Жауын астында жазылған кітап — Бөгде есім
Автор: Тимур Мұстафа
Сағат 07:32 — оятқыштың екінші шақырғанынан ояндым. Кереуетте есім кіргенше екі минуттай отырдым. Телефонымды ашсам — 18 жауапсыз қоңырау келіпті. Көпшілігі — Аружаннан. Ұялы телефонымды төсекке тастай салып, өзімді ретке келтіруге кірістім.
Үстіме көк жейдемді, астыма сұр шалбарымды, аяғыма ақ шұлық киіп, асүйге тарттым. Екі жұмыртқа мен қара нан жеп, бір стакан сүт-шаймен итеріп жібердім. Таңғы астан соң жұмысқа шықтым.
Метрода өткен аптада бастаған Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романын оқып отырғанымда, жаныма бір қыз келіп отырды. Көзімнің қиығымен байқасам — үстінде ақ көйлек, астында тізеден сәл жоғары қара юбка, шашы бос, құлағының үстіндегі жылтырақ қыстырғыш бірден көзге түсті (жарасып-ақ тұр). Қыстырғышы — қызғалдақ пішіндес. Ол әрқашан көктемнің, нәзіктік пен пәктіктің белгісі секілді еді… Балтырына сүйеп қойған сұр сөмкесін көргенде көзім анық жетті — бұл қыз мектеп оқушысы. Дегенмен де, оқушыға қарағанда тым жетілген әйел затына ұқсайтын…
Мен Раскольниковтың (роман кейіпкері) хикаясын әрі қарай жалғадым. Тағы бір аялдамадан соң кітапты жауып, тіземе қойдым да, оқиға желісін ойда қорытуға тырыстым.
— Сізге орыс классиктері ұнай ма? — кенеттен сұрап қалды қыз.
— Тек Достоевскийді оқимын, — дедім ештеңе болмағандай.
— Ммм… — не айтарын білмей, үнсіз қалды. Әңгімеміз сол жерде аяқталды.
Ол кезде мен қаланың шетіне жақын аудандағы жетпіс жылдық тарихы бар кітап дүкенінде көмекші қызметін атқаратынмын. Жалақысы аса көп емес, бірақ бойдақ адамға жететін. Қожайыны — тамаша жан. Жетпіске таяған Қараман шал. Дүкен оған әкесінен мұра болып қалған екен. Өзі дүкеннің екінші қабатында жалғыз тұрады. Жанұясы болған, осыдан жиырма жыл бұрын жол апатынан әйелі мен екі баласынан айырылған. Бірде: «Неге жаңа өмір бастамадыңыз?» деген сұрағыма: «Отбасым мен үшін аса қымбат. Мен олар туралы естеліктерді жаңасымен ауыстырғым келмейді», — деп жауап берген еді.
Өзі — кітапқұмар. Қолы қалт етсе, қалың томдарды парақтап отырады. Мен де жасымнан кітапты айнымас серік еткен соң, бұл жерде жұмыс істеу маған ұнайтын. Дүкенге келіп, Қалтай шалдың хал-жағдайын білген соң, қоймадағы жаңа
басылымдарды сөрелерге орналастыра бастадым. Іс біткесін жыртылған, мұқабасы майысқан кітаптарды жинауға кірістім. Сол сәтте қалтам «дыз-дыз» ете қалды. Телефонымды шығарсам — Аружан.
Аружан — өткен жексенбіде барда танысқан, мас болған соң маған жабысып, Love Hotel-де бірге түн өткізген студент қыз. Бір қызығы, мен оған кіргенімде ол сыбырлап басқа еркектің атын атай бастады. Әрекетіміз ақырына таяғанда, үш мәрте қатты айқайлап, әлгі еркекті атап, беті жастыққа тығылған күйі еңіреп жіберді. Сол сәтте көңілімде бір жиреніш сезімі пайда болды. Алдымда мен
қанағаттандырған сұлу қыз басқа еркекті аузына алып, солай еңіреп жатты. Әдетте мен болған қыздармен таңды атырып қоштасатынмын. Бірақ бұл жолы оның үстін ақ көрпемен жауып, жарықты сөндіріп, үнсіз кетіп қалдым.
Төменге түсіп, қабылдаушыға бөлме ақысын төлеп, үйге қайттым. Жолай
супермаркеттен сэндвич пен ыстық шай алып, үйге келіп, төсекке құлап, ештеңе сезбей ұйықтап кеттім. Міне, сол күні хабарласқан Аружан — осы қыз болатын.
«Бұл қызға не керек?» — деген сұрақ санамда жылжып өтті. Қоңырау тағы соғылды.
— Иә, тыңдап тұрмын.
— Кешір, әлгі түннен кейін саған хабарласуға батпадым…
— Қажет те емес еді.
— Бірақ… Жә, жарайды… Сол түні мен сенің шамыңа тисем, ғафу ет.
— Қалайша?
— Енді… ммм… сен маған кіргенде бөгде жігіттің атын атағанымды айтып отырмын.
— Ааа…
— Кешір, мен ол кезде үлкен күйзелісте едім.
— Жә, ештеңе емес. Не де болса — рақмет.
— Егер қаласаң, тағы да қайталай аламыз…?
— Ммм… Сау бол, — дедім бейжай кейіппен. Қызыл түймені бастым. Содан кейін ол қызды еске алған да емеспін.
Кешке пәтеріме оралып, ас әзірлеуге кірістім. Қатарынан подкаст тыңдап отырдым. Подкаст тақырыбы — «Ер адамның төсек өмірінің психикасына әсері». Ортасына жеткенде айтылып жатқан ақылды терминдер жалықтыра бастады, сөндіріп тастадым. Бір тостақ сорпа ішіп, ыдысты жинап, жатын бөлмеме беттедім.
Төсекте жатып, күні бойы не болғанын еске түсіруге тырыстым. Тез жалықтым. Жатын шамды жағып, «Қылмыс пен жаза» кітабын оқи бастадым. Бес беттен кейін ұйқым келіп, көз ілдім.
⸻
Екі күн өмірім еш өзгеріссіз — жұмыспен үйдің арасында өтті. Үшінші күні таңертең метрода кітап оқып отырғанымда, бұрнағы күнгі оқушы қыз қайта қасыма отырды. Бұл жолы — қызғалдақ қыстырғышы жоқ.
Кітапты тарс жауып, оған бұрылып:
— Бүгін қыстырғышыңды тақпағансың ба? — дедім жарты дауыспен.
— Әә… Сізге ол ұнайтын ба еді?
— Иә, ол әдемі еді.
— Ммм, қыстырғыш қана ма? Мен емес пе?
— Сен де!
— Жақсыы. Мен — Несібелі. — Ал сен ше? — дегендей кейіппен қолын созды.
Қолын алып:
— Құмар. Танысқаныма қуаныштымын, — деп қысқа қайырдым.
— Ерекше есім екен, — деп бір сәт ойланып, — кешке боссыз ба? — деп сұрады.
— Негізі, иә.
Несібелі сұр сөмкесінен телефонын алып, маған ұсынды. Мен еш сұрақсыз нөмірімді жазып бердім.
— Жері мен уақытын жазып жіберем. Бұл — менің аялдамам. Сау болыңыз, — деп нәзік қисая бұрылып, түсіп кетті. Оның сұлбасына қарап ұзатып салдым. «Шынында да оның бітімі бөлек екен», — деген ой келіп кетті…