Күнікейдің жазығы — ӨЗ ЕСЕБІ

Автор: Жүсіпбек Аймауытұлы

– Ат бастатқан тоғыз болса керек...

– Саған кім айтты? Жамбы бастатқан дегені қайда?..

– Бұйырмасын, тай тұяқ, оған өңештемей-ақ қойыңдар!.. Сақау Іңкарға айтқан екен, Іңкар біздің Несібелдіге айтыпты. Несібелді аузы-мұрны қисаймастан маған айтты. Өтірік айтса, жаны шықсын, – деп түзге барған үш қатын көйлектерін тізесінен асыра түріп қойып, ыстандарын қызартып, беті-қолдарын жуып жатып, біріне-бірі бой бермей, Дəмегөй:

– Бұйырмасын, мұрнымды кесіп берейін, – дей бергенде:

– Дəмегөй-ау, құртымдай құрғырыңды кесіп беріп сымбылбайыңмен дем аласың ба? – деп, арт жағынан Қатыш келіп, иықтан бір салды.

Дəмегөй:

– Көтек! – деп селк ете түсті.

Қатыш қастарына келе, ыстанының бауын шешіп, бөксесін алды-артына изеңдетіп, артқы етегін лақтырып тастап, жапалақша далп етті.

– Е, араласып жүрген мына қатын біледі ғой! – дескен соң, Қатыш ыстанының бауын бір қолымен ұстап, шəугімді алып жатып:

– О не? – деп сұрады.

– Қыз ибасын айтамыз, – десті.

– Шүйінші берсең, бəт құндыз бастатқан тоғыз, – деген соң таласып отырған үшеуі біріне-бірі ернін шығарды.

О кезде Қара бəйбіше кілем төсегінің кемерінде Көксаумен аузы-аузына жабысып отыр ед.

Əңгіме мынау:

Шəмшидің қыз ибасын төрт кісі сұрап, соның қайсысына беруді Қара бəйбіше Көксаумен ақылдасып отыр еді.

Көксаудың шын аты Ыбырай ма, Ысқақ па, Баймұжық па, Жүндібай ма? Кім білсін, əйтеуір өмірі күркілдеуден көз ашпаған соң, жұрт «Көксау» деп кетіп еді. Кейбір жек көретін кісілер оны «Пітне» деп те атаушы еді.

Көксау мойны мықырайған, көзі бақырайған, бет-аузы жұртта қалған сірідей тырысқан, қол-аяғы шидей, бойы шүкиттей бір жарқанат еді. Көксаудың араласпайтын сөзі болмаушы еді: көбінесе əйелдер мен еркек арасына елшілікке жүруші еді. Көксау білмейтін ел жапсары, қатын өсегі, партия, пəле жоқ еді. «Жақсылар» кейде аңғырт кетіп бара жатқанда Көксау қасына таман еңбектеп барып:

– Оның бір кестесі бар, өзіңізге ұғындырайын... – деп, бірдеңені күбірлеп, мыңқ ете қалар еді. Айтқанындай-ақ, ондай жұмыстың «кестесі» табылып, Көксаудың топшылауы дұрыс шыға бергендіктен, мырзалар оны: «Ін түбінде ойлап жататын байғыз» деп те қоюшы еді. Көксаудың екі қатыны мен қызы мырзалардың аяқ ылауы еді. Оны Көксау сезсе де сезбегенсіп жүре берер еді. Бір есептен мырзалармен белдесерлік күші де жоқ: жаман, аз атаның тұқымы. Анау Құлтума, Дүйсенбай, Сақаулар осының ағайыны: оның бəрі бай тұқымының малайы, атарман-шабарманы, бір есептен мырзаларға жалынышты: өз тұқымына түскен алым-шығынды түндік басына үлестіру, жинау, олардың арасынан мал табу Көксаудың қолында. «Жақсыларды» жанап, жеңге болғандықтан, алпыс үйді өзі билегендіктен, орташа ауқат бітіп, орта шарқы үй боп қалды. Бір есептен қатын-балаға қатты сөйлеуге өзінде пəлендей қауқар да жоқ. Жəне бай тұқымынан тұқым алғанды, бала көргенді жаман ойы теріс көрмейді.

