Күнікейдің жазығы — БЫЛАЙ

Автор: Жүсіпбек Аймауытұлы

Өлеңнен кейін «орамал тастамақ» болды. Бұл елдің əйелге бар көрсететін бір артық сыйы: жігіт орамал тастаса, қыз үн-түн жоқ барып сүйер еді, қыз тастаса, жігіт үш ауыз өлең айтып сүйер еді. «Орамал тастамақтан» өлең білмейтін топастардың мысы шықты. Айтайын десе, əрі жұртқа естіртерлік дауысы, өлеңі жоқ, əрі қыз сүйе алмау намысы. Өте-мөте жамбастап жатып, қызға қылжыңдаған «мырзаларды» құдай ұрды. Кейбірі: «Қара таудың басын», енді бірі: «Арияйдай дегенге арияйдай, ақ серкенің мүйізі қарағайдайды» айтып, тағы бірі жаңылып, тұрып қап, жұртқа күлкі болды. Төменгі жақта отырған жағымпаздар: «Со да болар» деп, жуып - шайды.

Бір реті келгенде, Күнікей орамалын Байманға тастады. Байман қақ ортада ойын басқарып жүріп, орамалдың кімнен келгенін білмей:

– Бұ кім? Бұ кім? – дегенде, Күнікей қызараңдап, қасындағы құданың артына бұғып кетті. Күнікей екенін білген соң, Байман домбыраны қолына алып:

Дүние бір қисық жол бұраңдаған,

Бақ тайса, ерге дəулет құралмаған.

Меңзеген асқар тауға есіл көңілім,

Дүниеде еш нəрсеге тына алмаған, –

деп, өзінің бақсыз, дəулетсіз, бірақ көңілі көп жерде екенін аңғартқандай болды. Өзі шығармаса да, өзіне лайықтап жаттап алған өлеңі ме, кім білсін, содан кейін көзін Күнікейден алмай отырып:

Бір түлкі шұбарланған қашар шыңнан,

Көңілім əлдеқалай жауабыңнан

Жібек пен түрлі перен белін буған

Казақта бала бар ма сендей туған?

Бұлтпен аспандағы бетін жуған,

Сықылды ақ балапан, тұйғын қуған.

Құдайға сонда риза болар едім,

Баланы бір көрсетсе, сенен туған, –

деп, келіп, Күнікейдің бетіне таянды. Бұл өлең əркімдерге-ақ айтылатын өлең болса да, «Жібекпен өмірі белін бумаса» да, Күнікей өзіне арнап шығарылған өлеңдей көріп, əрі насаттанып, əрі өзіне көпсініп, əрі «тұйғын қуған ақ балапандай» сасқалақтап, ұялып, Байманның қолы тигенде денесі шімірігіп қытықтанып, қараңғы жерге қарай тығыла берді. Жұрт мақтап жүрген балуан, ер, өлеңші, өнерлі, топ басы Байманға не бетінен, не тамағынан, не аузынан, не тілінен сүйгізерін білмей, қай жерінен сүйсе де аяғандай емес, буыны босап кетті. Байманның отты лебі бетін жыбыршытып, таяна бергенде, жалт қараймын деп аузына дəл келіп қалды. Қараңғы жерде ернін емізе түсіп қайрыла бергенде, өзі де құшырлана шөп еткізді.

– Міне, бізге ұқсап сүйіссеңдерші? – деп Байман басын көтерді. Тегін сүйіс емесін сезді: бір күрсініп қойды. Мана сұңқылдатып əн салғанда, дауысында бір соны күш, бір түрлі нақысты ырғақ, бір «қитұрқы» барлығына сүйсіне: «Уа пəлі!» – деп, бір айғайлап, көтеріп тастап еді. Енді еті тығыршықтай жұп-жұмыр денесіне қолы тиіп, дөңгелектеу жанарлы қара көзі мен көзі айқасып, уытты, тəтті ернін татқан соң, сарт айтқандай: «Мұнысында бір гəп бар екен» деп, түйді де қойды.

