Ормандағы арман — Зорлық
Автор: Спандияр Көбей
Зорлық
Жанжалмен тынған «оқудан» кейін, мен шаруашылықпен айналысуға тиіс болдым. Сол жылы біздің ауыл көктемнен бастап Әйімтай жарық шабындығын меншіктеп алған еді. Ол бір кезде біздің ауылдардың шабындық жері болады екен. Бірақ оны да Сауытбай, Сандыбайлар өздеріне қаратып алыпты.
Сауытбай сол шабындықты бір орыстың байына сатпақшы болып жүреді екен. Мұны естіген біздің ауыл мен Маңғыбай аулының адамдары ендігі жерде шабындықты өздері пайдаланбақшы болып, Сауытбайға сөз салады. Сауытбай екі ұшты жауап қайырып:
«Ағайын, қарындас едік... Маған осы бір үй орындай шабындықты қимаймын деп тағы да атысып-шабысып жатамыз десеңдер, мейілдерің...» — депті.
Шөп шабу мерзімі жеткеннен кейін, екі ауылдың адамдары қос-қос болып шабындық басына барып қонды. Ағаларым мені де бірге ала барды. Менен басқа да балалар барыпты. Дүйсек, Дүйсенбек деген менімен дос балалар келген екен (қазір «Ақсуат» колхозының мүшелері).
Июль айының іші еді. Жазғы шілденің тамаша жайлы күндері болатын; шабындық басы маған ұнады. Шалғын шөп маңыз, масатыдай құлпырған кезі. Таңертең, қалың шық түсіп қалады. Шабындық ортасының суы әлі тартылмаған екен. Іңірде, таң алаңда сусылдап үйрек ұшып, кешке қарай, салқын түсе, қоңыр самал желпіп ескенде, жасыл шөптер жайқалып, әлдеқандай жан сергітер хош иіс аңқиды. Таң серігі боз торғай шырылдап, көл табанында құс шулап, жылқы пысқырып, кісінеп, төңірек әдемі үнге толады. Күн шықпастан пішеншілер шалғыларын иықтарына салып, басына барады. Шалғыларын шақыр-шұқыр жаны алып, сілтей бастайды. Ұзын жасыл бидайық жығыла береді. Қажырлы жігіттердің, қатар тұра қалып, баппен кең толғап, бірыңғай сермеген өткір дыбыстары әралуан үн қосып, шабындық басын еңбек күйіне бөлегендей болады.
Менің міндетім шөп жинау, атқа мініп, шөмеле тарту болатын. Бірақ мен бұған місе тұтпадым. Есіл-дертім пішен шабу еді.
— Мен енді пішен шабайын, маған да пішен шабуды үйретіңдер,— деп ағаларыма маза бермедім.
— Сен әлі жассын,, пішен шабу қиын болады,— деді.
Ақырында, қыңқылдап қоймаған соң, ағаларым тілегімді орындап, мені пішен шабуға үйретуге мәжбүр болды. Екі-үш күннің ішінде мен шалғыны қалай ұстап, қалай сілтеу әдіс-тәсілін үйреніп алдым. Бірақ ағаларым күніне екі-ақ рет: таңертеңгі және кешкі салқында ғана пішен шабуға рұқсат етті. Баласының пішен шабуға жарап қалғанына мәз боп әкем бір марқаны несиеге алғызып сойып, пішеншілерді жинап той жасады.
Жел тымық, ай жарық, жаздың тамаша жайлы бір кеші еді. Пішеншілер біздің қос сыртында түгел жиналған болатын. Сол кеште болған әңгімелер ішінде Ыбырай Алтынсарин туралы айтылған аңыз әлі есімде.
— Ыбырай жеті жыл оқып, жеті жұрттың тілін біліпті. Жер жиһанда ол жетік білмеген оқу болмаса керек қой! — деді біреу отырып.
— Әйтпесе, оны губернатор қонақ етер ме?! — деді тағы да біреу.
