Күнікейдің жазығы — БАС БƏЙГЕ БАЙМАНДІКІ

Автор: Жүсіпбек Аймауытұлы

Ертеңіне Қасым бетіне орамал байлап шықты. Жұрт «аттан жығылып, бетін тас жырып кетіпті десіп жүрді. Не жырғаны Күнікей мен Шекерге аян, түндегі аттыға аян. Оның аузын Қасым тығындаған.

Күнікей жеңгесінің сөзіне ойыса қалса да, түндегі оқиғадан кейін бай балаларын ит етінен жек көріп, қатайып алды. Шідертіге қонған түні тезек теріп жүріп, Бəден жеңгесі тағы да:

– Ерке бала, түнде дауыстап ұят қылғаның не? – деп келе жатыр еді, Күнікей түсін бұзып:

– Жеңеше, менімен тату болам десең, о жағына аузыңды ашпа!

– деп шортынан кайырды.

– Өкпелеймін, – десе де:

– Өкпелесең, өкпелей бер, еріккен бай баласының тəлкегіне көнер жайым жоқ, – деп, теріс айналды.

Содан кейін сүттей ұйып жүрген жеңгесі араз боп, Күнікей жайынан өсек таратуға кірісті.

Күнікейдің тырнағы уытты екен. Қасымның оң жақ беті тарақ таңбалы тыртық болып кетті. Он бес күннен кейін Құлтуманың ала сиыры далада ішек-қарыны жарқырап өліп жатқанын Кіші ауылдың қойшысы айтып келді. Тұяқтан балалы мал үшін алған жалғыз бұзау қашары жаз ортасында ұшты-күйлі жоғалып кетті. Құлтуманікі жалғыз бұзаулы сиырға қарап қалды. Мұның бəрі Қасымның жұмысы екенін Күнікей мен Шекер білді. Соңғы қашары жоғалғанда: «Енді біржола кұртқаны ғой!.. – деп Шекер жылап жіберді.

– Малыңды жау алсын! Өй, ұлы-қызыңның алдына келсін! Бізді зарлатсаң, құдай сені бізден де жаман зарлатсын!..» деп, айтпаған қарғысы қалмады, бірақ содан басқаға шамасы келмеді. Шешесі зарлап, қарғап-сілеп жатқанда, Күнікей де қынжылды, іргеге қарап көзінің жасын бұршақтай домалатты. «Осы үйді сорлы қылуға мен себеп болдым-ау» деп, адам боп, қойшының, қоңсының қызы боп жаралғанына өкінді. «Бай баласынан қайтсем кек алам» деп зығырланды, толғанды – ешбір лаж таба алмады.

Əйтеуір кектің көлемі ғой, бір жағынан, Құлтума мен Жұмабайдың еңбегін еміп, бір жағынан, қызымен екеуі байлардың жібін иіріп, алашасын, бауын тоқып, сырмағын сырып, кестесін тігіп, ұрттап жалап, жаз бойы тамақтан кенде болған жоқ. Құлтума да торсығын бұрыңғыдан үлкейтіп, қой келгенде күпісімен жауып тасалап əкеп, Шекер жалма-жан жүгіре шығып, шешіп ала қоятын болды.

Жаз ортасында Шəмшидің қайнысы келеді, құда түсері, қол ұстатары қабат болады деген хабар естілді.

Бұл хабарды естіген соң Ордабай айналасындағы төрт-бес ауылдың əйелдері өз күйеуі келетіннен жаман шала бүлініп, қыдырмашыдан көйлек-жаулық алып, кірі-қоңын жуып, көк моразға малып, əркім өз əлінше тыраштана бастады. Қашаннан бері шаң басып, боқжама болып жатқан байдың кілем-киіздері деп көп малайдың күші, Қара бəйбішенің əмірімен қағылып-сілкініп, үй сыртына жайылды. Бұрын өңезі туырылып тұратын шелектер де түледі. Базданып жатқан іркіт сабалар да аузы төмен қарап, бақан бастарында салбырады. Аузы құрттаған қарындардың да жіңішке ақ құрттары іргеде жыбырлады. Борбайы бөксеріліп, жалт-жұлт етіп жүретін таз Жұматай, қазаншы Дүйсенбай сияқтыларға да: ақ домнан тылтиған көйлек-дамбал пайда болды. Əсіресе бұл науқан ауыл артында ақ шатырда маңайы қара май сасып жататын Ахмет, Риза сияқты қырманшы абзилардың шекесін шылқылдатты: жүнжұрқа, қыл-қыбыр, тері-терсекке арбаларын таудай қып тиеп, қойды қотаннан айдап, бауырмал кісімсіп, қайта-қайта қош айтысып, ырғап-жырғап жөнелді.

