Менің құрдастарым — Тарау 5
Автор: Саттар Ерубай
─ Жолдастар, іңгіме енді сол газды жойып шығуда.
─ Өлмей шықпаймыз! — деді Қайдар.
─ Өлмей шық, бірақ жеңбей шықпа! — деді Алексей.
Жиылыс тарқаған соң есіктің алдына Алексей мен Рақмет шықты.
─ Мен де түсем — деді Рақмет.
─ Неге?
─ Қалай істеуді көрсетпесем болмайды, басында болу керек...
Екеуі жүре сөйлесті. Алексей қамыққандай болды.
─ Сен шықпай қалсаң, онан соң шахты жасалмайды ғой.
─ Басқа коммунистерден артықпын ба, олар да бара жатыр ғой — деді Рақмет.
─ Әңгіме онда емес қой, бірақ, шынында, өзгенің бас болуы дұрыс екені рас — деді Алексей.
Екеуі шахтыға қарай келе жатыр.
Алысқа ұзады. Шахты құрылысының бергі жағында қарайып кетіп бара жатыр.
... Шахты үстіндегі комбинат алдында Аркашаның бригадасы тұр, коммунистер де жиылып жатыр... Алексей мен Рақмет соларға барып қосылды.
Барлығы комбинаттың ішіне кірді. Әлі толық бітпеген үйдің ламповой, монша, контор, әртүрлі мастерскойлар болатын бөлімдерін аралап өтті.
Биік үйдің едені цемент, аяқты басқанда тарсылдайды. Коридормен жүріп отырып, жалпақ темір сатымен жоғары көтерілді. Клет тақтайдың қоршауы да, ағаты да алынбаған. Тақтайлар, бұрын цемент салған бос бөшкелер домаланып жатыр.
Күн батып бара жатыр. Кішкене паровоз асығып кетіп бара жатыр, айқай салды. Паравоздың алдынан жүгіріп Ермек өтті. Ішке кіріп, темір сатымен жоғары көтерілді. Темір сатының төбесіне жақындады. Онан соң шаршап төмпешікке аяғын дәлдеп басып, жоғары қарады. Шахты үйінің төбесінен асып көтерткен Темір сатыдан жан-жаққа көз жіберді. Күн батып кеткен. Жұлдыздай қаптап кеткен электр жарықтарын көрді. Қаптап жүрген адамдарды көрді. Тағы жүгіріп ала жөнелді. Коммунист, комсомолецтер киініп, клетке кірейін деп жатқан жерге барды.
Күліп тұрған Малшыбайды көрді. Ентігіп тұрып:
─ Шырақтарым, мені де ала кетіңдер – деді.
Малшыбай күліп тұрып: — Адам жеткілікті – деді.
Ермек Жылқыбайды көрді. Кимелеп қасына барды.
Жылқыбай киініп жатып:
─ Бригадирге бар — деді қолын шошайтып Рақметті көрсетті. Рақметтің қасында Алексей тұр. Ермек келді.
─ Жолдас инженер, ме де ала кетіңіз — деді даусы қалтырап. Рақмет Ермектің бас — аяғына қарап алды да:
─ Біздің тірі шығуымыз талай ғой — деді.
Ермек жан-жағына қарады. Күліп, қуанышты тұрған адамдарды көрді. Малшыбайға қарады. Малшыбай езуін жимай әлі күліп жүр. Онан соң Ермек:
─ Мейлі — деді.
XXI тарау
Суық күздің күні, қар жауып тұр. Көшеде дауыл, қарды ұшырып ұйытқып тұр. Ағаш барак терезелерін жел мен қар сабалап, есігін қар басып алған.
Түн. Бұл комсомол барагы. Бір бөлмеде алты төсек. Үйде пеш жоқ. Төрт аяқты темір пеш тұр, оның мұржасы терезеден шыққан. Сол шыққан жерінен кірген қар, мұржаны мұз қылып қатырған. Терезенің алдында бір комсомолец ұйықтап жатыр. Бұл — Ілияс шахтер. Терезеден суырған қар көрпесінің үстін аппақ мұз қылыпты. Жастығын жапқан қар, еріп қайтадан мұз болып, шашы жастықпен жабысып қалған. Ол ештеңе тыңдайтын емес, ұйықтап жатыр. Кішкене қара жігіт, бұл вагоншы Есентай. Төсекте бір уыс болып бүрісіп жатыр. Көзі ашық, ұйықтаған жоқ. Көп қағаз құшақтап үйге Шымырбек кіріп келді. Қаңылтыр пешті қаңғырлатып, ішін толтырып жағып жіберді, аузынан шыққан түтін үйдің ішін алып кетті. Пеш лаулап жанып, сөніп қалды. Бұрышта бір комсомолец жатыр.
Оның қасында Қасым комсомолец, көрпеге оранып жатыр күнделігін жазып жатыр.
Жаңа келген Оспанды балалар ойнап:
─ Шахтының түндігін ашып кел — деп жіберіпті.
Оспан күдікпен іздеп жүріп, әркімнен бір сұрапты. Маған келді — «Тұншығып кетті, шахтаның түндігі қайда, ашылған» — деді. Біз қулардың ойнағанын есіттік. Жаңа келген Сейділда мен Ибаш бригадасын таба алмай, қараңғыда бір іннен бірінші кіріп смена біткенше адасып жүріпті. Смена біткен соң барып десятник тауыпты; Лиза жаңа келгендердің қастарынан шықпайды.
... Әне бір аққұба қыз менің жүрегімді тулатып жүр. Лизаға сол қыз жөнінде айтсам қайтеді?
Қали мен Гриша стол үстінде «2-лава» атты қабырға газетін жазып жатыр. Өздері де дірілдеп тоңып отыр. Қолдары жуыспайды, бірақ оны ескеретін емес. Есентай басын көтеріп, төсегі астындағы шахтыға алып түсетін шамын жағып көрпесінің ішіне, қойнына тығып жатты. Қасым оған қарады:
─ Жылы болады — деп Есентай, өзі күлді. Содан соң Шымырбек, Қали, Гриша үшеуі шешініп, біріктіріп жіберген төсектеріне жатты, «вольши» лампаларын жарып көрпелерінің ішіне салды. Үшеуі бір көрпе жамылды. Жатқасын Шымырбек:
─ Қане, жолдастар — деді.
Үшеуі қосылып өлең айтты. «Коминтерн» әніне салды. Оларға Есентай да, Қасым да қосылды. Бүркеніп жатысты. Үш қара көлеңке болды. Тек терезелерді қарлы дауыл сабалады. Желдің, дауылдың соғуы үйді қозғалтқандай. Бір уақытта гудок айқайлады, тіптен қоймады, бір қауіпті нәрсе болып қалғандай дабыл қақты. Шымырбек басын көтеріп алды. Есіктің алдында жүгірген адамдардың дүбірі көбейді. Есікті ашып Айша айқай салды:
─ Шахтаны су басып қалды!
Жатқандар орындарынан ұшып тұрысты. Ілияс та қарғып, мұз боп қатып, шашына жабысқан жастықпен бірге түрегелді. Есентай күліп жіберді. Ентігіп киініп жатқан Шымырбек ала көзімен қарап:
─ Неге күлесің? — деп жекіп тастады.
Қасым шамды апарып, Ілиястың шашына жабысып қалған жастыққа ұстап жіберіп, босатып алды.
Шымырбек орнынан қарғып тұрды.
─ Қане, болыңдар!
Барлығы асығыс киініп тұра жүгірісті.
Қалидың етігі тар, су өтті, алқымы жыртық еді, сыймады, олай тепкіледі, бұлай тепкіледі, болмай қойды. Жан-жағына қарап еді барлығы кетіп қалыпты... Онан соң етікті лақтырып ұрып, жалаң аяқ тұра жүгірді. Далаға шықты, боранда жүгіріп бара жатқан жолдастарының артынан қуып ала жөнелді. Гудок айқайлағанын қоятын емес.
Шахты астында авария болған учаскеде төрт адам тізеден су кешіп, суды далаға төгетін насостарды құрып тұр. Мұның бірі — Лиза. Бірі — Шымырбек, бірі — Айша, бірі — Қали. Лизаның үсті басы тегіс су, суға сүңгіп шыққан сияқты көйлегі етігіне жабысқан. Екі қыздың екеуі де дірілдеп жұмыс істеп жүр.
Жоғарыда наряднаяда телефон соғып Илья тұр. Жүгіріп Әліп келді. Ильяның түсі суық. Телефонды орнына қойды. Асығып сөйлеп, Әліпке:
─ Не болды? – деді.
Әліп шамын столдың үcтіне қойды.
─ Жер астында Лиза, Шымырбек, Айша, Қалилар суды сыртқа шығарып жатыр — деді.
Илья Әліпке оқты көзбен қарады:
─ Қыздарға суық өтіп кетпей ме?
