Күнікейдің жазығы — ТƏЙТ ƏРМЕН!

Автор: Жүсіпбек Аймауытұлы

Аяңдаса – тымақты алшыдан салғызып, желсе – желдей естіріп, шапса – құйындай ұшатын, қашағанды шебін жұтқызбай қағып түсетін бедеу торыны ендігі көште Күнікей тағы мініп шыққанда, өз сыбағасына өзі құлдық ұратын құла ауыздар көлденеңнен көз салып:

– Шекердің қызы мына өнерімен əкетті-ау! Əйтпесе кедейдің тақымына сыятын жануар емес еді, – десті.

Дей берсін. Күнікейге торы бедеу тақымына басқан атынан бір кейін емес. Күнікей енді жылқы келгенде жүгенін алып, өзі жүгіреді. Жүргендерде сағынып қалғандай, мойнынан құшақтап аялайды, жіберерде бас-арқасын сипап, мамық алақанымен қабырғаға қағып қояды. Ұлы дүсір жарыс болмаса, анау-мынаумен жарбаңдасып шаппайды. «Қашаған қуып, қинап тастама!» деп, күркесіне келе бергіш Домбайға да тапсырып қойды. О да айтқанын қылып жүрді.

Атшоңқайдан асқан соң немене, Шаңды, Сарыапан, Қызылқұдыққа қарай құлап кеткендей, демде барып қаласың. Қызылқұдықтан көшіп, Əулиетастың дөңінен асқан соң, қарсы алдыңнан жарқырап Майсор көрінеді. Майсордың бұлағына бір түнеп, малды шалғынға шеміршектетіп алып, қалың қаулы, жауылшалы, жоңышқалы, бетегелі бұйрат пен белден бел асып отырып, Шақшан адырының түбінен Шідертіге қылт ете түсесің. Жердің бəрі Күнікейдің кеудесінде сайрап тұр. Бəрі де бала жасынан бері қозы қуған, бұзау қайырған, тезек терген, əн салған, ат ойнаған, асыр салған танымал жерлері.

Жолшыбай Күнікей қыздармен бірге жарысып, төбе төбеден тарғыл жуа терді. Бозбалалармен ілесіп, қоян қуып, Құлболдының басына да шықты. Қызылқұдықтан көшкен күні Тыржықайдың қызына бір шəлкестеу байтал кез келер ме, мініп жүре бергенде, байтал аяғын бір көтеріп еді, қобалақ сорлы жалп ете түсті. Байтал ер-тоқымды бауырына ала сартылдатып, Қызыладырға қарай құйрығын тігіп алып, шығандап жөнеле берді. Күнікей атына мініп дайын тұр еді, байталды қуып берді. Бірталай ұзап кеткен байталға үкідей ұшып барды да жетті. Қайырмалады. Болмады, құйрықтан алды – тоқтата алмады. Содан кейін қабырғалай беріп, байталдың тізгінінен шап беріп ұстап, алып қайтты. Артынан Мұсатай да шауып келеді екен. Тағы бір-екеуі əр жерде шашылып қалған ер-тоқымды жинап жүр. Мұсатай келіп:

– Əй, қарағым-ай! Сен бірдеңе боласың ғой! Əкеңнің көсегесін көгертер едің. Əттең, ұл боп тумадың, не керек! Сенен «мынандайын» (шынашағын шошайтып) аяған құдайды да тəйірі алсын! – деп қалжыңдаған болды.

Мақтағанды іші тəуір көріп келе жатса да, Күнікей ойын-шыны аралас:

– Кет, көргенсіз, жоқты айтпай... – деді.

– Жатқа қор қылмайтын бала едің, не керек. Кей қуат, жаман Тұяққа қор боласың... – деп келе жатқанда Күнікей мырс етіп:

– Е, жаның ашиды екен ғой? – деді.

– Ашымай енді... Жаным ашығандықтан айтып жүргем жоқ па... – деп, баяғысын тағы жақауратты.

Күнікей өп-өтірік түсінбегенсіп:

– Немене? – деп, шешесі құсап көзін төңкеріп қылымсып, Мұсатайдың бетіне қарады.

