетті: бозторғайша аспанда, қызыл гүлді, алтын күнді мадақтап əн салғысы келді. Сол кезде іркіс-тіркіс түйелер де біріне-бірі жалғанып, қатар түзеп көш сəніне кірді. Қыз-келіншектердің қолы босап, бастары қосыла бастады. Тыржықбайдың қызы:
Жосалының басынан жоса алмадым,
Жорға мініп алдыңнан тоса алмадым.., –
деп, «Ай-ай сəулем» деген əнді жөндеп сала алмай ыңырсып, əуре ғып келе жатыр екен. Күнікей мұрнын тыржитып, жаратпады. Айтты-айтпады, кəзір сондай жай қоңыр, шобыр əн салатын шақ па? Қорғалдақтай шымырлатып, бозторғайдай шырылдатып, шырқап, қалықтатып, сорғалатып салатын шақ емес пе?
Қыздардың ортасына Шəмши де кірді. Көшін жөндеп оздырғанға көңілі бір демдегені ме, кім білсін.
– Е, əн салып келесіңдер ме? Кəне айтыңдаршы! – деді.
Байдың қызы жоқта ыңыршып келе жатқан жаман-жұман қыздар:
– Ойбай-ау... жоқ... əншейін... – деп, құты қашып, дымын қоя қойды.
«Өңшең шірік күң! Онысы несі? Салмайтын несі бар? Соған бола ма, өзіме бола саламын» деген кісіше, көңілі тасып келе жатқан Күнікей ешкім «айт» деместен:
Бауырында Шұбартаудың қос балапан.
Сол таудан дария толқып су тараған.
Сұлу қыз, əсем жігіт – бəрі сонда
Япырым-ау, неге келдім сол арадан?
Сол арадан а-ай Əкуда-дай... –
деп, сайын даланы жаңғырықтырып, көшті басына көтеріп, сұңқылдатып қоя берді. Қыздар: «Мынау қай жақтан шыға келді?!» дегендей ауыздарын ашып қарай қалды. «Өзімді қошамет қып, əн салды ғой» деп, Күнікей бір ауыз өлеңді бітіре бергенде Шəмши бір қопарылып, мойнын бұраң еткізіп:
– Əй, Күнікей-ай! Сен бір жанып тұрған отсың ғой! Е, көңіл ашар деп осыны айт! – деп көпшіктеген болды. Өйткені бұрынғы көште бүйтіп суырылып соғып жіберетін қыз қасында болмаушы еді. Күнікей Шəмшидің ол қошаметіне құлақ қойған жоқ, жүдемелете-жүдемелете 2-3 əнді тастап-тастап жіберді. Сол-ақ екен:
Біржанның төңкерілген дауысымен, «Ешкіөлмес ел жиылды бауырында!..» дегендей-ақ Күнікейдің аққудай сұңқылдап, күмістей сыңғырлап, бұлақтай сылдырлап, бұлбұлдай құбылтып, бұлқындай жұтынып, жүйкені босата, сүйекті шымырлата сорғалатқан, кестедей нақысты, ботадай сүйкімді, балдай тəтті, күндей сұлу əніне көш бойындағы қыз-бозбала, қатын-қалаш жиналып қалды.
– Е, базар мұнда екен ғой!
– Көп жаса, шырағым!..
– Қалғып-шұлғып келе жатқанда, ұйқымызды шайдай ашты ғой... Ой тілеуің берсін!..
– Тағы да, қарағым, тағы да... – десіп қатындар да көтермелеп:
– Шешесі Шекер ғой! Бұ қыз тегін өледі деймісің?.. – деп аңыз қылысты.
Астындағы торы бедеудей бауыры жазылып алған Күнікей, құдай берген өнерді аясын ба? Жұрт анталап, топ көбейген сайын аруақтана, дəуірлете соқты, делебесі қозған бір-екі қыз да Күнікейге қосылып кетті. Күнікей бірталай айтып, айызын қандырған соң, ерігіп келе жатқан жұрт:
– Ал, бозбалалар! Сендер де айтыңдар! Қыз екеш қыз да айтып келеді, – деп кеу-кеулеген соң Мұсатай, Əйтікен сияқты бозбалалар да керіліп, ырғалаңдай, көзін ашып-жұмып, айғайды салып, бүгінгі көшті ойын-сауық қылып жіберді. Сауықтың арты «ұйқы ашарға», «аударысқа», «көкпарға» айналып, жұрт дырду-думанмен қонар жерге келіп қалғанын да білмеді.
Жолшыбай шидің, қарағанның, томардың түбінен үйректің жұмыртқасын тауып алысып, бозбалалар қаншыр қуысып, көк шалғынды жосылтып, өңшең саусылдаған, дулаған жастар көштен бұрын келді. Келсе, Арқалықтың бөктеріндегі Атшоңқайға көш басшылар да жетіп, жатық көгалдан ауылдарына жұрт сайлап, көп жұмыс тындырған немеше шіреніп-шіреніп тұр екен. Күнікейлер де аттан түсті. Бозбалалар ат ұстап, қаңтарып, матастырды. Ат екпіні, күн қызуымен алқынып, қызара бөртіп, ісініп келген жастар белбеулерін шешіп, шапанын тастап, желпініп, Күнікей сияқты көршілердің қызы көш келгенше тезек теруге жөнелді.
Көш келіп, байдың үйлері үлкен-үлкен жабасалмасын жасап алған кезде, сиырларының тілін салақтатып, сілекейін шұбыртып, бүйірін солықтатып, жүгіріп, сиырларын ұстап, жүгін түсіріп жатқанда Шекерлер де келді. Түтігіп, Күнікейге:
– Сайтан-ау! Сонша шауып... астыңдағыны алып қойса қайтесің? Маңдайыңа басқан атыңнан жаман... – дегенде, Күнікей жайымен жұмыс істеп жатып:
– Ойбай, апа-ай! Ат беретін кісі мендей бола ма? Бүгінгі күні менікі болған жоқ па! – деді.
– Не дейді, ойбай, мына қыз? – деген соң, Күнікей бүгінгі əңгімесін айтып шықты.
Шекер түк айта алмады.
– Сен бе? – Сен!.. – деп тамсанып жымиды.