Ойын созыла берді. «Хан қалай?», «Белбеу соқ», «Тақия жүгіртпек», «Сақина тықпақ», «Мыршым», «Ондай қылма, мұндай қыл», «Лəпи молда», «Қалдырма қақи», «Балтам тап...» сияқты сүйісетін, белбеумен ұрысатын, жұдырық жұмсайтын, емшек ұстайтын, қол қысатын, тағы талай қол жұмысы аралас ойындарды адақтаған кезде, жігіттер түрегелісіп, «құр-құр» қалмақ ойыны сияқты жақтан ұратын, күш сынасатын ойындарды да істеді. Шалқасынан сіресіп жатқан жігітті аяғынан көтеріп тұрғызуға, екі аяғын айқастыра ұстап, бүкшиген жігітті бір қолтығына қысып, иығынан асыруға, белбеуден ұстасып, бірін-бірі басын төмен салбыратып, шалқая бергенде, дөңгелекше айналдыруға келгенде Байманға тең келер жігіт болған жоқ.

Жігіттер ойыннан жалығып, Жұмабек құданың əнін тыңдауға, көбі қасындағы қыздарымен шүңкілдесуге кіріскен кезде Күнікейден жарымады ма, кім білсін, сол жағындағы құда тұрып тысқа шығып кетті.

– Мен де бір дамыл алайыншы, – деп, ашық орынға Байман барып жантайды, Күнікей қымтырылып орын берді. Оң қарап, қылымсып, мойнын тұқырта, көзін қырындата, құбылта, қайтақайта «ə» деген майда даусын созып, жоқтан өзгеге күліп сөйлесе бастады.

– Мен байқамай жүр екем ғой, – дегенде, Күнікей шұғылдан қоюлана біткен қою қара қасының қақ жылғасын өбістіре көтере қойып:

– Кімді? – деп, көзін төңкере қарады.

– Сені.

– Оны неліктен айттыңыз?

– Жақын адам екенбіз ғой.

– Е, со ма? – дегенде, жаратпаған адамша тұмсығын көтерді.

Онысы Тұяқты күйеуім деуге қорланған еді. Байман Тұяқтармен ағайын ғой. Осы ауылда бір қойшының қызы – Тұяқтың қалыңдығы бар деп естігені болмаса, «қойшының қызы» деген соң, қай бір тəуір қыз дейсің деп, оны елеп, сұраған да емес еді. Жəне Байман бұл ауылмен биыл үйір боп, топтан, ойын-сауықтан, дүрмектен, қымыздан қолы босанбай, көбінесе, «мырзалармен» ат үстінде жүрген жігіт қой. Құда, күйеулер үйінде, қыздардың арасында жаңа өспірім қайқы төстеу қара торы қызға көзі түсетін, бірақ тым жас қой деп, көз тоқтатпайтын. Сол қайқы төс, қара торы қыз өзінің жақын жеңгесі екенін манағы сүйістен соң біліп, қасына келгенде, бастаған əңгімесі сол еді.

Күнікейдің: «Е, со ма?» деп, жаратпағанын Байман байқаған да, елеген де жоқ.

– Уа, Тұяқ біздің ағамыз болады, – деді.

– Ағаңыз келіскен екен, – деп Күнікей ернін шығарды.

Байман қарқылдап тұрып күлді. Тұяқтың сыры өзіне мəлім ғой.

Жұрт:

– О, немене, Байман? – деп қарай қалды.

– Əншейін бір сөз, – деп Байман аңғырт күлкісін тоқтатып, қайта əңгімеге кірісті.

– Өлгенше күлдіңіз, тегі, ағаңыздың бір ақауы бар ғой, – дегенде.

Байман:

– Жоқ, ойбай! Түгі де жоқ... Ол қолы іскер жігіт, – деп жұбатпақ болды.