Қара бəйбіше Сүлейменді ауызға алғанда Көксау тыртиып, қыржиып:

– Ой, тəйірі-ай! Баяғыда пəленшенің қара шаңырағы еді демесек, о бір берекесіз адам ғой. Қас болып қастығын, дос болып достығын көрсетуге жарарлық кісі емес, не керек? – деді.

Расында Сүлеймен партияда ел аларлық, дүние шашарлық, салдақ боларлық кісі емес, біртоға, сыпайы, шаруақор адам еді.

Қара бəйбіше Ыбырайымды айтқанда, Көксау оны да жаратпады.

– Шопан атаңнан қыз алғаны болмаса, о бір қарау ит емес пе? Қайтсем малым қалады деп, партияда екі жақты кезек алдап, безбеннің ауған жағына шыға кетеді. Керек десе, өзінің үш түндігіне ие бола алмайды. Оныкі тек əншейін, бір сылтау болсын, əйтпесе ол берсең де алмайды, – деді.

Анығында Ыбырай кім болыс болса, соның жемі еді. Оның ту биесінде, еркек қойында ерік жоқ: болыс керек қылған күні шабарман бажылдатып, ұстап əкетер еді. Болыстық осы ауылда тұрғанда, тым құрыса, бір алуына кіпарат болар ма екен деп, Ыбырай өп-өтірік тілеулестігін білдірмек еді.

– Қожбандікі ше? – дегенде:

Жо-жоқ. Оны атақ қылма! – деп, Қара бəйбіше қолын сермеп, безек-безек етті. Өйткені оның керім сал қара қатынымен баяғыда байы тамыр боп, талай түнгі сыбағасынан құр қалдырғаны өлмей есінен кетсін бе? Бəйбішенің бетін байқаған соң, Көксау да таласқан жоқ. «Бұ кəпір əлі ұмытқан жоқ екен» деп ойлап:

– Оның ауылы да шалғай: бала-шаға шұбатылып бару да қиын ғой, – деген болды.

Сонымен олай-бұлай екшеп келіп, қыз ибаны Рақыштікіне беруді ұйғарысты. Ол ауыл əрі жақын, əрі бастас: өз тұқымы, əрі тілмəш та сол, елдің бір тұтқасы ғой. Рақыштың кер ауыз қатыны былтыр көш-жөнекей Шəмшилер түскенде, қой сойып бермей, қатқан етпен жөнелткеніне бəйбіше ішінен наразылау боп, бір қаржуын қайырам ба деп жүруші еді. Сонда да Көксаудың дəлелдері басым келген соң, айтары болмай қалды. Ана бəйбіше балаларының болыс болғанын қаламаса да, оны сыртына шығара алмады. Өз балалары əлі жас қой. Ал былтырғы өкпесін сылтау қылуды тым болмашы нəрсе көріп, Көксауға сыр бермейін деп ойлады.

Омырауында қақ сіңген, шуаш сасыған алжапқыш, бұтында құйысқандығынан жүні көрінген, Жұматайдың көне тері шалбары екенімен ісі жоқ, Шекер желкеден түйген қылаң жаулықтың құйрығымен шалбардың жырығын жауып, кебісін шөпке үйкеп, «сендерге осы түрім де жарамай ма?» дегендей, жан-жағына түйіле қарап, мықынын бұлтыңдатып, сол қолын аспандатып, оң қолымен шелек көтеріп, қосақтан байдікіне қарай жүрді. Жалаң Шекер емес, қараша үйлердің қатын біткені байдың салқар алты қосақ қойын сауысатын, əйтпесе қоңсы бола ма? Байдікінен ұрттап-жалап ала ма? Қаттысын қайырып, жұмсағын жымырмаса, қойдың пұшпақ жүнін, киімінің ескісін, етіктің сірісін, бас ауырғандағы бір қайнатым қара шайын, малдың өкпесін, бір жөргем ащы ішегін, ұйқысын, сорпасын байдікі тегін бере ме? «Қолы ойнағанның аузы ойнайды» деп Қара бəйбіше неге қақсайды дейсің?

