Жаңа өмірге аяқ басты — V

Автор: Жүсіпбек Аймауытұлы

Иттің даусы шыққан кезде ноқталы ысқаяқ қара кебеженің алдында əлде неге сасып, тұмсығы азан-қазан болып, əн салып отырған Көкең қозғала бастады. «Жұмыстың түрі осылай болды ма?» деген кісіше:

– А-а-а! – деп бір аңыранды да: – Сен де бізді менсінбедің бе? Біздің енді əбден бітіскеніміз-дағы... – деді. Жауаптың орнына Ұмсындық тері төсеті салдырап, тықыр-тықыр қасынды. Көкең отырып қамықты:

– Біз бір сорлы да. «Қосы ауғанның есі ауады» дейді ғой бұрынғылар. Ой, əттеген-ай,.. болмас, болмас!.. – деп шұбатылып орнынан тұруға айналды.

Со кезде аттың дүбірі естіліп, үйдің қасына дүрс етіп түскен кісі де сезілді. Көкеңнің мұрнының шуылдағы таянып келе жатқан тықырды манадан бері естірмей отыр екен. «Құдай қара бастырғанын» білді де қиқайған ергенекті шықыр еткізіп, арбаңдай басып тысқа шықты. Қолақпандай Көкмұрынды Додайдың көзі шалмай тұрсын ба:

– Өй, бұл қайсың? – деді.

Көкең дес беруге жарамады. Үйшігіне кірген аюдай, бөксесі солбалаңдап өз үйіне барып, жоқ болды.

Өзі жарылып келген Додайдың жүрегі дүрсіл қағып, аузына тығылды. Тұла бойы қалтырап, тісі шықырлап, есікті жұлып тастап, үйге кіріп келді:

– Иттің баласы!.. Неғып жатсың?!

– Неғыппын?

– Көкмұрын неге келді?

– Тентіреп жүр. Мен шақырды дейсің бе?

– Шақырмасаң неге келеді?

– Бұйырмасын. Оңбайын... Құдай ұр...

– Өй!.. Құдайдан садаға кет! – деп Додай қатынын сүйреп алып, төмпештеді. Балалары оянып, үрпиісіп, шулап жатыр. Додай ұрып-ұрып мауқы басылған соң, атына мінді де жүріп кетті.