Жауын астында жазылған кітап — Ертіс

Автор: Тимур Мұстафа

«Гуу-гувв» етіп соққан әлсіз жел оның белінен төмен төгілген шашын тербетті. Оң қолын майыстыра көтеріп, самайына түскен қою қара шаштарын құлағының артына қайырып қойды.

Сол сәтте мен оған көз алмай тесіле қарап қалдым… «Пах, шіркін, ғажап!» — деп ішімнен тамсандым. Ол менің бұзық ойымды сезгендей, көзін төмен түсіріп, қызға тән ұяңдықпен қызарып кетті.

Аздаған үнсіздіктен соң өзімді қолға алып, көзімді одан алып кеттім.

— Білесің бе, мен саған бір шындықтың бетін ашуым керек, — деді ол. — Иә, тыңдап тұрмын, — дедім оған толық бұрылып. — Мен… мен… менің… жақсы көретін адамым бар. Ол жан да мені сүйеді. Енді екеуміз жәй ғана дос болып қалайық, — деді.

Ол бұрылып, ақырын ғана ақ туфлиі тақ-тақ етіп, мені Ертістің жағасында жалғыз қалдырып кете барды.

Мен мең-зең болып состиып тұрып қалдым. «Жәй ғана дос…», «Ол жан мені сүйеді…» — осындай ойлар басымды шыр айналдырып, жүрегімде сызат қалдырды.

Аздан соң сылқ етіп, ақ құмға отыра кеттім.

«Гүбір-гүбір» сөйлескен қала тұрғындарының дауысы су жағасындағы тротуармен кетіп бара жатқан жерінен әлсін-әлсін құлағыма жетіп жатты. Тіземнің үстіндегі жұмылған алақаныма көзімнен ыршып түскен ащы жас «тылп» етіп тамды…