Мұсатай кəдімгідей басалқы айтатын адам сияқтанып, алақанын жайып, басын шұлғып:

– Тым болмаса оң жақта дəурен сүріп, қызық көріп қалсайшы. Жастық екі айналып келер деймісің... өстіп бұлғақтап жүре берем деймісің... Осы күні деген шағың... Жас-жастың тілеуі бір, жібектің түйіні бір... – деп, сүре сөзге салып бара жатқан соң, Күнікей күліп:

– Мен бір жөні түзу сөз айта ма деп келе жатсам, баяғы Қара тауың ба? Ондайыңды бізден өзгеге айт, шырағым!.. – деп бірдеңенің шетін сездіріп, тежеп тастады.

Мұсатай оған да тоқтамады. Анау көпке жетпей тұрып, бір сөз алып қалуға асығып, тікесінен:

– Бүгін түнде барамын. «Бұ қайсың?» деп жүрме! – деп көзін қысып қойды.

Күнікей:

– Демінің сағын! – деп ернін шығарды.

– Күнікей, енді өзің білесің... – деп, Мұсатай қылмыңдап, қиқаңдап еді. Күнікей:

– Енді тəлкектеп не қыласың? – Қатышыңды айналдыра бер! – деп сөздің бетін ашты. Мұсатай абдырап:

– Қашан мен Қатыш... – деп келе жатқанда, ер-тоқымды жинаған жігіттер де ұшырасып, Мұсатай есек дəмелі боп қала берді.

Қатыш Тұрғанбайдың «құрық қайтпас» сары қызы еді. Мұсатай да одан сау емес екенін Күнікей неғып білмесін.

Ауыл Майсордың құлағына – Былқылдаққа қонды. Байдың төрт ауылы ығы-жығы, бықыр-бықыр төрт түлік көк майсаға көміліп бырт-бырт жұлып, бырылдап, жусатып жатыр. Леклек балалар жарысып шуласып, құрақтан жұмыртқа алуға, қоға тартуға Майсорға кетіп барады. Еркектер бие қуып құлын ұстап, əйелдер жаппа күркесінің алдына бықсытып от жағып, самауырын, шəйнектеріне шай қайнатып жатыр. Қыз-келіншектердің кейбірі суын əкеліп, кейбірі жолда дем алып, шелектерін қолдасып, əн салысып, жаңа бара жатыр. Жалғыз-ақ Құлтума сияқты қойшылар көрінбейді. Өзгенің бəрі кек шалғынға аунап кенелуде, масайрауда.

Таң атқалы оразасын ашпаған ел шайларын ышқына-ышқына ұрттап, маңдайдан сорғалаған терлерін алақанның қырымен сыпырып тастап, бойы жадырап, көйлектерін желпіп, қарындарын ашып, борбайын қасып, күркесінен шықты. «Мынау атты, анау өгізді жіберу керек екен ғой...» деген тəрізді, малсақ кісімсіп, суыған көліктерді қоя берді, жіберді, жібертті. Көзінің іріңі шоқпардай болған шал – түйеші Жаманай да (манағы Тұрсынның байы) байдың түйелерін жіберіп, одан бір түйеге мініп, ауылауылдың түйесін қайырып Майсордың көкпегіне апарып салып, жайрап битін қарап отырғалы: «Шөк былай!» деп, сар желіп, сойылдап жүр.

Жалғыз-жарым мал көздеген қоңылтақ кедей шалдар, бұзау көздеген, ұршық иірген кемпірлер немесе тізе қап байлаған, бір балағы салпылдаған биешілер болмаса, өзгенің бəрі біраздан соң қымызға қанып, күр-күр кекіріп, қарнын сипап, итарқа шаңырақ салма, жүк күрке, арба күркелерінің астына кіріп, манаурады.

Жұлдыз-жұлдыз жаман итарқасының күн жағын жауып, кимешегін қайырып, бітеленген бұрымдары сексиіп, күркесінің ауыз жағына Шекер де қисайды. Таз Жұматай байдың биесін сауғызады. Құлтума келуге қашан! Апасының ірге жағына борансоз жастыққа Күнікей де жантайды. Күні бойы атқа шауып, күрке тігіп, жүк тасып, су əкеп, тезек теріп шаршаған Күнікей, басы жастыққа тиген соң қор ете түсті дейсіз бе? Жоқ, көзі жуырда ілінбеді. Ұйықтайын деп көзін жұмса да, балдырғандай уыз дене шаршағанды елемей, местің емізігіндей бұлтиған жас көкірегін нəуетек, албырт жүрегі қайнаған шəугімнің қақпағындай бүлкілдетіп, қиялы бірден-бірге көшеді. Көкірегін қысып ыстықтата берген соң, кірлеп кеткен тартқының түймесін ағытып, жастығының астына салды. Кеудесі əнтек сая табайын деді. Жалаң қат көйлектен торсия білінген қос алмасын оңды-солды сипап, шалқасынан жатып манағыны тағы ойлады.