Шекер бұрын еміне бермей, еркінсіп, былғаныш қара жұмыстан бойын теткіп ұстаушы еді. Өйткені сомадай Жұматай мен Құлтума, əрі көлеңдеген ақ жаулығы мен құймыр отты көзі тұрғанда, аштан өліп, көштен қалмаспын деп ойлаушы еді. Ала сиыр мен тарғыл қашардан жүдемете айрылған соң, бұрынғы еркелік, кербездік, бұрынғы ожар үміт, ер кеуде артын қысайын деді. Күнікейге камзол, көйлек, өзіне кебіс, шапан, Жұматайға күпі керек. Құлтуманы қойшы, о түгілі Күнікейге жаңа көрпе, жастыққа тыс, кестелі орамал, ақ шымылдық, сары қол сандық, қызыл сал керек. Тұяқ: «Есік көрсет, малыңды алып, қалыңдығымды бер» – деп қыңқылдағалы қашан. Қысқы азығы, соғымы тағы келеді. Үш қанат желкөз баспаның туырлығы жұлдыз-жұлдыз: бүктеумен, жазумен, артумен, тігумен сұрғылданып, өзі үлдіреп тозығы жеткен құрымға қой сүйкеніп, лақ секіріп, сиыр мүйіздеп, сау тамтығын тастамады. Бір жағынан бозбаласы түскір іргенің сиқын кетіріп бітті: шиде қирамаған аяқ, үзілмеген бау қалған жоқ. Бұ жұртта тың жерін ауыстырып келтірсе, ендігі жұртта Күнікейдің іргесі тышқан қиғандай жырым-жырым боп шығады.

Шəмшидің күйеуі келгенге жұрт масайрап, Күнікейдің құрбықұрдастары атлас, торғын, жібек, бəтес, мақпал, барқыт киіп, күміс баулы, сандық шомбал шолпылары күнге шағылысып, құйымшағын соғып, қызылды-жасылды, оқалы, зерлі тақиялардың шоқпардан үкілері үлпілдеп, күлтелі қос етектері күлкілдеп, он кез бəтесті аяғымен теуіп, бұлғаңдап, сəнденіп жүргенін көргенде, Шекердің іші қазандай қайнайды, оларды көргенде Шекердің көзі мұзға тайғандай, сырғанап өте шығады да, көрмегенсіп, қырын қарап кетеді.

Бұл жолы да Шекер сүт толы шелегін жамбастай көтеріп, сол қолын əнеугі Байжұмыр құданың борбайынша ербеңдетіп, байдың жер ошағына таяна бергенде өңшең асыл киінген қызқырқындар үйден шығып, түзге жөнелді. «Үстіндегісін сыпырып алып, ырбыңдаған сайтандарды желкеге бір түйіп, қой сауғызар ма еді? Көрер ем сəнденгеніңді?» – деп зығырланды. Самаладай болып бара жатқан қыздарына қарап, насаттанып, өзінің де қыз күні есіне түсіп, үй жанында Қара бəйбіше тұр еді. Шекер соны аңдиды. Аңдығандағысы – көзін тасалай беріп, шелегіндегі сүттің түп жағын үйіне ала қайтпақ еді. Қыз күнін есіне алып, қиялға батып тұрған бəйбішеге, тілеуің бергір, ар жағынан Қатыш кеп шүңкілдесе қалар ма! Шекер жалма-жан жер ошақтағы тай қазанға сүтін сыбдырсыз құйып, түбіне екі аяқтай қалдырып, қызыл күйменің ар жағымен қосаққа қарай сызып берді. Үйіне жеткенде, бəйбішеге бір қаралық қастық қылғандай, өзі бір қазан сүт олжа тапқандай, əлдеқандай мардамсып, ернін жымырып, тілін бір жалап алды.