─ Шахтыны сақтап қалу керек емес пе? — деді салқын қанмен Әліп.
XXII тарау
Боран басылған. Ашық жердің қарын дауыл жалап кеткен, қар тек әр барактың ығында ғана үйіліп қалған. Күн түстен ауған, анау адырдың төбесінен сәл-ақ асып тұр. Терезелеріне мұз қатқан үлкен ақ үйге қарап алыстан бір жаяу келе жатыр. Жаяу ақ үйге жақындады, ақ үйді айналып жоқ болды. Бұл адам ақ үйдің есігінің алдында тұр. Бұл Илья екен. Илья есікті қақты. Ақ киім киген дәрігер әйел шықты.
─ Жолдас Афанасьев, кіріңіз! — деп әйел күлді.
Бұл әйел толық қараторы, шаштарын қырғызған. Жүріс — тұрысы, сөйлеуі көне көрген адамдай салмақты маңызды болса да бір түрлі жас сияқты. Сөйтсек бұл баяғы Рақметпен бірге қашатын тоқал болып шықты. (Қараңызшы қаншалықты өзгерген?)
Илья ішке кірді. Алдынан кішкене сақалы бар, жуан көзілдірікті кісі шықты. Үстінде ақ халаты бар. Көзілдірігін алып Ильяға қарады.
─ Илья Васильевич, бүгін тағы келдіңіз бе? — деп күлді доктор.
─ Күн құрғатпай келеді — деп Рақила да күлді. Сөйтті де, толық аяқтарын нығыздап басып, еденді сықырлатып, бір есікке кіріп кетті. Доктор көзілдірігін қайтадан киді.
─ Ауру жақсы – деді.
Екеуі ұзын коридормен жүрді. Шеткі ақ есікті ашты. Илья кіріп кетті. Доктор сыртта қалды. Қызыл еденді, екі терезелі үйде 4 төсек тұр. Үшеуі бос. Төр алдындағы төсекте Елемес жатыр. Басын ақ шүберекпен таңып тастаған, басқа денесі көрінбейді, одеялдың астында, Илья барғанда Елемес көзін жұмып жатты. Илья басына барып отырғанда көзін ашты.
Илья жайдары жүзбен:
─ Елемес, қалайсың, тәуірсің бе? — деді.
Елемес езуін қимылдатты да, сөйлеудің орнына күлді. Қаны жоқ, сұп-сұр. Бетіне қуаныш жүгірген деді. Илья қозғалмай жатқан Елеместің бетіне үңілді.
─ Енді он күнде жазылады дейді, жазылғасын бір ай демалыста болсын — деді.
Елемес көзін кең ашып жатты.
Илья терезеге қарады:
─ Шахтыны су басып қалды. Лиза, Шымырбектер екі тәулік болды.
Ертеңіне Ильяның кабинетіне Әліп, Лиза келді.
Илья Әліптерге қарсы жүгіріп келе жатып:
─ Босаған үш бөлмені маңдай алды екпінділер — Шымырбек, Елемес, Айшаларда беру керек – деді.
Әліп ақсақ аяғын өзіне тарта түсті де:
─ Одан да екеу — үшеуден кіргізсек қайтеді? – деді.
Илья тоқтай қалып:
─ Егерде үй көп болса, әрқайсысына үш бөлмеден беруге міндеттімін, бұл сізге ғой – деді.
Тағы да жүгіріп кетті. Бір уақытта тағы тоқтай қалып:
─ Айша мен Шымырбекке екі бөлмелі үйді беру керек, екеуі екеуін алсын — деді.
Онан соң Лизаға қарап тұрып:
─ Ол екеуі бірін — бірі сүйеді жардай тұрғызу керек, түсінесің бе, Лиза? – деді.
Тағы да жүгіріп кетті.
«Сүйеді дегенде Лиза мұңайып терезеге қарады, кім білсін, Рақмет есіне түсіп кетті ме, үлкен қара көздері жаспен қаймақтанды. (Бұл Айшаның бақытына іші күйгеңдеп пе, жоқ әлде өз бақытын мені сағынғандық па?) — Онан соң, Лиза, әнеукүні сыйлаған үй жабдықтарын тез сатып алу керек, олар жабдықсыз үйде қалай отырады — деді Илья.
Сол күні кешке өңкей жастар жиналды, ортасында Лиза, сөйлесіп әңгімелесіп тұр.
─ Қали, Илья, Гриша, Есентай, Қасым сендер маңдай алды екпіндісіңдер, ал барактарында мәдениет, жастық, былығып жатыр. Бұл жағынан үлгі болмасаңдар екпінді бола алмайсыңдар.
Топтан айқай шықты:
─ Дұрыс — ақ!
─ Мәдениетті тұру керек!
─ Мақұл!
Есентай ортаға келді. Жымиып бір күліп алды да:
─ Біздің барак ремонтталмаған, комендант жаздай құрғақ айғаймен жүрді де қыс түскесін үні өшті – деді.
─ Солай!
─ Дұрыс!
Лиза шашын сілкіп тастап:
─ Бүгіннен бастап барактарыңды ремонттайды.
Терезеге екі рама салады, пеш қондырады, көмір түсіреді терезелерге штор ұстайды ақтайды, сырлайды. Екінші әңгіме комсомол барагын үлгі барак етуде.
─ Жасасын, жасасын!
─ Үлгі етеміз!
─ Үріп ауызға салғандай етеміз!
─ Мәдениеттің ордасы етеміз!
─ Тазалық үшін күресті күшейтеміз!
─ Жасасын!
Жұрт шулап кетті.
─ Барак жанында үлгілі қызыл бұрыш ұйымдастыру керек, сонда техника, драма, музыка үйірмелерін ашыңдар. Саяси сабақтар да бір километр жерге барып жүрмей, осында өткізетін болу керек — деді Лиза.
─ Жаса, Лиза!
─ Көтер Лизаны! Лиза күліп:
─ Естеріңде болсын, мәдениетті, таза болмасаңдар қыздар сүймей қояды — деді. Жастардың қуанышты, бақытты, күні, биік қажырлы шахты төңірегін жаңғырықтырды.
XXIII тарау
... Осы топтан бөлініп, денесі зор, сұңғақ бойлы жас кетті. Ол қаланың шетіне қарай жүрді. Мойнын салбыратып жіберген, қалың ойда келе жатыр. Жолда бір рет тұрды. Бір рет кейін бұрылып, қайтадан жұрт кетті.
Ол бір ағаш баракқа кірді. Барактың ең шеткі бөлмесіне келіп енді.
Төсек алдында қара мұртты, сақалды, үлкен қара адам отыр.
─ Кел, шырағым Сүлеймен — деді ол. Үй иесі алдына бір табақ ет қойыпты, кесеге толтырып құйып, арақ ішіп отыр.
─ Неге кеттің?
Келген Сүлеймен үндемеді.
Үй иесіне қараңыз:
Бұл — баяғы Күләнданы алып қашып, ағылшынға апаратын Өтеген. Соның дәл өзі. Бәйбішесі теріс қарап отыр еді, артына бұрылып, келген Сүлейменге қарады.
Бетте әжім кіріпті. Көзі де қызарып кетіпті.
Теріс қарап неғып отыр десек, қазан қырып отыр екен. тек Сүлеймен келгесін тоқтатып қойған екен, міне, үй ішін басына көтеріп, шықылдатып қазанын қыра бастады.
Үй иесі етті турап болып:
─ Сен тоңып келеді деп арақ алдырып едім – деді.
Кесеге толтырып арақ құйып Сүлейменге ұсынды. Сүлеймен басын шайқады. Үй иесі қадала қарап:
─ Іш мынаны, ағаң айтып отыр! — деді.
Сүлеймен еріксіз алды. Біраз отырды да, су құсатып қылқылдатып жұтып жіберді. Сонан соң алды-артына қарамай өтті жей берді. Бір — екі минуттен кейін, көз алдындағы нәрселері бұлдырай бастады, аузына апара жатқан еті жерге түсіп кетті.
Үй иесі Өтеген тағы арақ ұсынды. Енді Сүлеймен тартынбай ішіп салды.
Сонан соң:
─ Мені неге шақырып едіңіз? — деді. Басы шайқалып отыр. Көзі бұлдырап, буыны босап кеткен. Үй иесі сақалын сипады.
─ Шырағым, жалғызым, ағамнан қалған бала мен едім менің айтқанымды істетейін деп сенемін – деді. Сені менің түбіме жетейін деп жүрген бір адам бар...
─ Ол кім? — деді Сүлеймен.
─ Ол инженер Дәуір ұлы Рақмет, соның көзін жоғалту керек. Мен былай алдым. Баяғы ағылшын өлтірген Күләнданың інісі екен. Ол болса біздің түбімізге жетеді.