— Ой, тәйірі, губернатор дейді... Орынбордағы бас ұлық — жандаралдың өзі де кешеде көргенде Ыбырайға басынан бөркін алып, иіліп сәлем беріп өтетін көрінеді! — деді біреу.
— Патшалық езін де тілдепті деген сөз рас па екен? — деді тағы да біреу.
— Бірақ,— деді бір жігіт,— анау бір күні молда біздікінде болып еді. «Ыбырай балаларды орысша оқытамын деген болып, шоқындырғалы жүрген адам» деген сөздер айтты.
— Осы сөздің жаны бар сөз емес пе екен?..— деді тағы біреу.
— Молданың сөзі бос сөз,— деді менің әкем — Сауыт-Сарайдың тойындағы жиында Ыбырай сөйлеп, молда-қожалардың, бай-мырзалардың осы сияқты өсектерін әшкерелеп, беттерін әбден тілгенін есіткен болатынбыз. Мектептерде орыс тілімен қатар мұсылман дінінен де сабақ беріледі деп айтқан жоқ па еді ол? Молдалардың сөзіне еруге болмайды. Әкем сөзін аяқтай кеп:
— Біздің Жамалетдиндер: Ыбырай қазақтың адал туған оқымысты, бірегей азаматы, халық қамын ойлайды. Қазақтың көзін ашып, адам болып ел қатарына қосылуын көздеп жүрген адам дейді,— деді.
Арада бір айдай уақыт өтті. Шөп шауып бола берген кез еді. Сауытбай пішеншілерге бір кісі жіберіпті. «Ағайын адаспасын, жөнге бассын! Шабындық басынан кешсін, қашаннан иеленіп келе жатқан шабындығымды кім көрінгенге шаптырып, малымды пішенсіз қалдыратын жайым жоқ. Сол шабындықтан бір уыс пішен аламын деп ойлайтын болмасын» депті.
Сауытбайдың мұнысына жұрт көнбеді.
— Байға айтып бар: түптеп келсек, бұл жер Бәшең аулынікі. Маса-шыбынға жем болып, терімізді төгіп шапқан шөбіміздің бір талын да ешкімге бермейміз,— деп қайырды Сауытбайдың адамын.
Осы әңгімеден кейін пішеншілер шептерін жинап, мая салып болып, енді ертең ауылға қайтамыз деп отырған кеште сойылдарын сүйреткен бір топ атты адам келіп, шабындық басындағы қостарды қоршап алды.
Сауытбай жіберген адамдар екен. Сөздері келте, білектерін білей сөйледі.
— Жығыңдар қостарыңды! Қызыл жоса қан болғыларың келмесе, дереу көшіңдер! Жер де, пішен де байдікі! Бұл неткен басынғандық! — деді біреуі үзенгісін шіреніп тұрып.
— Сауытбайға айта бар: жер құдайдікі, одан қалса біздің ауылдікі, басынған біз емес, Сауытбай. Ендігі жерде сөз ұстасар төресін айтсын,— деді менің әкем мен басқа пішеншілер.
Сауытбай адамдары қайта сөзге келген жоқ, пішеншілерді сойылдай бастады, бірсыпырасы қостарды сабалап қиратты. Пішеншілер де біреуі шалғы, біреуі тырма алып айқасты...
Көп кешікпей шабындық басындағы мая-мая шөп өртеніп кетті. Пішенді Сауытбай өртеткені анық еді. Біздің ауыл мен Сауытбай ауылының арасында тағы да шиеленіскен тартыс басталды.
Сауытбайдың аулында мектеп ашылады деген лақап тараған еді. Мені сол мектепке беріп оқытамын деп жүрген әкем, енді одан да мүлде күдерін үзді.
— Әй, сірә, оқудың сәті түспейтін болды ғой. Сауытбай, Сандыбайлар енді менің баламды мектепке алғызбақ түгіл, аулының маңынан да жүргізбес,— деп қынжылды әкем.