Күнікей қара құманға су ысытып, басын жуып жатыр еді.

Шекердің келген жерден сұрағаны бұзау болды.

Шынарбай үйінің бұзауымен бірге. Шөккенге соңыра айдай кел дедім, – деген соң, Шекердің көңілі жайланып, шелегін іргеге қойып, үстіндегі сауыс шомыттарын шеше бастады.

Күнікей екі алақанымен шашын шартылдатып, бір сілкіп желкесіне тастап:

– Апа-ау, «бай» деп сəнденгені болмаса, күйеу бір топас екен ғой, – деді.

– Неғыпты?

– Зағипа тақасын жұлып алып еді, қолға салып қалды. Зағипа ашуланып: «Аузында əзілі жоқтың, қолында тоқпағы бар» деген осы-ау, – деп еді. Сендей қызды солай сүй... үйрету керек деп қарап отыр. Бетімізден отымыз шықты. Сүйтсек, Күлтай көріп қапты: қақ төбесінде танадай жалтыры бар екен...

– Ойбай-ау! Таз десеңші!.. – деп, Шекер мырс ете түсті. – Біздің Жұматайға күле беретін немелер ғой, келсін өз бастарыңа да!.. – деді.

Шекер беті-қолын сабындап жуынып, Күнікейін алдына отырғызып, шашын тарап отырып күйеуді тағы жамандады:

– Көзі – дəл өлетін сиырдың көзі. Мұрны – Шолақтың күйген бармағы, аузы – талыс, өзі – аумаған Түйебай... – деп, сол елдегі сұмпайы біреуге теңгеріп, əбден іске алғысыз қылды.

– Апа, қойшы, байқұсты сонша құлдыраттың ғой! – деп Күнікей ішек-сілесі қатып күлді.

Қызын күлдіргенге, күлдіргендей сөз айтқанына Шекер қайтақайта:

– Аумаған Түйебай! Құдды сол... – деп кеңкілдеп өзі де күлді. Бірақ аяқ кезінде күйеуді сонша жамандағанына өкінгендей ой кірді. Өз күйеуі – Тұяқ қайбір жұтынып тұрған жігіт. Істі өткізіңкіреп алып, түзетем дегенше жуырда оңала ма, дереу күлкісін тыйып алып:

– Еркектің түрі не керек? Ақылды, өнерлі болса, асырапсақтауға жараса, тұз-еңбегі жарасса, со-дағы... – деді.

Апасының Тұяқты мақтамақ болған ойын сезе қойып, үп-үлкен кісімсіп, түсін бұзып:

– «Келбет көрсең, сын сорма!», «Түсі игіден түңілме!» деп, қазақ неге айтады? Апа, кейде жоқты айтып кететінің бар-ау! Түрі шошқа кісінің сыры қай оңушы еді? – деп апасын іле түрегелді.

Апасы да сұмдықты сезгіш қой.

Е, қойшы əрман, кəрі кісіше мақалдамай! Көксауда не келбет бар? Бір жұрын. Сонда да алпыс үй Жаманқұсты си десе, сигізіп... отыр. Көктұмсықта не түр бар? О да ауылнай боп пəлен етіп, түген етіп жүр... деп елдегі атқа мінер, пысықтарды, сұмдарды санай бастады.

Оған Күнікей жеңістік бермеді.

– Өсек айтқан да, жыбырлаған да, кедейді жеп зарлатқан да өнер боп па? – деп тайталасты.

Айтыстан мəн шықпасын білген соң Шекер сөзді басқа жаққа бұрғалы үндемей аз кідіріп, есік алдына қарап:

– Кебісіңді жуып, майлап алсаң етті, – деген болды.

– Май кісінің үстін былғайды: түкіріктеп киізбен сүртем, – деді.

– Барғанда аяғыңнан тастама: мұндай қара құртта ұрлап кететін, – деп апасы ақылын үйретті.