Жалғыз-ақ бұл науқан биттерге бапты болмады: көптен жуылмай, таралмай, кірлеп, терлеп, қайызғақтанып жүрген шаштарға ыстық су, ақ сабын тие бастады. Қордаланып, оңалып, етек алып кеткен шіркін, қайнап тұрған су болмаса, анау-мынауыңды қырау құрлы көрсін бе, қанша тарақтағанмен берекелі неме таусылмады.

– Ойбай-ау! Бұ құрып қалғыр арылар емес қой... мүлде құжынап кетті... Күйеу келгенде самайымыздан битіміз сорғалап отырса, тірідей масқара ғой, – десіп, əйелдер биттің жауын іздеп сұрау салысты. Іздей берсе, не табылмайды, біреуден біреу құлақтанып, сақармен, күлмен, керосинмен жуатынды, майға өлтірген сынап жағатынды тауып алды. Əсіресе, керосин мен сынап мың да бір дəрі екен: бит біткенді қасқыр тиген қойдай дүркіретіп, ана шаштың да, мына шаштың да түбінен андағайлатып айдап шықты. Ақ жаулықтың етегіне тарыдай төгілген қара жорға, боз жорғалар бірін-бірі жаныштап, қойдай маңырап, қозыдай шуласып, аяғында жер ошақ біткенді бытырлатып: «Өй, күйеуің құрысын» деп, жоқ болды. Күні-түні тықырлатудан көз ашпайтын бастарға да, қолдарға да бірталайға дейін бостандық берілді. «Тым құрығанда жұмасына бір қыздың күйеуі келіп тұрсайшы!» деп, жалыққан қолдар тілек тіледі. Оған қыз шақ келетін-ау!

Құдалардың келу қарсаңына бозбалалар да дəмелі аттарын таң асырып, ер тоқымын, айыл-тұрманын түзеп, қам қылысты.

Анадай жерге сегіз қанат ақ отау тігіліп, іші кілем, киіз, алаша, көрпе жастық, түс киізбен безелді.

Құдалар келетін күні үш жерден қарауылшы қойған. Шақшан басындағы қылаң атты қарауылшы тымағын қолына алып, атой беріп шапқанда, ықшам киімді жалаңдаған бозбалалар қылаң ұрған саңдақтарына міне сала дүрсілдете жөнелді. Сол шапқаннан шауып, андағайлап, Шақшаның басына шықты. Алыстан қатар тізіліп келе жатқан құдаларды санап алып, қырық құдаға қырық жігіт іріктеліп шығып, алдынан шықты. Қалғаны адыр басында қарап тұрды.

Шақшаның арғы тепсеңінде жігіттер кұдаларға жолығып, ат басын тиістіріп тұрып бірталай сөйлесті. Құдалардың ақсақал жағы: «Күш сынаспай-ақ, жолдарыңды беріп құтылсаңдаршы...» десе де, желөкпе жастары намысқа қызып: «Біз де қатыннан тудық қой, біздің мінгеніміз де сиыр емес, жылқы», – деп, қолдарын сермеп, қоқаңдап болмады. «Ал, ендеше...» деп, құданың бас ақсақалы, ауылдың бес жігітін ертіп, төбеге шықты. Тепсеңде іркіліп қалған жетпіс жігіт аттарынан түсіп, айылдарын тартып, белдерін қатты буынып, білектерін түрініп, қайта атқа қонды.

Мінуі-ақ мұң екен. «Ал қимылда?» десіп, бірін-бірі қуып, сайын далада салды аударыспақты. Отыз бес құдаға отыз бес ауыл жігіті жекпе-жек келіп тұрмады. Аты да, өзі де шалымды жігіттер онысын олай, бұнысын бұлай қуып, қолы тиген жерінен еңсеріп, доптай түсіріп жатыр, кейбірі жан сауғалап қашып, кейбірі атының басынан аса домалап, кейбірі сүйретіліп атын бермей жатыр. Екі жақтан бірталай кісі аударылды. Құдалардың ішінде үш мықтысы бар екен. Олардың ауыл жігітінен үш-төртеуін аударып кеткенін көріп, Байман деген жігіт біреуін қуып берді. Бара жауырыннан алып төңкеріп кетті де, қалған екеуін кезекпе-кезек аударысып, жұлысып жүріп тағы түсірді. Байман болмаса ауыл жігіттері масқара болып еді: қымызға тойып шыққан кісі алқынып, құсып, берекесі кетіп еді. Биенің бір сауымында отыз бес құданы түгел түсіріп, Баймандар бəрін жаяу айдады. Ауылдың қалған жігіті құдалардың аттарын қуып, қайырып келе жатты. Құдалар жеңілді: ауыл жігіттерінің жолын беріп, ырза қылды.