«Манағы» мынау еді:

Құлтумаға ағайын Сүлеймен деген болатын. Оның қатыны – Бəден. Күнікейдің Бəденнен жақын жеңгесі жоқ. Мана Бəден екеуі су əкеле жатып, шелектерін жерге қойып, дем алып отырып шүңкілдескен.

– Еркежан, мен десең көн. Одан артық патшаның баласы керек пе? Құдайға шүкір, жас емессің. Сендей күнімізде біз талай қызықты көргенбіз. Дүниеде бозбала құшқаннан қызық не бар дейсің? Сен оның дəмін əлі татқан жоқсың, білмейсің, – деп қайдағы жоқты айтып қызықтырып азғырған. Күнікей ə дегенде:

– Қойшы, жеңеше! – деп арындаса да, əрі-беріден соң жер шұқып, ойланып:

– Апатай, тіпті жаным шошиды. Жаман болады... Адам қиналады дейді ғой... – деп, икемге келген тəрізді болған.

– Қой енді, балалық қылма! Сырғытқаның жетті ғой. Қабырғаңа кеңес те, бір жауабын бер! – деп жеңгесі кеткен.

Жеңгесінің айналдырғаны жалаң бұл емес, екі жылдан көржерді айтып, құшақтауды, сүйісуді, қойынға жату – келіншек болуды сөз қылып, баулып, қылқылдай беретін.

Бір ретте: «Бəленшені қойныңа алсаң қайтеді?» дегенде Күнікей: «Апама айтам» деп тұра жөнелген болатын. Содан бері жерге кіргір жеңгесі еппен айналдыруға, тана-моншаққа, иіс сабынға қызықтыруға кіріскен. Бұл күнде Күнікейдің Құлағы ондай сөзге əбден үйреніп, ойын-сауықта бозбалаға бетінен сүйдіріп, өзі де сүйіп, омырауын қыстырып, барлық сұмдықты əбден білген еді. Жалғыз-ақ... жағына келгенде, əнтек батылы бармай, қипақтай беруші еді.

Бүгінгі Бəден жеңгесінің айтқаны: Ордабайдың бір немересі Мəжікен деген жігіт еді. Мəжікен қатыны да бар, жасы да жиырма екі-жиырма үшке келген үлкен жігіт болса да, қаршадайынан көршілерінің қыз-келтіншегіне ауызданып жаман үйренген ауыздықсыз бай баласы – бозбалалығын əлі койған жоқ еді. Қою қара қасты, қошқар тұмсықты, қызыл шырайлы, ат жақты, келбетті жігіт еді. Осы Бəденнің өзімен де, шешесі Шекермен де Мəжікен он төрт жасынан бері айналыс қылған еді. Күнікей онысын қайдан білсін? Бəденнің Мəжікенмен əрі ескі тамырлығы бар, əрі «жеңгетайлығын» есептеп (өйткені көйлегі де тозыңқырап жүр ғой), əрі бай баласының буына жығылып, айдынынан қорқып, қалай да Күнікейді көндіріп беруге, бұ жолы төс табанын сала кіріскен еді.

Міне, Күнікейді ұйықтатпай, ойландырып жатқан «манағы» – осы еді. Күнікей: «Бозбаламен неткен... қандай болады екен?» деп, бір ауық əуес қылады. Біресе Ұмсындықтың күйеуі қол ұстаған түні: «Жан терге түсіп, қиналдым» дегенін есіне түсіріп, қорқады. «Жеңешемді өкпелетіп алам ба» деп тағы ойлайды. Ойын-сауықта омырауынан қысқанда, тамағынан сүйгенде бойы шымырлап кететінін ойлағанда: «Одан да тəтті ме екен» деп тағы қызығады. Біресе күйеуін де есіне алады, бірақ о жағына келгенде, аяғына боқ басып алған кісіше жеркенеді. «Оған сақтағанша, итке тастасам болмай ма? Оған қара басым да көп» дегендей қылады.