Алдағы ойынды ойлағандікі ме, əйтпесе апасын сөзден тосқанына ішінен мардамсығаны ма, Күнікей тарақты тырнағына тырсылдатып, ыңырсып əн сала бастады. Шекер шолпысын шашына қабат өре байлап жатып:

– Шолпыңды қалтаңа салып қой. Есің шығып желеңдемей, байқап отыр: қиып əкетеді... «Өлең айт» дегенде, жар дегенде сен қоя берме! Əуелі анау үкілі Айшалар-ақ айтсын... арттан асырып салсаң да болар... Салғаннан қатты бастап, тығылып қалма!.. Аузыңды аңқитып ашып жіберме. Айшаға ұсап, көмекейіңді көрсетіп... – деп білгенін үйретіп отырғанда, Күнікей ыңырсыған əнін қоймастан, жауырынын қиқаң еткізіп:

– Қойшы, апа! Жоқты айтпай! – деп қыржыңдап жаратпады.

– Кет, сайтан, о несі? – деп, апасы қолымен арқаға түртіп қалып отырды.

Əйтсе де апасын ренжітіп алам ба дегендей, қыржыңдап отырған Күнікей замат жайраңдап:

– Апа-ау! Мен Жұмабектің тағы бір əнін үйреніп алдым ғой!

– деп, мойнын былғаң еткізді.

– Кəне, салшы! – деген соң Күнікей ақырын сыңсыған дауысымен «Ысматты» айтты. Апасы тыңдап болып:

– Жақсы екен!.. Бірақ жаңа əндеріңді əбден жаттап, жаттығып алмай, айтпа! Жаңылып қаласың, – деді.

Е, өзім де айтпаймын... Уай, шіркін, Жұмабек не деген əнші! Дауысы бір қарлықпайды, бір жарықшақ жоқ, əні таң атқанша таусылмайды. Өзі де көңіл ашар, ойыншы жігіт екен! – деді.

Соны айтқанда, апасы мойнын бұрып, қызына түйіле қарап:

– Ойыншы екенін қайдан білдің? Ойнадың ба? – деп сұрады.

Күнікей көзін бажырайтып, тілін шығарып:

– Əшейін айтам, – деді.

– Қарағым, мықты бол, мықты бол! Айтып ем ғой. Жас құда құдашаны қатты айналдыратын: масқара боп жүрме! – деп, қамқор ананың қалпын қылып, қызын арқаға қағып, құлағының түбінен иіскеді.

Күнікей пəлен деген жоқ:

– Болдың ба, апа? – деп, қаздиып түрегеліп, көйлегінің етегін сілікті.

АЛ СОНДА...

Қой-қозының беймаза ызыңы басылып, көгенде жалғыз-жарым лақтар ғана шырылдайтын мезгіл болды.

Күйлеген қызыл құнажынның соңында «көптікі, көптікі» деп, өгіздер өңкеңдейді. «Маған да, маған да» деп тайынша бұқалар томпаңдайды. Қаға берісте біреуі шылтың етіп артыла кеткенде, қу мүйіздің бірі жайқап қалса, домалаң ете түседі. Бір аунап тұра сала тайынша бұқалар тағы ұмтылады. Өгіздер, тайыншалар қырқысып, қызыл құнажынға кім көрінгені бұқалық қып жатқанда, ауылдың ана шетінен: «Өзімдікі, өзімдікі» деп күжілдеп, бүйірлері сартылдап, тұяқтары сыртылдап, ұмтылып көк бұқа бара жатыр. Өзге сиырлар үй жанында, қотан жиегінде: «А, құдай, бергеніңе шүкір?» дегендей, əуелі алдын, содан артын шөгеріп, тыныштанып жатқанына бір күрсініп, тұмсықтарымен жұлдыз қарап, қараса да түк көрмей, дүрдек ауыздары малжаңдап күйіс қайыруға кірісті. Қанды көз, қызыл езу қаншықтар жол шолып, ауыл қорып, күн бұрын қызғыш боп, шəуілдеп, шала бүлініп жүргенде, дүрдей көк қасқа, сары ала төбеттер қотан шетінде жайымен аяңдап келе жатып, анда-санда ауыздарын толтыра, «оһ! оһ!» деп қояды.

