Ормандағы арман — Әрі суықта, әрі мұқтаж кезде
Автор: Спандияр Көбей
Әрі суықта, әрі мұқтаж кезде
Мен 1878 жылы 1 октябрьде Құрманбай өткелі деп аталатын күзекте туыппын. Менен бұрын бес баласы, бір қызы бар ата-ана, мен дүниеге келгенде, сірә, қуана қоймаған болу керек. Ес біліп, етек жапқан кезімде анамыз: «сен әрі суық, бірі қатты мұқтаждық көрген кезімізде туып едің» деуші еді. Күзекте, күзгі қара суықта, азық жағы тапшы кедейдің, қараша киіз үйінде босану анаға қиын соқса, не жағатын отын, не әйеліне қалжаға асар ет тауып бере алмай қиналған әкеме де оңай тимеген секілді. Сөйтіп, мал дегенде жалғыз тұғыры ғана бар кедей атаның қолына қарап отырған 6 баланың үстіне мен жетінші бала болып қосылыппын. Алайда, түн ұйқысын төрт бөліп мәпелеп өсірген сол мейірбан ата-ананың арқасында сәбилік кезден өтіп, балалық шаққа да жетіппін.
Сегіз жасқа келген кезімде Әбжан мен Мұқат дейтін ағаларымның еншілері басқа еді де, Кәмел, Мизам, Оспан деген ағаларым кісі есігінде жүретін, ал Тайкенже болса, әлі сәби болатын. Әкем мен шешем екі сезінін, бірінде менің болашағымды айта беруші еді.
— Осы Спанжанды оқытсам деп едім...— деп ойға шомып кететін әкем.
— Соны айтам, осы баланы оқытып, адам қатарына қоссақ, жақсы болар еді,— деуші еді анам.
— Көресің бе, бүкіл ауылда тым құрымаса молда ұстаған біреу жоқ,— деп әкем қынжылатын.
Бір күні Сауытбай той жасап, бүкіл Шақа руынан өрбіген азаматтарды тегіс шақырыпты, соның ішінде ежелден қырқысып келе жатқан біздің ауылдың да адамдары шақырылыпты.
— Баралық,— деді әкем ауыл адамдарына,— абақты тегі оны түзеген болу керек, ағайын, ел-жұрттың керек екенін бұрын білмесе, енді білген шығар.
Оқушымда азуы алты қарыс Сауытбай сияқты байлар неліктен қалайша абақтыға қамалып жүр деген шүбә қалдырмас үшін, әуелі тойдан бұрын Сауытбайдың неге абақтыға қамалғандығын түсіндіре кетейін.
Сауытбай бұл жолы да өзінің қомағайлығынан тартса керек. Әңгіме мынадай екен: осы маңдағы Шодыр (Федор) деген орыс байы дүние-мүлікпен жәрмеңкеге аттанады. Бұл кезде Сауытбай көршілес Арақарағай елінің болысы Мінайдар деген баймен бәсекелес, наразы боп жүреді. Шодыр жәрмеңкеге баратын жолда осы Мінайдардың, аулына қонады. Ертеңіне Шодыр ол ауылдан аттанып кеткеннен кейін, бай орыстың дүние-мүлкіне қызыққан Мінайдар болыс, өзінің бір топ ұрылары мен жігіт-желеңін жинап, өзінің інісі Қаз деген кісіні бас етіп Шодырды өлтіруге жібереді. Бұл топтың ішінде ақын Нұржан Наушабаев та болады. Сонымен Мінайдардың жігіттері келесі түнде жол тосып жатып, саудагер орысты өлтіреді де, дүние-мүлкін, ат-арбасын тонап алады. Бірақ төбелес үстінде Қаздың аяғына оқ тиіп, жараланып қалады да, Шодырдың атқосшысы қашып құтылып кетеді.
Енді Мінайдар болыс қылмыстың ізін жасыру үшін, Қазды жұртқа дабыра қылмай, үйге жасырып қояды да, Сауытбайдан көк алмақ боп, саудагер орыстың, жегіп келген доғасы мен мойнына тағып жүрген өресін алып барып Сауытбай аулының іргесіндегі келдің жағасына, шіліктің ішіне тастатқызады. Ертеңіне доғаны жылқы қайырып жүріп Сауытбай аулының жылқышылары тауып алып, ауылға әкеледі. Дүниеқор Сауытбай, сырлы әдемі доғаға қызығып, доғаны зорлықпен өзі алып қояды. Шодырдың қашып құтылған атқосшысы барысымен іздеуші отряд шығартады да, қолма-қол тінту жүргіздіртеді. Сөйтіп, баяғы тауып алынған доға Сауытбайды айыпты етіп, ұстап береді де, ол абақтыға алынады. Абақтыда 6 айдан аса отырып, Сауытбай уезд начальнигіне парадан-пара беріп, дүние, мүлкін судай шашып жүріп, доғаны тауып алынған дегізіп, қағаз жасатып, босанып шығып, елге қайтады. Сауытбайдың, тойы — өзінің «ақталып» елге қайтуына байланысты той екен. Әкем осы тойға мені де ала барды.