Менің құрдастарым — Тарау 6

Автор: Саттар Ерубай

─ Алпысбай, жылағаның не, бала құсап?

Бірақ Алпысбай қоятын емес.

Телефон шылдырады, Алексей тыңдады.

Телефон соққан ауруханадағы доктор:

─ Қан көп аққан. Далада өп жатып қалған. Қан құю керек. Түсіндіңіз бе?

Алексей шошып кетті.

─ Ол не дегеніңіз?

Доктор қатты сөйледі:

─ Төрт-бес жүз тюбик қан керек, бізде қазір қан жоқ.

Алексей: — Қан табылса, жаны қала ма?

Жұмысшылар ентелесіп столға үймеледі.

─ Мен қазір барайын — деді Алексей.

─ Не керек дейді? — деді Ысқақ.

─ Қан, қан керек — деді Алексей телефонды қойып, жүгіріп шығып бара жатып.

Алексей шаңы аспанға бұрқыраған көшемен жүгіріп отырып, поликлиникаға келді.

Доктор көзілдірігін алып қарады.

Алексей амандасқан да жоқ, бастаған әңгімені аяқтағандай:

─ Менің қанымды алып құйыңыз — деді.

Доктор түсіне алмаған кісіше қадалып қарады.

─ Алдымен қаныңыз қандай, соны ашайық та.

Алексей орындыққа отырды.

─ Менің қаным таза қан...

Доктор күлді.

Алексей:

─ Менің тамырым жақсы. 96 процент! гемоглобин, бірінші группа — деді.

Доктор аузы ашылып, көзілдірігін бір киіп, бір алды.

─ 96 процент, бірінші группа! Бұл не деген қан!

Доктор орнынан қарғып тұрды.

Докторға айғай салды:

─ Выворов аппараты мен инелерді даярлаңдар!

Санитар ауруханадан шыққанда есіктің алдында бес-алты жұмысшы тұрды.

─ Өздеріңе не керек? — деді санитар әйел.

Жұмысшылар:

─ Қанымызды береміз.

─ Рақметке қан керек — деді! — Докторды бері жібер!

─ Барып сөйлесу керек! – десті. Санитар есікті жауып жүгіріп кетіп қалды. Алексей келді. Шулап тұрған жұмысшылар тыныштала қойды.

─ Неғылып тұрсыңдар?

Жұмысшылар:

─ Рақметке қан береміз!

Алексей жай ғана:

─ Рақметке қан керек болмай шықты... — деді.

─ Жазыла ма? — деді асыққан дауыстар.

Алексей қайтып ішке кірді. Жұмысшылар тұрып қалды.

─ Кейін сұрау керек! — деді біреу.

Доктор операция үйінен шықты. Ауызғы үйде тыпыршып шыдай алмай отырған Алексей докторды құшақтай алды.

─ Айтыңызшы, не болды?

─ Қаныңыз жақсы екен, бірақ әңгіме қан құюмен бітпейін деп отыр. Оның бас сүйектері сынған. Менің қолымнан келер ештеңе жоқ. Медицина көмек бере алмас — деді доктор.

Алексей үндеместен басын ұстап столға отырды да қалды.

Дәмелі толғатып жатыр еді.

Ықлас сасып, әйелін тастап, кеңсесіне кете алмай не істерін білмей үйдің ішінде жүрді де қойды.

Дәмелі ышқынып бір безілдегенде. Ықлас орнынан ұшып тұрып, барып құшақтай алды. Дәмелі кішкене баладай Ықластың төбесіне басын қойып, сәл тыншиын деді. Бірақ толғақ ұлғая бастады.

Ықлас не істерін білмей, көрші үйге жүгіріп барды.

─ Сорлы — ау, докторға неге апармайсың? — деп айқай салды Борисовтың шешесі.

Ықластың есіне не істеу керек екені сонда түсті. Бұрын ол әйел босандырып көріп пе, оның үстіне алақанына салып отырған Дәмелісінің қиналғаны, есінен адастырған ғой. Ықылас сасып докторға апаруды да ұмытып кетіпті.

Ықлас қысалаңнан шығатын жол тауып, қуанып кетті. Телефон соғып, машина шақырды.

─ Дәмелі Дәмелі қалқам, қиналдың — ау!

Ықлас кроватьқа отырып, Дәмелінің әлсізденген қолын ұстады.

Дәмелі ернін тіктеп, көтеріп, қолын жұлып алды.