Жаман үйінің жанына сүйене шалқалап, санына шейін түрілген қара қайық, қотыр борбайын қос қолдап тыр-тыр қасып, «еһ, еһ!» деп, қышуы қанғанда түшіркеніп Құлтума жатыр. Манағы олжа сүтіне жалғыз сиырдың сүтін қосып, жер ошаққа асып, анда-санда астын бір көсеп қойып, отқа талтая табынып Шекер отыр.

Үлкендер, еркектер тойған сиырдай тырайып дамыл алуға кіріскенде, қыздар қызыл құнажындай қылаңдап, сылаңдап, шоқтанып, топтанып, сылдырлап, былдырлап, Шідертіні өрлей Рақыш ауылына бет қойды. Олардың соңынан «өгіздер де, тайынша бұқалар» да шұбырды. Деген алтыбақан, ақсүйектің айсыз қара көк аспанды тұңғиық түні. Шідертінің кейде тастақ қыл буып, кейде құмдық шүңейт суы сылдыр-сылдыр ағады. Жиегінде келе жатқан қыздардың күлкісі мен шолпысы да сылдыр қағады. Өңшең ақ көйлектердің жерге төгілген етектері тұтасып, қара барқын қынамалар қараңғыда ақ селеу мінгендей толқынып, шоқшоқ үкілер орман басындай жайқалып, жарасып келеді. Жүрген іздері иіссу, жұпар аңқиды. Жұматай таз сықылды жалаң аяқ, жаман саяқ малайлар ықжағында келе жатып, «ым, ым, ай дүниеай!..» деп, мұрындарын тыжыра-тыжыра иіскелейді.

Ана ауылдан да, мына ауылдан да дауыстары күмістей сыңғырлап, бірін-бірі шақырысып, айғайласып, шуласып, «қой əрі!» десіп, əндетісіп, қара көк түнді шыңылдата жаңғырықтырып, бала-шаға, қыз-келіншектер ағылып барады. Кіртің-бұртың, кірбең-күйбең, күйкі өмірден бəрі де жалыққан, іші пысқан. Бəрінің де есі-дерті: бір түн, бір сағат болса да, осындайда ойнапкүліп, көңіл көтеріп қалуда.

Өзгесі не керек? Күнікейді айтсайшы! Аяғы жер басып келе жатқанын, сағым құшып келе жатқанын білмейді. Жүрек кеткен лепіріп, көкірегін көтере, тамағын кенеп қояды. Тамыр біткені ұшқын түссе, мылтық дəрісіндей лап еткелі келеді. Тамырында, жүрегінде, тұла бойында жарылып сыртқа шығуға арпалысқан, қамаулы қайнаған, быжылдаған əлдебір жалын, шарап, күш бар секілді. Қандай күш екенін өзі сезбейді, əйтеуір мас кісі тəрізді. Жұлдыздары жыбырлаған жарқ-жұрқ көк болат аспан жамылып, аяғымен бұйра бетеге, тырбық жауылшаны жантайта жапырып, бытбылдықтай шіп-шіп еткен, шыныдай мөлдір, құрыштай шымыр, қымыздай жұтымды ауаны сіміріп, мастанып келеді.

Келсе, сегіз қанат ақ орданың оң жағына недəуір қыз-келіншек жиналып, төр жақ қана олқы тұр екен. Қарлығаштай қалбалақтаған жалаң аяқ жас балалар ғана төрге қораздана отырған боп, атып тұрып шоқалаңдап жүр. Ана жақтағы бозбала емес, сымақтар екен, төрге бата алмай, көбі босаға жақта үйме-жүйме көрінді. Күнікейлер жұпар иісін аңқытып, жайнап, саусылдап кіріп келгенде, бəрі бастарын көтеріп, кесілген аяқтарын жинап алды: топты нөкерлермен салауаттана Шəмши келді ғой. Күнікей Шəмшилерге таяу, көрнекті жерде отырғалы бүкшиіп жатқан бір-екі қызды итеріп жіберіп: «Ой, бұ қайсың?» – дегенде, дым сезбеген боп тымырайып отыра қойды. Төменгі жақтағылар сыйыса алмай, бірінің үстіне бірі отыра жаздап, жуастарды шеттете, озбырлары омыраулай ығы-жығы отырысты.