Қалтылдап, буыны босап отырған Сүлеймен шошынып түсіп:
─ Өлтіру керек дейсіз бе? — деді.
Өтеген Сүлейменнің қимылын бақылап үндеген жоқ. Сүлеймен артымен барып тұрды. Тәлтіректеп тұра жүгірді.
─ Сүлеймен! — деді Өтеген. Бірақ Сүлеймен қарамастан жүгіріп шығып кетіп қалды. Сүлеймен қараңғы түнге сүрінген жоқ болды. Алыста жылтырап электр жарығы көрінді.
Өтеген баяғы қасқыр киімін киіп, далаға шықты. Жолға түсіп шахтыға қарай кетті. Алыста электр жарығы, оттары жылтыраған жер барактар; қасқыр ішікті жолдан бұрылды, шетін землянканың есігін қақты, есік ашылды, ішке кірді. Кемесі бетіне шамның жарығында тоқтасып қалған, бірақ бет ажары кетпеген бір әйел Өтегеннің асты-үстіне түсіп, өмірін шешіп жүр.
Өтеген отырды, әйел де отырды.
Келгені теріс қарап:
─ Балаңды кешіре бер, жаңа мен шақырып едім, қашып кетті — деді қабағын түйіп. Әйел солқылдап жылап:
─ Болмайды ғой! – деді.
─ Мынау қайтеді?
Өтеген әйелге төсіне қарады. Жайдарыланды.
─ Жат!
Әйел тұрып келіп мойнынан құшақтады, төсекке жата берді.
Білте шамның жарығы бір ұзарып, бір қысқарып жанып тұр. Төсекте шашы жайылып әйел жатыр. Көйлеп тізесінен жоғары түрулі.
Өтеген күйіп кетуге айналды.
─ Құран ұстап қорғанам, егер балаң тісінен шығарса, жоқ қылам!
Әйел қолдарымен бетін жапты.
Ішкі есіктің алдына шығып:
─ Қап, сол жүгермекке бекер айтқан екенмін!.. — деп күбірлеп жүріп кетті.
XXIV тарау
Дала. Бұлтты аспан. Сонау бел астында жана шахты құрылысы жатыр. Аурухана. Алыстан машина келе жатыр. Жақындады. Гүрсіл естілді. Ауруханаға келіп тоқтады. Есіктің ашылып, ішінен Илья шықты. Аурухананың есігі ашылып, ішінен көзілдірікті дәрігер шықты. Көзілдірігін алып, Ильяға қарап күлді.
─ Қазір болады. Келе жатыр.
Көзілдірігін қайтадан киді.
─ Елемес ерекше досыңыз ба?
─ Ол біздің шахтер.
Дәрігердің жүзінде таңырқағандық пайда болды. Іштен Елемес шықты. Илья күліп қолын берді.
─ Жазылғаныңды құттықтаймын!
Елемес күледі. Илья дәрігердің қолын ұстап тұрып:
─ Сізге барлық шахтерлер атынан алғыс айтамын! — деді.
Дәрігер жүзі жарқын, қуанышты.
Илья Елемеске қарап, жауырынынан қақты.
─ Кәне, Елемес, машинаға мін.
Елемес машинаға бір қарады, Ильяға бір қарады, біраз тұрып қалды. Түсінбеушілік, таңырқаушылық. Бір уақытта бетіне қуаныш жүгірді. Екеуі машинаға мінді Машина гүрілдеді, бұрылды, жолға түсті, зырылдап ала жөнелді. Сол күшімен Шымырбектер барарына келді. Тоқтады. Селкілдеп тұрып гүріл! басылды. Илья мен Елемес секіріп түсіп.
─ Жүр — деді Илья.
─ Сіздің үйге ме?
─ Жоқ, біздің үйге...
Елемес тоқтап қалды. Ойламаған жерден жағдай, түсінбеушілік, таң қалушылық Елеместің бетінен, көз қарасынан көрініп — ақ тұр.
─ Менің үйім бұл арада емес, жалпы баракта.
─ Жолдас Елемес, сіздің үйіңіз осында, жүріңіз.
Жүрді, ішке кірді, құлыптаулы есік. Илья қалтасынан кілт алды. Есікті ашты.
─ Кіріңіз.
Елемес таңырқаған күйінде ішке кірді. Жан-жағына қарады. Әдемі бөлме, төрде кровать, үстінде қызыл көрпе. Жастық, терезеде ақ сұрып. Еден менің қызыл сырлы. Сары шкаф, айна, стол, орындық...
─ Илья кіріп, күліп тұрып:
─ Жолдас Елемес, үйіңізге кіруге бола ма? – деді. Елемес қимылдамай тұр. Әлі түсінбеуде, таң қалуда.
─ Сіздің үй осы. Алдыңғы қатардағы екінің Елеместің үйі осы.
Елемес әлі қимылдамай, мелшиіп қатып тұр. Әлі түсінбеушілік, таң қалушылық, қайтерін білмеушілік.
─ Мына үй жабдықтары кімдікі?
─ Олар да аздан, ең алдыңғы қатардағы екпінді болғандығыңыздан, сізді үй жабдығымен сыйлағанбыз — деді Илья.
Елеместің бетінде әлі түсінбеушілік, дағдарушылық.
─ Менің үйім жалпы баракта...
Елемес даусын әлсіз шығарды.
─ Жоқ, сіздің үйіңіз осы, маған — шахты бастығына сенбейсіз бе?
Бір уақытта Елеместің жүзінен жұмбақтық, түсінбеушілік, таң қалушылық, дағдарушылық жоғалып олардың орнын қуаныш, бақыттылық, көңілділік, анықтық, сергектік, көтеріңкілік әсері басты. Барлығы денесінен, бетінен, көзінен көрініп тұр.
(Өзінен өмірі де қорқыныштан, жұмбақтан, жалығудан, түсінбеушіліктен, жоқтықтан қуанышқа, бақытқа, жігерге, қуатқа, құрметке атаққа айналған жоқ па.)
Кенет Ильяның қолын ұстап алды. Ильяны құшақтап сүйіп алды. Илья да қуанышты.
─ Сен еліңнің атақты, құрметті ұлысың, сен социализм үшін басын құрбан қылатын ұрпақтансың... – деді.
Осы уақытта Елемес ұстап тұрған Ильяның қолын тастап жіберді, кейін ішінен, бетіне сескенушілік, қауіп, ренжушілік, күйзелушілік қайтадан пайда болды. Төмен қарады. Мойнын төмен түсірді. Қимылдамады.
Илья да таң қалып тұр. Түсінбеді бетіне дағдарыс, не істерін білмей сасушылық.
─ Елемес, саған не болды?
Елемес үндемеді.
─ Елемес басыңды көтерші.
Елемес жай басын көтерді. Аянышты түрде Ильяға қарады. Жай ғана:
─ Илья, кешір, мен сендерді алдадым! — деді.
Илья шошып кетті.
─ Неге?
Елемес жай ғана:
─ Мен үй беруге де. құрметтеуге де тұрмаймын, мен ризамын, үйлеріңді қайтып алыңыздар.
Илья Елемеске салмақты сұсты көз қараспен қарады:
─ Неге?
Елемес төмен қарап тұрып:
─ Мен тек... жай ғана...
Не дейсің?
─... Тек... намысқа шыдай алмай екпінді болған ем.
Ильяның бетінен қауіп кетіп, тынышталайын деді.
─ Мен намысқа шыдай алмай, мазаққа қалмайын деп жоспарды үш жүзден орындап жүрдім...
Илья енді күлейін деді күлді.
─ Осы ма алдағаның?
─ Осы.
─ Енді өзің қалайсың?
─ Енді түсіндім, бәлкім, не үшін күресетінімізді білем.
Илья күліп тұр. Елемеске қолын берді.
─ Мен саған ризамын, Елемес!
Елемес қайтадан қуанды. Көзі жайнап кетті, бетіне күліп жүгірді. Қолын жайып Ильяны құшақтап сүйіп-сүйіп алды.
Сол уақытта есіктен Лиза кіріп келді. Лиза жүгіріп Елеместің қасына келді. Елемес құшақтап сүйіп-сүйіп алды. Есіктен Шымырбек кіріп келді. Екеуі құшақтасып біраз тұрды. Елемес жүгіріп айнаға барды. Айнадан гүл жайнаған қуанышты бетін көрді. Өмірі жалығып, зерігіп қамығып, қабағы салынып жүретін. Елемес бірінші рет бақытын еміреніп таныған жоқ па? Бірінші рет қуанған жоқ па? Оның мінезі өзгерген жоқ па? Мына жайнаған кез, қуанышты жүз, қимылдаған дене, бақытты күлкі. Елеместен бірінші рет көріп отырған жоқпыз ба?)