─ Маған доктор бала көтеруге болмайды деген ғой, өзің докторсың, медицинаның тілін алмаушылықтың неге соқтыратынын білесің. Ықлас, менің өліп кетуім мүмкін. Көзім тірісінде айтайын, өлген соң біреу арқылы есіткен саған да, балаға да қиын болар. Былтыр сен Ырғызға кеткенде Рақметпен жақын болғам. Несін сұрайсың. Сол уақытта оны сүйгенім рас... Ықлас, бала сенікі емес...

Ықластың жүрегі суылдап, басы мең-зең болып кетті. Жүрегін біреу жұлып алып, төмен, түпсіз тұңғиыққа тастап жібергендей болды. Ықластың жүрегіне шоқ салып, жандырып тұратын Дәмелінің қара көздері бір түрлі суық, жат болып көрінді. Бұл Ықласқа бірінші рет келген сезім еді.

Ықлас аяғын әлтек-тәлтек басып, есіктің аузына барды. Айтып келейін орындыққа отырды. Машина келді. Акушер әйел, сестралар келді. Дәмеліні машинаға салып алып кетті. Бірақ Ықлас қатыспай отырды да қойды. Өзінің әйелін емес, басқа бір жат әйелді, бір жат, танымайтын адамның баласын туатын әйелді алып бара жатқандай болды.

Дәмелімен сөйлескен де жоқ, қайда апарасыңдар деген де жоқ... Отырған күшімен қалды.

Дәмелі кетті, үйде бір дыбыс жоқ. Ықластың жалғыз өзі қалды. Ықлас басына түскен бақытсыздықтың не екенін, қаншалықты ауыр екенін сонда ғана анық, айқын білгендей болды Дәмелі тек менің Дәмелім деген ой түссе қуанып жер-көкте тұра алмайтын еді — ау. Сүйтсе, Дәмелінің екі жүрегі бар екен ғой. Дәмелі күнде таңертең тұрып алып ұйықтап жатқан Ықластың маңдайынан сүйетін еді. Аңқау Ықлас тек қана мені сүйеді деп ойлаушы еді.. Дәмелі басқаны да сүйеді екен ғой...

Басқа емес, өзінің досы... Рақмет... Дүниеде бір адам болса, ол адам Рақмет болар деп жүргенде... Ойпырмай, мұны кім ойлапты!

Ықлас кроватьқа қарады Дәмелінің баласына деп істеген кішкене жастығына көзі түсті. Жiбeк көйлегін көрді. Стол үстінде қалған Дәмелінің қол сағатын көрді. Үйдің ішіндегі заттардың барлығы да Дәмеліден айрылып, мұңайып, қайғыланып тұрғандай болды... «Менің өліп кетуім мүмкін...» — деп жылаған. Дәмелі көзіне елестеді. Дәмеліге бір түрлі жаны ашып кетті. Менің «Мүмкін, ол келіп қалар». Доктор Ықлас Құлыбеков есікке қарай тұра жүгірді. Сол уақытта телефон сылдыр ете қалды. Ықлас қайтып келіп тыңдады. — Өлуге қалды, тек сізді күтіп отырмыз — деді телефондағы.

─ Не дейсің?

─ Бір адамға операция жасау керек болып тұр.

─ Кім ол?

─ Түнде біреу пышақтап кетіпті... Қан құйып еді, одан түк шықпады. Инженер Рақмет Дәуіров.

Ықлас басқа сұраулар бере алмай, тілі күрмеліп, кекештеніп қалды.

Телефонды тастай салып, кроватьқа отыра кетті.. Әлден уақытта өзінен — өзі, әлі телефонмен сөйлесіп отырғандай-ақ «мен кетпеймін, мен кетпеймін» — деп айқай салды... Сонан соң өзін — өзі ақтағысы келгендей «қалай кетейін, не деп кетейін» — деп орнынан тұрды...

Бірақ бұл кеңінен қанағаттандырмады ма, жоқ, әлде шешілмейтін бір қайшылыққа келіп килікті ме, әйтеуір көзінен жас тамшылап, есікке қарай тұра жүгірді.

Жолда Ықлас ойланып келе жатыр. Мынаның дөп келгенін қарашы. Операциядан кішкене қате кетсе, болғаны емес пе, өліп қалған адамның жанын алып қалмадың деп Ықласты айыптай алмайды ғой Ықластың махаббатын, ең қымбатты Дәмеліні, баласын ұрлаған Рақметтен кегін осылай алу керек қой.

Ықылас кабинетке келді. Ежелгі, үйреншікті инструменттерді көрді.