Шəмшилерді аңдып тұрғандай-ақ ауылдың сорпаға шығар бозбалалары да, жас құдалар да лек-легімен келіп, төрді толтыра бастады.Төрден босағаға дейін үй лық толып, түндік қайқита тартылып, көздер оңды-терісті құйрықтасып, еріндер қыбырласып басылған кезде:

– Кəне! Не отырыс бар? Ойын бастаңдар! – деген қадау-қадау сөздер шыға бастады.

– Е, бастаңдар!.. Ойнағалы келді ғой жұрт... Пəленше, сен неғып отырсың?.. Е, өзің неғып отырсың?.. – деп, біріне-бірі сілтеп, тоғытатын қойдай ұйлығып, шегіншектей берді. Өйткені көсем серкедей алдына түсе кететін өжеттер кем еді. Жайда өжетсініп жүрсе де, топ алдында бір жерімнен дəнекүс шығып қала ма, əлдебіреу тілімді алмай, бетім қайта ма, көптің бабын таба алам ба.., деп бірі жүрексініп, бірі сыпайысып, бірі ақылдымсып, бірталайы жантайып жатып қызға көз салған-ды, қасына қыз əкеп берсе, айналдырғанды тəуір көріп, ырың-жырыңмен бірқыдыру уақыт өтті, біраз отырысты.

Сол отырыстың үстіне төрт-бес жігіт – Баймандар келді. Оларға серпіліп орын берісті. Неге екені белгісіз, найзағай ұшқыны зулап өткендей, Күнікейдің тамыр біткені шым ете түсті.

– Ойын басталды ма? Неге аңтарылып отырсыңдар? – деп Байман жайнаңдай, жалақтай келді.

– Жоқ əлі... Өзің қыздырмасаң... – деген соң, Байман:

– Ал ендеше, мен бастайын. Айтқанымды істейсіңдер, істемегенің ойын бұзар бересің, – деп, кеудесін ашып, білегін сыбанып, түрегелді.

– Е, бəрекелді!.. Ой, сабазым-ай!.. Топтың гүлі жаңа келді ғой!..

– деп, өзінен өнер шықпайтын тоғышарлар қошамет қылысты.

– Бəрің де ойнауға келдіңдер ғой?.. Ендеше, бұлай отырып ойнауға болмайды. Əйда, қыз-бозбалалар, араласа отырасыңдар. Кəне, пəленше, сен бері кел, сен мұнда отыр! – деп қыздарды да, жігіттерді де жетелеп, сүйреп, көтеріп, заматта опыр-топыр қып, бір қыз, бір жігіттен, қыз жетпегеніне келіншектен аралатпа қып отырғызды.

Кеуделеу орынға Күнікей де ие болды. Байманның тегеуірінді қолы қолын ұстағанда, əлгі найзағай тамырын тағы бір аралап өтті:

– Жаным, ағатай! Өзім барайын... Қай жерге, қай жерге, – деп, елбектеп ере берді. Байман дедектетіп апарып, екі құданың арасына сыналап жіберді.

Қыз-бозбала реттеліп отырған соң, Байман домбыраны қолына алып, əуелі ауыл əншілеріне, одан кейін Жұмабек құдаға əн салғызды. Бозбаладан үшеу айтқан соң, домбыраны қыздарға қыдыртты.