XXV тарау
Түн. Комсомол барагы. Барак есігінің маңдайшасында «Үлгілі комсомол барагы» деген жазу бар. Баяғы Қасым, Ілияс, Қали, Гришалардың бөлмесі. Осы шынымен сондағы қора сияқты, былық, суық бөлме ме? Қараңызшы, пеш орнатылған, қызарып менің көмір лаулап жанып жатыр. Терезе екі қабатталған, тарғыл штор ілінген, үйдің іші аппақ бес төсек, әдемі жиылған, жаңа одеялдар жабылған, ақ жастықтар. Қызыл шүберек жабылған екі стол, бірінің үстінде патефон, бір кірпік жоқ. Электр шамы. Үй жап-жарық. Есік жақта көңілді. Үлкен сары шкаф, айна...
Этажерка. Онда қап. Қабырғада сағат шықылдап тұр. Үйдің ортасында Қали тұр. Аяғында сары бәтеңке, үстінде әдемі костюм, шашын әдемілеп тараған. Бұл бүгін үйге дежурный.
Үйге Ілияс кіріп келді. Үстінде қара костюм, мойнында жібек көк галстук. Кіре галошын киіп, жоғары шықты. Қали одырайып қарап тұр. Бір уақытта:
─ Жолдас, Ілияс! – деді.
Ілияс жалт қарады.
Салмақты түрде Қали:
─ Бері келіңіз!
Ілияс келді.
─ Ана галошты киіңіз!
Ілияс аузын ашып, түсінбегендей галошын киді.
Қали салмақты, маңызды түрде:
─ Ауызғы үйге ішінен келіп кіріңіз — деді.
Ілияс шығып кетті. Галошын тастап келді.
─ Бұйрығыңыз орындалды! — деді көзін жыпылықтатып тұрып.
Есіктен Есентай кіріп келді.
Үстінде жағалы пальто, аяғында әдемі бәтеңке, галстук. Ән салып кірді:
─ Әлеу-ләй-әли.
Гакку-гакку...
Келіп пальтосымен төсегіне аунай кетті.
Қали ала көзімен қарады.
─ Бе келіңіз!
Есентай ұшып тұрып, Қалидың қасына барды.
─ Пальтоны шешіңіз.
Ілияс күле қарап тұр. Есентай үндеместен тұр.
Қали салмақпен:
─ Анаған барыңыз!
Есентай бұққан адамдай, пальтосын алып қасына барды. Бағынышты адамдай «енді не бұйырасыз» деген көз қараспен абайлап қана Қалиға қарады.
─ Біл! — деді Қали өкімді дауыспен, қолымен нұсқап қалып.
Есентай еді көзінің астымен әлі қарап тұр.
─ Болды — деді Қали командирдей-ақ.
Есентай білдірмейін деген кісідей көзін Қалидан айырмай жай басып төсегіне кетті. Төсегіне тағы аунай кетті. Қали қасына жетіп барды. Желкесінен ұстап:
─ Өзің не қылған мәдениеттісің?
Есентай қарғып тұрып, әскери құсап қалшиып қатып қалды. Қали салмақпен қатты:
─ Төсекке киіммен аунауға болмайтынын білесің бе?
Есентайдың кірпігі тез-тез жұмылып, көзі жыпылықтап кетті.
─ Менен бір білместік кетті...
Есентай стол жаққа кетті..
─ Мына костюмді аунауға сыйлаған жоқ қой, онан соң, қыры кеткен соң не сұлулығы қалады? — деді Қали.
Біреу өлең айтып келе жатыр.
Ішке кірді. Қасым екен.
Галошын да шешпей, пальтосымен, кепкасымен тура төсегіне қарай тартты.
─ Шаршап зорға тоқтапсың...
─ Ой, сабаз — ай, пай, пай, пай...
Төсегіне келіп галошымен, пальтосымен ауна кетті. Қали, Ілияс, Есентай үшеуі бірден айқай салды.
─ Бұл не деген мәдениетсіздік!
Қасым басын көтеріп алды. Қабақ түйіп тұрған Қалиды көрді. Есентай мен Ілиясқа қарады. Онан соң өзінің пальтосына, аяғындағы галошына қарады, аузын ашып тұрып, аяғын жоғары көтерді.
Содан кейін қарғып тұрды.
─ Балалар, менен бір білместік кетті. Кешіріңдер, мақұл ма?
─ Сенің мына қылығыңның қасында, менің істегенім әп-әдемі екен ғой — деді Есентай көтеріліп.
Қасым жауап күткендей қалшиып тұр.
─ Неғылып тұрсың енді, істеріңді істеп болғасын? — деді Ілияс. Қасым жүгіріп далаға шығып, галошын шешіп, үйге іріп пальтосын, кепкесін шешті.
Есентай патефонды ойнатты.
Есіктен Гриша кіріп келді, пальтосын ілді, қолында ораулы кір көйлегі бар.
Пластинкада фокстрот.
Гриша еденді тарсылдатып билеп ала жөнелді.
Оған Қасым қосыла бергенде, Қали: мені — Әй, мыналарың не? — деп айқай салды. — Қасым жалт қарап жалтарып:
─ Е, бәсе мынауың не? — деп Қалиға қосыла кетті.
Гриша сасып:
─ Енді жоқ, әдет бойынша... — деп күбірледі.
Патефон ойнап жатыр. Скрипка, лирикалы күй тартты. Гриша төсегіне барып еңкейіп, қолындағы кір көйлегін кроватының астына ырғытып-ақ жіберді.
Постыда тұрған милиционердей-ақ Қали жетіп келді.
─ Алып бері кірші!
Гриша аузы ашылып қарап қалыпты, еденін төсектің астынан алып берді. Қали оны апарып шкафтың астыңғы тартпасындағы басқа кірлерге қосып қойды.
Гриша артынан қарап тұрып:
─ Қали, кешірерсің, мен ойламаған жерден... — деп жалынғандай болды.
Патефон баяулап келіп тоқтады:
─ Шүберектің «Музыкалық моменттерін» ойнатшы — деді Ілияс.
─ Бетховенше ойнат — деді Қасым.
Есентайға келе жатқасын Қали:
─ «Ұйқыдағы арудан» ойнат! — деп айқай салды.
─ Айқайлама!
Қали аузын алақанымен баса қалды.
Төсегінен тұрып Гриша:
─ Дежурный да білместен кетті екен-ау! — деп мысқылдады.
Есентай қолын көтерді.
─ Сендер музыканың дәмін білмейсіңдер, міне...
Сахнада айтып тұрғандай маңызданып, галстугын ұстап, тамағын кенеп:
─ Федорге «би», «Щелкунчик» балетінен, музыка Чайковскийдің, дирижер Есентай! — Есентай қолын шапалақтады, барлығы да қол соқты.
Музыка сарнап ала жөнелді.
Бәрі қатар тұр. Барлығының үстінде де жаңа костюм, галстук, әп-әдемі барлығы да өрімдей. (Тек осыдан екі сағат бұрын шахты астында бет-ауыздары күйе болып, көмірмен араласып жүргендер осылар деуге қалай сенесіздер.)
Есіктен Лиза кір келді.
Қали алдынан шығып, Лизаға: «Кейін айналып түсіңіз» — деді Лиза таң қалып кейін айналып түсіп.
─ Далаға шығып, есікті қағып кіріңіз!
Лиза білдірмей езу тартып күлді. Далаға шығып есікті қақты. Іште Қали:
─ Кіріңіз – деді.
Үйге кірген Лизаның қолын Қали ұстады.
Қолына қарады.
─ Егер мен гимназист болсам, қолыңызды сүйіп алар ем – деді.
Лиза жайдары, қуанышты күліп тұр.
─ Гимназист болмай, дежурный болғандықтан тәртіп сақтап жүрмін де.
─ Бұл бүлдіреді, Лиза, бұл командир оқып, қиялданып жүр. Мұнымен сөйлеспеңіз, бері маған келіңіз — деп Есентай Лизаның қолтығынан ұстап ала жөнелді.
Қали жібермеді.
─ Жолдас Есентай, дежурныйға бағынасыз ба, жоқ па?
Лиза қарады.
─ Лизочка, далаға шығарып, есікті қақтырып кіргізіңіз, тәртіп солай! — деді.
,..Жер барактың іші. Әйел мен баласы. Сүлеймен отыр.
Сүлеймен тұра келді.
Етегінен жабысты, еңіреп, жылап жіберді.
─ Құдай-ай, құдай? Өлген әкеңнің жалғыз інісі!
─ Кімге ұстап бермексің, ойбай — ойбай!
Сүлеймен жұлқынып кетуге айналды.
─ Ақ сүтімді көкке сауам!
Әйел омырауын жыртып жіберді.
Сүлейменде түс жоқ. Қайтып барып, солғын түрде, төсекке отыра кетті. Түсінде күйзелгендік, дағдарғандық, екі ойлы, әpi — cәpi болғандық. Үрейі жоқ, сұп-сұр. Көзі аларып шығып кетті.