Қалалық денсаулық бөлімі докторлар шақырып, Дәуіровтің жанын сақтап қалуға болмайды деп қорытынды шығарып отыр екен. Ықласқа осы хабарды білдірді. Рақметте ес — түс жоқ, талып жатыр. Ықлас барып көрді. «Комиссияның айтқанына қосылып қоя ғой, өліп кетсін» — деді Ықластың бір ойы.

Ықлас кабинетке келді. Жұрт Рақметтің өлетінін білді, ешқандай қолданатын шараның жоқтығын білді.

─ Менің де қолымнан келетін ештеңе жоқ — деді Ықлас қалалық партия комитетінің хатшысына....

Жұрт тарауға айналды. Ықлас отырып қалды. Столдың үстінде жайылған газетті оқи бастады. Қарап отырса, бірінші беттің оң жақ бағанасында Рақметтің портреті тұр. Астында «Отанның ардақты адамы» деп жазып қойыпты. Бір суық сезім сумаңдап, Ықластың жүрегін су еткізді. Ықлас орнынан қарғып тұрды. «Мен Отанның ардақты адамын өлтірмекпін бе?..» «Мен, мен... коммунист кісіні өлтірем бе?»

Ықлас есі — түсін білмей есікке қарай тұра жүгірді. Жүгіріп далаға шықты. Есіктің алдында жұмысшылар ентелеп, кетпей тұр екен... Ықлас жүгіріп шығып айқай салды:

─ Мен операция жасаймын, мен өлтірмеймін — деді доктор Ықлас Құлыбеков.

Медицинаның ғылыми диагнозына қарағанда Рақметтің тірі қалуы мүмкін емес еді. Бірақ Ықлас оны өлім қолынан жұлып алып қалды.

Рақмет кішкене көзін ашып алғанда:

─ Рақмет, сүйінші, Дәмелі сенің балаңды табайын деп жатыр — деп күлді.

XXXV тарау

Ауруханаға Лиза келді. Баяғысындай шашын бір сілкіп тастап, есік алдында тұрған бір топ жұмысшыларға жақындады. Қабағы түгілі, боп-боз.

Бір сақалды жұмысшы:

─ Қайда кимелейсің, сен түгіл бізді де жібермей жатыр — деп Лизаға жекіре сөйледі.

─ Сіздер кім едіңіздер?

─ Біз Рақметтің өзінің шахтысының адамдарымыз.

─ Менің неге келе жатқанымды қайдан біліңдер? — деді Лиза.

Сақалдының қасында тұрған жігіт:

─ Қоя бер, мүмкін доктордың қызы шығар — деді. Сақалды жұмысшы жол берді. Енді

─ Доктордың қызына жол беріңдер — деп өзі де айқай салды.

Лиза тез-тез басып ішке кірді. Ықлас отырған кабинетке келіп тықылдатты.

─ Кіріңіз — деді Ықлас іште қолын жуып жатып.

Лиза кірді, қабағы түңілген күйінде, не айтарын білмей, астыңғы ернін тістелеп біраз тұрды.

─ Инженер Дәуір ұлының хәлі туралы сізбен сөйлесуге бола ма?

─ Сіз кімсіз? – деді Ықлас.

Инженер Вознесенская.

Менің теріс қарап, қолын жуып жатқан Ықлас артына жалт қарады.

─ Елизавета Аркадиевна сізсіз бе?

─ Я.

─ Рақмет кіміңіз болады?

Лиза төмен қарады.

─ Күйеуім.

Ықлас селк ете қалды. Кейін шегініп барды да қолындағы орамалын стол үстіне лақтырып жіберді.

─ Сіздің фамилияңыз кім? — деп сұрады Лиза доктордан.

Ықлас төмен қарап тұрды да қалды.

«Менің фамилиям кім болушы еді, сіздің күйеуіңіздің баласының әкесі боламын» — дейін деп еді, бұл сөзді айтқызатын ашуды бойынан таба алмады. Ешқандай ойсыз Лизаға қалай қатты сөз айтсын... Бір уақытта ойда жоқ жерден бір сәулелі қуанышты сезім Ықластың бойын билеп алды. Адам дүниеге келгенде оның үй іші, туысқандары болады. Өсе келе ол өзіне булардан басқа дос, туысқандар табады. Еш уақытта байланыстар жасайды. Мысалы: үйленген әйелінің үй іші өле-өлгенше жақыны, туысқаны, жекжаты болып кетеді. Адамға жақын табу, жан ашыр табу өмірде бір — ақ рет болатын, қайын ата, ене табушылық аса қымбатты, аса тәтті нәрсе. Ықлас та, мына Лиза, Рақмет сияқты, өте жақсы, қымбатты адамдардың туайын деп жатқан баласы арқылы болса да, жақыны, еш уақытта байланысы үзілмейтін туысқаны болды ғой.