Содан кейін Байман: «Жеңешем екенсің ғой... Ойбай, жеңешетайым-ай! – деп, Күнікейдің қолын екі алақанының арасына салып, аялап отырды. Бір сөздің кезегінде Байман:

– Жеңгейдің бір бұты адал... – деп келе жатқанда, Күнікей ернін тістеп, қолын қысып қалды. Байман тым ожар кеткенін сезіп аузын жұма қойды.

Əлі беті ашылмаған нəуетек Күнікейге добалдай Байманның

«жеңгей» дегені əрі ерсі, əрі қызық, жода, жат көрініп, Күнікей бой жетіп қалғандығына көзі жеткендей дардиып қалды. Байманмен əзілдесу, күлісу, еркелей қылымсу жанына жағымды тиді.

Күнікей Байманды əнеугіден бері білетінін, құда аударғанда, күресте, көкпарда оның бас бəйге алғанын, жұрттың оны мақтап жүргенін анда-санда үзіп-үзіп, алқынып, аз сөзбен еріксіз айтып қап отырды. Күнікей сөйдегенде, Байман:

– Солай ма? Мен білсемші! Жеңгетайым сырттан бəрін байқап жүр екенсің ғой? – деп, Күнікейдің қолын бауырына тартып, жүрегіне басып, сипап қояды.

– Əнеугіден бері жеңешеңізге бір келіп амандасуға жарамай, ағаңыздың қадірі барлығы ғой... Кісі көргендей үйіміз де, күйіміз де жоқ, сонда да... – деп, Байманды бір састырды.

– Құдай ақына, құдай ақына! Бұл ауылда деген есімде жоқ... – деп, Байман қалбалақтай берді. Манағыдай емес, байқап сөйлемесе, əр жерден-ақ шалдыратынын сезді.

Байман басымен өзінен ұтылып, кішірейгені, қалбалақтап, көзін жыпылықтатып, жалынған іспетті болғаны Күнікейге одан бетер қызық, ермек сияқты көрінді. Жұрт əлдеқандай қол жетпес қып көтеріп жүргені болмаса Байман бала мінезді аңқаулау, ақ көңіл, салдыраған жігіт екен.

Сол мінезіне елігіп, ерленіп, желденіп, Күнікей не сөйлеп, не қойып отырғанын да білмеді. Оған сенгендігі сонша – барлық сырын айтып салудан да тайынатын емес еді. Дəл бір құда болатын кісіше, оның ауылына баруға асыққан кісіше, Байманның неше ағайынды екенін, əке-шешесін, малын да сұрады. Байман кедей кемпір-шалдың жалғыз баласы екен. Əкесі құдай деген бірəдар адам екен. Байман қалтқысыз аңқылдап, сұрағанын айта берді. Күнікей бірталай қипақтап, сөз аралатқан болып отырып, Байманның қатыны бар-жоғын да сұрады. Байман балаша ыржиып, бетіне жымия қарап, басын шайқап: «Жоқ» деді. Байманның өтірік айтады дерлік түрі жоқ. Қасы-көзі, аузы – бəрі татаусыз сайрап шын айтып тұрған тəрізді. «Жоқ» дегенде Күнікейдің көңілі бірдеме дегендей, албырт кеудесінен лебін бір шығарып қойды.

Таң таяу болса керек: сол əңгімемен жатқанда, қатындар қайтамыз деп қозғала бастады. Өзге қыздарға қыбыржу кірген соң, Күнікей де қолын Байманның қолынан суырып тұруға оқтанып еді, Байман қолынан тартып отырғызды. Қыздар ереуілдеп түрегеліп, шам тасаланып, қараңғы болған кезде Байман мойнынан құшақтап, өзіне тартып, аузынан бір сүйді. Күнікей тілінен сүйгізіп, тұра беріп еңкейіп бетінен бір «шөп» етті де, жарықтағы қыздарға қосылды. Байман есеңгіреп кеткендей əнтек сұлық жатты да, дереу ұшып түрегеліп:

– Ой, немене, қайтпайсыңдар! – деп ақырды. Жігіттерді шақырып, есікті бастырып, қатындарды қамап алды. Қатындар шығамыз деп омыраулады. Оларға құдалар қосылды. Ауыл жігіттері: «Шығармаймыз, жол аламыз» деп бірін-бірі итермелесіп, опыр-топыр тартыс басталды.