Төмен қарап қозғалмай отырып қалды.
Далада түн. Жерде қар. Алыста келе жатқан машинаның екі көзі, гурілдегені естілді.
XXVI тарау
Шахты құрылысының клубында жиналыс болып жатыр. Толы адам. Стол басында Алексей, Шектібай, Ермек, Айдар, Ұлболсын, Аркаша отыр. Одақ ұйымының бастығы Жұмат ұлы сайланғандарды жариялап тұр. Музыка. Сол жиылыстан мына бір кесілді.
Жұмат ұлы:
─ Ең соңғы, Ермек Қойшыбай ұлы, маңдай алды екпінді, нормасын 200 процент орындайды. Шахтыдан газ шыққанда ерекше ерлік көрсеткен, костюммен сыйланады!
Қатты қол соғу, айқай. Музыка тартылды. Ермек сахнаға шықты, сыйлығын алды, Жұмат ұлының қолын алды. Қатты қол шапалақтау. Ермектің түсі солғын, бір нәрсе айтайын деп тұрды, қолын көтерді. Шапалақ соғылды. Ермек айта алмай түсіп кетті.
Жұрт тағы тынды.
Шектібай орнынан тұрды. Залға біраз қарады.
─ Жолдастар, осымен құрметтеп мәжіліс жабылды, сенің ойың болады. Ол жөнінде сөз комсомол ұйымының хатшысы Мырзашқа беріледі — деді. Айқай, у-шу, қол шапалақтау.
Мырзаш орнынан:
─ Ойын өзіміздің драма туралы қойылады. Ойынға қатысатындар өзіміздің драма үйірмелерінің мүшелері – деді.
Сахнаның артында, оңашада Аркаша мен Ұлбосын сөйлесіп отыр. Аркаша Ұлбосынды құшақтап отыр. Аркаша Ұлбосынның ернінен сүйіп алды.
Ұлбосын назданған түрде:
─ Қой, бояуы бар — деді.
Мырзаш келді, Ұлбосын ата жөнелді. Мырзаш күлді.
─ Мені білмейсің ғой дейсіңдер ме? Мен тойларыңның қамын жасап жүрмін – деді.
Қараңғылық қоюланып барып түн болды.
Гудок айқайлады. Алексей жиылыстан шығысымен парткомге кетті. Кітап оқып отырды. Біраз уақыттан кейін Шектібай келді. Үңіле қарады.
─ Неғып отырсың, Алексей?
─ Жұмыс деп жұрт, көркем әдебиеттен қол үзіп бара жатырмыз... «Петр біріншіні» оқып жатырмын — деді.
Осы уақытта есік ашылды. Ішке Ермек кірді. Tүсі қашқан, мойны салбырап, қолына сыйлыққа алған костюмын ұстап тұр.
Шектібай:
─ Ермек! Неғып жүрсің? – деді.
Ермек жақындай түсті. Басын көтерді.
─ Шырақтарым, мына сыйлықтарыңызды қайтып алыңыздар...
─ Неге? — деді екеуі де.
─ Менің сыйлық алатын жерім жоқ еді..
─ Неге? — деді тағы екеуі де.
Ермек біраз мүдірді.
Костюмды стол үстіне қойды да:
─ Мен жаздың күні магазинде барқыт көрдім, сат деп едім, екпінділерге ғана деді. Мен сол барқыт үшін екінші болып едім.
Ермек тағы біраз үндемей тұрды.
Ермек тұрып қалды, ештеңесін айтпады. Шектібай да, Алексей де езу тартып күлді. Алексей Ермекті құшақтай алды.
─ Ақыры түсіндің ғой? – деді.
─ Түсіндім...
─ Келешекте өседі ғой — деді Шектібай.
Ермек нығытып:
─ Өсіп, еседі де — деді.
─ Ендеше болыпты — деп Алексей күлді.
Ермек жаңа ғана басын көтерді, күлді, риза болып тұрған бастықтарын көрді. Көзі жайнап бетіне қуаныш жүгірді.
─ Қолыңды берші! — деді Алексей. Ермек қолын берді, екеуі қол алысты. Ермек күлді.
XXVII тарау
Ертеңіне сағат онда Шектібайдың кабинетіне асхананың официанты келді. Шектібайдың алдына үш қабат табақ қойды, астында борщ, ортасында картоп пен ет. Шектібай шетінен көріп, қасықпен араластырып дәмдерін татып жатты. Осы уақытта есіктен Алексей мен қалалық партия комитетінің хатшысы кіріп келді. Хатшы аңырайып тұрып қалды.
─ Сіз кеңсеге тамақ алдырып ішіп отырсыз ба?
Шектібай күліп жіберді. Хатшыға қолын ұсынды. Қол алысты. Хатшы әлі таң болып қарап тұр.
Шектібай құлшынысын басып:
─ Жоқ жұмысшылар шетінен асхана тамағын тексеріп жатырмын. Осылай күнде көріп тұрмасаң, тамақты сұйылтып жібереді.
Хатшы да күлейін деді. Алексей екеуі отырысты.
Шектібай официантқа:
─ Жарайды, жаман емес, апара бер — деді, Официант ала жөнелді.
Шектібай ойланып тұрды да:
─ Сіздер шахты жаққа бара беріңіздер, мен өзім асханаға барып қазаннан көрейін, повар мені алдаған жоқ па екен? — деді.
─ Мақұл, оныңыз тіпті жақсы екен, біз бара берейік, сіз сол жағынан ораласыз — деді хатшы.
Шектібай қағазын жинастырып қалды. Екеуі далаға шықты. Сонау үлкен құрылыстарға қарай жүрді. Шахты құрылысының төбелерінен түтін бұрқырап жатты. Қозғалыс, қимыл, адам дауыстары, трактор дауыстары... алыстан үлкен темір мұнара көрініп тұрды. Басында үлкен дөңгелектері бар.
Қалалық партия комитетінің хатшысы, Алексей, Шектібай, Рақмет, Мырзаш, трест бастығы, трестің бас инженері, Жұмат ұлы — барлығы шахтыға түсетін киім киген. Шахты комбинатының ішін аралады.
Цемент еденді тарсылдатып болашақ ламповой, контора, механикалық мастерской, темірші, балташы, кладовой, монша және басқа үйлерді аралады. Бұлар темір сатымен жоғары көтерілді.
─ Эстакатқа барайық — деді Рақмет. Бұлар эстакатқа барды.
Эстакаттың төбесінен төңірек әдемі көрінді.
Жан-жақтың бәрін үлкен-үлкен құрылыстар қаптап кеткен.
Паровоздың гудогі айқайлады. Жан-жақтан тынбай шығып жатқан дыбыстар, ат айдаушылардың айқайы, жүздеген арбамен топырақ, тас келіп жатыр. Арбаның шиқылдауы, аттың ауыздық шайнауы, трактор жүрісі.
─ Қане шахтыға түсейік — деді Алексей. Бұлар клетке отырды. Стволшы бұларға шам берді, электр қоңыраудың түймесін басып қалды. Әдет бір кетеді де, төмен сырғи бастады, бара-бара тездеп сырғыды. Ортасына келгенде Рақмет шамын көтерді. Стволдың цемент құдығының сары-қоңыр қабырғалары көрінді. Қабырғалар су тамшыларымен торланған. От жарығы түскенде меруерттей жылтырады.
Ең соңғы гаризонтта клет тоқтады. Клет жұмсақ түрде жүрді де, теуіп тоқтады. Ствол электр жарығымен күндізгідей. Клеттен шығып бірнеше темір жолдар кеткен. Бұл жолдарда қозғалмай темір вагондар тұрды. Вагондар жаңа, қап-қара боп боялған, электр жарығымен жарқылдайды.
─ Біз сіздерге енді дайындалып жатқан пластыларды, құрылған машиналарды, шахты штректері жайылған, таралғанын көрсетеміз — деді Шектібай.
Бұлар жүгіріп келеді.
─ Шахтының ішкі құрылысы жаңадан ғана құрылып жатыр. Механизмді жинап жатырмыз — деді Рақмет.
Электр жарық болған штректерде, алыста жер асты жолы созылып жатыр. Алыстан штректер жиіленіп, содан жердің электрлері де көрінбейді.
Бұлар темір бетон креппен тігілген штрекпен келе жатыр. Бетонды штрек поезд ететін туннель сияқты. Төбесі дөңгелектелінген ұзын коридор.
Рақмет, Алексей, Шектібай алда келе жатыр. Бақыттылық жүздерінен көрінеді. Қалалық партия комитетінің хатшысы енді Рақметпен қатарласып келе жатыр.
Бұлар солға бұрылды. Коридордың сол жағындағы тар аузына кірді. Енді ар жағында электр проводасы жоқ. Келіп үлгірген жер осы.