Қалайда Күнікейдің ақылы алтыға, ойы онға бөлініп, көпке дейін көзіне ұйқы келмеді.

Кешке таман ала сиырдың бұзауы жоқ болып, Күнікей ауылауылды қыдырып іздеп жүрді. Көз байланған қараңғы кез еді. Бидің ауылына қарай келе жатқанда аяқ астынан бір адам сораң етіп ұшып түрегелді. «Көтек!» деп жалт бергенше болмай, қолынан шап беріп ұстай алды. Бұл əлігі айтқан Мəжікенмен немерелес Қасым деген жігіт екен. Қасым да қатын-балалы, сақалды жігіт.

– Немене, қоя беріңізші! – деп бұлқынғанына қараған жоқ, аш белінен құшақтай алып, бір шөптесін шұқырға түсті.

Күнікей не болғанын білмеді. Жүрегі аузына тығылып, қалшылдап, дірілдеп, кеудеден, сақалдан итеріп, төбетпен жағаласқан мысықтай шақылдап, шырылдап, алыса кетті. Еңгезердей кісіге əлі келсін бе – умаштап алып ұрды. Күнікей «апатайлап» шырылдай бастап еді:

– Шығарма дымыңды! – деп, аузын басты.

Күнікей оған қорықпады, булығып, қақалып:

– Ойбай-ай, ойбай! – деп құлындағы дауысы құраққа ұшты.

Сол-ақ екен, Күнікейдің оң жақ беті де ду ете түсті: Қасым жақтан тартып-тартып жіберген еді. Күнікей күйіп кетті, бетін тырнап кеп алды. Қасым: «Ə, ə аузыңды...» – деп бетін ұстай алғанда, тулап жүрген Күнікей қоянша бұлт етіп, сытылып шыға берді. Сол кезде дүбірлетіп бір атты кісі де келіп қалған екен. Қасым қайта ұмтыла алмады. Күнікей үкідей ұшып үйіне тартты.

Шаш будыраған, камзолының түймелері үзілген, көйлек жыртылған, өңі өрт сөндіргендей Күнікей күркесіне келе етпетісінен түсіп, ышқынып, солқылдап жыламасын ба? Шешесі «Ойбай-ай! Құдай атқан-ай? Не болды?» – деп жұлмалап еді, қолын итеріп тастап, бүк түсіп, жастықты құшып, одан жаман кеңкілдеді. Биенің екі сауымындай жылап, əбден сілесі құрып, мауқы басылған соң, апасын оңаша шығарып алып кетіп сөйледі. Анасы үрейленді, таңдайын қақты, күйіп пісті. Бірақ «тірі адамға ауыздан шығармайық, жабулы қазан жабуымен қалсын» деген ойға келіп тоқтады. Кімді қиратсын? Кім теңдік əпереді?..

Со күні түнде Күнікей ұйықтай алмай жатқанда, бір адам шөпті сыбдырлатып, ептеп басып, іргеге келгендей болды. Күркенің о жақ-бұ жағына шығып тыңдады. Қайта Күнікейдің іргесіне келіп біраз отырды. Бір мезгілде іргеден суық қол кіріп келді. Күнікей:

– Бұ кім? – деп, шап беріп ұстай алды.

Қол ақырын ғана:

– Мен, – деп еді Күнікей:

– Мені кім өзі? Кет аулақ! – деп, даурығып қолды итеріп жіберді.

– О қай көргенсіз өзі? Кімді тəлкек қып жүр? – деп Шекер де шаңқылдап, басын көтеріп алды. Қол жылысып жөнелді. Ол манағы жеңгесінен сөз айтқызып жүрген Мəжікен еді.

Таң алды кезінде Күнікей шырт ұйқыда жатыр еді, жып жылы төсегіне бір суық қол тағы кеп тиді. Күнікей жұлқып кеп тастады.

– Бұ қайсының?

– Мен... Мұса... тай...

– Тəйт, əрмен!

Со кезде Шекер тағы ояна келіп:

– Өңшең көргенсіз аузыңа с... Осы үйде əкелеріңнің көз құны қалды ма? – деп аузы-мұрнына шай қайната бастаған соң, Мұсатай итті абалата, дүрсілдете жөнелді.

– О не? О не? – деп ұйқылы көзімен қоңқылдап Құлтума да бір аунап түсті...