Ықлас Лизаның қасына келді.

─ Елизавета Аркадиевна, менің фамилиям Құлыбеков...

Ықлас біраз мүдіріп қалды. Сонан соң басын көтерді де Лизаны құшақтай алды.

─ Лиза, менің сендерден еш уақытта да айырылыспайтын, өте-мөте жақын адамдарың болайын деп тұрғанымды сезесіз бе? Лиза, Лиза, мен өмірге жерік адаммын. Қуанғым, секірем келеді де тұрады.

Доктор тағы да үндемей қалды.

XXXVI тарау

Күн шыға Бейсендерді аршып алды. Шанаға салып шахты астынан алып шықты. Қали шанада қисайып, жансыз жатыр. Бейсен мен Шымырбек теңселіп отыра алмай отыр.

Көздері жұмулы.

Ауруханаға алып келді. Сүйеп доктордың кабинетіне кіргізді. Өліп талып қалған Қалиды көтеріп кіргізді.

Төрде, терезе алдында, үлкен столда шал доктор отыр. Қали диванда жатыр. Бейсен мен Шымырбек столда отыр. Тұр, түс жоқ. Көздерін зорға ашады.

─ Біраз күн ауруханада жатасыңдар — деді доктор қағазын жазып отырып.

Доктор далаға шығуға айналғанда, Бейсен:

─ Доктор, маған рұқсат етіңіз, бір жерге барып келетінін – деді ақырған дауыспен.

─ Сөйлеуге болмайды. Ешқайда жібермеймін — деді доктор.

─ Доктор, мені жіберіңіз — деді Шымырбек.

─ Жолдастарымды жерлеп жатыр...

─ Болмайды!

Доктор қабағын түйіп бір қарады да, шығып кетті.

─ Жүр, кетеміз — деді Бейсен.

Біраз отырып:

Рақметті әлі өлтірген жоқ па екен? – деді.

Көзіне «өлтіре ме» — деп ойбай салған Сүлеймен елестеді.

─ Ойбай, жүр! — деді Бейсен. Тұрып ала жүгірді.

Есікке барып сүріне құлады. Біраз жатып, ернін тістеп, зорға орнынан тұрды да, Шымырбек екеуі теңселіп шығып кетті.

Екі минут өткен соң кабинетіне доктор келді. Жан-жаққа қарап еді, екеуі жоқ. Жүгіріп коридорға шықты. Коридорда жүрген санитар мен көмекшілер кіре салып:

─ Аурулар қайда? — деді доктор.

─ Білмейміз...

─ Ауруларды қарамағанда не бітіресіңдер? — деп доктор айқай салды.

Бейсен теңселіп партия комитетінің хатшысының 200 кабинетіне келді, хатшы орнынан ұшып тұрды.

─ Ойбай, сен неге келдің?

─ Дереу телефонды қолға алды. тарым Аурухана.

─ Кім сөйлеп тұрған, бастығы ма? Ауруханаға жіберген адамдарымыз мұнда жүр. Мұндай қылықтарыңыз үшін сендерді сотқа беру керек.

Бейсен келіп телефонды ұстады:

─ Орнына қойыңыз, оларда жазық жоқ.

Хатшы таң қалып орнына қойды.

Бейсен теңселіп құлайын деп тұр.

─ Рақмет Дәуір ұлы деген инженерді Томарбек Қылышбек ұлы деген ұры, тап дұшпаны деп жүр, оны шахты астында естідік.

Хатшы орнынан тұрды. Бейсеннің қатарына келді...

─ Томарбек Қылышбек ұлы?

─ Я.

─ Бейсен — ай, болар іс болып қалды ғой.

Теңселіп тұрған Бейсен құлап кетті. Хатшы құшақтай алды. Хатшы құшақтап тұрып телефон соқты.

─ ГПУ.

─ Сөйлеп тұрған парторг Мырзаят ұлы.

─ Дәуір ұлын пышақтаған адам Томарбек Қылышбекұлы деген екен. «ОРС» та.

Телефонды қойды. Бейсенді сүйеп тұрып:

─ Рақмет, Бейсен, бірақ ауруханадан шығып кеткенін зиян, қазір апарғызам, сөзсіз барасың. — Шымырбекті қайтесіз?

─ О да қашып кетіп қалды ма?

Бейсен жансыз түрде басын шұлғыды...

Қарағанды — Алматы, 1934 — 1937.