Бұл жолы қайрат көрсеткен Байман болды. Байманның қайратына ауыл да, құдалар да сүйсінді. «Байман, Байман» деген лақап бес жасар баланың да аузына тарап, ол жүрген жер базар бола бастады.

Əйелдер құдаларына сый көрсетуге əзірленіп тұр екен: есіктен кіре берген кұданы босағада тұрып, көзге ұнмен ұрып, бірталайын соқыр қылуға таяды. Ертеңіне ойын басталғанда одан да сорақысын көрсетті.

Əңгіме «Кəне, құда, айттан» басталды. Онысы тек сылтау. Айта алмай əнтек бөгелсе, аяқтан дырылдата жөнеледі. Төрдегі қадірлі құдаларға жаулық салындырды, қошқардың енін, қамшысын, түйенің құмалағын саусылдатып қадаған құрым киіз сəукелесін кигізді. Олардың жолы сонымен бітті, өйткені бауыздау құдаларға ауыл адамдары да ара түсті. Əңгіменің үлкенін аяқ жақтағы аяусыз, кедейлеу құдаларға көрсетті.

Борбайын жоғары көтеріп, екі балағынан су құйған, киімшең өзенге тоғытқан, арба жеккен асау өгізге қол-аяғын буып, домалатып, теңдеген, күл төккен киізге салып, жоғары-төмен домалатып, ыршытқан əншейін ойыншық екен. Тойдың қызығы шығырға мінгізгенде болды. Шығыр – бір құдайдың пəлесі. Дөңгелек кигізген жалғыз бақанды тікесінен жерге орнатып, бақанның басынан үш жігіт салбыратып дөңгелектің үш жағынан байлайды да құданы дөңгелекке мінгізіп, шыр көбелек айналдырып, басына шығарып қоя береді. Шиыршақ атқан дөңгелек ұршықтай зырылдап жерге жеткенше, құданың зықысын əбден шығарады: зырылдағанына шыдай алмай, ұшып кетеді басы айналады, құсады, өлмесе де өлімші болады. Бұл азап құдаларға тамұқ азабынан бір кейін болған жоқ. «Өзгеңді істесең де шығырыңа апарма!» деп жалынады. Оған қарайтын қатындар ма?

Одан да сорақы бір жұмыс: «Өлең айт» деп сүйреп жүргенде, кейбір қатын əлгінің дамбалын шешіп жіберіп, жанды жерінен ұстап, лақша бақыртып, тартып тастауды шығарды. Əсіресе ондай жұмысқа қолы оташының қолындай сумаңдаған Шекер болды. «Ит ашуын тырнадан аладының» керін қылып, Қасымның кегін жазықсыз кедей құдалардан алды.

Ордабай ауылы бес ту бие, жиырма қой сойып, Өлеңті, Шідерті, Жон бойындағы елді түгел шақырып, той қылды. Шапқызған жетпіс аттың отызына бəйге тігілді: алды – қасқа тоғыз, арты – он сомға дейін. Он бес балуан бəйгесі: алды – жамбы бастатқан тоғыз, арты – төрт кез мата. Сонша төгілген мал, өлген, зорыққан ат, еркектігінен айрылған, мертіккен, жарым-жан болған адам! Не үшін, кім үшін? Екі ауыз сөздің басын қосып айта алмайтын мыңқылдаған шотпақ қара күйеу мен көзі біттиген, былшиған сары қыздың шашыратқысы үшін. Шекерді, Күнікейді қан қақсатқан, Құлтума, Жұматай, Дүйсенбайлардың көзіне көк шыбын үймелеткен екі байдың атағы, мақтаны үшін.

Бекер ме? Кім айтады бекер деп? Ешкім айта алмайды.

Байдың тойындағы күресті, көкнарды, ат жарысты, төбелесті жазбаймын: оларды мадақтау біздің мақсатымыз емес. Жалғыз-ақ бұл тойда күрес, көкпар, жерден күміс алудың бас бəйгесі Баймандікі болғанын ескертеміз.

Ардақты оқушылар, «Байманның бəйге алғаны бізге не керек? Ондай бəйгені кім алмайды?» деп күн бұрын сөге көрмеңіздер. Байманның сіздерге керегі болмаса да, бізге керегі болғалы тұр. Байман кім еді? Не істеді? Бұл əңгімеге қандай қатысы бар? Оны кейінгі жағынан қарай беріңіздер.