Бұлар енді коридорды кейбіреулері темір шпалдарға сүрініп, қараңғыда келе жатты. Адамдардың басқан қадамы тыныштықты бұзды.
Бұлар забойға келді. Пластаны көрді. Қол шам жарығымен қара көмірлер жалт-жұлт етті. Шамды көтерген сайын ұлы пластаның шам жарығымен жалтыраулары бір шеттен бір шетке жүгіріп, бірімен бір соғысып, ұсақ жұлдыздарша бөлініп, сынап тамшылары құсап кетті.
Ешкім дыбыс шығармады.
Шектібай шамын сол жаққа бұрды. Забойдың қараңғылығында жатқан екі машина көрінді Майланған, жалтырайды. Бұл көмір кесетін машиналар...
─ Мыналар әнеукүні келген машиналар ғой – деді қалалық партком хатшысы.
─ Я, өзіміздің кеңес шыққан — деді трестің бас инженері.
Одан кейін ешкім сөйлемеді.
Бұлар қайтты.
Электр жарығымен күндізгідей болып тұрған орталық штрекке тағы түсті.
Рақмет тоқтады.
─ Міне, онда да осындай пласта бар. — Бұдан жүз метр төмен, тағы осындай горитарым зонт болмақшы – деді.
Барлығы клетке келді.
Жүздері қуанышты.
Красный Шектібайға қарап:
─ Кісі қуанғанда сөйлеуге сөз таба алмай қалады екен ғой. Мен әнеукүні түскенде штрек жаңадан ғана басталған еді – деді.
Алды клетке міне бастады.
─ Былтыр кейбіреулердің Рақметке сенгісі келмеді – ау — деді тағы Красный, қатар тұрған Рақмет ұялып төмен қарады.
Рақмет:
─ Донбас инженерлері трестің бас инженері Иван Михайлович болмағанда, тіптен қиын болар еді. Техник, тәжірибелі, теориялық көмегімен, басшылығын күнде беріп отырды. Тек сол кісінің арқасында...
─ Рақмет, өз бағаңды да арзандатпасайшы — деді трестің бас инженері күліп.
─ Әңгіме партия басшылығының мықтылығында Алексейдің осында ұйықтаған күндері де болды ғой — деді Рақмет. Алексей клетке мініп қойған екен, қалғандары да барып мінді.
Қалалық партия комитетінің хатшысы Шектібайға:
─ 1-Майда ашылады ғой?.. – деді.
─ Сөзсіз — деді Шектібай.
Бұлар сыртқа шықты. Биікте тағы тұрды. Төменнен шыққан дыбыстар естіле бастады. «Тағы да, әуп, тағы да!» — деп айқайлап жатты. «Тағы да, әуп, тағы да!» — деп айқайлап жатты. «Бір — екі, әуп, тағы да!»
Әне бір жерде үй төбесінен ақ бұлт — бу көтерілді. Бұл бар еді көбейді. Фонтан құсап бір жігітке пар атқылады, гудок айқайлады. Киімін жырта, құрылыс үстін дыбыспен толтырды. Бұлар төмен түсіп, конторға кіріп, өз киімдерін киді.
XXVIII тарау
... Шахты асты. Негізгі штректің он жақтағы еңбектеп жүретін лаваның жоғарғы ең түбінде, үңгірде, бес адам шамдарын крептерге қойып, көмір шауып жатыр. Штректен сырылдаған вагон дауыстары бұларға естілмейді Шақ-шақ шабылған қайла даусы далаға жарыққа шыға алмай қабырғаға соқтығып, көмір сияқты опырылып, ұнтақталып жерге түсетін сияқты. Опырылған, уатылған көмір шахтерлерді тізеден көмген. Бейсен шахтер шетте шауып жатыр. Қасында Сүлеймен көмір күреп отыр. Қали мен Шымырбек ортада қатарласа қайла шауып жатыр. Қайла көмірге қарш-қарш тиеді. Гриша шамын мойнына іліп, жеңнің ішіндей пластамен штрекке қарай еңбектей жөнелді. Көпке дейін шамның жарығы көрініп бара жатты. Бір уақытта тіпті көрінбей кетті.
Негізгі штректе Айша келе жатыр.
Шымырбектер жүрген лаваның аузына келіп, Айша тұрды. Еңкейіп лаваға қарады. Алыста от жылтырап біреу келе жатты. Айша қуанышты. Шамның жарығымен көзі ұшқынданып жайнап тұр.
─ Шымырбекке барсам ба екен? — деді ішінен.
Лаваға қарап ақырын:
─ Шымырбек! – деді. Аузын қолымен жаба қойды. Өзінен — өзі ұялды.
─ Барайын — деді Айша.
Лавамен еңбектей ала жөнелді. Қарсы келе жатқан адам жақындап қалды. Екеуі есік пен төрдей жақын келді.
Айша:
─ Гриша! — деді.
Гриша:
─ Айша — деді.
Осы уақытта бір нәрсе сықырлады. Ә дегенше болған жоқ, Гришаның, жанындағы стойка шырпы құсап ортасынан қақ бөлініп кетті.
─ Айша! — деді Гриша.
Онан соң Гришаның үстіне лава құлап кетті. Гришаның басынан, қолынан басқа жері породамен көмілді. Лава іші сықырлап, дүрсілдеп кетті.
─ Бері қарашы, Айша! — деп біреу арт жақта айқай салды. Айша қозғала алмай қатып қалды. Айшаның алдына төбеден саулап су топырақ құйылып жатты.
─ Қаш, Айша! — деді үрейленген дауыс арт жақтан.
─ Ойбай! — деді Гриша.
─ Қаш, — деді арт жақтан.
Бірақ Айша ес-түсін білмей алға ұмтыла түсті. Сырғанап барып Гришаның қолынан тартты, жұлқыды...
Штрек жақтан: Менің — өлдің. Айша, қаш! Қаш! — деді қорыққан, үрейленген дауыстар.
Бірақ Айша жанталасып Гришаны өзіне тарта түсті. Көміліп қалған Гриша қозғалған жоқ.
─ Гриша! — деді Айша бар даусымен шыңғырып...
─ Айша, ойбай өлді! Қаш! Қаш!
Штректегілер шулап азан-қазан болды. Айшаның көрер көзге жер астында қалып бара жатқаны жанның бәрін безектетті.
Айша Гришаны тағы тарта бастады. Осы уақытта стойка да сартылдап сынып, жер жарылып гүрс етті. Гришаны да, Айшаны да лава басып қалды. Олар тұрған жердің тесігі бөгеліп, лава жоқ болып, жермен-жексен болып кетті.
Шымырбектер осы уақытта үрейленіп, тыңдай қалысты. Қайлаларын тастап жіберді. Штрек жақ гүрілдеп астан-кестен болып кетті. Әдетінде құм құсап суылдап құйылған дыбыс естілді. Онан соң тау жарылғандай гүрс-гүрс етті. Стойкалар бытырлап сынып, топырақпен көміп жатты. Үш шам қатарынан сынды. Гүрсілдеп порода құлап жатты. Бұлар артқа қарай домалап түкпірге тығылды. Дыбыс жоқ, бірі ат үстінде бірі жатыр. Лаваны басына көтерген гүріл тіптен жақыннан шықты. Бәрі үндеместен қатып қалысты. Жер селкілдеткен гүрсіл қояйын деді. Бір жерде төмен құлаған су құсап, порода құйылып жатты.
Құлаққа ұрған танадай тыныштық.
─ Енді қойған шығар — деді ақырын, тіптен ақырын Бейсен даусы дірілдеп. Барлығы да бағанадан бері тұншығып, булығып, жаңа ғана дем алғандай болды.
Бірақ қайтадан бір — біріне тығыла түсті.
─ Қимылдамаңдар! — деді Бейсен. Өзі шамды қолына алып, жай еңбектей бастады. Бір қозғалып бір тоқтайды. Бес қадам жерге барды. Шамын көтеріп қабырғаларды көрді. Арттағылар қимылдамайды, демдерін ішінен алады. Қали сыбырлап, ентігіп:
─ Гриша қайтты екен? — деді, ешкім жауап берген жоқ. Бір — біріне тығыла түсті. Бейсен еңбектеп құлаған жерге келді. Шамын көтеріп қарады. Лаваның жеңнің ішіндей тесігі көміп, жоқ болып бітеліп қалған екен. Бейсен қайтадан қайтты.
─ Біз далаға шығатын жол тіптен көміп қалыпты — деді Бейсен.
Ешкім жауап қатқан жоқ.
─ Кемінде 70 – 80 метр жер отырып қалуы керек — деді Бейсен.
Ешкім дыбыс шығарған жоқ.
─ Неге үндемей қалдыңдар? — деп Бейсен айқай салды. Бірақ жауап болмай, өзінің даусынан өзі қорқып жолдастарын құшақтап отыра кетті.