Бұл елде «Үкілі Айша» деген келте мұрын, кербез, домбырашы, əнші, даңғойлау, мақтаншақ, көңілшек қыз бар еді. Со қызды шүу дегеннен сый құданың қасына, қақ төрге отырғызуы тегін емес екен: домбыра алдымен соған барды. Үкілі Айша:

– Ойбай-ау! Енді не айтам?– деп өтірік сынықсып, домбыраны жуырда баурамай, бұлданған болды. Күнікей ішінен: «Əдірам қалайын» деді. Үш ауыз өлең мен үш түрлі əн саласың деген соң, Айша үкісі бұлғаңдап, көзін ашып-жұмып, көмекейін көрсетіп, таңырандап, дағдылы «Еркем-ауын», «Зұлқиясын», «Əліп-би, нəпсің тый, лə-мə-си-ли, титұр-тусын» айтып маңдайын орамалымен бір сипап, домбыраны оң жағындағы құданың алдына қойды:

– Е, дұрыс-ақ! Пəлі! Айша домбыраның жөнін тапты! – деп, қошаметшілер пұшпақ бөрікті, барқыт жағалы, ашаңдау қара торы жігітті айналдыра бастады.

Құда қипақтап, терлеп, мойнын ит аланың айғырындай қылқыңдатып, дауысын өлімсіретіп, кезегінен əрең құтылды. Домбыраны қарындасы Шəмкенге жылжытып еді, үлде мен бүлдеге бөленіп танауын көтеріп отырғаны болмаса, мəні кем екен, ол домбыраны ар жағындағы Күнікейге ұсынды. Күнікей домбыраны итеріп тастап, алмады. Түнеугі өзін бас салатын, екі сиырын бірдей жоқ қылған Қасымның қарындасы ұсынды екен деп, бүгін айдатып жіберсе де, неге алсын? Оның кезегіне бола өлең айту Күнікейге намыс емес пе? Құдалардың бірі немесе ойын бастаушы Байман əкеп берсе, айтқалы-ақ отыр. Шəмкен:

– Сəнденбай айтсаң-шы! – деп тікірейіп еді, Күнікей:

– Айта бер өзің! Кезегім келгенде айтам, – деп безеріп отырып алды.

– Ол зəр шөп бір безергенде, болар дейсің бе? – деп, ана жақта отырған түнеугі Бəден (Мəжікенді... алмадың деп, араз боп кететін сол), домбыраны алып қасындағы бір келіншекке əн салғызды.

Екі-үш кісі аралаған соң, домбыраны Байман Күнікейге бергенде, жымың етіп, тамағын кеней бастады.

Күнікей үш ауыз өлең айтты: «Балқадиша», «Сұлушаш», «Əлди, бөпем» деген, үшеуі де теңіне қосыла алмаған əйелдің өлеңі еді.

«Ағалар, осындайда ойна да күл»,–

деген үкілі Айша сияқтылардың жалғыз-жарым салдаман өлеңдері болмаса, жалпы əйелдердің өлеңі, көбіне, теңіне тие алмағанын, малға, шалға сатылғанын, қорлық көргенін, оң жақтағы дəуренін, тым болмаса бір жылша ұзатпай тұруын жырлаған, сұраған, еріксіз, көріксіз өксіген өмірлерін суреттеген, мұң-зарлы, қайғы, шерлі еді. Байқаған адам ол мұң-зарды сезген еді. Бірақ қызық көруді ойлап, арсалаңдап, қолдары, тізелері айқасып отырған есірік жастар, ол мұң-зарға құлақ қоймады.

Тұйғыным-ай, дегенде тұйғыным-ай!

Болдым ғашық көзіңнің құйрығына-ай!

Мал бердім деп бір жаман алып кетсе,

Шара бар ма алланың бұйрығына-ай?

Немесе:

Бір жұлдыз ай астында сəулеленген,

Көп дұшпан сырттан асық, əуреленген,

Басында қап тауының сіз бір пері:

Тұра алмас тағат қылып, сізді көрген.

Немесе:

Көрінер алыстан тау мұнарланып,

Қосылар екі ғашық құмарланып,

Ақ үйдің оң жағында жатар ма еді,

Түлкі алған ақ иықша жұмарланып... –

дегендей, жастық, мастық өлеңдерімен қыздарды өздерінше үгіттемек, сүйіспек, сүймек боп қызуланды, қызықты, буланды.