Жаңа өмірге аяқ басты — IV

Автор: Жүсіпбек Аймауытұлы

Түн ішінде Əбділдəны барып оятып, сөйлес қылды. Əбділдə тайынша бергені сол, қарсы дау салды.

– Сиырдың терісіне қақ жарлы болғамыз. Теріні өзің екі пұт тарыға сатып отырсың, мен тайынша бермеймін. Берсем, қой беремін, əйтпесе, жеңген жеріңде аласың – дегенді айтты.

Енді не қылу керек? Амал құриды. Соқыр иықтап қалмады.

Додайдың ұнжырғасы түсті:

– Ағатай-ау, шөпті бітіргенше аялдасайшы!.. – деп жалынғаннан басқа айтары болмады.. Бірақ Соқыр аялдамады. Додайды күрс-күрс боқтап, өкіртіп келеді:

– Менің алуым оп-оңай! Сен түгілі мен пəленшені солай қылғанмын, – деп күштілік етіп қояды.

Додайдың жан тері шықты, қиналды:

– Бүгін құрып қалсам да сенен құтылайын. Құнекеден алатын қойымды екі күнде жеткізіп беремін. Қалғанын тағы тауып беремін. Сен ренжімеші, – деді.

Соқыр көнбей, əрі-бері шалықтаса да, түк өнбесін білген соң, сол сөзге байлап, аулына қарай кетті. Додай да қайтты. Додайдың өз ауылы да жолдан онша бұрыс емес еді. «Таң атқанша жетермін. Ауылға соғып, балалардың амандығын біле кетейін» деп, үйіне бұрылды.

Бұл ой қайдан сап ете түскенін өзі де байқаған жоқ. Ағайыннан, елден торыққанда, табан тірейтін еш нəрсе қалмағанда, қатын-баласын алданыш қылып, көңілін жұбатқысы келді ме? Болмаса, басқа ой болды ма – əйтеуір Додай келе жатыр. Ойы қараңғы тұман, көзі бажырайып тұрса да еш нəрсені көрмейді. Аяғы тепеңдеп, қос-қостан қамшылап, омырауы аңқиып, көзінен сорасы ағып, жұттан шыққан кісідей келе жатыр.

Ауыр ойда келе жатып дөңсеге қалай шыққанын да байқаған жоқ. Қараса аяғының астында томпиып, қараңдаған 4-5 жаман үйлер тұр. Жатақтың құрым лашығы. Маңайында мал жоқ. Қонекенің ауылындай қотанда қойы жоқ, тізулі желіде жатқан бұзаулар да жоқ. Күзетші де жоқ, өліп жатқан, сəні кеткен меңіреу ауыл. Ауылға таяна бергенде тұмсығын қолтығына тығып жатқан ала маймақ басын көтерместен бүлік-бүлік үрген болды. Сүмірейген жаман ақ күшік даусы қырылдап шəуілдеп еді, кəрі төбет жаратпады ма, «сен-ақ үрші!» деді ме – даусын бəсеңдетіп, ыңылдап қоя салды.