Байман ауыл жігіттеріне даурығып жүрсе, бірсыпырасы қатындарға қосылып, түсін суытып: «Жіберу керек» дегенді айтты. Байман онысына түсінбеді. Оны айтушылар: мана қыз-бозбалаларды аралатпа отырғызғанда, көңіліндегі қызы қасынан табылмағандар, бай балаларының ішіндегі бір-біріне күндестер, Байманды бұралқы көрушілер, оның ауызға ілініп, бай балаларына жаққанын көре алмаушылар, өздерін маңына дарытпай жүрген Күнікейді меңгеріп əкеткенін қызғанушылар немесе құдалардан өздері жол алып, пайдакүнем, өнерсіз күншілдер, тоғышарлар еді. Байман арсалаңдап жүріп, ондай сасық ойларын сезбеді.

– Сендерге не болған? Ауыл намысымызды жібергеніміз бе? Жолды келістіріп алайық та, – деп те көрді. Ол сөз құлағына кірмей, əлгілер өзді-өзі күбірлесіп, біреулері:

– Майлыбай, сен барсайшы, сөйлессейші! Құдалардың беретіні не екен?– деп өз араларынан біреуді жұмсады. Майлыбай барып сөйлесіп «бітістік» деп келді.

– Ал енді қайтесіңдер? – деп, қатындар өздері жеңгендей масайрап, кимелеп, Шəмшиді ортаға ала, есікке лап берді.

– Бітіссеңдер болғаны, – деп Байман тұрып қалды.

Майлыбай қалтасын қамти ұстап, жаудан түсіріп алғандай одыраңдап, өңшең Байманға қарсыларды соңынан шұбыртып, қызыл көрген құзғындай анталатып, олжаны бөліске салуға үй артына жөнелді:

Өзіне қарсылар екенін білмей:

– Уай, уай! Біз де бір атаның ұлы едік қой! – деп, Байман да омыраулап барса да, Майлыбайдың уысындағы күміске өзді-өзі таласып, қырылысып, төбелесіп, өліп қала жаздағанын көрген соң, аяғында арашашы боп, олжаны ұмытып, жігіттерді боқтап, жөніне кетті.

Қатындар қалыңдықты ортаға алып, оң жаққа шымылдық құрып: «Шымылдық құрар», «қол ұстатар», «шаш сипар», «төсек салар», «етік шешер», «ірге тебер», «көрпе қимылдатар» кəделерін «жол менікі, сенің жолың анау жолы біткен» десіп, керілдесіп, керісіп, таласа-тармаса бір жапырақтан жырымдап алысуға, оның артын ала жаздай өсекке, пыш-пышқа, араздыққа айналдыруға байдың үйіне қарай ентелесті.

«Біз де осындай боламыз ғой, Шəмшидікі қандай болар екен?» деп таңырқаған қыздар сол дырдудың ішінде бара жатты. Олармен бірге Күнікей де кетті. Дүрмекпен келе жатқаны болмаса, Күнікейдің қиялы сағымдай бұлдырап, сол сағымның ішінен біресе екі тірсегі ботанікіндей майысқан, басы бір бөлек, кеудесі бір бөлек кейқуат Тұяқ елестеді, біресе екі иығына екі кісі мінгендей, көзі алақандай, шүйдесі тоқпақтай Байман елестеді. Елес кейде алыстағы мұнарланған жалғыз ағаштай елбеңдеп, үзіліп-созылып, кейде самауырда көлденеңнен көрінген беттей екі езуі жырта қарыс, басы сиырдың жапасындай боп көрінді.