XXIX тарау
Шахты аузында үймелеп бір топ адам тұр. Ортасында шахты парткомының жаңа келген хатшысы, Әліп, Төлеп, тағы басқа шахтерлер.
Шахты астынан бас инженер болған Кулевакин шықты. Жанның бәрі соған қарады. Кулевакин саспай, маңыздана басып ортаға келді.
─ Қане, не дейсің? — деді партком хатшысы. Инженер келіп ізденген адамдай солғын түрде:
─ Меніңше, құлаған жерге жолауға болмайды — деді.
Хатшы қабағын түйе қарады.
─ Сеніңше, тірі адамдарды елім қолына беру керек екен де.
Кулевакин сасып, қипалақтап:
─ Жоқ, мен тек фактыны айтам. Лава қауіпті
Біреуді ескермей жүріп, басқа біреуді өлтіріп алмайық деймін, лава тисең құлайын деп тұр — деп сумаң-сумаң етті.
Асыға басып Лиза келді.
Кулевакин енді қауіптің бетін қайтарып, күш жинап алып:
─ Лаваның қауіптісі бір болса, екіншіден, сексен метрдей жерді аршығанша көп уақыт бар, ол тағы жардайсыз — деді.
Ентелеп Лиза ортаға кірді.
─ Менімше, ешқандай қауіп жоқ. Бұл бас инженердің қиялы. Креп қойып, арши беруге болады. Құлайтын жер құлап болған — деді Лиза байқаусызда араласып.
Жанның бәрі Лизаның аузына қарады.
─ Құлаудың алдында екінші — учаскеге барып сол заваға енді. Байқағанда қауіпті екі жерді көріп, лаваның ауыз жағында, бірі түп жағында. Бұл араларда креп те сирек екен. Мен де барып Әліпке айттым, содан кейін құлады дегенді бір – ақ есіттік. Сонан соң 80 метр емес, 20 — дан аспайды — деді Лиза.
Бұл лава анада біраз құлаған. Кеше инженер. Кулевакин көріп, енді қауіпті емес, тазалатып істеу керек деген – деді.
─ Әңгіме бас инженерде екен ғой... Қане, команда неге келмей жатыр? — деді хатшы.
─ Қазір келеді Ильяның өзі кетті ғой — деді Төлеп айқайлап.
Команда келді, алдында Илья.
Арқаларында аппараттарының ауыр болат бөтелкелері. Қарақошқыл брезент костюмдері бар. Команда шахтыға түсті.
Илья хатшының қасына келді:
─ Мен шахтыда қалғандардың үй ішін барып жұбатып, жылап әуре болулары мүмкін...
─ Тіптен жақсы, мен де саған айтайын деп едім — деді хатшы.
Лиза келіп қалды, хатшы шахтыға түсті.
XXXI тарау
Бейсен, Қали, Шымырбек, Сүлеймен төртеуі жалғыз шамды қоршап отыр. Бейсен басын көтеріп алып:
─ Шырақтарым, елімнен де қорықпау керек, өлсек орнымызды басатыңдар кеп.
─ Гриша өлді ме екен, қайтты екен? – деді қамығып Қали.
─ Біреудің қамын жейсің, өзің өлейін деп отырып — деді Сүлеймен.
Бейсен қатты:
─ Қойыңдар, бізді өлтірмейді аршып алады – деді.
─ Бәсе, Гриша өліп қалды ма екен? — деді төмен қарап отырып Шымырбек.
Біраз тыныштық болды. Бейсен күлімсіреді.
Қалалық партия комитетінің хатшысы телефонмен сөйлесіп отыр.
─ Қане не болды?
Сөйлесіп отырғаны шахты партия комитетінің хатшысы.
─ Екі тәуліктен бері тынбай қазып жатырмыз
Қалалық партия комитетінің хатшысы:
─ Үй іштерімен жиі сөйлесіп, қорқыныштарын басып тұрсыңдар ма?.. Жақсы. Онан соң Бейсеннің үйін әлі ремонттаған жоқсыңдар ма? Тездету керек. Екінші барактарының алдына қоқыр салатын орнаттыңдар ма?
Шахты комитетінің хатшысы:
─ Орнатылды.
Қалалық партия комитетінің хатшысы:
─ Буфеттеріңе тағы бір сатушы алдыңдар ма?
Шахты комитетінің хатшысы:
─ Алдық, ширет жойылды.
Қалалық партия комитетінің хатшысы:
─ Төлептің баласы жөнінде Орталық газеттерге жаздыңдар ма? Жақсы, Төлеп қызы жөнінде жылауын қойды ма?
Шахты парткомы:
─ Қойды, алдыңғы қатарлы екпінді болды. Жақында жаңа пәтер берді, хат танып қалды.
Қалалық партком хатшысы:
─ Наряднаяны жылыттыңдар ма? Дұрыс...
─ 7-бригадирдің жұмысын тексердіңдер ме?
─ Дәуір ұлы ең артта келе жатқан бригаданы шақырып алып, өзін уақытша бригадир деп жариялапты. Бригадирге: Менің бригаданы басқару, істеу жұмысын үйрен деді. Алты күнде бригада олқылықтан шығыпты. Бригада Дәуір ұлының әдісі, әрбір нұсқауын қағып алып, үйреніп осы күнде алдыңғы қатарда... я... жақсы.
Шахты партком хатшысы:
─ Шахтымыға бас инженерлікке Лизаны ұсынамыз деп тұрмыз. Біздің Лиза да Дәуір ұлынан кем емес (күледі).
Қалалық партком:
─ Жақсы, бұл табылған ақыл. Лиза Дәуір ұлын біле ме екен? Тәжірибе ауысуды күшейту керек. Мақұл, қош. Қазуды тездетіңдер.
Түн. Ай қараңғы. Баяғы қасқыр келе жатыр. Өзінен — өзі езу тартып күледі.
─ Жүгірмектің шахты астында қалғаны тәуір болды, қорқып жүр едім... — деді ішінен...
Жүріп келе жатыр. Қонышынан үлкен пышақты суырып алып, көріп қайта тықты. Рақметтер барагына келіп, сыртын айналып кетті.
Рақметтің үйінде Рақмет пен Алексей отыр. Менің Алексей Рақметке қадала қарап: — Осы сенімен Вознесенская бір — бірін сүйген екенсіңдер, бір жарым жылдан бері болмашы себептермен түсінісе алмай жүрген көршісіңдер. Бұл түкке тұрмайтын романтика ғой.
Рақмет ойланып төмен қарап отыр.
─ Ол басқа біреуді сүйетін болыпты.
─ Сүйсе не дейсің? Не деп өкпелейсің? Біреуді сүйсе қой дей алмайсың ғой.
Рақмет басын көтеріп:
─ Алексей, онда мен қойдым...
Айтарын айтты да ернін тістеді. Көзі аларып кетті. Үріп ұшып, қорыққан тәрізденді. Басын столдың үстінде жатқан білегіне сүйеп отырып қалды. Басын жұлып көтеріп алды:
─ Алексей, жоқ, олай емес, мен оны сүйем, ешқайда бара алмаймын! — деді.
─ Сүймесе қайтесің? — деп Алексей күлді.
─ Әйтеуір, сүймейді дегенге сенім келмейді. Төрт жыл бірге оқыдым. Қалайша мені сүймейтін болып қалды?..
─ Мәселені анықтау керек — деді Алексей — Мен енді қайтайын, сағат қанша болды?
Рақмет сағатына қарады:
─ Үш жарым, мен төртте шахтыға барам.
Алексей орнынан тұрды.
─ Жеті түнде қайда барасың? Демал, бәрібір ертең ерте тұрасың – деді.
Рақмет шашын қайырып тұрып:
─ Жоқ, бару керек. Алексей кетіп бара жатып:
─ Жатып ұйықта, онда адамдар бар ғой — деді. Алексей шығып кетті. Рақмет біраз отырды.
─ Шахтыға баруым керек — Орнынан тұрды.
Қараңғы... Шахты асты. Сүлеймен етпетінен түсіп жатыр. Шымырбек тұнжырап отыр. Бейсен төмен қарап шамға қадалып отыр. Қали шалқасынан жатып:
─ Гриша қайтіп екен? — деді. Даусы дірілдеп шықты.
Бейсен басын көтеріп алып:
─ Балалар, тұрыңдар! – деді.
Қали басын көтерді. Шымырбек тұнжыраған күшінде отыр. Сүлеймен қозғалған жоқ.
─ Балалар, елімнен қорықпайық, еңбекшіл. Бірақ ақырғы ойымыздағы сырымызды айтайық. Ең болмаса біріміздің сырымызды біріміз біліп кетейік — деді Бейсен...
Жердің барлық ауырлығы мойындарына түскендей болды. Өмірдің беретін қимылы, ызыңы бұл жер астына жетпеді. Бейсен сөзі есіткен соң, Шымырбек басын көтеріп алды. Сүлеймен орнынан қарғып тұрды. Шымырбек екі шекесін алақандарымен сүйеп, екі аяғын созып жіберіп, төмен қарап отыр.
Бейсен алдына қарап отырды да:
─ Мына жалпы іс үшін елуге мен де ризамын біраз жасқа келдім. Осы іс үшін күресем, қызығын көрсетті. Бірақ бір нәрсе маған арман болып бара жатыр.
Мен кеңес съезше арнап соның қарсаңына 20 вагон артық көмір берем деп серт берген ем. Мен еш уақытта сертімді орындамаған адам емес едім. Мынау маған қарыз сияқты. Коммунист тік сертті орындай алмаған сияқты болып кетіп бара жатырмын — ау. Бұл менің төңірекке қатысқан, Қарағандыны қолымен жасаған Бейсеннің атыма танба сияқты.
Үшеуі де үрейленіп Бейсенге қадалды.
Бейсен сол қалпында айта берді.
─ Екі-үш күн болды, әйелім ұл тапқан. Той қылып атын қоймақшы едім...
Бейсен біраз кідірді...
─ Tіке шыққанда ең бірінші үйреткен сезім Ленин болсын деген едім.
Бейсен Шымырбекке қарады.
Шымырбек көмірді шұқылап отыр. Ернін тістеп отыр. Көзін жұмды. Көзіне Айша елестеді. Онан соң шамға көзін қадай отырып:
─ Отан үшін елуге мен де ризамын, бірақ менде бір сыр бар.
Мен Айшаны шын сүйген едім, о да солай сияқты. Бірақ оның мен сүйетін, менің сүйетінімді ол анық білмейді. Біздің сүйетінімізді ешкім сезбеген.
Мен еш уақытта оған «сүйем» деген емеспін, ол маған еш уақытта «сүйем» деген емес. Ешкімге де айтқан емеспіз, ешкім білмейді де. Мен сендерге айттым, енді менде арман жоқ... Мен сүйгенімнен келді деп арман қылмаймын.
Шалқасынан жатқан Қали аяғын жинап алды.
Бейсен Қалиға бұрылды.
Менің — Шырағым сен не айтасың? Қали үндемей біраз жатып:
─ Ойпырмай, Гриша қайтты екен? — деді.
Қали қимылдамай біраз жатты.
Сүлеймен басын жұлып алып:
─ Біліп қалды дейсің бе?
Сүлеймен сұп-сұр болып, бетінен қаны қашып, дірілдеп кетіп, орнынан қарғып тұрып:
─ Біліп қойды ма екен?
Ентікті, демін ала алмады. Жансыз еліктей жерге құлай кетті. Басын қайтадан көтеріп алды. Көзін шамға қадады. Көз алдында қасқыр ұры елестеді «Рақметтің тұқымын, көзін құрту керек» — деген есіне түсті. Сүлейменнің көзінен жас тамшылады:
─ Жолдастар, мен бір қылмыс істедім, оны қайтем? — деді жылап.
Қали орнынан қарғып тұрды. Үшеуі де үрке қарасты, Сүлеймен жылап отырып:
─ Әкем өлген соң менің шешем бір ұры ағама тиген, сол инженер Рақмет Дәуір ұлын өлтірем деп жүр еді.
Шымырбек көзі аларып шошып кетті.
─ Рақмет!...
Сүлеймен жылаған бойымен айта берді.
─ Көптен бері тиісті жеріне біріктіре алмай жүріп, бүгін жұмыстан кейін айтармын деп едім шыға алмай қалдық қой...
Бейсен одырая қарады:
─ Не дейді мынау? Ойбай-ау, не дейді?!.
─ Рақметті соймақшы!
Шымырбек орнынан қарғып тұрды:
─ Рақметті?
Бейсен алдындағы бір кесек көмірді аяғымен теуіп жіберді.
─ Ойбай-ау, мынау не дейді?!
─ Ит болмасаң, өлетінін білгеніңді өзің өлім тұтқынына түспей тұрып неге айтпайсың? Қастық ойлағың келді?
Сүлеймен солқылдап жылап жіберді.
Шымырбек:
─ Енді оны өлтіреді ғой – деді.
─ Жастайымыздан детдомда бірге өскен едік, жау қолынан өлетін бопты — ау!
Шымырбек жылап жіберді де отыра кетті.
─ Өлтіре ме? — деді Сүлеймен.
Ешкім жауап берген жоқ...
─ Ойбай-ау өлтіре ме?!
─ Жауыз, жеттің түбіне! — деді Бейсен.
─ Ойбай, өлтіре ме? — деді Сүлеймен.
Көзі шарасынан шығып, атып тұрды.
─ Ойбай-ау өлтіре ме?
XXXII тарау
Түн. Қараңғылық. Алып шахты құрылысына қарай Рақмет келе жатыр. Артында қарайып біреу келеді, оны Рақмет байқаған жоқ. Қарауытқан адам, тездеп басып келеді. Жақындап қалды. Міне, есік пен тердей келді. Міне қонышынан үлкен пышақты суырды. Жеңінің ішіне тықты. Артынан келіп жасырынды.
Сүлеймен кейін шегініп, қабырғаға шынтағымен сүйенді.
─ Енді оны өлтіре ме, менің кесірімнен? Жауап болған жоқ.
─ Ойбай-ойбай-ойбай-ай.
Сүлеймен жер тепкіледі.
Далада Рақметке пышақты адам жақындап келіп қалды.
Шахты астында Сүлеймен олай да аунады, былай да аунады.
─ Ойбай — ойбай, енді қайтем?
Далада пышақты адам арттан келіп Рақметтің арқасына пышақты бір салды.
─ Ойбай — деп Рақмет екпетінен құлады. Үлкен жалпақ тасқа басы сарт ете қалды.
Шахты астында Сүлеймен жүгіріп, лаваның құлаған жеріне барды. Барып топырақты тепті.
Далада пышақты адам Рақметке пышақты тағы бір сұқты.
Осы уақытта алыстан бір машина көрінді. Ұры жөнелді. Машина бұрылып кетті.
Шахты астында Сүлеймен: — Ойбай-ау, өлтіріп қойды — ау!!!
Ол жерде жатқан күрекпен топырақты сабалады. Бейсен ентігіп: — Ойпырмай, өлтіріп қойды – ау — деді.
─ Өлетінін біліп отырып, хабар бере алмаған жаман екен.
Шымырбек төмен қарап, солқылдап отыр.
─ Ойбай-ау, енді қайтем? — деді Сүлеймен.
Күрекпен қабырғаны сабады, төбені түртті.
Осы уақытта жер гүрс етті. Отырған Сүлеймен жерге кіріп кеткендей жер жамылып жоқ болды.
Шахты алып құрылысына баратын жолда бір нәрсе қарайып жатты. Бұл Рақмет... Айналасындағы қар қып-қызыл болған.
Шахты астында Бейсен, Шымырбек, Қали құлаған жерді аршып жатыр. Аршып Сүлейменді алды. Үшеуі де еңкейіп қарады.
─ Жап! — деді Бейсен.
Шымырбек үстіндегі пенжегін шешіп Сүлейменнің басын жапты. Бұлар келіп орындарына отырысты.
─ Маңдайы төсіне тиіп жатыр — деді күбірлеп Қали.
Жалғыз шам сөнді, енді мүлде қараңғылық басты.
Таң атып келе жатыр. Шахты құрылысына қарай біреу келе жатыр. Бұл — Алексей. Алыста бір қарайған жатыр.
«Бұл не?» дегендей тесіле қарайды. Жүгіріп келеді. Жүзіне қорқыныш, қауіп кіреді. Адам екені байқалады. Алексей жүгіріп келе жатыр. Келді. Қараса — Рақмет. Қып-қызыл қан ақ қарды жосадай қылған. Алексей есі ауып тұрып қалды. Көзі бұлдырап кетті. «Рақмет» — деді. Содан соң ойбайлап Рақметтің үстіне құлай кетті.
Шектібайдың кабинеті; түнеріп отыр. Алексей де бар. Бес-алты жұмысшы диванда, терезенің алдында отыр. Барлығы да қайғылы, қапалы.
Алексей күрсініп:
─ Шектібай, шахтыға бар. Жұмысшылар алаңсыз іштей берсін де. Осы жылауларын қойсыншы. Бүгін күнімен аурухананы қамап, жұмысшылар кетпей қойды — деді.
Шектібай жауап та қатқан жоқ, орнынан тұрды да шығып кетті.
Алпысбай қарт жылап отырып:
─ Шынымен айрыламыз ба, осы елірген жауызды неге таппайды? — деп қарт кемсеңдеді.
Алексей басын көтеріп алды, көздері жайнап, бетіне қан жүгірейін деді де: